Жарығы мол жол тілеймін
23.05.2022
2097
0

Мен баяндамамды бүгінгі таңда жастарға аға болып үлгерген, әдебиетте өзіндік орнын қалыптастырып келе жатқан Қалқаман Сариннің «Ғазал – ғұмыр» атты кітабындағы жырдан бастайын. Қалқаман жыры оқырманға нәзіктігімен, табиғатпен үндестігімен, көркем бояуларымен, өзі секілді аңқылдақтығымен ұнаса керек. Бұл сөздерімді дәлелдеу үшін бірнеше жыр шумақтарын оқып берейін.

Мұратхан ШОҚАН

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?
Жұпарындай аңқылдап гүлдің әсем.
Көбелектің деміндей бір үміттің
Арқасында, әйтеуір, жүрмін есен!..
Бұл жерде соңғы екі тармақ ақын жанының нәзіктіктен де нәзіктік сезіне білген шеберлігін көрсетіп тұр. Көбелек гүлден нәзік, гүлден нәзік болмаса гүлге қона алмас еді. Ал сол нәзік көбелектің өзіндей емес, деміндей үміттің қаншалықты нәзік екенін ойлай беріңіз. Поэзия сезіндіре, сендіре алуымен бағалы. Мен Қалқаман жырына разы бола отырып, философиялық тереңдікке құлаш ұруын үміт етемін. Бұл – ақынның «Жаздың соңғы күндері-ай», «Күз аңсар», «Отан», «Жүректің өлеңі» қатарлы басқа да жырларына ортақ ой.
Ерлан Жүністің «Нараду» кітабын парақтап шықтым. Ерлан – көп ізденетін ақын. Постмодернистік бағытта жырлар жазды. Еркін өлеңмен еркін айналысып көрді. Поэзия әдебиет­шілер үшін емес, қарапайым оқырманға түсініктілігімен алысқа барады. Ерлан Жүністің «Сен тұратын қалада қар жауды ма» деген өлеңі – міне, сондай барлық адамға ортақ жазылған өлең:
Сен тұратын қалада қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.
Бұл жыр жолдарын екі қайталап оқысаң есіңде қалып қояды. Өйткені бұл – баршаның басынан өткізген, өтетін тағдыр. Күту, сағыныш, табиғат­тың құбылысымен қатар құбылатын адам жанының толғанысы шынайы өрілген.
Қалың-қалың қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?
Біз нені жазсақ та, адам сезімін табиғатпен үндесіре білсек, жүректерге жол таба аламыз. Ерланның бұл жырмен қатар «…Шығар», «Жетім шал» қатарлы басқа да лирикалары – табиғатпен үндестік тапқан жырлар. Ерланға «Жауған қарға жанарың арбаулы ма?» деп өзі айтқандай, жауған қардай жанды арбайтын лирика көп болсын деген тілек айтамын.
Досым келді ауылдан, бұл –
жаңалық,
Менің жаным қалада жүр қамалып.
Жаймашуақ күн сынды көктем
келді,
Айналасын жап-жарық нұрға малып! – деп толғанатын Саят Қамшыгердің өлеңдеріндегі тақырыптар бүгінгі ділі бұзылған дүниенің жүзіне мейірім ұялатар құндылығымен маңызды.
Қолына қалам алған әрбір адам үлкен жауапкершілікті мойнына алуға міндетті.
О, поэзия гүлденген жасыл бағым,
Сен арқылы жете ме ғасырға әнім… – деп жырлаған Жангелді Немеребай өлеңнің құпиясын толық меңгерген. Өзі айтқандай ғасырға әні жету үшін енді оған жыр жайлауында адымдай басу қажет.
Жалпы, жоғарыда сөз еткен ақындарды жас ақын деуге келмейді. Олар – жастарға аға болып үлгерген қалам иелері.
Жас буынның ішінде маңдайы жарқырап келе жатқан, биіктен көрінер деген үмітті оятатын талай жастар бар. Солардың қатарындағы Батырхан Сәрсенхан бір өлеңінде:
Жұлдыздарды көрдің бе аспандағы,
ол – менің үміттерім.
сынар болса ғұмырдың баспалдағы,
ғарыштың түріп көгін,
айғай салам: әй, әй, әй, жұлдыздарым,
әй, әй, әй, көзде ойнаған құндыздарым,
сөнбеңдерші!
мен әлі мұнарамды тұрғызбадым,
мен әлі күбірлесем ғашық жармен,
қалжыңдасам қатулы ғасырлармен, – деп толғапты. Жырды оқып отырып, «Әмин, мұнараңды тұрғызуды нәсіп етсін! Онсыз да күрделі ғұмырды күрделендірмей, жеңілдетер, жанға жалау, арға алау болатын жырларың көп болсын!» деп күбірледім.
Қуанәлі Алмасбекұлының «Сүт дария» кітабындағы жыраулық сарынмен өрілген жырларынан шынайылықтың исі аңқып тұр. Сөздік қоры мол, кеше мен бүгінді қолынан келгенше қатар өрген жырларына ғұмыр тіледім.
Төңкеріп қолын қорасан,
Шіріген термен терліктер.
Майданға шыққан орасан,
Еңкейіп кетті ерліктер, – дейді Қуанәлі. Еңкейген ерліктерді тіктейтін ұрпақсыңдар. Еңкеймейтін жырларды нәсіп етсін! Жыр дариясының алапат ағысында қайығың адаспай, жағалауға жетсін!
Өлеңдеріне көз жүгіртіп өткенде есімі есте қалған жастардың атын болса да атап өтсек, Бауыржан Әліқожаның «Хұсынихат», Шерхан Талаптың «Адасқақ ойлардың аспаны», Асылан Тілегеннің «Бойтұмар», Еламан Қабділәшімнің «Ақ сезім», Дүйсенәлі Әлімақынның «Ол құстың аты – еркіндік», Нұртас Тұрғанбектің «Жан жылайды», Тұрсынбек Башардың «Интертекст», Қуаныш Жазайдың «Толқынға қарсы» қатарлы кітаптары жарық көріпті. Жастардың кітабына әдебиет сыншылары асықпай, арнайы тоқталып бағасын берер, таразылар деген ойдамын.
Кітаптары шыққандардың қатарында Ерзат Асыл, Айдана Қайсарбекқызы, Ерқанат Қуатбекұлы, Арман Әділбек, Дінислам Абитилда, Абзал Сүлеймен, Бауыржан Майтайұлы, Айбек Бестенқұлов, Нұрсәуле Толқынқызы, Еркежан Бейсенбекқызы, Әрі Би-бек Өр Алтай қатарлы жастар бар.
Бұл жерде жастарға ортақ айта кетер бір пікірім: жастардың жырларынан өзінше ізденіс, өзінше соқпақ салғысы келетін талпыныс көрінеді. Алайда қуантып келе жатып, әттеген-ай дегізетін тұстар бар. Жастар жырларының біразы бірсарынды сезілді маған. Жақсы бір жаңалыққа ұмтылады, бір нәрсе айтқысы келеді, айтады, айтып келе жатып, айта алмай қалады… Кейбірі тұманды қараңғылыққа сіңіп, күңгірт сөздерден сәуле құрап әуреленеді, кейбірінде қарабайыр баяндау басым.
Қайткенмен де жастар поэзиясында қуанатын жетістіктер жоқ емес. Жастардың ішінде қаламды серік еткен қыздарымыз да жетіп артылады. Азамат үшін жүгі ауыр жырдың әйел затына түсірер салмағы тіпті де мол екені бәрімізге аян.
«Мені жырғап жүр» дейсің бе,
жарығым?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір