Жасым төгіп сүйіп тұрмын… Кеш мені!..
08.01.2016
1762
0

скачанные файлыҚайсар Қауымбек

***

Тәңір куә!

Бейғам, тыныш түнімді

Сені ойлаумен азайттым.

Мені сүйетініңді

Жастығыңа сіңіп қалған жас айтты.

 

Өмір куә!

Шашымдағы ағымды

Сені ойлаумен молайттым.

Мені сағынғаныңды

Қарашығың сіңіп қалған жол айтты!

***

Қоштасып алып,

Көрмеуге серт беріп алып,

Тәңірден амандығымды сұрадың неге?!

Жек көріп алып, бір жола кектеніп алып,

Есігіңді іліп, егіліп, жыладың неге?!

 

Бетпе-бет келсең тағдырға зорлана күліп,

Жасырып жүрсің кеудеңде күй барын неге?!

Келер деп мені күн сайын жол қарап жүріп,

Сағындым деген сөзіңді қимадың неге?!

 

Сырласып жүрсің ал неге өлеңімменен,

Мөлдірей берді неліктен құлын жанарың.

«Келмеші мүлде, кездеспен!» дегеніңменен,

Терезе пердең неге өксіп, діріл қағады.

 

Жөнеле беріп, қолымды сілкіп тастап ап,

Бейкүнә көзді неліктен көл етіп тұрсың.

Осы бір хатты көзімше жыртып тастап ап,

Қиуылап қайта, күрсініп, нені оқып тұрсың?!

 

***

Бала ғашық,

Жүрсің бе аман хал-жайың,

Сен кеткелі көңіл сынық, ой кетік.

Тереземнің тұсындағы тал-қайың,

 Ол да, міне, үлгеріпті бойжетіп.

 

Сол қайыңға сырымды аштым,

Мұң сіңген Жүрегімді жайып,

Сырлас досты аңсап.

Саумал желге жүзін беріп, күрсінді ол.

 

Ақ жүзінен ағып түсті қос моншақ,

 Сосын нәзік, сұлу бойын бекемдеп.

Қымсынғандай қинала бір жымиды,

Ал мен тұрмын ақыл айтып, Бекер деп.

Ғашықтықты, махаббатты, сүюді,

Қатты егілдім… (Бақытты ек қой, сүйікті ек)

Қайтем ессіз мас жүрегімді ұшынған,

Жұбатқандай нәзік белін иіп кеп.

 

Үнсіз ғана қайың қолын ұсынған,

Қайран менің балауса күн, бал шағым!

«Бала қайың, сен мұңайма, Қош!» дедім.

 Жасыл жақұт жүзік таққан саусағын,

Жасым төгіп сүйіп тұрмын… Кеш мені!..

 

***

Сен өлгенсің!

Сен енді тұнжыраған терең көлсің.

Шер-мұңы көкке сыймас жүрегімнің,

Ендігі көрген күні өлең болсын.

 

Сен өлгенсің!

Өзің де білесің ғой, қарғам, мұны,

Даламның семген солай арман гүлі,

Ағаңның сөнген солай арман күні.

Көзімнен бір тамшы жас көкжиекке,

Өлгенсің! Ауырлап кем тамған күні.

 

Өлгенсің! Жаның өлген, затың қалып,

Азабың Алаш білер ақынға жүк.

Түнімен аласұрып, таң алдында

Түбінен жүрегімнің ақым қазып,

Жерледім.

 

Келген де жоқ құрбыларың,

Жақыны, жанашыры кім мынаның?!

Суырып қабырғамды құлпытас қып,

Қойдым да басыңа кеп шын жыладым!..

 

Есте жоқ, кеште ме еді, бесін бе еді,

Соңғы рет дұға оқыдым – есімдегі.

Қалқиып қабіріңде қабырғам тұр,

Ал онда бір жазу бар: «КЕШІР МЕНІ!»

Сен де енді кешір мені…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір