«АЛТАЙДАН АУҒАН ЕЛ»
05.02.2022
14395
0

Көрерменнің жүрегін қозғайтыны рас

Қазақтың басынан небір нәубет өтті. Бір емес үш рет ашаршылық, түрлі қысым, соғыс, қуғын-сүргін, репрессия және тағы басқа… Бұлардың бәрін қазір айтқанмен, ата-баба өткерген ауыр азапты толық сезіну мүмкін емес. Кейде куәгерлер азайған сайын сол бір кезеңнің тарихы да алыстап бара жатқандай көрінеді. Қазаққа жасалған бұл қиянаттар қазақ сахнасында көрсетіліп жүр. Дегенмен, қазақтың басында бар тағы бір азапты көре алмай жүр едік. Ол – Алтайдың арғы бетінен келген ел тағдыры болатын. Бұрын соңды қойылмаған бұл ғазалды режиссер Ф.Молдағали қолға алып жатыр дегенді естігенде шын қуандық. Халық өз тарихын білуі керек, бұл жолда театр оның ұлы көмекшісі екеніне әрдайым көз жеткізіп келеміз. Жоғарыда айтылған нәубеттердің бірі екі-үш жылға, бірі төрт-бес жылға созылса, ал бұл ғазал он жылға жуық уақытты алған. Бұл жантүршігерлік сұмдық. Елім-айлап шыққан жұрттың жолда азап шегерін білсе де, ажал құшарын білді ме екен деген ой келеді. Бірі білсе де, көбі білмеген болар. Өйткені, жолда өлемін деп емес, атамекеніме аман-есен жетемін деп ниеттеніп шықты емес пе? Жә, таудың арғы жағынан бергі жағына ауғандағы жұрттың хал-ахуалын көру үшін Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрына бардық. Сонымен, «Алтайдан ауған ел». Көргеніміз бойынша сөйлер болсақ, жалпы жақсы, жүрек тебірентер тұстары жоқ емес. Актер Қ.Болаттың орындауындағы әні мен Н.Сауданбекұлының құран оқып жатып таныс адамдардың аттарын көзі шалғанда, «олар да жоқ па?» дегендей жан-жағына қарап қоюы, одан әрі оқуға жүрегі шыдамай, аты аталған, аталмаған барша шейіт болған жандарға бағыштауы көрушінің жүрегін қозғайтыны рас. Ал спектакльдің құрылымына жеке-жеке тоқталар болсақ, тосылып қалар жайттар жоқ емес.

Шымылдық түрілгеннен бастап оқиға түнеріп басталады. Сол қайғылы күй соңына дейін жалғасады. Ол дегенің кісінің еңсесін түсіріп жібереді деген сөз. Жиырма мыңдай адамның елге ораламын деп шыққандағы қуанышының, шаттығының белгілерін көре алмадық. Басында әрқайсысының дайындығы, қам-қарекеті көтеріңкі нотада басталған күйді біртіндеп түсіргенде спектакльдің динамикасы сақталар ма еді?!. Сосын қозғалған көштің санына сәл жақындатып (актерлер жетпесе студенттерді қосып), сосын оны біртіндеп азайтып «сол халықтан қалғанымыз осы» дейтіндей қылғанда, көрерменге одан әрі жанды Һәм әсерлі жетер еді. Ал бұл жерде басында қанша адам шықты, аяғына дейін сол адамдар жүрді. Азайып жатқандарын ауыз айтқанымен, сан жағы сиремеді. Айтқандай, әу бастан көңілге сенімсіздік ұялатқан жағы – актер Е.Малаев шығып «әбден жүдедік, қажыдық, бір жыл бойы нәр татпадық» дейді. Актердің дене бітіміне қарап, бір жыл бойы нан жемегеніне кім сене қояр дейсің.

Ағалар деп айқайласа сәл иланар ма едік?..

Бір қызығы, оқиға легінде мезгіл жоқ. Он жылдай көшпендінің кейпінде жүрген елдің тым болмағанда жаз бен қыс мезгілдерін көрсету керек еді. Шілденің аптап ыстығында бір тамшы суға зар болғанын, таңдайы құрғаған адамның қарлығыңқы дауысын, тіпті ыстықтың әсерінен күн өтіп өліп жатқанына дейін, сонымен қатар қыста ақ боранның ұлығанын, дала өңірін ақ сапалақ қармен көміп тастағанын, аяздың аяқ-қолды қарығанын техника дыбыстарымен беру жағы әжептеуір қоңырқай тартып жатты. Тіпті костюмдерінің біркелкілігі де шығарма сырына тереңдей түсуге кедергі жасады. Басында киіп шыққан киімдер жылдар өте ескірмей ме, жыртылмай ма, тозбай ба? Мүмкін шартты түрде қабылдау керек шығар, дегенмен уақыт өте келе киімдерінің өзгергенін, жаңарғанын және өңі кеткен, тозығы жеткен киімдерді көру көрерменге көбірек әсер етері рас.

Адам үшін де, мал үшін де шілденің шөлі, даланың бораны оңай емес. Қаншама қайғылы халдерді беруде бес-алты актер шамалары келгенше тырысып жүр. «Тырысып» жүр деген себебім, ішкі айғайдан гөрі сыртқы айқай басым. Әсіресе А.Нөгербек, Б.Мақсұтова, Ж.Мұсаевтарда. Аштықта, соғыста шейіт болғандардан бөлек, арқалап жүруге күші жетпей аналары балаларын тастап кеткеннен асқан азап оты жоқ шығар. Елге жете алмай шетінен қырылып жатқандарын, жолдағы қиындықтарын әлі де ішке түсіре түссе. Қысқасы, қанша мың адамнан екі мыңдай адам ғана қалу деген масқара ғой. Ол адамдардың өлу себебі де әрқилы. Соғыстан, аурудан, шөлден, аштықтан, күйзелістен кетті дегендей. Сол өлуге дейін­гі өңі жүдеу, жанары сөніп бара жатқан адамдардың хал-күйі әлі де кем.

Бір сахнада актриса Н.Бүкенбаеваны жолда ауырлық тудырады деп актер Б.Молдабаев пен Ж.Оспанов тастап кетеді. Ақсаңдап келген қыздың аяғы күбідей ісіп кеткені, жүре алмай шын қиналысқа түскені бізге жетпеді. Мүмкін ақсаңдап келе жатып құлап қалып, содан жер тырнап, ағалар деп айқайласа сәл иланар ма едік? Сосын бұл қыз қайдан шықты, кейін қалай аман қалды? Алдыңғы сахнамен аса байланыспай тұрған осы жері сәл түсініксіздеу. Тағы да түсінбегенім, ол бес қыздың шығуы. Бұл жерде бейнебір суға қарай емес еркектерге қарай жүгіріп бара жатқандай және «ах-ух» деген дауыстарына қарай нәпсілерін қандырып келгендей ой қалдырды. Ар жақтан шомылып жатқандағы судың дыбысын бергенде бәлкім мұндай ойда қалмас па едік. Келесі бір сахнада жас Халифаға ана жақтан қолын бұлғаса, ол «тұра тұршы, қазір, қазір» деп, кішкентай орындықтағы қойын дәптеріне асығыс-үсігіс түсіріп отырған сәті сәтсіз болғандай. Ол өзінің ғана тағдырын емес, халықтың да тауқыметін жазып отыр ғой. Қайта қасиетті даланың бір уыс топырағы үшін жанын пида еткен есіл елдің қасіретті ерлігін жазудағы жолын басқалай жеткізу керек секілді.

Қойылымда басты қаһарман жоқ

Сахна безендіруіне келер болсақ, төрде бір төбешік тұрды, оған адамдар оңай шығып-түсіп, сырғанап жүрді. Сөйтсек, ол үлкен тау екен. Ал нағыз Гималай тауын көрсетер тұста ол ойнатылмай қалды. Мысалы, биік тауға шығу да, түсу де өте қиын. Оның алдында актерлер еш кедергісіз шығып жүргеннен бе, кейін таудан ауып түсіп жатқандарына қатты күңірене қоймадық. Суретші Қ.Мақсұтов безендірген сахна шешімі спектакльдің идеялық мазмұнымен біте қайнасып жатпағанын айта кеткен жөн. Таудан сау да, жараланып та түскендер бар, орта жолда құлап өлгендер одан да көп. Аман жеткендер қатарға қосылып жатқанын бір көрсетсе, ал өлгендерді сахнаның бір шетіне үйе берудің өзі жүрек ауыртар көрініс боларына күмән жоқ еді. Тек тауды ғана емес, сол таудың бергі бетіне картаны да пайдаланып жібергенде  қай жерде жүргендерін сол карта арқылы көрсетіп отырғанда ғой деп отырдық. Қолындағы таяғымен жерді сызып жүруден гөрі, үлкен сахнаға карта ма, глобус тектес бір деталь ма, әйтеуір бір нәрсе жетіспей тұрды. Қойылым ырғағын бәсеңдетпеу үшін сахналық жасаулар оқиға легіне байланысып тұру жағы жетіспеді.

Спектакльде екі-үш финал бар, соңғы екеуі егіздің сыңарындай. Соңына қарай, актер Е.Нұрымбет таудан түседі. Жоғарыдан түскен сегіз бөренені айналып өтеді де шығады. Болды. Ол не қылған бөренелер екенін түсінбедік. Егер әр бөрененің қасына келіп ұзақ қарап, терең күрсініспен болған жайдың бәрін еске түсіре баяндап жүрсе түсінікті болар еді. Иә, құжаттарын алған адамдар арттарына қарап төбеге қарай көтеріліп бара жатқандары жарасымды. Осы әдемі көрініспен аяқталған шығар десек, артынша тағы да бір адам сол «таудан» түсіп келе жатыр. Сөйтсек, ол Х.Алтайдың қартайған шағы екен. Актер Т.Мейрамовта Тәуелсіздіктің жарияланғанын естіп жерге тәу еткенінен басқа дәнеңе жоқ. Ол құлшылықты жасау Ержанның қолынан да келетін тірлік. Біріне бірі ұқсас мизансценаны екі рет қайталаудан қашу керек. Ал ақсақал боп оралғанын көрсету керек болса, онда қаралы көшті көрген, төзген Халифаның үлкен монологы соңында сұранып тұрды. Айтпасқа болмайтын бір жайт, ақталмайтын паузалардың тым көптігі жанры анықталмаған қойылымның көркемдік қасиетін көтеріп тұрған жоқ. Сол керексіз кідірістердің орнына үмітін үзбей келе жатқан бір қауым елдің асыл армандарын, идеалдары ғажап келісімдерін айқаймен емес, бір мезет бір-біріне беріп жатқан мотивацияларымен, көтеріңкі көңілмен, ән-күймен бергенде сюжет түзілуінде бір ізділік болар еді.

Бұл қойылымда басты қаһарман жоқ. Барлығының да тағдыры қайғылы. Негізі, кітаптарға тесіле көз салсаң, басты кейіп­кер жоқ емес бар. Көшті бастап жүрген жетекшілерін айтпағанда, Ол Халифа Алтайдың өзі. Тек трагизм проблемасы әр қырынан қаралмағандықтан, қиын тағдыр кешкен, тарихта бедерлі із қалдырған Халифаның бейнесі бұлыңғыр болып қалған. Сондықтан, солардың қайғылы қабаттарын қопара ашып, реалис­тік шеберлікпен мейлінше көркем бейнелеуге күші жетпеген жерге, яғни біз ұға алмай жатқан қайсыбір тұстарға эффектіні молынан қолдануға болар еді-ау. Бұдан да басқа томаға тұйық тұстары баршылық. Шындығын айтқанда, халықтың трагедиясын көрсету жолында шынайы нұсқасын жасаудан да (М.Әбіл), мағыналы мизансценаларды ойлап табудан да (Ф.Молдағали) терең ізденіске түсіп, кең өріс тапты деу қиын.

Бұл спектакльді жете түсінбеген себебімді деректі фильмді көргеннен кейін түсіндім. Өздері ашық айтып отырғандай, сахналық нұсқасы сахна үстінде жазылыпты. Инсценировка жасау, пьеса жазудан да қиын екенін айтып жүрміз. Бұл тағы шағын шығарма емес, қос автордың (Х.Алтай, Х.Оралтай) ойын алып басы-аяғы жинақы жұмыс жасау қиынның қиыны. Білім-өреден бөлек оған біраз уақыт керек. Әрине, жазылған дүниені сахнада өңдеуге, түзеуге, алуға, қосуға болады (соны шығармашылық процесс дейді). Ал сахна үстінде жүгіріп жүріп инсценировка жасау өте күлкілі. Мұны творчестволық жетістік деп айта алмас едім. Кез келген романның, повестің, әңгіменің байыбына бару үшін нақты бес сұраққа жауап іздеп табу керек. Қандай оқиға болды? Қалайша болды? Кімдердің басында болды? Оқиға қалай баяндалған? Оған автордың көзқарасы қандай деген. Осы сұрақтарға жауап беру барысында қолға алып отырған шығарманың идеясын да, композициясын да, мінездерін де, тілін де, стилін де, синтетикалық сипатын да, көркемдік әдісін де меңгере түсесің. Бұл менің сөзім емес, академик З.Қабдоловтың сөзі. «Мына сөз ұнады, барып диалогқа айналдыр» деп айту аз, ондағы тарихи деректерді сахна заңдылығына сәйкестендіру үшін Аристотельдің күрделі фабуласына жүгіну керек. «Бұрылыс, тану, қасірет шегу» секілді элементтерді қаперге алмай аткөпір жаза салуға әсте болмас. Менің бір таңғалғаным, бұл идея кеше туындамаған екен. Осыдан екі жыл бұрын келген құнды ойдың ары қарай сюжеттік құрылымын режиссер қағазға неге түсірмеді (түсірткізбеді) екен, осы екі жылдың ішінде жақсылап дайындалып, дайын материалмен біржола неге келмеді екен деген ой мазалайды. Мұндай ауыр тақырыптарды оқу былай тұрсын, жазылған сахналық жобасының өзіне қайта-қайта оралып, әбден пісіріп, жетілдіріп, ширатып барып бірақ сахнаға шығару керек дегенім ғой. Әрине, өткен тарихымызды көркемдік тұрғыда қарастыру кез келген режиссерге оңай түспесі анық. Дегенмен, күрделі мәселелерді арнайы бажайлау шарт. Енді, болар іс болды. Тек, алдағы уақытта тағы бір эмоциясыз мазмұн формасына мән берсе, көрушінің санасын серпілтіп өтетін қойылым болары даусыз.

Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА,
театртанушы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір