БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
09.02.2022
5628
0

 Ботагөз ҚҰЛЖАНОВА, Бейіндік мектептің директоры

БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

«ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауы тегін емес. Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. 2022 жылды іс жүзінде балаларды қорғау жылы ретінде өткізіп, білім
беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру сынды салаларда ел болашақтарына жете мән берілуі тиіс. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өткен Мемлекет басшысының бастамасы қолдауға лайық. 

Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан келешек ұрпағымызды білімді, білікті, бәсекеге қабілетті етіп тәрбелеу – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу – әрбір ұстаздың басты міндеті. Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту, оның шығармашылық мүмкіндігінің дамуы басты рөл атқарып отыр. Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетіне қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген, білімді, дағдыларды меңгеретін, шығapмaшылық бaғыттa жұмыс iстeйтiн, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру және тәрбиелеу.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді. Сондай-ақ Президент аталған ұсыныстың жай ұран немесе мереке ретінде емес, нақты іс жүзінде жүргізілуі керектігін тілге тиек етті.

Жастар – қоғамның неғұрлым ұтқыр, икемді, жігерлі бөлігі және нақ сол жастар ел экономикасының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Заманауи білім, қажырлы еңбек және жастар бастамасы қажет. Жастардың жанқиярлығы, еңбекқорлығы мен құлшынысы жағдайында ғана Қазақстан экономикасының мүмкіндіктері ол үшін шынайы игіліктерге айналуы мүмкін.

Мемлекет жастарды еңбек және жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктермен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жетілдіруде. Ел Президентінің экономиканы үдемелі инновациялық индустрияландыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту, мемлекеттік қызмет деңгейін арттыру және шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі бағдарламасын іске асыруға жастардың қатысуына ерекше көңіл бөлді.

«Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда.  Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орын алсақ та, бір оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман» деп Міржақып Дулатұлы айтқандай, заманауи, қарқынды дамып келе жатқан әлемде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелесек, үлкен жетістіктерге жетеріміз хақ! Ең басты міндет – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, қазақ елінің болашағына адал қызмет ететін, ар-намысы биік, парасатты ұрпақ тәрбиелесек, елдің дамуына қосқан нақты үлесіміз болмақ. Біз Президентімізді және оның барлық бастамаларын әрқашан қолдап, әрқашан сенім білдіреміз!  

 

Мөлдір ИСАНОВА, физика-техникалық факультет деканының ғылыми-инновациялық  және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары

БОЛҒАН ОҚИҒАҒА КІМ КІНӘЛІ?

2022 жылғы Қазақстандағы наразылық шаралары сұйытылған газдың кенеттен қымбаттауына байланысты басталды. 2 қаңтарда бастау алған бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналды.

Алғашында Жаңаөзен қаласында басталған шеру артынан Қазақстанның басқа қалаларына да таралды. Халық Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Көкшетау, Орал және т. б. қалалардың көшелеріне шығып, экономикалық талаптармен қоса, саяси өзгерістерді талап ете бастады. Бастапқыда бейбіт басталған наразылық шаралары артынан қарулы қақтығыстар мен тонаушылыққа ұласты (негізінен Алматы қаласында). 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздіктер ресми деңгейде мемлекеттік төңкеріс деп аталды.

Елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты, 5 қаңтарда төтенше жағдай Қазақстанның барлық аумағында енгізілді. Шерушілер маңызды нысандарға шабуыл жасап, Алматы, Талдықорған қалаларындағы әкімдік ғимараттары, Алматы әуежайы наразы халықтың қолына өтті. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын мәлімдеді. 10 қаңтарда ҰҚК тәртіпсіздіктер кезінде басып алынған барлық әкімшілік нысандардың қайтарылғанын, елдегі жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді. 11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты.

Бұл болған жағдайлардан кейін Қазақстан халқы қандай елде тұрып жатқанын және жақын болашақтан не күтетінін түсінуі үшін оларға өте қарапайым сұрақтарға жауап қажет. Бұл жауаптар олардың қалай өмір сүретінін, жұмыс істейтінін, бизнес құруын, отбасын құруын және қалыпты өмірді білдіретін басқа да көптеген қарапайым нәрселерді қалай жасайтынын анықтайды.

  1. «Болған оқиғаға кім кінәлі?» деген сұраққа жауап керек. Кейбір жұмбақ лаңкестер мен дұшпандық күштер туралы сөздер тәртіпсіздіктер кезінде жұмыс істей алады – енді олар ештеңені түсіндіре алмайды. Ертегілердегі зұлымдар сияқты жаман болғандықтан, әлемді жойғысы келетін террористер жоқ. Кез келген лаңкестерді біреу ұйымдастырады, дайындайды және басқарады. Бұл жұмбақ адамдар туралы ешқандай нұсқа әлі жарияланған жоқ. Осы сұраққа түсініктеме қажет.
  2. Осыдан екінші сұрақ туындайды. Адамдар мұндай жағдайдың қайталанбайтынына сенімді болуы керек. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін адамдар нақты не істеп жатқанын білуі керек.
  3. Бұл күндері қала мен ел әкімшілігінің қалай ұйымдастырылғанын бәріміз көрдік. Жауапкершілікті мойнына алған шенеуніктер болды, олар бірінші күннен-ақ көрінді. Ал басқалары көрінбей, кейін көрініп, өз ерлігі туралы айтты. Ал егер жағдай қайталанса, ақыл-ойы, мінезі бар адамдар халықты басқару үшін біріншісін алға жылжытып, екіншісін жұмыстан шығару қисынды болар еді. Және бұл елде жауапкершілікті өз мойнына алу жоғары марапатталанатын көрсету қажет.
  4. Ақырында, алдағы уақытта не болады деген сұраққа жауап керек. Тоқырау сияқты баяу тұрақтылық жалғаса ма немесе нақты өзгерістер бастала ма? Өзгерістердің қатарында – Ішкі істер министрлігін реформалау, өзін-өзі басқару реформасы, әкімдер мен парламент сайлауы. Бұл күрделі істерді бір-екі айдың ішінде орындау мүмкін емес екені анық, бірақ біз оларды талқылауды қазірден бастауымыз керек.

 

Бекжан ӘШІРБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының аға оқытушысы  

ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ ОРНАУЫ КЕРЕК

Космонавтика мамандары ғарыш кемесі экватор бойымен жер шарын 90 минутта айналып шығатынын айтады. Соның ішінде күншығыс елі – Жапонияның үстінен 15 секундта өтсе, Қазақстан кеңістігін бағындыруға бақандай 6 минутын жұмсайды екен. Аспанкөзді орыс пен бітік көзін жыртып ашатын қытайдың сан түрлі айла-әрекет, саяси ойындарынан аман қалып, елдігіміз бен бірлігімізді сақтай алдық. Осынау алып территориямыздың шекарасын бөрі кеуде, бұқа тұмсық батырларымыз қанымен сызып, қары талғанша айқасып, келер ұрпаққа аманаттап кетті. Қан тазалығы мен дәстүрге адалдық, генетикалық кодымыздың дұрыс берілуі – міне, шаңырағымызды шайқалтпай келген дала мектебі осы еді. Өкінішке қарай, қара барқын жамылтқан «Қаңтар қасіреті» мемлекттік идеология мен ақпараттық қауіпсіздігімізде бұрандасы бос, бордай үгілгелі тұрған босаң тұстарымыз бар екенін көрсетті.

Ел конституциясына енгізілетін ең соңғы өзгеріс қандай болуы керек десек, ол – «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізуге болмайды» деген бап. Заң орындалуымен құнды, тұрақтылығымен өміршең. Құран аяттарындай өзгермес, уақыт желі өшіре алмайтын сына тастардағы қасиетті жазулардай мәңгілік мәртебесін алғанда ғана өзінің миссиясын орындайды. Ата заң әр билеушінің қойын дәптеріне айналып, кландық-олигархтық, лоббистік топтардың ыңғайына қарай жазылса, әлеуметтік тепе-теңдік бұзылып, қоғамдық апокалапсис басталады. Сондықтан басты заңның әр бабы қоғамдық талқылаудан өтіп, шынайы сүзгі мен сараптау жасалуы керек.

Салалық заңдар конституциялық нормаларды сақтауы маңызды. Сонда ғана физикадағы «кері тебу» заңы орын алмай, әлеуметтік әділдік орнайды. Қоғамда үлкен резонанс тудыратын сайлау, саяси партиялар, бейбіт митингілер және баспасөз туралы заңдар кешені демократиялық принциптерге қарсы келмей, барынша әлемдік стандарттарға жақындауы тиіс. Ал ол қандай жағдайда мүмкін? Заң жобаларын ұпайы мен ұтысын түгендейтін мүдделі ведомостволар емес, арнайы маманданған бейтарап ғылыми орта дайындауы керек. Жасыратын не бар, біз қазір «айыппұлдар еліне» айналып кеттік. Естеріңізде болар, осыдан бес-алты жыл бұрын ҚР Ішкі істер министрлігі «Билік өкіліне бағынбағаны үшін 11 мың АЕК айыпұл төлейді» деген заңды парламентке ұсынды. Мұндағы астрономиялық сумма депутаттардың қарсылығын тудырып, кері қайтарылғаны бар. Демек, халықтың әділетті ашынуын тудыратын солақай, солқылдақ заңдардың бекіп кетуін болдырмау, ол – құқықтық базаны жасақтауды тәуелсіз ортаның дайындауы.

Соңғы кездегі саяси оқиғалар халық пен биліктің алтын көпірі саналатын қоғаммен байланыс қызметінің жұмысын жандандырып, барынша күшейту қажеттігін көрсетіп берді. Бізде қалай? Көптеген мекеменің баспасөз қызметінде зейнет жасына жақындап, жұмысынан кемшілік табылып, жұрт көзінен тасаға кетуге мәжбүр «ескі гвардия» отырады. Өз ісінің кәсіби маманы емес, шығармашылық қабілеті жоқ, елмен сөйлесу тәжірибесі аз кадрлар қонжиған. Осы проблема шешілмей, дағдарысты жағдай оң шешімін таппайды. Қазақта «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Мақсатты аудиторияны зерттеп, дұрыс сегменттеп, ақпараттық себепті дәл анықтай алатын өз ісінің шеберлері келуі керек.

 

Раушангүл АВАКОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі 

ЖАҢАРҒАН ҚОҒАМ

Елімізде орын алған «қаңтар» оқиғасы қордаланған проблемалардың  бетін ашты. Дамудың жаңа сатысына көштік деп жүрген көбіміздің төбемізден жай түскендей болды. Қазір қоғам болып соның себептері мен салдарын талқылауда. Кез келген қоғамда саяси-әлеуметтік проблемалар болмай қоймайды. Ол – дамудың заңдылығы. Алайда ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған мәселелердің  қордалануы, оның әлеуметтік психологияға кері әсер етуі, қоғамдағы әділеттің аяқасты етілуі секілді факторлар қандай да бір дүмпуге әкеліп соқтыратынын біз тарихтан жақсы білеміз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихында атқарылған шаруалар аз емес. Оны жоққа шығаруға болмас. Дегенмен де бүркемеленген, ашық жария етілмеген проблемалардың көп екендігіне енді көзіміз жете бастағандай болды. Сонымен, меніңше, осындай зор қақтығыстың болуы себептері мыналар дер едім:

  1. Ең әуелі елімізде терең тамырланып кеткен коррупция, яғни жемқорлық мәселесі. Бұл – көлеңкелі экономикаға, жасырын бизнеске жол ашты. Соның нәтижесінде аздаған белгілі топтардың қолына қыруар қаржы жиналды. Қаржы мол түсетін салалардың барлығына жекелердің, белгілі бір отбасының, әулеттің ғана қолы жетті. Қазынадан тоналған қыруар қаржылар шетел асып, оффшорлық есеп шоттарға аударылды. Мемлекеттік маңызы бар құрылымдар мен объектілер түгелге жуық монополияланды. Жекешеленген банк секторлары тек мемлекеттен ашық және жасырын түрде қаржыланып, үстеме ақымен бұқара халыққа несие берумен ғана айналысты. Жемқорлық, сыбайластық қоғамның барлық буынына тарады. Соның кесірінен әлеуметтік әділетсіздік орын алды. Азшылық топ қана байып, халықтың тең жартысынан астамы кедейшілікке ұрынды. Алайда оны ескерген, шара қолданған үкімет болмады. Қоғамдағы күрделенген проблемаларды шешу үшін ең бастысы – жемқорлықты жою. Бұл турасында Президентіміз жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізілетінін қадап айтты. Сондықтан да жемқорлыққа жеткізген заңдық актілерді қайта қарап, оны болдырмаудың құқықтық-нормативтік негізін жасақтау қажет деп білемін.
  2. Елімізде дендеп кеткен кедейшілікпен күресті күшейткен жөн. Байлар мен кедейлердің арасы жер мен көктей айырмашылықта болып кеткенін жалпы қарапайым халық сезетін. Ал биліктегілер сезсе де ауыз ашпайтын. Сондықтан да әлеуметтілік теңгермешілік орнауы керек. Ұрлық жолымен есепсіз байығандардың ақша-қаражатын тектеп-тексеріп, мемлекетке қайтару жағын қамтамасыз еткен дұрыс. Бұл – біріншіден. Екіншіден, жұмыссыздық проблемасын аз жылда түбегейлі шешудің кешенді жоспарын құрса жөн болмақ. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай, қай қоғамда болсын адамды адам ететін – еңбек. Жұмысы жоқтық адамды материалдық, моральдық тұрғыдан да тоздырады. Жұмыссыз адам – табыссыз адам, табыссыз адам – аш адам, ал аш адам – кез келген ұранға, айтаққа тез еріп кетеді. Ол адам – өте кекшіл болады. Біз ұзақ жылдар бойы жұмыссыздардың толық армиясын қалыптастырған дәрменсіз ел екенімізді мойындамадық. Қоғамның барлық саласында жалған статистика мен ақпар белең алды.

3.Қоғамдағы басқарушы биліктен бастап барлық буындарда бюрократизм мен жағымпаздық  бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге жетті. Бір елдің немесе бір ұжымның жетістігін дабырайтып мақтап, оны тек басшылықпен ғана байланыстыру етек алды. Өткен тарихтың қаншама сабақтары болса да қолдан «құдай жасау» синдормынан арыла алмадық. Кейінгі жас буынды да осыған тәрбиеледік. Жаңарған Қазақстанда қандай да бір бюрократиялық кедергілер мен нормалар болмауы керек. Ашық, жариялы қоғам құру – біздің міндетіміз болуға тиіс.

  1. Соңғы жағдайлар бізге көп нәрселерді қайта қарап шығуға, дұрыс қортынды жасап, жаңаша іс атқаруға жол ашқандай. Ол – қоғамның рухани саулығы туралы. Әуелі діни қарым-қатынастарды реттеу, оның қоғамда алатын орнын айқындау, белгілі мөлшерде шектеу, қырағылық таныту, дін істерін басқарудың жаңа тұрпатты жұмысын қолға алу, «Дін және діни бірлестіктер» туралы заңға өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймын. Соңғы жылдары елімізде ашық, жасырын түрде насихатталып келген радикалды діни ағымдарға түбегейлі тойтарыс беріп, оны зайырлы қоғамнан біржола аластату жөн деп санаймын. Бұл – біздің тұрақтылығымыз бен болашағымыз үшін аса қажет. Сонымен бірге мешіттерді, шіркеулерді көптеп салуға бір тыйым керек. Жас өспірімдер мен жастардың діни сауатына, көзқарасына зерттеу жүргізілсе дұрыс болар еді. Олардың таңдаған мамандықтары бойынша білім алып, жұмысқа орналасуларын қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселе. Оларды діни соқыр сенімнен, арандатушы секталардан  құтқару – бүгінгі зайырлы, жаңарған елдің міндеті. Президентіміз атап көрсеткендей, біз, қазақстандықтар озық, нәтижелі, түбегейлі реформалардан бас тартпауымыз керек.
  2. Жас ұрпақтың бойына отаншыл патриотизмді, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға баршамыз жаппай жауапты болып, ат салысуымыз керек. Елін, жерін сүймеген адам кез келген сатқындыққа, опасыздыққа, қиратушылыққа бара алады. Ұлтын, елін сүйген оқыған, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу адамды қалыптастырудың жалғыз жолы – сапалы білім мен саналы тәрбие. Біздің қоғам, әрбір отбасы, тәлім мен тәрбиені осалдатып алдық. Санасы саяз, мәдениеті төмен, ұлттық мінезі қалыптаспаған жас – кез келген топтың жемтігі. Өткен қаңтар оқиғасы осыны көрсетті. 

 

Ғабит ЖҰМАТАЙ, л-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі

ТЕРЕҢ САРАПТАМА ЖАСАЛУЫ ҚАЖЕТ

2022 жылдың қаңтарының басында болған халық наразылықтары мемлекеттік ауқымда шұғыл шешімі табуы тиіс проблемалардың бар екенін айқын көрсетті. Халықтың жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруына, ең алдымен Маңғыстау өңірінде және одан кейін елдің басқа облыстарындағы газ бағасының екі есеге өсуі және өмір сүрудің тым қымбаттауы тікелей ықпал етті. Осыған орай, қазіргі үкіметтің және мемлекеттік органдардың басты міндеті – елдегі қалың бұқараның мұң-мұқтаждары мен талаптарын және күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды ескеріп, тиісті реформалар жүргізуі керек. Соның ішінде Президент Тоқаев айтқандай, шынайы «тыңдаушы мемлекет» құру бағытында нақты жұмыстар жасалуы тиіс.

Еліміздегі өмір сүрудің шарықтап қатты қымбаттауы және ұлттық валютаның шамадан тыс құнсыздануына бірден-бір түрткі болып отырған фактор – коррупция, яғни жемқорлықтың кең тамыр жаюы – ел экономикасының қарыштап дамуына үлкен кедергі болуда. Сондықтан еліміздегі әр саланың ғалымдары мен зерттеуші топтары үкімет пен мемлекеттік органдарға әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде нақты ұсыныстар мен сараптамалық материалдар ұсынуы керек, яғни үкіметтің қабылдаған шешімдері мен саясаты ғалымдардың ғылыми сараптамасы мен эмпирикалық зерттеу негізіндегі ұсыныстарына негізделуі қажет. Демек, түйткілді мәселенің бірі – үкіметке және мемлекеттік органдарға осы қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде ақпараттық және мағлұматтық қолдау керек. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әр факультетіндегі мамандар өз салалары бойынша туындаған күрделі әлеуметтік құбылыстың қыр-сырларын терең зерттеп, сараптама жасап, ұсыныстар жасауы керек.

Бұл бағытта жекелей ғалымдарды және ғылыми-зерттеу топтарын университет және үкімет қаржылай қамтамасыз етуі тиіс. Жеткілікті деңгейде қаржылай және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілген зерттеушілер қазіргі заманауи сандық және сапалық әдістер мен методология негізінде тиісті объективті бағасын беруі тиіс. Бұл бағытта әр сала бойынша университеттің факультеттерінде ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып, жұмыс істеуі қажет. Осы бағытта, мысалы әлеуметтанушылар қарапайым адамдардың тұрмысын, өмір сүру жағдайын, көңіл күйін, дүниетанымдық ұстанымдарын, көзқарастарын зерттеп, сараптау үшін әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырып, эмпирикалық мағлұматтар жинауға басымдық бергені жөн. Тарихшылар мұндай күрделі әлеуметтік проблемалардың тарихи тамырлары мен қозғаушы күштерін анықтап, басқа мемлекеттердің тарихына, олардың осы сынды тәжірибелеріне көңіл аударып, салыстырмалы сараптама жүргізуі керек. Мысалы, көрші Қырғызстанда осы секілді бірнеше мәрте әлеуметтік сілкіністер мен бұқараның жаппай толқуы, революциялар орын алды. Посткеңестік кеңістіктегі өзге елдер де, соның ішінде Украинада, Грузияда, Ресейде бірнеше мәрте қалың бұқараның наразылық акциялары өтті.

Тіпті АҚШ, Франция сынды әлемнің алдыңғы қатарлы индустриалды мемлекеттерінде де терең әлеуметтік және экономикалық проблемалар мен дағдарыстың бар екені айқын. Мәселен, АҚШ-тағы нәсілдік және этникалық теңсіздік саяси, әлеуметтік және экономика салаларында әділетсіздікке алып келіп жатады. Осыған орай, Америка қоғамының төменгі сатысында тұрған афро-американдықтар, испан тілдестер және байырғы халықтардың ұрпақтары ұлттық байлық пен ресурстардың үстем етуші ақ түсті топтардың қолына шоғырлануын әділетсіз деп есептейді.

Осы тұрғыдан келгенде тарихшылар салыстырмалы тарихи талдауға негізделген зерттеу жұмыстарын жүргізуге мән беруі керек. Демек, тарих және кез келген басқа саладағы ғалымдар мен зерттеуші топтарының еңбектері және мемлекеттік мекемелерге ұсыныстары эмпирикалық зерттеу мен мағлұматтарға негізделуі қажет. Мұндай зерттеу топтарының қатарына тек ғылым докторлары мен кандидаттары ғана емес, сонымен қатар жас ғалымдар, магистранттар мен студенттер де тартылуы керек. Оларды жер-жерден эмпирикалық мағлұматтарды жинауға және талдау жасауға тартып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге үйретуге басымдық берілуі керек.

Мұндағы назар аударатын мәселе – үкіметке және өзге мемлекеттік органдарға жасалынатын ұсыныстар және сараптамалық материалдар тек эмпирикалық зерттеудің нәтижелеріне негізделуі шарт, олай болмаған жағдайда мемлекеттік ауқымда қабылданатын шешімдер және жүзеге асырылатын стратегиялар қайтадан қателіктерге алып келуі әбден мүмкін.

 

Нұрсұлу ӘЛҚОЖАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі 

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ – ХАЛЫҚ ҚАСІРЕТІ

Тарихтан белгілі болғандай, еліміздің басынан талай қиындықтар өтті, соның бәрін абыроймен жеңіп шықты. Қазіргі кезде Қазақстан әлемге танымал ел болды. Елдігімізді сақтау үшін бірлік керек. Елді, жерді сақтау ата-бабаның аманаты, ал аманатқа қиянат жасауға болмайды, жеріміздің әрбір телімін сақтап қалуда ата-бабамыздың қаны бар екенін ұмытпау керек.

Кез келген елде әртүрлі жағдайға байланысты үлкенді-кішілі бейбіт шерулер өтіп тұратыны жасырын емес. Сонымен қатар кейбір жағдайда бейбіт шерудің соңы, өкінішке қарай қанды қырғынға, қасіретке ұласып отырғаны белгілі. Оқиға, көтеріліс, революция болмасын, олардың себеп-салдары, қозғаушы күші, нәтижесі болады. Олай болса, осы тұрғыдан қарастырсақ, менің ойымша бірнеше себебі бар:

– халықтың әлеуметтік жағдайы, яғни алғашқы бастама сұйытылған газ бағасының қымбаттауы, бұл өз кезегінде азық-түліктің де қымбаттауына алып келді (әл-ауқаттың төмендеуі салдарынан балалар өлімі, суицид, зейнеткерлік жастың өсуі т.б.);

– саяси жағдайлар, биліктің халықты тыңдамауы (жемқорлық, билік халықтан алшақ болды, халықтың жан-айқайы билікке жетпеді т.б.);

– экономикалық жағдай (инфляция, жұмыссыздық т.б.).

Бұл себеп-салдарға мән берсек, халықтың жағдайы үрленіп-үрленіп жарылуға дайын шар сияқты болды, оған түрткі сұйытылған газдың бірден қымбаттауы, яғни бұл ерте ме, кеш пе болатын еді деген ой туындайды.

Ал қозғаушы күші: қарапайым халық, белсенділер. Алайда қарапайым халықтың бейбіт шеруін пайдалануға дайын тұрған бұзақы топтың алдын ала ұйымдастырылғаны байқалды. Бір уақытта барлық қалада бірден басталғандығы баршаны ойландырды деп ойлаймын. Бұл лаңкестік әрекет деп сипатталды, алайда әлі де зерттеліп, әділетті баға беріледі, қорытынды жасалады деген сенімдеміз.

Нәтижесіне келер болсақ, әрине көтерліс басылды, алайда көптеген адамдар қаңғыған оқтың иесі болды, адам өлімі, тонаушылық, зорлық-зомбылық орын алды.

Біздің қоғам демократиялық қоғам, яғни халық өз ойын айта алады, кез келген кикілжің шешімін табуы керек. Бейбіт шеруге шыққандар, сонымен қатар нақты бұзақылар, лаңкестер мен адасқандарды анықтау әділетті тұрғыдан айқындалуы тиіс.

Халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіріп отыр, ол ұсынған реформалар еліміздің дамуына ықпал етеді деген ойдамыз. Президент елді бірлікке шақырып, алдымызда тұрған қиындықтарды бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, қалпына келтіретінімізге сенім білдірді. Сенім ақталады деп, халық та қолдау білдіріп отыр. 

Сонымен, педагогикалық тұрғыдан айтар болсам, қазақ «тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, тәрбиеге, соның ішінде патриоттық тәрбиеге мән берілуі керек. Бір жылдары, барлық мамандықтарға 40 сағаттық «Педагогика» курсы өткен болатын, кез келген адам ертең бала тәрбиесімен айналысады, сол себептен де бала тәрбиесінде қателіктер жібермеу үшін бұл курстың маңызы зор.

Елде нақты ұлттық идеология жоқ, міне оны қалыптастыру керек. Кезінде октябрят, пионер, комсомол болу міндеттелді және әрқайсысының алдында өзіндік мақсат, міндеттері тұрды. Бұл жастарды шын мәніндегі патриотизмге, белгілі бір құндылықтарға тәрбиеледі. Дәл солай қайталау керек, оны қалпына келтіру керек деген ой туындамау керек, алайда өткен тәжірибесіз, ертеңгі болашақ күңгірт. Озық тәжірибелер зерделеніп, ел менталитетіне сай өзертіліп, қолданысқа ендірілгені дұрыс.

Тағы да, Әл-Фарабидің «алдымен тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген сөзі есіңе түседі. Бала тәрбиесінде ата-аналар өте жауапты болуы қажет, өйткені кез келген тәрбие бағытының негізі отбасында қаланады, оны балабақша, мектеп, жоғары мектеп жалғастырады. Адамның бойында адами ізгі қасиеттер қалыптасса, ол тәрбиедегі өзек бола алады. Ал өзегі мықты адам солқылдақ-былқылдақ болып, кез келген адамның сөзіне ермейді, жамандық жасамайды, оған оның қалыптасқан өзегі жібермейді. Халқымыздың тағы бір ұлағатты пікірлері «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», «Аманатқа қиянат жасама» т.б. осындай даналық сөздер негізінде және ең алдымен өнеге, үлгі арқылы жас ұрпақты адами қасиеттерге баулу қажет.

Бұл «қаңтар қасіретіне» баршамыз кінәліміз, ата-ана, мұғалім, қоғам – біздер тәрбие процесінде қателіктер жібердік деп ойлаймын. Енді тез арада бұл қателікді түзету керек, «ел боламын десең, бесігіңді түзе», «ерді тәрбиелеймін десең, ұлды, елді тәрбиелеймін десең, қызды тәрбиеле» деген ұстанымдар басшылыққа алынуы тиіс.

Тағы бір байқалғаны, халық төтенше жағдайға даяр емес, талапты сақтамағандар қаншама, бұл тұрғысында да алдын алу жұмыстары жүргізілу тиіс. Білім беру ошақтарында педагогикалық-психологиялық кеңес беру орталықтары жұмыс жасауы қажет, оған білікті практик мамандар тартылғаны абзал. Бұл бағыттарда арнайы әдістемелік құралдар, нұсқаулықтар шығарылып, көпшілікке ұсынылуы тиіс.

Елді сақтау, қорғау – әрқайсымызға берілген мұра, баршамызға сын. Біз саналы ұрпағымызбен мақтануымыз керек, олай болса, мұрамызды, құндылығымызды бағалай, қорғай білейік! Бірлігі жарасқан елдің ғана болашағы жарқын! Біз де өз ұрпағымызға бұл мұраны аманат етуіміз керек! 

 

Данияр МАДИЕВ, ҚазҰУ, шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының доценті

ПРЕЗИДЕНТКЕ СЕНІМ АРТАМЫЗ

 Қазақстанның жаңа тарихында «қаңтар қырғыны» деген атпен қалатын қанды оқиғалардың аяқталғанына көп болмаса да, көпшілік осы оқиғалардың себебі мен салдарын түсінуге тырысуда. Алғашында бәрі бейбіт түрде басталды, осылайша Алматы халқы жаңаөзендіктерге қолдау білдірмек болды. Дегенмен, алғашқы күннің соңында-ақ бейбіт шерудің аяғы алғашқы қақтығыстарға ұласты. Нәтижесінде, жаппай тәртіпсіздіктер орын алды, жекенің мүлкі тоналды, үкіметтік және әртүрлі сауда-саттық, халыққа қызмет көрсету нысандары қиратылды, отқа оранды. Банктер мен олардың бөлімшелері қиратылып, қыруар қаржы қолды болды. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлерге, банктерге келген шығын есептеліп, мемлекет тарапынан өтелетін болар. Алайда осы оқиғалардың құрбаны болып, қыршын кеткен азаматтардың өмірін олардың отбасына кім қайтарады? Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жалпы ел бойынша 225 азамат қаза тапқан, 19 күштік құрылым өкілдері де тәртіпсіздіктермен арпалыса жүріп бақилық болды. Осы азаматтардың қаншасы кездейсоқ оққа ұшты, соны анықтап, заң жүзінде бағасын беретін кез келді.

Шеруге шыққан халықтың арасында бейбіт тұрғындармен қатар, әртүрлі діни экстремистік топ өкілдерінің, криминалдық элементтердің де болғаны белгілі. Дегенмен, Алматыдағы бейбіт шерудің осынша ушығып, қайғылы аяқталуына солар ғана кінәлі ме? Жауапкершіліктің бір ұшы Алматы әкімшілігі мен қүштік құрылымдардың қабылдаған шешімдерінде жатқан секілді.

Қазіргі кезде бұл оқиғалардың орын алуына түрткі болған әртүрлі себептер айтылып жүргені белгілі. Алайда отыз жылдан бері қордаланған әлеуметтік мәселелердің өз шешімін уақытында таппауы, жаппай жұмыссыздық, халықтың, әсіресе жастардың ертеңгі өміріне сенімсіздік, осындай әлеуметтік жарылысқа түбі бір әкелетіні белгілі еді. Соңғы жылдары елдегі билік пен бизнес бір қолға жинақталып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы билеуші тап өкілдерінің назарынан тыс қалды. Әлеуметтік қолдау көрсетіп жатырмыз деп, итке сүйек тастағандай көрінетін кейбір шаралары халықтың жыртығына жамау бола алмады. Коррупциямен күрес тек қағаз жүзінде жүргізілді, мемлекеттік мекемелерді жалмаған бюрократия, қағаз бастылық, өтірік есеп беру секілді теріс қасиет қанымызға тереңдеп сіңді.

«Қаңтар оқиғасының» болашақта қайталанбауына ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан оның алдын алу үшін осы оқиғадан сабақ алуымыз қажет. Бірінші кезекте, қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар заң қабылдануы тиіс деп ойлаймын. Ең алдымен, халықтың жұмыссыздық мәселесін шешу керек. Әрине, бір-екі жылда бүкіл халықты жұмыспен қамтитын зауыт, фабрикалардың ашыла қоятыны екіталай, сондықтан да халықтың өз бетінше күн көруіне үкімет көмек бермесе де, ең құрығанда кедергі келтірмеуі керек. Мысал ретінде айта кетсек, Қытай сияқты экономикасы мен өндірісі дамыған алпауыт елде өндіріс орындарының жетіспеушілігі байқалмайды, дегенмен, 1,5 миллиард халықты түгелдей мемлекеттік жұмыспен қамту мүмкін болмағандықтан, халықтың бизнес ашып, өз бетінше күн көруіне толық мүмкіндіктер жасалған, алғашқы жылдары өте төмен салық көлемін тағайындау, төмен пайызбен несие алу, мүгедектігі бар азаматтардың салықтан мүлде босатылуы секілді шаралар халыққа үлкен қолдау болатыны түсінікті. Осы жағдайда халық мемлекет тарапынан қандай да бір қолдауды сезінетін болады.

Кез келген мемлекеттің тұрақтылығының берік тірегі, ол орта тап өкілдері екендігі белгілі және осы тараптағы әңгімелер баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде соңғы кезде жиі айтылып жүр. Кейбір сарапшылардың есебіне қарағанда, елімізде орта тап өкілдеріне халқымыздың тек 5 пайызын жатқызуға болады екен, мемлекеттің аяғында нық тұрып, әлеуметтік-экономикалық дамуына сеніммен қарау үшін, бұл көрсеткішті 50-60 пайызға жеткізу керек. Ол үшін шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды арттыра түсу керек, жаңа бизнес түрлерін ашу процедурасын, несие алу талаптарын жеңілдете отырып, осы салада жұмыс істейтін азаматтардың санын арттыруға, олардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен көмек көрсетуге болады. Орта тап өкілдеріне, дамыған капиталистік мемлекеттердің үлгісінде түрлі салада жұмыс атқарып жүрген жоғары білімді инженерлердің, дәрігерлердің, экономистердің, білім және ғылым саласы мамандарының жалақысын көтеру арқылы жеткізуге болады.

Еліміздегі оқиғалардың басты себептерінің бірі, бай-манаптар мен кедей халық табысының бір-бірінен ерекше алыстауы десек болады. Президент айтқандай, ел байлығының жартысынан астамы тек 162 адамның қолына шоғырланған, бұл дегеніңіз тек қаржылық көрсеткіш қана емес, осы адамдардың өздері ие болып отырған салаға монополия орнатуы деп түсінуге болады, яғни, шикізат өндірісі, оның тасымалы, сатылуы жекелеген компаниялардың иелігіне берілген, басқа компаниялар бұл салаға бас сұға алмайды. Осыдан келіп бәсекелестік болмаған жерде жекелей билеп төстеу орын алады, компанияның, оның артында тұрған жекелеген азаматтардың талабына қарай баға белгіленеді. Осы мәселені шешу үшін, кез келген саладағы бәсекелестікті арттыру керек, ол өз кезегінде өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің сапасын арттыруға, баға саясатын қалыптастыруға септігін тигізеді деп сенуге болады.

Президенттің ерекше көңіл бөліп отырған мәселесі, жастардың білім алу мүмкіндігінің қолжетімсіздігі. Оқу ақысының қымбаттығы, әсіресе ауылда тұратын, тұрақты табысы жоқ отбасының балаларына оқуын жалғастыруына, еңбек етіп, өзін, отбасын асырай алатын мамандық алуына үлкен кедергі келтіруде. Осы тұрғыда ауыл балаларына ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтарды тегін игеруіне мүмкіндіктер жасалса, сонымен қатар мемлекет тарапынан білім беріп қана қоймай, жас мамандардың алған білімін практикада қолдана алатын ортаны қалыптастырса дұрыс болар еді.

Қорыта айтқанда, соңғы күндері орын алған оқиғалар, еліміздің тарихындағы белгілі бір тоқырау кезеңінің аяқталып, жаңаша даму жолына түскен тарихи сәт деп сенейік. Осы тұрғыда, қазақ халқы ел басшысы Қ.Тоқаевқа үлкен сенім артып отыр. Көпшілік болып осы кісінің басшылығымен жаңа, демократиялық құндылықтарды бірінші орынға қоятын мемлекеттің құрылысына белсене араласайық.

Айжан КҮДЕРИНА, Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы 

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ КӨҢІЛ БӨЛУІМІЗ ҚАЖЕТ

Қаңтар айындағы дүрбелең, елімізді дүр сілкіндірді. Мемлекетіміздің тарихында мәңгі есте қаларлықтай қасіретке ұрындық. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары түрлі көзқарас пен сараптаулар жасауда. Үкімет өз тарапынан жоғарыдан төмен қарап мәселенің төркінін, себебін, салдарын түсінуде. Ал жай халық, проблеманың астарын төменен жоғары қарап түсінуде, осы екі ортада «алтын ортасын» таба алатын, кәсіби мамандардан терең зерттеулердің арқасында кәсіби сараптауларға құлақ салғанымыз өте дұрыс қадам болды.

Мәдениеттанушы ретінде қортынды жасасам: ол, халықтың наразы болуына көп мәселе түрткі болған, жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік және экономикалық проблемалар екеніне бәрінің көзі жетті, сонымен қатар үнемі еленбей қалатын мәселе – мәдени және рухани тәрбиенің әлсіздігі.  Митингке шыққандардың 30 пайызы орта жастан жоғарғылар, яғни оның ішінде қарт адамдар мен әйел-ер аралас адамдарды көрсек, ал қалған 70 пайызы жастар болып отыр, бұл жағдай көпті ойландырғаны анық. Елдің пікірінше, жастардың көбі – жұмыссыздар немесе жұмыс іздеп келгендер, иә, онымен де келісеміз. Себебі Алматының төңірегінде басқа өңірлерден көшіп келгендер мен табыс табуға келген азаматтар көптеп қоныстануда, жылдан-жылға келгендердің саны көбеймесе, азаяр емес. Алматы – үлкен мегаполис, табыс көзінің ошағы болып отыр, амалсыз, жақсы өмір, жұмыс іздеп, бала-шағасын асыраймын деп, қанша азаматтар тұрғылықты жерлерін тастап келуде. Осы әлеуметтік топ амалсыздан наразыларға айналды. Осыған орай  көптеген қоғам белсенділері «жастарда патриотизм мен рухани идеологияның жоқтығын» айтуда. Бұл пәкірге де қосылуға болады. Себебі көп жастарымыз деструктивті діни ағымдарға ұрынып жатыр. Сонымен қатар маңызды мәселенің бірі – жастардың кәсіпсіз болуы, бәрі кешегі мектеп  оқушылары, мектеп жағдайын бәріміз білеміз, ауыл-аймақтардағы білім саласының жағдайы 30 жыл бойы шешілмей келеді. Мектеп оқушыларының таланты мен дарынын ашатын, оларды тәлім-тәрбиеге баулитын мәдени ұйымдардың жоқтығы рас, бар болса да қолжетімсіз екені тағы да анық. 

Ұсынысым: «Баланы – жастан» демекші, баланың тәлім-тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс, бүгінгі бала, ертең азамат болып шыға келеді. Ол не көрді, неге үйренді, немен айналысты, білімнен басқа қандай мәдени шаралармен, үйірмелермен айналысты, бойына не сіңірді, қандай кәсіпке дағдыланды, осыны түбегейлі және бірінші кезекте шешуіміз қажет. Баланың тұлға болып қалыптасуына мемлекет мектеп жасынан бастап, білімнен басқа, қосымша тегін мәдени үйірмелер ұйымдастыруы керек. Баланы жастайынан кәсіпке, өнерге, қолөнерге, спортқа баулу қажет. Соның бәрі қолжетімді болуы – маңызды. Кәсіп пен мәдени дағдыға  үйренген бала өз өмірін ұйымдастыра алады, бойында өзіне деген сенімі артып, жауапкершілігі арта түседі, тұлға болып қалыптасады. Ал ондай тұлға, өмірде адаспайтыны анық.

М. МАНСҰРОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Жасанды интеллект және  Big Data» кафедрасының меңгерушісі  

БІЗДІҢ ТҮЛЕКТЕР – МЫҚТЫ МАМАН

Қаңтар оқиғасы отандастарымызға өте ауыр тиді. Бұл оқиға үлкен рухани шығынға алып келді. Жазықсыз қатыгездіктің құрбаны болған жандар да бар. Өте өкінішті.

Бүгінгі таңда жарқын болашаққа үлкен үмітпен қарап, саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеуге тырысамыз. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде кемінде 100 мың жоғары білікті IT-мамандарды даярлау қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеген болатын. Соңғы оқиғалардан кейін Президентіміз техникалық бағытты дамыту қажеттігін баса айтты. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жасанды интеллект және  Big Data кафедрасы да ел дамуына зор үлес қоса алады деп сенеміз. «Ақпараттық технологиялар» және «Электротехника және автоматтандыру» бағыттарындағы білім беру бағдарламалары аясында даярланған жас мамандарымыз – еліміздің білімді, ынталы кадрларының қатарында. Себебі, білім беру бағдарламалары еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің талаптарына негізделген. «Интеллектуалды басқару жүйелері (ISCTE-IUL)» докторантура бағдарламасы бойынша оқып жатқан 5 докторант оқуды Португалияға барып жалғастырмақ. Сонымен қатар магистартура деңгейі үшін Латвия, Рига техникалық университетімен бірлескен қос дипломдық «Адаптроника» бағдарламасы да білімге құштар жастарымыз үшін әзір.Заман талабына сай терең білім беретін бағдарламаларымызды бітірген, Еуропа елдері тәжірибесін меңгерген біздің түлектер мықты маман болары сөзсіз.

Қазіргі уақытта Қазақстанда инженерлік бағыттағы білікті мамандар жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін университеттерді заманауи жабдықтары бар зертханалармен қамтамасыз ету қажет, бұл университет қабырғасында Заттар интернеті, жасанды интеллект, роботтандыру саласында оқып, прототиптік шешімдер жасауға мүмкіндік береді. Қазақстандық жұмыс беруші компаниялармен тығыз байланыста, өндірістік практикадан, тағылымдамалардан өту студенттерге нақты нарық талаптарын түсінуге мүмкіндік береді. Студенттердің инновациялық стартап жобаларға, гранттық қаржыландыру жобаларына қатысу мүмкіндіктері студенттердің сындарлы, шығармашылық  қызметке тартуды арттырады, олардың болашақта жұмысқа орналасуына, мансаптық өсуіне, тұрақты материалдық қамтамасыз етілуіне деген сенімін күшейтеді.

Профессор-оқытушылар құрамының бірлігі мен белсенді өмірлік ұстанымы, мемлекеттік стратегиялық міндеттерді түсіну, қолдау және жүзеге асыру еліміздің қазіргі дағдарыстық жағдайдан шығуына және еліміздің одан әрі дамуына ықпал етеді.

Ерболат ҚОШҚАРБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасының аға оқытушысы 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАҢТАР МӘЛІМДЕМЕСІНДЕГІ БИЗНЕСКЕ ҚАТЫСТЫ АЙТҚАНДАРЫ

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккен саланың бірі – бизнес саласы. Президент Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде осы мәселеге жете назар аударды. Қалпына келтіру контурларының төртінші бөлігінде «Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керектігін, қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмауды» атап өтті.

Осы сияқты Үкімет азаматтар мен бизнеске қолдау көрсететініне, мемлекет қаржылай көмекпен қатар, кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынатынына, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұратынына назар аударды.

Қаңтар қасіретінің себебін күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен кейбір мемлекеттік органдардың тиімсіз жұмыстарымен, мүліктік теңсіздік, халық табысының тек қағаз жүзінде артуымен және басқа да келеңсіз факторлармен байланыстырды.

Қ.Тоқаев халықтың барлық тобының табысы экономика өсуімен бірге жүруі қажет екенін, бірақ ел жағдайында бұлай еместігін, тек олигархтар табысы ғана еселеп өсіп келгенін, еркін нарық шектеліп, өзіндік олигополия қалыптасқанын қадап айтты. Осыған байланысты елдің «жаңа экономикалық тұғырын» қалыптастыруды қолға алып, заманауи әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құрып, дамытуды мақсат етіп қойды.

Шындығында да, еліміздегі қалыптасқан жүйе таныс-тамырлар мен сыбайластар мүдделеріне қызмет етіп, олигархтарды байытқаны, олардың жобаларына артықшылықтар мен басымдықтар беріп, бәсекенің дамуына тұсау болғаны рас. Міне, осы жайттарға назар аудара отырып, Президент Қазақстанның даму банкі қызметін қайта құруды, «Самұрық-Қазына» қорын, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалауды тапсырды.

Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екенін көрсете отырып, халықтың шамадан тыс көп несие алып жатқанын, тұтыну несиелері айтарлықтай артқаны сонша, оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кеткенін айтып, бұлардың – әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін екенін ескерте отырып, Қ.Тоқаев шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажеттігіне тоқталды.

Президент айтқандарын ескере отырып, жалпы алғанда ел тұрғыны ретінде әрбіріміз қаңтар оқиғасынан сабақ ала отырып, Мемлекет басшысын қолдап, бірлігімізді көрсетіп, ел дамуына өз үлесімізді қосқанымыз ләзім.

Орынтай ОШАНОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің доценті

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ ҚАЖЕТ 

Елімізде осы қаңтар айында өткен оқиғалар, мемлекет тұрақтылығы қоғам тұтастығында, ел бірлігінде екенін айқын көрсетіп берді. Ал қоғам тұтастығына төнер қауіп-қатерлердің алдын-алудың басты көзі – еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сақтау екенін түсінгендей болдық.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде ашық айтты: «Құқықтық тәртіпті бұзуға өздерін «еркін» бұқаралық ақпарат құралдарымыз деп санайтындар мен біздің көпұлтты халқымыздың негізгі мүдделерінен алшақ «сырттағы қайраткерлер» ықпал етіп, шын мәнінде арандатушылық рөл атқарады. Осы жауапсыз демагогтардың барлығы Қазақстанда қайғылы жағдайдың туындауына себепкер болды десек, асыра айтқанымыз емес». 

Ал Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин: «Алғашқы күндерден бастап ашық ақпараттық шабуылдарға тап болдық. Бұл – жалған ақпараттар мен фейк жаңалықтар ағымы. Олар әлі де жалғасуда. Құқық қорғау органдары тәртіпті қалпына келтіріп қана қоймай, айтып өткен ақпараттық шабуылдарға да тойтарыс беруде», – деп мәлімдеді.  Ол ақпараттық шабуылдардың ішкі және сыртқы көздерден келетінін атап өтті.

Бұл пікірлердің қоғамда ел мүддесіне қызмет ететін журналистер үшін салмағы батпандай.  

Халқымыз «Жүйелі сөз – жүйесін табады, Жүйесіз сөз – иесін табады» дейді, шынында да біз сөз бостандығы дегеніміз – жүгенсіздік, жауапсыздық деп ойламауымыз керек, қалың жұртшылыққа пікір еркіндігі дегеніміз – жауапкершілік екенін, оның заңдық тұрғыдан реттелетінін түсіндіруіміз қажет. Ел бірлігі сынаққа түскен шақта қоғамдағы әрбір азамат өзінің ұлт алдындағы міндеті мен жауапкершілігін терең түсініп, өз үлесін қосуы керек деп есептеймін, осы орайда төмендегідей ұсыныстарды айтқым келеді:

  1. Журналистика факультеті университетіміздің әскери кафедрасымен және Алматы қаласының төтенше жағдай органдарымен бірігіп, террорлық және төтенше жағдайлар орын алғанда тұрғындардың қалай әрекет жасау қажеттігі туралы ағартушылық нұсқаулықтар әзірлеу, баспа материалдар мен видеороликтер түсіру;

2.Журналистика факультетінің ғалым-оқытушылары мектептерде, колледждер мен техникумдарда «Медиасауаттылық», «Әлеуметтік медианы сауатты қолдану жолдары» бағытында дәрістер жүргізу;

  1. Алматы қаласының ішкі саясат органдарының мамандарымен бірігіп, деструктивті діни ағымдармен күресу жолдары туралы видеороликтер әзірлеу және дәрістер жүргізу;

4.Факультеттің ғалым-оқытушалары еліміздің БАҚ-тарында Ел Президентінің саясатын насихаттау, қолдау бағытында арнайы теле-радиобағдарламаларға қатысу, пікірлерін білдіру;

  1. Факультет студенттер-магистранттар-докторанттары еліміздің өңірлік БАҚ-тарында пікір білдіріп, мақалалар жариялау.

 

Сансызбай МӘДИЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ – ШЫНАЙЫ АҚПАРАТТАР БЕРУ

Ұлттық идеологияны халық санасында қалыптастыратын бірден-бір негізгі құрал – баспасөз, радио, телевизия. Оған дәл бүгінгі таңда гаджеттер, смартфондар, қалта телефондары қосылды, яғни цифрлы журналистика пайда болды.

Бұрынғыдай емес, ақпараттар ағымы бірнеше есе артық жылдамдықпен тарайтын жағдайға жетті. Яғни, өте ерекше қарқынмен дамыған ғылыми техникалық жетістіктер адамзат өркениетін жаңа цифрлық деңгейге көтерді. Өткен ғасыр аяғына таман басталған жаһандану үрдісі, жер бетінде біртұтас жаһандық-ақпараттық кеңістік қалыптастырып, оның нарығын дүниеге әкелді.

Заманауи технологиялардың адам өмірінің барлық саласында қолданылуы – қоғам дамуына түзетулер енгізіп, әлеуметтік-саяси мәселелер жайлы мағлұмат беретін бұқаралық ақпарат көздеріне жаңа тенденциялар әкелді. Мәліметтік қамалдар бұзылған, жаңа жанрлар пайда болды. Бұрын құпия болған дереккөздерге деген кедергілер біртіндеп жойылуға айналды. Шартараптағы барша дереккөздер мен жаңалықтарды бірер минут ішінде әлемге тарап, алақандай алаңға сыйды. Мұндай даму эволюциясынан біздің ел журналистикасы да қалыс қалған жоқ. Ғаламтордың жекелікке көшуі мен дәстүрлі жаңалық таратудың дамуы – мультимедиялық журналистиканы дүниеге әкелді.

Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтар санаулы минуттарда-ақ көз алдыңызға келіп жатады. Цифрлық журналистиканың бұдан да басқа мүмкіндіктері ашылып, ғаламтор мен озық технологиялардың даму мүмкіндіктеріне орай басқа да салалары дамып келеді. Сол себепті де бүгінгі журналистер алдында жаһандану заманында түрлі компьютерлік қосымшалар мен бағдарламаларды игеру міндеті тұр.

Ақпараттық технологиялар дамып, жаңа ғасыр сұранысы жоғарылаған сайын, оған қойылатын талап та күшейіп отырады. Осы орайда заман ағымы мен қоғам талабы өзгерген, басты мақсаты мен принциптері – шынайы ақпарат жеткізу мен тарихи өзгерістерді қаттап отыратын журналистика әрдайым түлеп, жаңарып отырады. Сол себепті осыған лайық мамандар дайындау, қоғамның қозғаушы күші болатын ғылыми алаңын жасақтау, онда ғалымдар шоғырын қалыптастыру, жаңа технологияларын меңгерген шәкірттер дайындау – біздің факультет міндеті.

Елімізде орын алған «Қаңтар оқиғасынан» кейін ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне жаңаша көзқараста қарау қажеттілігі туындап отыр, нақтылай айтсақ азаматтарды «жалған ақпараттар» ағынынан құтқару. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «…интернетке еркіндік берілгенімен, ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін. Ондай материалдар шықса, олардың авторларын тауып, жауапкершілікке тарту шараларын қабылдаймыз. Арандату мен деструктивті ұрандарға қарамастан, заңға және өз елдеріңізге деген адалдықты сақтап қалдыңыздар» деген сөзі жұртшылықты ойланту керек.

Ел тәуелсіздігі сынға түскен сағатта халық бірлігіне сызат түсіруді көздеген ақпараттар толассыз ағылып, жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіре жаздағанын жасырып, жабудың қажеті жоқ. Осы орайда журналистер халықтың шынайы әрі объективті ақпараттарға қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыла еңбек етулері қажет. Елімізде орын алып отырған қазіргі жағдайға қатысты төмендегідей ұсыныстар айтқымыз келеді:

Әлемдік зерттеулер бойынша әзірге конфликтіге қатысушы тараптардың біреуінің қажеттілігі өтелмейінше, ол конфликтінің сабақтары туралы айтып, жазу мүмкін емес. Сондықтан баға беруге асықпау.
Журналист конфликтінің бейбіт жолмен шешілуіне оң үлес қосуы керек.
Журналист конфликтіге қатысушы жақтардың қай тарапын да конфликт шешілмеген жағдайда қолдамауы, қорғамауы керек.
Журналист өзі ұсынып отырған ақпараттың шынайылығына жауап беруі керек.
БАҚ-та конфликтлерді көрсетудің методтары мен принциптерін анықтайтын арнаулы оқу бағдарламалары болу керек. Бұл бізде бар, бірақ ол теориялық характерде. Өмір тәжірибесінен алынған нұсқаулықтармен толықтырулары керек.
Жастар тәрбиесіндегі журналистика рөлінің қаншалықты екендігін анықтау, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатын көздеу.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір