Құдалықтың құны
08.01.2016
3038
0
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛdc5b71a72f94ae13dceb8c7722795f75Ы
 Құдалықтың құны
Есіктің алдында таудай боп үйіліп, бір мәшине көмір жатыр. Қысқа түсіргем. Өзі де удай екен, атаңа нәлет. Тоннасын 15 мыңнан алдым. 5 тонна. Кір­гізіл­мей жатқанына бір апта болды. Балалар бет-бетімен кеткен. Көкбет әйел көмір кіргізбек түгілі өзімді үйге әзер кіргізеді. Өткенде кіргізіп қоятын ем, қаладан жіберілген балалардың ескі-құсқысын киіп ап кірісе бергенде «Камаз» секілді ысылдап-пысылдап Әшен келді. Әшен келді дегенше проблема келді дей бер. Анадайдан сай-сүйегіңді сырқыратып, ойбайлап келеді ол.
– Ойбай, қыз қашты!
– Қандай қыз қашты?
– Бораштың қызы!
– Е, бақытты болсын!
– Соның бақыты саған қарап тұр…
– Көрші ауылға қашыпты. Атасы жазушы екен, соған сен бармасаң, біттік. Өзің нахалдаусың, сөзің мақалдау, оқта-текте қылыш суырғандай суырып салып, қуырып салып қоятының бар. Суыратын кезің келді, бауырым, барасың!
– Көмірді кіргізуім керек, бара алмаймын.
– Барасың! Өмір туралы әңгіме боп жатқанда көмір туралы сөзіңді қой. Ағайынның абыройы керек. Көмір қашпайды ешқайда, қыз қашады. Давай, киін.
Киінетін не бар, құдалыққа, жиналысқа, қонаққа киіп баратындарды үстіме ілдім де мыж-мыж галс­тук­ті мойынға байладым. Түйілген жерінің кірі мүйіз­деніп кеткен. Ауылға жарайды. Асығып жүріп мақал кі­таптарыма қиғаштата көзімді салып, қызға қа­тыс­ты біраз мақалды еске түсіріп алдым.
Жазушы құда қатты екен, дастарханға тастаған нан­дары да, құрттары да қап-қатты. Тісіміз сынып қа­­ла жаздады. Төрт-бес «Әсем-айды» іше-іше іш кеп­ті. Түн жарымда ішінде етінен көрі шала аршылған кар­тобы көп қуырдақ сияқты бірдеңе келді. Мұның да картобы тәп-тәтті болғанымен еті қап-қатты. «Қуыр­дақ деп картоп бердің, оның жартысын күйдіріп, өртеп бердің. Колорадо қоңызындай ке­мірдік. Етінің қаттылығы болмаса, өзінің аздап тәт­тілігі болмаса, майының жоқтығы болмаса, тұзының көптігі болмаса тәп-тәуір асыңызға бата бер­дік, бұдан да жоғарысы келетін шығар деп жата бердік». Ішім толып отыр еді, осылай бата бердім де бастадым сөзді.
– «Қызды таныс алады, таныс алмаса қоныс ала­ды» – деген, қызымызды алыпсыздар. Әрине «Қыз – жат-жұрттық», бірақ жат жұрттық екен деп қа­рап отыра алмаймыз. Іздеп келдік! Қуып келдік. «Қа­лыңсыз қыз болса да кәдесіз қыз болмайды» – де­ген. Кәдесіне де, баланың әкесіне де көңіліміз тол­май отыр. «Қыз бергеннің назы бар», айтатынымыз көп.
Көңіліңіз, о, құдеке, ирек-ирек,
Отырсыз ыңыранып үй деп, бүй деп.
Қаншама сіз жазушы болсаңыз да
Ақынбыз өлең төгер түйдек-түйдек.
Жазушы болдым деп сіз шалқаймаңыз,
Баймын деп шіренбеңіз, талтаймаңыз.
Төбелес керек болса, жұдырық бар,
Дайынбыз ұрысқа да, айқайға біз! –
деп салдым. Деп салдым да баяғының батырлары сияқ­ты қорамсаққа қол салдым. Асты-үстіме түсті. «Жазушың» сөзінен, жазушының әйелі өзінен жаңылысып, жамбастай құлады. Бұл өлеңді баяғыда шығарғам. Әр қыз қуып барған сайын осылай «суырып салам».
Қайттық. Бір-бір пакет ұстатқан. Шала аршылған картоптың қуырдағына тұзды аямай салған екен, былай шыға қаталадық. Самопал арақтың да күші жығылған, оның да шөлі әкетіп барады. Ол аз де­сеңіз, жалдап барған «Газелдің» дөңгелегі жарылды. Шопыр «түнде МАИ болмайды» деп самопалдан ұрттаған екен. Таңға жуық дөңгелекті реттеп, қайта жолға шықтық.
Үйге келісімен әйел пакетті ақтарды. «Не ки­гізді?» – деді шала-пұла ұйқысын аша алмай. «Был­ғары күртеше» дедім мен де «Рамстордан» қайт­қандай. «Атаңның басы, қытайдың дермантині» – деді әйелім қоржынды ашар-ашпас. Ол біледі. Аптасына базарға екі-үш барып келеді. Таниды. Күртешенің иісі үйден балконға, балконнан аулаға, ауладан ауданға тарап кетті. Балам сіріңке әкеп жандырып көріп еді, күртешенің жартысы жидіп түсті. Менің де бетім күртешемен бірге күйді. «Қай­ран сөздерім-ай, енді құдалыққа бармаспын», – дедім бала-шағама, әйеліме ант беріп.
Көмірді кіргізуге кірісе берген кезім еді. Атың өш­кір Әшен келеді өңмеңдеп. Ол тегін келмейді. Ол – құдалықтың пошташысы, қазіргі тілмен айтқанда тірідей СМС. Тағы кімнің қызы кетті? Күрегімді көмірдің қалың ортасына салып жатқам. Шаң бұрқ етті. Көз бітеліп, құлақ тұнды. Күңгір-күң­гір Әшеннің әңгімесі.
Қысқасы, кластасымыз Қабылдың қызы кетіпті. Әкімнің баласына. Біресе ақын, біресе әкім. Өлті­ре­тін болды. Құдағи биші екен. Биші құдаларды жақсы көреді. «Құдалықтың құрамында биші болсын» депті. Әкімнің сөзі бір бұйрық болса, қатының сөзі екі бұйрыққа пара-пар. Өйткені, қазір халықты әкім би­лейді, әкімді қатын билейді. Шала-шарпы жуынып, мойындағы, құлақтағы, мұрындағы көмірді кетіріп, амалсыз жолға шықтық. Әйелдің жібергісі жоқ еді, әкімді естіген соң екпіні басылып қалды. Басқа жақты қайдам, біздің жақта әкім десе «өліп» түсеміз.
Бидің түбін түсірем, талай өкшеден айырылғам. «Табаның темірден жаралған» дейді былайғы жұрт. Жаралса жаралған шығар. Өзбекшесін де, өзгешесін де, ұйғыршасын да, пышақ тістеп, қоразданатын айғыршасын да қоймадым. Құдашалардың мұрнынан қан ағып, құдағи ортаға құлап түсті.  Жаман қайтпа­дық. Өткенде «Газельден» аузымыз күйген, әкімнің тойы­на барамыз деп Қабыл қаладан «Тойота» ал­дырған. «Тойотада» кінә жоқ. Ауылдың балалары төбелесіп жүріп, мәшинеміздің бүкіл шамын сындырыпты. Сығырайып, тоқтап-тоқтап, түнімен жүрдік. Таң ата келдік. Әйел ұйықтамай отыр екен. Келе пакетке жармасты. Ақтарып қалғанда пакеттен бала-шағаның кәстөмі мен көйлегі шықты. Үшінші кластағы балама келеді екен. Кимей қойды. «Ауылға беріңдер, қытайский» деді. Үшінші кластың баласы да біледі. Әйелім «Жарымаған, әкім болған ау­зыңас…» – деп күшеніп барып тоқтады. «Кранның» бұрандасын уақтысында жапты. «Бұдан былай құдалыққа бармайсың», – деп кесіп айтты.
Биден табан ісіп, қара саным әлсіреп қапты. Екі күн жаттым. Қыс жақындап қалды. Үшінші күні білек сыбанып, менің құдалық сапарымның ақырын күтіп жатқан көмірге қаһарлана кірістім. Жаман емес, біразын ішке лақтырып үлгердім. Әшен келе жатыр. Ол әшейін келе жатқан жоқ. Сыболыш жатпайды екен. Не көмір түсірмейді. Теріс қарап тірлігімді істей бердім. Қысқасы, мен бармасам болмайтын құдалық. Бұл құдалыққа ішетін адам керек екен. Оның әкесін танытам. Қамшы салдырмаймын, тамшы қалдырмаймын. Биді өкшемен билесек, арақты бөш­кемен көтерем. Құламаймын. Құдалардың бүкіл ішкіші қолыма су құя алмай, аузыма арақ тамыза алмай, арманда кеткенін дүйім ел көрді, ауыл естіді. Таңданып, тамсанып қала берді, қайтесің. Жолда дөңгелек жарылды ма, радиатор су жіберді ме біл­меймін, әйтеуір айлы түнде далада теңселіп тұрғаным есімде, сосын есікті кеп ұрғаным есімде.
Бұл сапарда етегі салақұлаш, жағасы кір-кір Брежневтің тұсындағы плащ киіп қайттым. «Енді құдалыққа барсам, атымды ауыстырам», – дедім. Атың ауыспақ түгілі, қатын ауысып кетсе де ағайын­дарың қарай ма? Көмірдің жартысына кеп қалғанда баяғы Әшен, баяғы әйелдің ұрысы. Тағы жолға шықтық. Бұл жолы төбелесетін адам керек екен. Құдалардың ауылы сондай боп шықты. Төбелестің чемпионы болғанбыз. Куә іздеудің қажеті жоқ, беттегі бес тыртықты сана да «бәледен машайық қашыпты» – деп тып-тыныш отыра бер. Көйлекті көтеріп, шалбарды шешсем, айқыш-ұйқыш тыртық­тардың көрмесіне көзіңіз сүрініп, артынан жүре­гіңіздің айнуы әбден ықтимал.
Тойдың орта тұсында қым-қуыт төбелес басталды. Құдаларды іздеп кеп, түгендеп алып ұрады екен. Қара белбеуін де, сары белбеуін де, қызыл белбеуін де, ұзын белбеуін де ұзынынан түсіріп, өздерінің бел­беулеріне өздерін қылқындырып, қырып салдым. Көшенің бір бұрышына шөп жинағандай жинап қойдым. Бұдан былай ол ауылдың тойында төбелес болмайтын шығар. «Брюс Ли құда» атанып қайттым. Тек, өзімнің бетімнен алтыншы тыртықтың түрен салғаны болмаса, қалғаны түгел. Киітті тексерген әйелдің қабағына және қар жауды. Қоржын қомақты болғанға әуелде қуанған. Сөйтсек, онымыз талай құдалықты атқарған, жарықтық Хрущевтің көзін көрген көнетоз пальто екен. Мұражайға лайық. Оның ішіне мен секілді және бір құда сыйып кетеді. Екеуара бір пальто бермеді ме екен деп алғашқыда қауіптендік. Артынан мінгескен іздеушісі болмаған соң әйел бұрқылдап-бұрқылдап, кейін керек болады-ау дейтін қоймаға тығып қойды. Ақырғы құдалық осы пальто деп шештік.
Пальто таптық, қыста жаурамайтын шығармыз. Мына көмір «бәле» болды. Балалар да келмей қойды. Құдалықтан келген бір-екі шөлмекті ауылдың жұмыссыз қуларына ұрттатып, кіргізіп ала қояйын десем, қатын оларды погребке құлыптап қойды. Төртінші сынып оқитын баланың тойына арақ-шарап­ты осылай жинап жатыр.
Әне, Әшен келе жатыр. Көмектесуге келе жатқан жоқ, құдай біледі, тағы құдалық. «Бармаймын», – дедім үзілді-кесілді. Қоя ма, бұл жолы бір үйден біреу емес, тырысып отырған әйелімді де қосты. Басында иық бермеп еді, өзін қосқаннан кейін алдыма түсіп берді. Менің осы сапардағы міндетіме ішу де, сөйлеу де, билеу де, тіпті төбелесу де кірмеді. Шіренуім керек болды. Басқа басқа, ал шіренуді өлтірем ғой. Талай орындықтың арқалығын сындырып, талай диванды шалқасынан түсіріп қайтқам. Шірендім. Шіренгенде сұмдық шірендім. Құдалар құрақ ұшып кеп аузыма шәй құйғанша илікпедім. Тек, әйелім аздап басын изеген соң шіренуімнің сатысын бір баспалдаққа төмен түсіріп, шәйді өзім ішетін халге жеттім. Шірене-шірене құдалықтан да оралдық. Үйге кірер-кірмес қоржынды ақтардық. Түймесі әзер жететін кәстөм кигізіпті. Бір шіренгенде түймелері пытырлап түсіп қалады. Шалбарының балағынан тобығым жылт-жылт етеді. Әйелімнің кигенін айтсам.., қойшы айтпаймын, оны кигізген құдалардан ыңғайсыз. Ол да үндемеді. Мен де үндегем жоқ.
Бәрін қойдық, алғашқы қар да түсті. Көмір кіргізіп жатырмын. Оқта-текте әйелім де көмектесіп қояды. Көзімнің астымен Әшен келетін жолға қарап қоямын, әзірге тыныш!

Қарғыс
Қарғыстың түрі көп. «Желкеңді көрмегір», «Бас­қан ізің артыңда қалғыр», «Тұқымың өскір»… – осыларды естіп өстік. Сөйтсек, бұл жағымды қарғыс. Адам онсыз да желкесін көрмейді, басқан із онсыз да артта қалады, тұқымың өскеннен артық бақыт бар ма? «Қарғағың келсе біреуді, әйелің өлсін деп қарға» дегенді ақынның өлеңінен оқыдық. Ақынның қарғысы қатынның қарғысынан да өткір екен. Құдай оның бетін аулақ қылсын! Менің қарғысым мүлде бө­лек. «Үйіңнен ремонт кетпесін, оған ақшаң жет­песін!».
Тып-тыныш өмір сүріп жатқанбыз. Кесепат деген көрші бәрін бүлдірді. Бір күні қараптан-қарап жүріп балконын алып тастады. Бала-шағалары қылқиып қа­рап тұратын, әйелі бірде кір жайса, соғым уақ­ты­сын­да  самсатып  ет тізіп қоятын балкон еді жарық­тық. Сақалын сыпырып тастаған қариядай жылмиды да қалды.
Әйелдер аң-таң.
Сол әйелдер аузын ашып, таңданыстарын жасыра алмай жүргенде асүйінің қабырғасын екі күн тоқпақтап жатып құлатты.
Әйелдердің көзі шарасынан шықты.
Енді бір бөлмесінің қабырғасын метро жасап жатқан құрылысшыларды әкеліп, тесті кеп.
Әйелдер ішегін тартты.
Онсыз да бітпей жатқан метроның жұмысын Кесе­пат бір күнге тоқтатты.
Әйелдер жұмысқа баруды қойды.
Кешке жиналып ап Кесепаттың әйелінің соңынан іле­сіп, шалшықтан қайтқан қаздай тізіліп сол үйге ба­рады. Барады да тамсанады. Тамсанады да бәрі үйді-үйге таңдай қағып тарайды. Тарайды да күйеу­ле­рін «талайды».
Өздеріне өздері сұрақ қояды:
– Кім жақсы?
Өздеріне өздері жауап береді:
– Кесепат жақсы!
– Кім еркек?
– Кесепат еркек!
Депутатқа дауыс беріп жатқан сияқты. Құдай біледі сайлау бола қап, оған Кесепат түсе қалса, бірінші турдан-ақ халық қалаулысы боп кетер еді.
– Керемет отағасы!
– Жанашыр әке!
– Балажан папа!
– Шаруақор қожайын!
– Қатынжан күйеу!
Бұл Кесепаттың үйінде еврожөндеу болмай тұрған кездегі біздің абырой-атақтарымыз болатын. Сол анықтауыш, толықтауыштарды пысықтауышы басым Кесепат ауланың тендерінен тентіретіп тұрып жеңіп алды. Біздің анықтауыштардың мағынасы өзгерді:
– Албасты!
– Арамтамақ!
– Жатыпішер!
– Қатын сыйламайтын қанішер!
Қазіргі сыйқымыз, сый-сыяпатымыз – осы! Жат­қан­да да, таң атқанда да әңгіме Кесепаттың пы­сық­тығында. Ваннасын ауыстырыпты. Басы бұрын батысқа қарайды екен. Батысқа қарағаны жатысқа қолайсыз, сондықтан бүгінде Жаннасы шығысқа қарап шіреніп жатып шомылатын бопты. «Ванна Ирандікі, еден Эмираттікі, есік Ирактікі, терезе Тай­лан­дікі», – дейді әйел. «Тоқта, тоқта, Ирак қашаннан бері есік шығаратын болған? Оның өзінің есік-те­резесі қирап, күнде соғысып жатыр», – деп қарсылық білдірем. Жалтарады. «Білмеймін, әйтеуір «И» ден басталады. «Израиль шығар», – дейді. «Израиылың да мәз емес, олар да әзірейіл соғыстың әлегінде, есікте шаруасы жоқ, айналадағы елдердің есігін күзетіп отыр тышқан аңдыған мысықтай. Мынау тұрған Иірсудың қазақтары бәрін Қытайдан әкеп сатады, солар шығар?» – деймін бой бермей. «Ира­ның ванна емес уранға көшкен, олардың Кесепатпен шаруасы жоқ, ол үшін ең үлкен кесепат Әмерика боп тұр, Тайлан терезе түгілі айран да шығармайтын болар», – деп, кішкене саясат араластырып, сауатымды алға тартам. Саясатқа келгенде әйел алжи бастайды. Өйткені, саясат әйел атаулының күндесі, тоқалмен бірдей.
Сонымен Кесепаттың үйі кіші-гірім глобус сияқты, әлемнің бәрін сыйдырып отыр.
– Кесепаттың үйі дүниежүзінің картасы ма? – деймін кекетіп.
– Картасы! Өзі еркектердің маркасы! Өйткені, ондай еркек дүние жүзінде жоқ! – дейді әйелім.
– Бүкіл ауланың әйелдері Кесепатқа тиіп алмадың­дар ма? – деймін одан сайын қоздырып.
– Тиетін едік, кезінде білмей қалдық, жігіт кезінде бәрі сал да еркек болған соң бәрі шал екенін кейін ұқтық. Не шал емес, не мал емес – бірдеңе, – деп, кер­нейін керіле тартқанда қолқаны ататын будақ-будақ түтін шығады.
 – Енді, міне, пәтерін қаланың қақ ортасына ауыс­тырғалы жатыр.
– Пәтерін қайдам, Жаннасын ваннасымен қоса басқа әйелге ауыстырғалы жатыр деп естідім, – деп қойып қалдым.
Әйел өз сілекейіне өзі қақалды.
Түтін тоқтады, самаурын өшті, жалын сөнді, дыбыс басылды. Әлгінде ғана астаң-кестең болған үй құлаққа ұрған танадай тыныштыққа берілді. Ызыңда-а-а-ап маса ұшып жүр. Дүниеде әйел мен масаның ызыңын жақтырмаушы ем. Маса тура балдызым сияқ­ты. Түнімен «қытықтап» шағып шығады. Ұшып келе жатқан жерінен ұстап алдым да қаны мен жаны қоса шыққанша мыжыдым. Масаның үні басылған соң әйелімнің дауысы қайта шықты.
– О, жексұрын! О, сүмелек! О, бейшара! О, сұмы­рай! О, шәрәмік!
Осылай не қайырмасыз, не айырмасыз кете берер ме еді, мен тоқтаттым:
– Кім ол, мен бе тағы?
– Е, жоға! Мына…аты кім еді көршінің?
Кесепаттың атын бірден ұмытты.
– Кесепат! – дедім даусыма бүкіл сән-сал­та­наттың бояуын жағып.
– Иә, сол Кесепатты айтам…
– Ол мировой жігіт деп ең ғой?
– Мировой болмай қалсын, қатында басың қалғыр қарабет! Жанна қайтеді?
– Жанна, астында ванна, шығыстан батысқа қа­рай созылып, шолпылдатып шомылып жата береді.
– Осы оңбаған еркектер! Байыса қатын алады, байымаса бір қатынмен жатып алады.
– Сондықтан мен секілді байымау керек.
Үндемей бұрылып кетті. Бірінші рет үндемеді.
Кесепат басқа жаққа көшті. Жаннасы да, ваннасы да, балалары да ескі үйде қалды. Бірақ бүкіл үйдің әйелдері ремонтқа бел шешіп кірісті. Сол әйелдердің аулада өзара күбірлесіп отырғанын естіп қалдым.
– Евроремонт еврей ремонт, – дейді біреуі, – осы ремонттан қымқырып бір тон аламын.
– Мен де алатын нәрсемді жоспарлап қойдым, – дейді екіншісі.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір