Ренессанс дәуірінің көсемі
31.03.2022
1695
0

ЮНЕСКО көлемінде тойланатын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы барысында туған жері Қостанай облысында көптеген игілікті істер атқарылмақ. Көпшілік көтерген бастама, қолға алынған іс көп. Нәтижесінде, ғылыми-танымдық, рухани шаралар ғана емес, қордаланған әлеуметтік мәселелер де оң шешемін табады деген үміт мол. Ахаң тойы қарсаңында жерлестері белсенді үн қосып жатқаны қуантады.

Алаш қайраткерінің мерейтойын мерекелеу Тобыл-Торғай жерінде рес­ми түрде 28 ақпанда басталды. Облыс орталығы Қостанайға алыс-жақыннан көрнекті ақын-жазушылар, алаштанушы ғалымдар арнайы келіп, бас қосты. Бірнеше тағылымды мәжілістер ұйымдастырылды.
Орталықтағы Ахаң ескерткішіне гүл қоюдан басталған шара, алаштың рухани көсемінің атын иеленіп отырған Қостанай өңірлік университетінде жалғасын тапты. «Ұлт ұстазы» атты дөңгелек үстелге Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Tілешов, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, сондай-ақ өңір зиялылары қатысты.
Алқалы жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Ахмет жылы өңірде ғылыми-танымдық, мәдени-ағартушылық бағыттағы ауқымды шаралардың іске асатынын айтты.
– Жоспар бойынша Торғай кентіндегі Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі және музейдің экспозициясы толығымен жаңартылады. Оған қоса, А.Байтұрсынұлының туған үйін қалпына келтіруге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Оны жаңғыртып, музей үйге айналдыру көзделіп отыр, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, «Байтұрсынұлы оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Ахмет жүрген жолмен» ғылыми экспедициясы жоспарда. Бұйыртса бұл жоба Ахаңның ізі қалған жердің бәрін аралап шықпақ. Оның ішінде Орынбор, Омбы, Архангльск, Мәскеу, Баку, Ташкент қалалары бар. Тағы бір қуантарлығы алдағы оқу жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім гранттарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбек.
Келелі кеңесте Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Ахаңның әдеби мұрасын зерттеу, зерделеу, насихаттау мәселесіне тоқталды.
Біз алыптардың иығына шығып, алыстарды көріп тұрмыз деген сөз бар. Сол алыптың бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаңның «Қазақ газеті» мен Мұхамметжан Сералиннің «Айқап» журналының қазақ руханияты тарихындағы орны ерекше. Сол екі басылым қазақтың оянуына үлкен ықпал еткен. Бүгінге дейін қандай да бір өркениетке, мәдениетке қолымыз жетіп жатса, қай салада болмасын ел екенімізді, дербес мемлекет екенімізді дәлелдеп жатсақ – осының бәрінде ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі үлкен, – деді көрнекті ақын.
Алаштанушы ғалым Ербол Тілеш қоғамды мереке шеңберінде Ахаңның мұрасы мен күрескерлік өмірбаянын қорыту, соған баға беруге шақырды.
– Ахаң ең алдымен қайраткер, қазақтың талмаусыраған тұсында, отаршылдықтың қамыты әбден батқан кезде сол дәуір туғызған ұлы тұлға. Ол қазақтың үлкен бір серпіні, жаңа дәуірдің бетін ашқан реформатор. Ендігі кезекте біз Ахаңды ояну дәуірі тұрғысынан қарауымыз керек. Біз осы Абайдың дәуірін, одан кейінгі Міржақыптың «Оян қазағы», Ахаңның «Масасы», «Қырық мысалы» жазылған дәуірді ояну дәуірі деп айтып, кейінгі уақытта сол тіркесті ұмыта бастаған сияқтымыз. Соны жаңғырту керек.
біз Ахаңды ренессанс дәуірінің көсемі дейміз. Ренессанстық тұлғалардың кезінде жазба әдебиет, театр қалыптасады, ғылым дамиды. Осының қай-қайсының да басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрды.. Енді біз Ахаңның дәуірін, мұрасын қорытуымыз керек. Ол үшін біздің ғылымда әдіснама қалыптасу керек, – деді ғалым.
Жиын барысына ақын, ғалым-ұстаз Серікбай Оспанұлының «Ұлт ұстазы» атты кітабының тұсаукесері өтіп, Ахметтануға барынша үлес қосып жүрген бірнеше ғалым Ахмет Байтұрсынұлы медалімен марапаталды.
Ахаң тойының ресми ашылуы аясында Қостанай облысында алты бірдей қаламгер Қазақстан Жазушылар одағына қабылданды. Мұндай оқиға облыс тарихында тұңғыш рет болып отыр. Прозашы Әбутәліп Әмір мен ақындар Нұрқанат Құлабаев, Александра Суслова, Жандос Жүсіпбек, Батырлан Сағынтай, Дәулет Жадырасынға одақ төрағасы мүшелік билетті көпшілік алдында салтанатты түрде табыстады.
Ахаң барша түркі әлеміне ортақ тұлға десек, артық айтқандық емес. Дегенмен кемеңгерді ұлықтауға туған жерінде баса мән берілуі заңдылық. Белгілі болғандай, негізгі іс-шаралар ұлт ұстазының туған күні 5 қыркүйек­ке қарай орайластырылып отыр. Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында «Тіл – қазына» фестивалі ұйымдастырылады. Сонымен қатар Сартүбекте Ахмет музей-үйінің қайта жөндеуден кейінгі ашылу рәсімі, ғылыми конференция, республикалық ақындар айтысы, оқушылар арасында «Ахмет оқулары» байқауы ұйымдастырылып, бәйге, күрес сияқты ұлттық спорт сайыстары өтеді.
Сөз соңында тағы бір ақпаратты сүйіншілегіміз келеді. Облыстық мәслихат Қостанайдағы әуежайға А.Байтұрсынұлының есімін беру туралы ұсынысты мақұлдады. Енді шешімді республикалық Ономостикалық комиссия шығаратын болады.
Қазақ үшін жүрек майын шам қылған ұлт көсеміне жоғарыдағылар қарсы болмас деген ойдамыз. Туған жерінде әуежайға аты берілсе, бұл да Ахаң алдындағы бір парымыздың өтелгені емес пе?!

Абылай Мауданов
Қостанай облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір