Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ
Алаш ұранды Ел ғасыр жасаған абызынан, әлемге әйгілі Әбеңнен айырылып қалып, ұлтымыздың ұлы тұлғасымен қош айтысып, қазақ руханиятының сайыпқыран сардарын соңғы сапарына шығарып салып жатқан жайы бар. Әдебиетіміздің классигі – Әбдіжәміл әкеміздің, бекзат болмысты ардагер алыптың дүниеден озуы барша қазақ баласының жүректерін жылатып, жандарына батқаны сөзсіз!
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған.
1942-1945 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітіріп, әр жылдары сан түрлі жауапты қызметтер атқарды. 1962-1964 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы, кейінірек Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті болды.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы Республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын қайта өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен жариялады.
«Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961 ж.; 2-кітап – «Сергелдең», 1964 ж.; 3-кітап – «Күйреу», 1970 ж.), «Сең» және «Соңғы парыз» романдары дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» романы бойынша жасалған драмалық қойылымы М.Әуезов атындағы Академиялық Қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алып, телеэкранға да шығарылды. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» («Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықса (1972 ж.), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктерінің жинағы жарық көрді.
Ә.Нұрпейісов А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Заманында оның әдеби әлеуеті мен қаламының қуаттылығы лайықты бағаланып, КСРО және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство» сыйлығының және Халықаралық М. Шолохов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Ұлы қаламгер «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен және медальдармен марапатталып, 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағына ие болды.
Ұлтымыздың даңқты да дара перзентінің бақилық болуына байланысты марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына, қаламгерлер қауымдастығына және барша қазақ халқына қайғыра көңіл айтамыз.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшылығы