Айгүл Кемелбаева. Есім
28.12.2021
4563
0

 

Айгүл Кемелбаева

                                                (Әңгіме)

                                                        Nomen est omen1.

                                                       Что в имени тебе моем?

                                                                                        А.С.Пушкин

                                                        Надежны лишь одни слова2.

                                                                                              У.Б.Йейтс

                                                        Тіршілік-ай, тылсымы көп, сыры көп.

                                                                                    Қасымхан Бегманов

 

Егізді құдай әр адамға бере бермейді. Фатима апаның жас келіні Марал егіз қыз туды. Ұлу жылғы қазан айының соңына туған нәрестелерге әжесі Фатима, Зухра деп ат қойды. Көрші кемпірлер Фатиманы Фатма деп атайды. Оның немере қызына өз есімін бергеніне бәрі тосын таңырқасып қалған. Фатима үш ұл, төрт қыздың ардақты анасы, он екі құрсақ көтерген, бесеуі тұрмады. Бүкіл әулет Фатима апаны сыйлайды, ырқына бағынады. Соңғы пайғамбардың сүйікті қызының есімі бұл кісіге тегін қойылмаған екен. Көріпкел, адуын, арық, бейнетқор кемпір. Бес уақыт намазын қаза жібермейді. Денесін тік ұстайды, белі бүгіліп, бүкшеңдеген емес. Ғайбат айтпайды, бос сөз аңдыған, өсек айтқан қатындарды жақтыртпайды. Бұйрық бергенде дауысы нық, сыңғырлап тұр. Келіндері мысы басып тұратын ене сөзін екі етпей: «Иә, иә!» – десіп, құлдық ұрып жүгірісіп кетеді. Соғысқа қатысқан отағасының көзі көрмейді. Үш ұлының үйін қаз-қатар қондырған, қақпасы ортақ, үш келінін бір ауыз сөзімен басқарған кемпір ұрпағының көз алдында жүргенін көріп, көңілі марқаяды. Жазғытұры құс келсе қуанып, жем шашып, ауласындағы бұта-бұтаның арасына ыдыс қойып, сырлы аяқпен су құйып жүреді.

Кенже ұлы Ернияз егіз қызы туғанда 25 жаста болатын. Мүшелінде құдай жарылқап қос бөпе берді. Әке-шешесі қуыршақтай екеуін түріне қарап айыра алмай жүрді. Перзентханада құрттай аппақ білектеріне ораған клеёнкадағы жазуға қарап ажырататын. «I плод. 3000 гр, жен. Ерниязова», «II плод. 2900 гр, жен. Ерниязова» деп таңбаланған. Тек біреуінің дауысы сәл ащылау болмаса, қылдай айырмасы жоқ.

Құс келген көктемде, егіз бала алты айлық болғанда Ернияз балаларына туу туралы куәлік жаздырып алуға барды. Балдай тәтті қыздарының ныспысы заманаға лайық болсын деген оймен Фатимасын – Әльмира, Зухрасын Гүлмира деп жаздырып алды. Анасы азан шақырып қойса да, ескілікті есімдерді жаны қаламаған.

Көк аспанда басына ақ сәлде орағандай шумақталған бұлттар көшіп барады. Кенет күн райы күрт бұзылды. Ысқырынған долы жел оңтүстіктің жаз дерлік жасыл көктемін алай-дүлей шайқап жіберді. Жарық дүние теңселе толқып, ауа көшіп бара жатқан тәрізді тербелістен дүр сілкініп, жұмбақ дірілден аунап кетердей бұлқынды. Көктерекке салған қара қарғаның қадау-қадау бір ұясын жел ұшырып әкетердей шайқады. Ләйлек тұт ағаш басында қоқиған ұядан балапанын жерге лақтырды.  

Ернияз кешкілік жұмыстан оралса, нәп-нәзік денесін дерт буған Әльмира іңгәлап жылай берді. Гүлмира мазалы бала болатын. Сыңары шырылдап жыласа, бесікте үнсіз жата береді. Бәле қас-қағымда жетіп үлгерген екен. Үйдегілер ауру бөпемен әуре болып, дәрігерге жүгіріп жүргенде, екіншісі сұлқ қалды. Емханаға апарғанда Гүлмира тірі болатын. Дәрігердің  көмегі тимеді, сол жерде балақай дыбысы шықпаған күйі үзіліп кетті.

Алты айлық нәресте шетінеп кеткенде, Фатима ақ жаулығы желкесіне сырғып түсіп, аппақ самай шашы дудырап, көз жасы тамайын десе тама алмай, булығып отырып қалды. Барша немерелері мен қыздан туған жиендерінің ішінен өзіне түр-әлпеті аумай, айнымай тартқан егіз қыз баланың бірін аңдаусызда ажал қағып алды. Фатима апа – ақсары, киіктің лағындай кішкентай, қартайса да сыны кетпеген шырайлы кісі, аршыған жұмыртқадай аппақ бөпесінен айрылып қалып, мылқау күйік ішін өртеп бара жатты.

Қос нәресте иемденген есімдер қалай ауысты, солай тіршілік күрт өзгерді. Адам тағдырының барша қырлары алдын-ала есім арқылы жазылып қояды. Шығасыға иесі басшы. Періште сипат бөбек есімі басқаша өзгергенде жазмыш қоса ауысып кеткенін, аңдаусыз түлен түрткен теріс іс қылғанын бейқам жігіт жас жанын арылмас мұң-шер тұншықтырғанда барып түйсінді. Бір тұқымға өзі би, өзі қожа, көпті көрген дана, мейірбан анасы қойған есімдер егіздерге бақ болып қонса, оны жазатайым сорға айырбастап, оңды теріске бұрып, түзуді қисайтқан, бәрін бүлдірген өзі екенін ұғу неткен ауыр! Өлсе сүйегімен қоса кетер қырғын өкінішке тұтылғанын білгенімен не шара, іс тағдырға сызылып кеткен.

 «Осы қателікке қаперсіз жастықтан ұрындым ғой. Көзімнің ағы мен қарасындай балапандарымды жоқ жерден обал жасап, бал құрақтай уыз өмірлерін текке қор қылғаным-ай! Немерелеріне шешем берген қасиетті есімдерді өзімше менсінбей, ескіліктің қалдығы деп ұқтым. «Шешем өз есімін туған немересіне қойғаны несі?» деп біртүрлі ерсі көрдім. «Келіндері кішкентай қызымның есімін атағанда шешемнің аты қоса кетеді ғой, қой, мұны өзгертейін» деп ойладым. Үлкендермен ақылдаспай, күнәлі іс қылдым ғой, неғылайын?!» – деп Ернияз ақталғандай, жұбаныш таппай, көз жасын көлдетіп жылай берген келіншегін құшақтап, бауырына басты.

«Неге есімдерін өзгертетініңді әуелі апама айтпадың? Неге рұқсатын алмадың? Әншейінде қас-қабағына қарап, қарсы келмеуші едің ғой!» – деп күйеуін кінәлай сұрады Марал өксігін тия алмастан. Үш жарым жасар тұңғыш ұл кішкентай қарындасының біреуі неліктен жоқ болып кеткенін ұқпай, жалғыз қалған бесікке келгіштейді. Бала ойын үстінде қуыс-қуысты іздейді.

«Білмеген у ішеді. Қара басып, шатастырайын десе  оп-оңай, құдай адамды жазалайын десе есінен адастырады деген сөз рас екен».

«Гүлмирам, ақ лақтай қағылез бала, мүмкін, жылауға да әлі келмеген шығар», – деді анасы Әльмирасына омырауын тосып отырып.

«Қайсысы Фатима-Әльмира, қайсысы Зухра-Гүлмира, көз тоқтатып қарасам-ақ шатасып, білектегі белгіден айырамын. Құдай бізге көп көрген екен, егізге сұқтанған елдің көзі тиді ме?!» – деп күбірледі қайғылы әке.  

Екі баланың бір жұмыртқадан жаралған егіздер екені шираған сайын анық біліне бастаған еді. Мұндай егіздің кіндігі бір болады екен. «Сыңарынан айрылса, екіншісі де жарық дүниеде тұрмайды», – десіп былайғы жұрт сәуегейлік айтты. Педиатр әйел: «Енді мына бала адам болмайды, тірі қалуы күмәнді, сыңарынсыз өмір сүре алмайды», – деп ескертті. Ата-ана сәбиін құшақтап үйге жылап оралған.

Әкесі ұйқыда болсын, ояу болсын, бөпелерін бір-бірінен ажырата алмаса соған мәз болып күлетін. Бір-бірінен айнымайды. Періштесі күлдірсе, шалықтап бейкүнә жүздері жадырай сықылықтаған кейпіне көз тоймайды! Аппақ, сүп-сүйкімді, қызыл шақа күйінен арылып, езу тартып, томпиып адам бола бастағанда егіздің бір сыңарын ажал ұрлап, бір сыңарына өлім қатері құстай төніп тұрғаны жас жұбайларға қатты батты. Тірі қалған перзенті уақыт озыңқыраған сайын сабағынан үзілген гүлдей солып, ана сүтін ембей тартынып, әлсірей бастады.

Фатима апаның төркіні – өзбек жақтың қазақтары. Жанұшырған үлкен шешесі баланы Сарыағашқа тиіп тұрған Ташкентке апарып, жылдам емшіге көрсетіп оралды. Ай мен күннің аманында жас иістен айрылып қалғалы Фатима апа тіл-жақтан қалған. Ташкенттен оралған бетте үн-түнсіз киініп, қолына түйіншегін ұстап, ешкімге тіс жармай бір жаққа кетіп қалды. Бір түн қонбай, таңертең қасына Қазы молданы ертіп жетті.

Отағасы төрт жыл бұрын мұрын қуысының ішіне жара шығып, әпкесі дәрі құйғаннан көзі соқыр болып қалған. Білмесе де ем жасаған әпкесіне еш кінә таққан жоқ. Туысына жан жылуын жоғалтпаған, мұны тағдыр ісі деп мойынсұнып, тас қараңғыға көнген. Дихан атаның құлағы бәрін естіп, үнсіз тыңдап, таспиық тартып, ұрпағына тілеу қосып отыр.

 «Қасиетті Құранның 6-Әнғам сүресінің 59-аятында айтылған: «Көместің кілттері Оның жанында. Оны Ол, өзі ғана біледі. Және құрлықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де, Алла оны біледі. Және жердің қараңғылықтарындағы құрғақ және жас ұрыққа дейін ашық Кітаптар бар», – деп Қазы молда уағыз айтты.

Фатима апа көк сөмкеден әдемі қуыршақ алып шыққанда, көзі жасты, көңілі қаяулы келіні селк етіп, енесінің қолындағы ойыншыққа тесіле қарап қалды. Бағасы қымбат, үлкендігі жеті айлық балаға пара-пар ірі қуыршақты енесі қаладан сатып алған болса керек. Жас ананың тұманданған көз алдына  балажан енесінің  егіз немересін алғаш рет күміс теңге қосып жуындырып жатқаны елестеп кетті. Құс қайтқанда туған бейкүнә қызын құс келгенде қара жер құшағына қиды. Бөденедей баланың жансыз денесін арулап жуғаннан өткен зілді қайғы бұрын басына түспеген. Келіні «Апамның құсадан есі ауысқан ба, мұнысы несі?» деп күдіктенді. Бірақ бұрын-соңды енесінің артық қылығын көрген емес. Дүниелік үшін құбылып, жалған сөйлеген жерін көрген жоқ, өтірікке жаны қас.

Фатима апа бесікке анасы әлдилеп зорға бөлеген нәрестені шешіп алып, жаялығына жансыз қуыршақты орап, көк сөмкеге қайта салды. Бала – құс ұйқылы, шошып оянып, әлжуаз іңгәлай жылады.

– Апа, не үшін?! – деді Марал үні тарғылдана, демі бітіп қалғандай сыбырлай сөйлеп.

 Енесі келінін «үндеме» дегендей қатулы қабағымен жасқап тастады. Ләм-мим жоқ, орнынан тұрып, күн жылы болса да пүліш бешпентін киді. Фатима апаның өз әкесі Оспан – үлкен молда болған қасиетті кісі, көзі кетсе де дін ұстауы әлі елдің есінде сақталған.  

Кемпір жанына молда мен ұлын ертіп, үшеуі суыт машинаға отырғанын көрші әйелдердің біреуі байқап қалды. Ақ-сұр автомобиль ауылдың сыртын айнала қоршаған егістіктің арғы жағындағы қорымға зырлап жетті. Осы рудың өмірден өткен ата-бабасы жатқан молада аз уақыт бұрын топырағы кеппеген жас қабір пайда болған. Әуелі Қазы молда малдас құрып отырып, Құран кітабын ашып, аруақтарға бағыштап, арабша дұға қылды. Молда шал дұғасын:  «Аллааһуммә ләә сәһлә иләә мәә жәъалтәһу сәһлән. Уә әнтә тәжъалул хузнә изәә шитә сәһлән»3  қайырды.

Фатима апа құдайдан тілеу тілеп: «Екі дүниенің иесі, он сегіз мың ғаламды жаратқан жарылқаушы бір Алла, тіріге де ие, өліге де ие Ұлық Аллам, бұл ісімізді күпірге жаза көрме!» – деп күбірлей кешірім сұрап жалбарынды.

Өзбек елімен шекараға таяу ауыл жазықта орналасқан, ірі өзен жоқ, жылғада су сыздықтай ағады. Ернияз қапқа салып әкелген күрек-қайласын алып шығып, төмпешік жас қабірдің қасынан шұңқыр қазды. Анасының бұйрығын бұлжытпай орындаған жас жігіт жаралы жүрегі сыздап, көзінен жас ыршып кетті. Жамандық адамнан өтпей, құдайға жетпесін ол енді анық білді.

Молда діни рәсімін бітірген соң, Фатима апа қуыршақты кеудесіне балаша басып, маңдайынан бір иіскеді. Қабірдегі алты айлық өлі баланың іргесіне бесіктегі тірі баланың иісі сіңген жаялыққа оралған адам бейнелі ойыншық мүсінді көтеріп алып, тарамыс қолдары қалтырап, қазулы шұңқырға жатқызды.

«Сенің сыңарың осы. Енді оны іздеме. Бауырың жұбы жазылмай өзіңмен бірге кетті», – деп дауыстады молда.

«Кіндігі бір сыңарыңды енді іздеме қарағым, міне, ол сенің жаныңда жатыр. Рухың тыныш болсын, балғын нәрестем, бөпем!», – деді кемпір.

Моладан оралған соң Фатима апа мешітке барып, мол садақа берді. Монша жаққызып, бумен, сумен тазаланды. Түнімен дұғаға тұрып, құдайға таза құлшылық қылды. Үкі тағылған бесікке бөленген нәресте тыныш ұйықтады, ана төсін көбірек емді.

Арада бір ай өткен. Ернияз түн ортасы ұйқысы қашып, әріп санын ойша санап жатыр. «Керемет деген не? Көктегі Құдай тағаланың бұлжымас заңы, тылсым құбылысы төменгі әлемде көрініс тапқаны ма?! Құпия әріп санына байланысты ма екен? Алты әріптен тұратын әуелгі есімі жеті әріптен түзілген атқа өзгерді, бес әріптен тұратын есім алты дыбысты атқа өзгерді. Мүмкін, Гүлмирамның өмірлік қуаты майшам тұқылындай тез таусылғаны содан ба? Бекер құрбан қылдым-ау кішкентайымды. Аты ауысқан соң баланы қорғаушы періштесі танымай, адасып қалғаны ма?! Маңдайдағы жазуды шұғыл ауыстырып жіберетіндей адам есімінде не сиқыр, не қасиет бар? Хайуаннан адамның айырмасы тілінде болса, қуат көзі сөзде болғаны ғой. Демек, атауы жоғалса, заты бүлініп, адам баласы түгілі, рухы өлген тұтас тайпа, халық құриды?! Шынымен Фатима деген есімнің киесі, қуат-күші әу бастан-ақ пәк нәрестені өлімнен қорғап, құтқарып қалғаны ма?!» – деп Ернияз тұңғиық ойға батты. Бірақ мұндай болжамын артынан анасына айтуға жасқанды.

Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады. Сұлу жас ботаға, сұлу жас балаға көз тигіш. Сондықтан сылдырмақ ойыншықтың дыбысы нәрестені көзге көрінбейтін зұлым күштерден қорғайтын ежелгі тұмар екенін аңғал ер қайдан білсін. Құдайдың құдіретімен өз әулетінің рухы ұрпағына көмектесерін ол білген жоқ.

Әльмира өскен сайын апасының аузынан түскендей болып, құдды Фатима кемпір құдайдың қалауымен тірі күнінде-ақ бала болып жаралып, анадан қайта туғандай әсер етті. Үш отбасының үйі қаз-қатар салынған. Ата-әже ортаншы ұлдың қолында тұрады. Әльмира жатарда әжесінің қасына қашып кеп, қойнында ұйықтайды. Немере ағасының желкілдей өсіп келе жатқан бес баласының ең кенжесін ығыстырып тастайды. Фатима апа намаз оқығанда бөлмесіне Әльмирадан өзге ешкімді кіргізбейді. Өзімен аттас болып, ұлының аңқаулығынан есімі өзгерген немересін ерекше жақсы көреді. Қыз бала мектепке барған соң апасы не істесе, соған еліктейтін болып алды. Намазда апасы сыбырлап дұға сөздерін айтса, іштей елтіп қайталап отырады. «Ақылдым, – дейді әжесі еміреніп. – Менің қызым. Құдай қаласа алтын қызым әлі бір биіктен көрінеді».

Әльмира 5-ке толғанда атасы дүние салды. Алғашқы қоңырауда Фатима апа сүйікті немересін жетектеп мектепке апарады, ашық сабағынан қалмайды. Мектеп директоры Фатима апаға сөз береді, жиылған үлкен-кіші жыл сайын ақ тілегін естиді. Бата берсе: «Кетпес дәулет, кең пейіл берсін» деп қайыратын. Әльмира мақтау қағазды әжесін қуанту үшін алады. Оның үстіне көрімдігі даяр екенін біліп алған. Бала тілін қызықтап, үлкен кісілер руын сұраса ол: «Атам сіргелі, апам шанышқылы, нағашым қаңлы, өзім қазақпын!»,– дейді.

 Әжесі әдетте Қазығұрт бөктеріне төркіндейді. Кішкентай қыз әжесі үйде болмаса елден ерек сағынатын. Фатима апа қайда барса бауырына басқан немере қызын ертіп жүретін, оқуға барғаны аяғына тұсау болды. Әльмира бұл әулеттегі он екі немереден түр-тұлғасымен асыл әжесінен аумай қалғанын кіп-кішкентай болып зор мәртебе санайтын. Ол он бір жасқа толғанда әскери қызметте істейтін әкесі қызметі ауысып, отбасымен Алматыға көшті. Кенже ұлы алыс көшерде Фатима апа қатты жылады.

«Балам, білемін, ақырап4 айында егіз қызың туғанда азан шақырып қойған құтты есімдерді ескіліктің қалдығы деп жаңаша ауыстырдың. Білместіктен қырсыққа ұрынып, опық жеп, әзиз жаның азап шеккені жадыңнан өшпес. Жаңа туған баланың оң құлағына айтылған азан дыбысы жын-сайтанды аластайды, нәресте азан үнімен есім еншілесе, жан иесін аңдып тұратын әзәзіл жалт бұрылып қашады. Сол құсаны еске салды деп айыптама! Жастар батыра айтпаса білмейді. Көбі нырай. Ескінің бәрі жаман, жаңа тегіс жақсы деп кім айтты сендерге!».

«Апа, бақ пен сор ауысқан қилы мезетті өмірі ұмытармын ба! Байғұс басым өкінгенде неғылайын?!» – деді Ернияз тұнжырап.

 «Салт-дәстүрін ұмытқан ел қаңсып, баяғы асқақ рухынан адасып, қаңғып қалады. Өткенін, ата-баба аруағын ұмытып, елдік ырым-тыйымын, ес-қорғанын, тектілігін, жадын, асыл рухын жоғалтқан соң қайтіп оңады. Ата салтын берік сақтаған азат халықты құдай құлай сүйеді.Айтарым мынау, мен өлсем, қара шаңырақ бөтенге сатылмасын! Үлкен үйді немерелерімнің бірі иеленіп, түтінін өшірмей, ұрпақтан ұрпаққа көшкенше қоныс етіп тұруы керек. Бұл ата-бабаңнан мұраға қалған, құт қонған көне шаңырақ. Бәрің бірдей сандалып, тар жерге тығылысып, кент жұртына айналғанда мүйіз шыға ма?».

«Апа, біз сізді сағынып, қаладан жиі келіп тұрамыз, бекер уайымдамашы», – деп күмілжіді кенже ұлы.

«Әлі көресің, мен өлген соң осы үйде бастарың қосылмайды. Мен тірі тұрғанда қара шаңыраққа жиі келетін болыңдар!».

Апасы барда қара шаңырақтан қонақ арылмайтын. Қазан ошақтан түспейтін. Үш үйге ортақ аулада Фатима апа таңқурай, құлпынай бұталарын көп өсірді. Овощ атаулыдан патисонға дейін өсіреді. Кең аулада бір қылтанақ арам шөп жоқ. Жеміс ағаштары мол. Жаңғақ, сары өрік, қара өрік, шие, алма, алмұрт, жүзім бұтақтары күзде иіліп, сыңсып тұрады. Күркетауықтың шөжелерін бастырып, құс өсіретін, қаптаған тауық мол жұмыртқалайды. Фермада бақтыратын сиыры көп, күндіз бақташыға қосатын екі-үшеуін қорада ұстайды. Соның арқасында үш баласының дастарханынан сүт, айран, қаймақ, құрт, ірімшік арылмайды.

Мұнтаздай тазалықты сүйетін Фатима апа басына үнемі ақ жаулық салатын, әдемі көйлек, камзол киетін. Құманы қолынан түспейді. Бір кезде дос кемпірлері үйіріліп келе қалады. Будақтата темекі тартатын, таяқпен жүретін көрші дос кемпір: «Фатма, әй, Фатма, сенікі уылжып пісіп қалыпты ғой!» деп тамсанып жүретін. Артынша күн шуағы төгілген аулада, ағаш үстел басында Үміт апа үшеуі жайланып отырып, тәтті-дәмдімен самаурыннан шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырады.

Жеміс-жидек тамылжи піскенде Фатима апа беліне бір литрлік банкі байлап алып, жеміс тереді. Шыны ыдыс толса, шелекке аударады. Таңқурай тергенде немерелерінің ішінен әуелде өзі аттас немере қызын дауыстап шақырып алып: «Етегіңді жай», – дейді. Етегіне баданадай тәтті жемісті толтырып алған Әльмира томпаңдап, үйіне қарай жүгіреді. «Мама, мама, әжем берді!», – деп анадайдан шаттана айқайлайды. 

Кіші Фатима-Әльмира 14 жасқа толғанда үлкен Фатима 75 жасқа келіп қан қысымынан қайтты. Алматыдан сүйікті немере қызы ата-анасы, аға-інісімен жетіп, елдегі туыстарымен аяулы апасының басына дұға қылды. Ауылға келген сайын апасының басына бармай кетпейді. Ұлы шешесінің құлпытасындағы оймыш жазуды алақанымен сипаған. Құлпытасқа Фатима Оспанқызы (1927-2002), руы саңырау деп қашалған.  

Әльмира өскенде анасы кейде әзілдеп: «Сен менің енемсің ғой»,  деп қалатыны бар. Қызы туғанда енесі өз есімін қиған құпия мезетті жадынан шығарған емес. Мұхамед пайғамбардың кенже қызы Фатиманың есімін жеке иемденбей, немере қызына берген әулиелігіне іштей риза болып, марқұм енесін ардақ тұтып айтқаны.

 

 

Түсініктеме

Nomen est omen1  латынь.  – Есім – бұл белгі, нышан, жорамал.

Надежны лишь одни слова2. – Ағылшын тілінен аударған Григорий Кружков.

«Аллааһуммә ләә сәһлә иләә мәә жәъалтәһу сәһлән. Уә әнтә тәжъалул хузнә изәә шитә сәһлән»3  – «Иә, Алла, Сен жеңіл еткеннен басқа ешқандай жеңілдік жоқ. Сен қаласаң ондай қиындықты да жеңілдетесің».

Ақырап4  айы – қазан айын ақырап айы деп те атаған.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір