ТҰМАДАЙ  ТҰНЫҚ  ТАЛАПТАН
28.12.2021
2022
0

 

Бұл мақала ақын бауырымыз Әнуарбек Әуелбектің сұрауымен былтыр жазылып қойылған  еді. «Бұйырса, кітап шығарамыз» дегендей болған. Бұйырмады-ау деймін. Елдің бәрі дүние қуған мына түсініксіз заманда кім кітапты ойласын?  Шығар, шықпас – ол енді алдағы күннің еншісі. Қабырғалы жазушымыз Талаптан Ахметжанды әдебиет әлеміне үкілеп қосқан «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандары таныса берсін деген ниетпен ұсынып отырмын.

                                                                                                       Автор

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ


       

 «…Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан…».

 Дулат БАБАТАЙҰЛЫ

 «Айналайын Талаптан, қабырғаң қара жерге тигенше талаптан!»

 Өмір деген қызық қой. Ұлан-ғайыр еліміздің әр қиырында бірін-бірі танымайтын, білмейтін, алаңсыз жүрген адамдардың ойламаған жерден бірнеше рет жолы түйісетін сәттері болады. Мен де бұрын өзін көрмеген талантты жазушы, журналист Талаптан ініммен дәм жазып, екі рет қызметтес болдым. Алғашқысында «Қазақ әдебиеті» газетінде басымыз қосылды. Со-о-онау Алтайдан келген жас оғлан еді онда…

Желтоқсанның ызғары басыла қоймаған, ұлттық рух пен тоталитарлық жүйенің текетіресі басталған кер заман еді. Жариялылық пен қайта құрудың әсерінен іргесі шайқалып, көбесі сөгіле бастағанымен, Совет өкіметінің қарымы әлі де мығым болатын. Бүгінгідей аста-төк еркіндік, көдедей көп газет-журналдар жоқ. Саусақпен санарлықтай республикалық төрт-бес басылым ғана бар. Құзіреті күшті компартияның тікелей (кейде жанама) құзырындағы бұл басылымдарға орналасудың өзі әсте оңай шаруа емес-тін. Есімі елге танылып қалған жастардың өзін тоғыз қабат сүзгіден өткізіп барып, секретариатқа немесе қатардағы тілшілікке зорға алатын. Мұны жазылмаған заңның салқыны десе де болады.

Мен де сондай қатаң сүзгіден өтіп, 1989 жылдың сәуір айында «Қазақ әдебиеті» газетінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім меңгерушісі Дидахмет Әшімхановтың шақыруымен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен ауысып келгем. Жастар газетінің көрігінде қайнап пісіп, оң-солымызды танып, ысылып қалған кезіміз ғой. Бас редактор Шерхан Мұртаза да, орынбасары Оралхан Бөкей де қарсы болған жоқ. Аз-мұз сұрақтардан кейін Ди-ағаңның бөліміне бекітіп берді. Мінезі жайдары, үлкенмен де, кішімен де ашық сыйласа білетін ол кісімен студент кезден таныстығым мықты еді. Оншақты жыл бұрын, 3-курстың соңында  өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенімде, өзі қызмет істейтін «Қазақстан пионеріне» жарты ставкамен тілшілікке орналастырып кеткенін қалай ұмытайын. Оның үстіне, бір өңірде туып-өскен ағалық жолы бар, айтқанын екі етпей, берген тапсырмаларын бұлжытпай орындап жүрдім. Арасында: «Көңілің қай тақырыпты қалайды, соны жазуға тырыс», – дейтін ақыл-кеңесімен өзім ізденген біраз мәселелердің де басын қайырып, еркін сілтеуге машықтанып қалдық. Балқаш көлінің батыс жағалауындағы Үлкен дейтін құпия қала туралы «Картада жоқ қала», ҚазМУ-де жоғалып жатқан қазақ қыздары жайындағы «Хабарсыз кетті демеңіз…», одан кейінгі «Желтоқсан жаңғырықтары» атты мақалаларым, бәрі-бәрі алдымен, сол Ди-ағаңның қолынан өткен. Ерінбей, жалықпай бірнеше рет оқитын. Ескертулерін түсіріп, сөз аңдығандардан таяқ жеп қалмаудың жөн-жобасын көрсетіп беретін. Өзінен кейінгі ізбасарларын балапандай баптап баулыған, жүрегі кең, көңілі дархан мұндай ағаны бүгінде шам алып іздесең де, табу қиын.

1990 жылдың алғашқы күндерінің бірі еді. Қар жапалақтап жауып тұрған. Қақаған қаңтардың өзін күлкісімен жылытып жіберетін Ди-ағаңның саңқылдаған дауысы естілді де, сол самбырлаған күйі кабинетке кіріп келді. Соңынан көмірдей қара шашы иығына түскен, қоңырқай өңді сидаң жігіт ере кірді.

– Та-а-ак, қайда отырғызсақ екен, сені? – деп, Ди-ағаң бөлмені бір шолып шықты. Сосын бір апта бұрын «бөлім меңгерушісі» атанып, төрге қарай ығысқан маған көзі түсті де: – Е, міне, Қайым-Мұнар ағаңның орны босады. Осы жерге отыр. Өзі бөлім бастығы болып алған соң, мығым отырып алыпты, ей! Орнынан да тұрмайды», – деп, жеңіл әзілмен бір қағытып өтті. Атып тұрдым. Амандастым. – Танысып қойыңдар. Бұл Талаптан Ахметжанов деген інің болады. Бүгіннен бастап газетіміздің тілшісі, осы бөлімнің қызметкері. Ал іске сәт! – деп алдына газеттің бір жылдық тігіндісін қойды. – Алдымен осындағы материалдармен жақсылап танысып шық. Тапсырманы сосын көрерміз.

 Ди-ағаң шығып кеткен соң, маңдай шашын сипалап, күлімсірей қараған Талаптан:

– Мен сізді сыртыңыздан жақсы білем ғой, аға. Жазғандарыңызды оқып жүрем… – деді ақырын ғана.

– Солай ма? Онда газет оқитының көрініп тұр. Өзің бұған дейін қайда істедің?

– Өскемендегі облыстық теледидарда редактор болдым.

– Журналистиканы бітірдің бе, әлде филиологсың ба?

– Жоқ, екеуі де емеспін. – Ол әлденеге қысыла жымиды. –  Мен – жалпы құрылыс инженерімін. Өскемен құрылыс-жол институтын бітіргем.

«Мәс-саған!..» деп ойладым. Таңданысымда шек жоқ. «Жұрт дегеніңіз әдебиет газетіне орналасу үшін қаншама өткелектен өтеді. Қаламгер екенін таныту үшін қаншама тер төгеді? Ал бұл бала болса, көктен топ етіп түсе қалады».

– Нешедесің?

– Бұйырса, биыл желтоқсанда 28-ге толамын. Сіз, байқаймын, «Бұл құрылысшы бала қайдан сап ете қалды?» деп, таңырқап отырған шығарсыз.

«Анаң қара, адамның ойын оқып қоятын сұңғылалығын қарашы!»

– Иә, қайдан сап ете қалдың? – дедім күліп.

– Мен Дидахмет ағаның шақыртуымен келдім, – деді ол сөзін жалғап. – Жаңа ғана Орағаңның батасын алып, сенер-сенбесімді білмей, өзім де әрі-сәрі күйде отырмын.

– Ендеше, ортамызға қош келдің дейміз! – деп қолын қыстым.

– Рақмет, аға! Екі жыл бұрын жастардың «Жігер» фестиваліне қатысып, Оралхан Бөкеев, Қалихан Ысқақов, Әкім Тарази, осы Дидахмет Әшімханов ағаларыммен танысқан болатынмын. Шағын әңгімелерім фестивальдің жүлдесін алып еді. Сонда Оралхан ағамыз риза боп: «Айналайын Талаптан, қабырғаң қара жерге тигенше талаптан!» – деп, қолтаңбасын жазып, бір кітабын сыйлаған болатын. Ұмытпапты!

– Сонда Орағаңның ауылдасысың ба?

– Жоқ. Күршім ауданының Теректібұлақ деген жерінен болам.

– Ал мен Аягөздің Шолпан деген ауылынанмын…

Талаптанның көзінде әлсіз бір ұшқын жылт етті.

– Жерлес болдық қой, аға. Мен елдегі Риза келініңізді қуантсам деп едім. Өскеменнің кодын айтып жібермейсіз бе?..

Талаптанның сол кездегі «Қазақ әдебиеті» газеті ғана емес, үлкен әдебиеттің табалдырығынан аттаған алғашқы күні осылай басталып еді…

Бұл туралы кейінірек белгілі жазушы Әлібек Асқаров  өз естелігінде былай деп жазыпты: «Дидаштың өзінің соңынан ерген талантты жастарға деген қамқорлығы да ерекше болатын. Соның жарқын мысалы ретінде Талаптан Ахметжанов інімізді еске алуға болады. Елде жүрген Талаптанның қаламының қуатын сезіп, ауданнан облысқа алдырды. Кейін облыстан Алматыға шақыртты. Ақыры ағасының артқан үмітін Талаптан артығымен ақтады. Кесек ойлы кемел жазушыға айналды. Екеуінің ағалы-інілі жарастығы адам қызыққандай сыйластықта өтті» («Дидарғайып Дидахмет», 02.07.2015 ж.). 

 

Инженерлік пен әдебиеттің тоғысы

Әдебиет газетіндегі қайнаған  шулы ортаға Талаптан бірден кірігіп кетті деп айта алмаймын. Түнімен жазу жазып келіп, кейде шаршаңқы, жабырқау отырған кейпі көз алдымда қалып қойыпты. Оның басты себебі – сол кезеңдегі барлық қазақ жастары бастан кешірген баспананың тауқыметі болар деп ойлаймын.

«Тұма» атты әңгімесіндегі бас кейіпкер – облыстық газетке алғашқы әңгімесі басылған жас талапкер  Нұртас өмірдегі Талаптанның өзі екені анық. «О баста әдебиетті сүйе тұра инженерлікті қалап алғандағы түпкі ойы әдебиетті кітаптан емес, өмірден іздеу еді; толыса келе қос жолды тоғыстырып жібермек болған; енді «байтал түгілі бас қайғының» кебі келіп, жаңбыр болмай бүрісіп жүрген түрі мынау», – деген жолдар Талаптанның өз болмысын аңғартады. Жан қиналысы, қиялға берілгіштігі, оңашалыққа ынтызарлығы…

Оңашалық демекші, оның тыныштықты ғана қалайтын көңіл-күйін қаншалықты жақсы түсінсем де, көмектесуге қайран жоқ еді. Бүгінгідей емес, о кезде Жазушылар одағында қайшы алысқан әдеби кеңесшілер, газет-журналдардағы адамдардың қарасы молырақ болатын. Бір ғана «Қазақ әдебиетінің» өзінде 40 шақты қызметкер істейтін. Сабылысқан жұрттың аяғы ертеден кешке дейін басылмайтын еді. Оның үстіне, нарық деген сөзді естіп алған Оралхан Бөкеев ауылдағы ақын-жазушыларды қолдайтын «АҚҚҰС» дейтін бірлестік ашып, оның бір-екі қызметкерін кабинеттерге бөліп орналастырып, бөлмелеріміз мүлде тарылып кетті. Себепті-себепсіз кіріп-шығатын, орынды-орынсыз думандататын қаламдас ағайындардың тірлігіне Талаптанның бірден үйренісе алмағаны ақиқат. Қалың орыстың ортасында жұмыс істеп келген ол үшін қазақы ортадағы бұл көріністер ерсі көрінген сияқты. Кейде көрші бөлмедегі арқалы ақындардың кабинеттеріне гитарасын көтеріп, әлдебір сұлу бойжеткендердің сылаңдап кіріп бара жатқанын байқап қалатын Талаптанның көзі тіпті, атыздай болатын.

– Бұл не тірлік, ағатай? Бұл консерватория ма, әлде концерт залы ма? – деп қойып, шамырқанған күйі іргеде шырқалып жатқан әнге еріксіз құлақ тосатын. Ашық тұрған есіктен тұнық әуен анық естілді. – Жаңа ән ғой деймін, ә!.. – деп, сәлден соң, әлгі күйінішін ұмытып, бұрын біз естімеген сол әуенді іштей ұнатып отырғанын да жасырмайтын.

Бір күні: «Әй, Қақа, осы жұмыс маған қол емес-ау деймін, елге қайтсам ба екен?» – деп торығып отырғанының үстінен шықтым.

         – Не боп қалды?

         – Көшпелі пәтердегі жүрісіміз мынау. Жазу жазайын десең, түнде жарыққа дейін өлшеулі. Үй қожайынынан қысыласың. Ал мұнда келіп жазайын десең, тірлігіміз мынау. У-шу. Өзім үшін емес, балалардың болашағы қалай болар екен деп қобалжимын.

         – Қой, налыма. Бір нәрсесі болар…

Оның осындай әрі-сәрі күй кешкен мазасыз сәттерін редакцияға жиі келетін замандас дос-құрбылары – Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Әнуарбек Әуелбеков те сезген сияқты. Бәрі де сөз сауған, ой қуған, ерте есейген жастар емес пе? Бір-бірлерін қас-қабақтарынан түсінісіп, Талаптанды тағдырдың уақытша сынағынан алып шығуға бар күш-жігерлерін салғаны анық. Көріп, байқап жүрміз. Бала-шағасымен қонаққа шақырып, театрға апарады. Жеке өзін жетелеп сырахананы көрсетеді. Әйтеуір, күнделікті әлемнен мүлде өзгешелеу әдеби ортаның тыныс-тіршілігіне ақырындап үйретіп алды. Талаптанның үйсіз-күйсіз жағдайын естіген бас редактордың бірінші орынбасары Жүсіпбек Қорғасбек өз қарындасының үйіне уақытша қоныстандырды.

Әсіресе, Әнуарбектің Талаптан десе шығарға жаны бөлек болатын. «Лениншіл жастың» құйындай жас перісі, қолтаңбасы айқындалып қалған ол жігіттің шығармашылық қарымын бұрыннан байқаушы едім. Реті келген бір күні: «Біздің газетке ауыссаңшы», –  деп үгіттедім. – Бір орын босады. Әрі журналист, әрі ақынсың. Болашағың бар. Тез таныласың. Досыңмен бірге жүріп, бірге тұрасың», – деген сөзімді Талаптан да қостай кетті. Әнуарбек біраз уақыт ойланып жүрді. Өйткені жастар газетінен үй алуға үміт бар, ал мұнда ондай мүмкіндік жоқ. Ақыры ол нартәуекелге бекініп, «Қазақ әдебиетінің» табалдырығынан аттады.

Әрине, бұған бірінші болып Талаптан шексіз қуанды. Содан бастап, көп уақытқа дейін екеуінің жұбы жазылған жоқ десе де болады. Екеуі бірігіп жастарды үгіттеп, Алматының күнбатысындағы шаңы шыққан «Шаңырақтан» жер басып алып, үй салуға кірісті. Олардың аяқ астынан оқыс мінез көрсетіп, бастарын бәйгеге тіккен әрекеттерін бірінші рет айтып отырмын. Коммунистік қоғамға жат бұл тосын қылықтары сол кезде білініп қалса, бастары кетпесе де, қызметтен қуылатыны анық еді.

Ол жағдай былай болған. Желтоқсан уақытында Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласынан келген әскерилердің қатарында қызмет атқарған Таалайбек Ылайтегін деген қырғыз жігіті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталыпты. Кейінірек онысын Қазақстанға қайтарып жіберіпті. Мен Желтоқсан көтерілісін зерттеген парламенттік комиссияның сарапшысы ретінде сол Таалайбекті іздеп барып жолығып, сұхбат  алдым. Желтоқсанда бес мыңға жуық әскерилердің орден, медальдармен марапатталғанын алғаш рет соның аузынан естідік (ол тізім архивімде тұр, тіпті 10 томдықтан орын табылмай қалды).

Мен барған уақытта үйсіз-күйсіз жүрген қырғыз жастары Бішкектің түбіндегі көшкен орыстардан бос қалған «Молодежный» кентін басып алып, дүрлігіп жатыр екен. Қырғыздардың іс-әрекетін зерделей бағып, қалай болғанын сұрастырып, біршама мәлімет жинап алдым. Қайтып келген бетте «Алатаудың арғы жағы, бергі жағы» атты мақала жариялап, қырғыз жастары осындай жолмен баспана мәселесін шешіп жатыр екен деп, көпшілікке ой тастадым. Біреу болмаса, біреу астарын түсінер деген үміт қой баяғы! Көп күттірмей, ҚазМУ-дың тарих факультетінің соңғы курсында оқитын Медет Құлжабаев деген студент іздеп келді. «Анық-қанығын өз аузыңыздан естиін деп едім», – деген соң, барлық көрген-білгенімді жіпке тізгендей етіп, қайтадан баяндап бердім. Біздің әңгімемізді кабинеттегі Талаптан мен Әнуарбек те құлақ тігіп, мұқият тыңдап отыр еді. Біраздан соң: «Рас па?» – деп, бәрін жиып қойып бізге қосылды.

         –  Мына жігіттер де өзің сияқты кешегі студенттер. Жас журналистер. Бірақ, әлі күнге дейін баспанасыз жүр, – деп сөз арасында оларды да әңгімеге қосып қойдым.

         – Ал, біз, қазақтар, сөйтіп тірлік жасасақ қалай болады? – Көзі шоқтай жайнааған Медет  сұраулы жүзбен үшеумізге кезек-кезек қарап шықты.

– Неге болмасын? Болады! Бастаушы табылса, қостаушы да табылар деп ойлаймын!

Медет сөз ұғынатын алғыр жігіт екен, тұғырдағы жас бүркіттей екі иығын қомдай сілкініп, орнынан рухтана көтерілді. Одан кейін де бірнеше рет келіп, ақылдасып кетіп жүрді. Соңғы рет келгенінде «Шаңырақ» дейтін қоғамдық ұйым құратынын, қағазын жасап жатқанын айтты. Біздің Талаптан да, Әнуарбек те осы ұйымның алғашқы мүшелері атанды. Жай мүшесі емес, белсенді ұйымдастырушысы, насихаттаушысы болды. Ұмытпасам, олардың қатарына жазушы Асқар Алтай мен ақын Нұрлан Мәукенұлы да қосылды ғой деймін. Олар да білек сыбана кірісті. Жастар ортасына бара қалғанда қырғыздардың жаңалығын айта жүрді. Ол кезде Алматыда үйсіз-күйсіз жүргендер көп еді. Өте көп болатын. Осындай сәтте «Шаңырақ» ұйымының батыл бастамаларын «Азат», «Желтоқсан» сияқты қоғамдық ұйымдар мен жүздеген қазақ жастары қолдап әкетті. Алдымен Шаңыраққа қазық қағылды, сосын Әл-Фараби көшесінің жоғарғы жақ бөлігі, Думан, Ұлжан, Дархан, Байбесік сияқты бос жатқан жерлерге киіз үйлер тігілді. Абырой болғанда, қазақ жастарының бағына қарай жоғарыдағы басшылар, Министрлер кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қараманов пен Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Заманбек Нұрқаділов батыл қолдау танытып, ортақ қаулымен әлгі аталған жерлерді (еш тіркеусіз-ақ) ауылдан келген жастарға тегін үлестіріп берді. Әнуарбектің:

Мен қосылам, домбыра Талаптанда,

Аздап ауыз тиген соң шараптарға,

Қайтатынбыз қыр асып жаяулатып,

Адам ізі түспеген алаптарда… –

 дейтін өлеңі де сол замандарда жазылған болу  керек.

Екі тілшісінің астыртын тірліктерінен бейхабар болса да, тырбанып баспана тұрғызып жақтанын естіген бас редактор Оралхан Бөкеев екеуіне барынша көмек жасауды тапсырды. Әнуарбек қаңтар айында туған төл ғой. Содан ба Орекең: «Әнібарбек пен Талаптан үй салып жатыр екен. Жазды пайдаланып, тездетіп бітіріп алсын. Көп жүктеме бермеңдер. Қайта сенбі, жексенбіде асарға барып, көмектесіп тұрыңдар. Қаламақысын көтеріп қойыңдар», – деп, жауапты хатшы Қайырбек Асановқа ескертіп жүретін. Қайрекең де қолы ашық кісі ғой. Қоржынды молырақ ашып, уыстап төгіп тастайтын. (Жалпы, ол кездегі қаламақы бүгінгілердің түсіне де кіре қоймас).

Сонымен, алыс болса да, өздерінің кіріп-шығатын шағын құжыралары бой көтерген соң, жастардың жанарларында ұшқын пайда болды. Талаптанның бойында жазуға деген өзгеше құлшыныс сезілді. Оны да байқадық. Осыған дейін күйкі тіршіліктің тауқыметі буып тастаған таланттың тынысы ашылып, қаламы жүріп кеп кетті. Мақалалары мен әңгімелері кезекпен жарияланып жатты. Жазған дүниелерінің ешқайсысы да оқырмандарды бей-жай қалдырмайтын.

Талаптан өз материалдарында бүгінгі қоғамды толғандырған тақырыптарды жан-жақты зерттеп жазуда көп ізденетіні, көкейіндегі ой-ұсыныстарды кейіпкердің аузымен айтқызатын жазушылық стилді жиі қолданатыны байқалады. Мысалы, жаһандану дәуірінде Қазақстанның дамуы мен өркендеуі үшін қажетті әлеуметтік-экономикалық және рухани тұғырды бекіту, ұлттық құндылықтарды сақтау әрі жаңғырту бағытында жазылған мына бір дүниесін алайық («Қазақ әдебиеті» газеті, 1 қазан 1993 ж.):

Талаптан Елбасы мен елдің алдында беделі бар абыз ақсақалдардың аузымен өз ойын өте шебер жеткізе білген. Кең ауқымда жүргізілген «дөңгелек үстелде» шетелдегі қазақтарды көшіріп әкелу, адам құқықтарын қорғау сияқты аса шетін тақырыптарды танымал тұлғалардың сөзіне сыналап енгізіп отырыпты.

  • Ал енді екі ел арасындағы көші-қон үрдісіне көңіліңіз тола ма?

 Жақсылық Сәмитұлы: Толғанда, былай ғой. Қытай елінің көп жері Қазақстанмен шекаралас. Ежелден көрші елміз. Бұрыннан қарым-қатынас болған. Қытаймен достық қарым-қатынаста болу екі ел үшін де пайдалы. Қытайда әкесі, мұнда баласы деген сияқты отбасы, ордасы бөлінген жандар көп. Осындай тағдырлардың арасын бөліп тастауға болмайды. Екі ел арасында келісім болуға тиіс. Әсіресе көші-қон жөнінен мемлекеттік деңгейде келісім болуы шарт.

Осында қозғалған ой-пікірден кейін арада отыз жылдай уақыт өтсе де, ол маңызды емес деп кім айта алар? Өте маңызды! Қағазбастылықтың азабын тартып, әрең дегенде Қазақстан азаматы атанып, Қытайға қыдырып барған кезінде қамауға алынып, еңбекпен түзеу лагеріне жіберілген қандастарымыздың ауыр тағдыры туралы жиі естиміз. Неге? Себебі, екі ел арасындағы көші-қон мәселесі мемлекеттік деңгейде әлі толық шешілмеген.

«Халифа Алтай: Түркиядан біраз адам көшіп келсек дейді. Жер алсақ, үй салсақ деген өтініш қойдық. 180 адамның тізімін әкелдім. Міне, осыларға Алматы төңірегінен жер бөліне ме?».

Өзге қоғамдық формацияда, капиталистік елде өмір сүрген отандастардың Қазақстан секілді социализм құрсауынан енді ғана шыққан жартылай отар елде (ақшасы мен қаражаты әлі Мәскеудің құзырындағы жас мемлекетте) жеке-жеке тіршілік кешуі қиын екендігі белгілі. Түркия тәжірибесі көрсеткендей, еуропалық қазақтар тұтас бір ауыл болып, қашан жаңа елге сіңісіп кеткенше бір-бірімен септесіп, күн көргісі келетін ниеті орынды екені де даусыз. Өкінішке орай, атамекенге аңсары ауған қариялардың дауысы керең үкіметтің құлағына жетпегендіктен, жақсы ниет жүзеге аспады. Еуропа қазақтарының көші тоқтап қалды.

«Қаржаубай Сартқожаұлы: Монғолиядағы қазақтар түгел келіп болған жоқ. Монғолиямен еларалық экономикалық байланысты күшейту қажет. Ондағы қазақтардың ішінде фирмасы, компаниясы барлар көп. Олар Ресеймен экономикалық байланыс жасайды. Небір бағалы байлық Ресейге кетіп жатыр. Баянөлгейде астық мәселесі қиын. Қазақстан астық жағынан көмек көрсетсе, ол жақтан талай байлықтың көзі бері бұрылар еді».

Дөңгелек үстелге қатысушы тұлғалардың аузына осылайша тарихи мәні үлкен мәселелерді сала отырып, әңгіме тізгінін ұстаған Талаптан Ахметжан оны ширата отырып, проблемаларды шешудің жолдарын да айтқызады. «Бағалы байлықтың көзін Ресейге емес, өзімізге бұрайық» дейді. Міне, журналистік тапқырлық пен шеберліктің бір көрінісі осы. Талаптан бұйда тартуды былай деп түйіндейді.

«Бір сөзбен айтқанда, шетелдегі қазақтарды Қазақстанның экономикасын өркендетуге, мәдени-рухани қазынасын арттыруға кеңінен пайдалана білуіміз керек. Қазақстанның гүлденуін олар бізден кем тілемейді. Қазақстанға пайдасын тигізуге олар да ынталы. Тек, осы тілектердің жүзеге асуына баршамыз атсалысуымыз қажет. Қазақстанның өркен жайып, жедел қарқынмен дамығаны қазақстандықтар үшін ғана емес, дүние жүзіндегі исі қазақтар үшін зор мәртебе екенін естен шығармаймыз». Әңгімені жүргізген Талаптан Ахметжан.

Көріп отырсыздар, жалаң ұран немесе көбікке толы бос сылдыр сөздер емес. Еркіндікке енді қол жеткізген тәуелсіз елдің ғаламдық өркениетке ілесер көшінің көлікті болуына септігі тиер келелі сұхбат құра білген. Редакциялық ілездемеде Талаптанның осы материалы өте жақсы бағаланды. Мерейленіп, мұртын сипап қойып, шеткерірек орында өзі туралы айтылған жылы лебіздерді үнсіз жымиып тыңдап отыратыны да өткен шақпен айтылар деп кім ойлаған?

Жалпы, Талаптан желпілдеуді аса жақсы көрмейтін қарапайым, адамгершілік қасиеті мол ерекше жанның бірі еді. Отбасында шиеттей балалары болса да, кейде қаражаттан қысылып тұрғандарға қалтасындағы соңғы теңгесін қағып бере салатын мәрттігін де сан рет байқатты. Кім көмек сұраса да, жәрдемдесуден тартынбайтын. «Жұлдыз» журналында қатар қызмет істеген рухани ағасы, белгілі жазушы Тұрсын Жұртбаев былай дейді: «Арысы – әлем, берісі – одаққа танымал Марат Қабанбаев өз шәкірттері пәтерден пәтер ауыстырып, жағдайларын дұрыстап жатқанда, екі бөлмеде жиырма бес жыл тұрды. Одақ ыдырап, қаңқасы көтерілген иесіз үйге әзер қолы жетіп, марқұмдар Мейрам Асылғазин, Талаптан Ахметжанов үшеуі үш жыл жөндеді». 

Дәл, солай! Өз лашығын бітіре алмай жүріп, өзге үйдің жыртығын жамасқаны да рас. Бөлмеге кездейсоқ кіріп кеткен шыбынды үркітуді обал санайтын Талаптанның бойындағы қайырымдылық, кішіпейілдік, жібектей мінез, сірә, атаның қаны, ананың сүтімен келген болар.

         – Әкем Зейнолда арғы беттен келген. Ескіше оқығаны бар, құранды жатқа білетін. Бері өткенде заман ағымына сай дінге қатты берілмесе де, ешқашан мұсылманшылықтан ауытқымаған зерделі жан еді, — деген еді бірде Талаптан. Ол анасынан ерте айырылған сәттер жанына қатты батқанын да жасырмады. – Биғани тәтем өмірден тым жас кетті ғой. Тым құрыса, қызығымызды да көре алмады. Мен болсам, төрт қыздан кейінгі әкемнің мойнына бұршақ салып көрген жалғыз ұлымын. Еркелеу, оның үстіне тым әлжуаздау болдым. Содан ба, мені ешкім ренжіткен емес. Мен де біреудің көңілін қалдырған емеспін.

         «Қазақ әдебиеті» газеті Талаптан үшін де, жан-жақтан жиналған басқаларымыз үшін де үлкен мектеп болды. Жазуға машықтандық. Есейдік. Елге танылдық. Тәуелсіздігін жаңадан ғана алған жас мемлекеттегі кадр тапшылығы сезілген болар, сол тұста жаңадан құрылған әр мекемеден сөз ұстар журналистерге шақыртулар түсе бастады. Азаттықтың туын тіккен егемен еліміздің уығын құрысуға бет алған алғашқы толқынмен бірге 1994 жылы Талаптан Ақпарат министрлігіне, мен Президент әкімшілігіне қызметке жол тарттық…

Қолтаңбасы айшықталған суреткер

 Арада екі жыл өтті. 1996 жылдың 8 қаңтарында Президент әкімшілігінде қысқарту жүріп, менің алдымда екі таңдау тұрды. Біріншісі – Білім және ғылым министрлігіне баспасөз хатшысы болып бару, екіншісі – Ақпарат және БАҚ жөніндегі ұлттық агенттікке (министрлік уақытша солай аталған) бас маман болып бару. Мен көп ойланбадым, өз саламызға жақын ақпарат министрлігіне бүйрегім бұрылғанын айтпасам да болар. Қателеспеген екем, министр Алтынбек Сәрсенбаевтан бастаған, орынбасары Әлібек Асқаров, бөлім басшысы Райхан Мәженова, бас маман Талаптан Ахметжан сияқты бұрыннан көзтаныс жандардың ортасына топ ете түстім.

         – Қош келдіңіз, Қақа! – деді ерекше ілтипат білдірген Талаптан өз кабинетінде кішігірім дастархан жайып. (Әрине, басшыларсыз). Бұл бұрынғы Талаптан емес еді. Өзгерген, толысқан. Жоқ, бойы мен өзі емес, ойы мен сөзі.

«Не жаңалығың бар?» дегенде, жуырда Қазақстан жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы сыйлығын алғанын айтып, «Тұма» деген түңғыш кітабы жарық көргенін жеткізді. «Көңілі жақын достарға таратып, аз ғана данасы қалып еді. Ертең біреуін әкеліп беремін», – деп, ертесінде жинағын қолтаңбасымен сыйлағаны да есте. Министрліктегі ұшы-қиыры жоқ, таусылып бітпейтін есеп-қисаптың ортасында жүріп, Талаптан өзін-өзі жоғалтып алмай, кемелдікке ұмтылды. Еңбегі еленіп, сол «Тұма» жинағы үшін Қазақстан жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанды. Сол министрліктің қабырғасында жүріп, пәтерлі болды.

– Алтекеңе рақмет! Менің құжаттарым алдына барған кезде: «Неше баласы бар?» – деп сұрапты. «Үшеу дейсіңдер ме? Онда үш бөлмелі пә­тер берілсін», – деп, бұрыштама соғып беріпті. Өзімнен бұрын бала-шағамның қуанғанын айтсайшы! Олардың қатты қуанғанын көріп, өзімнің де көзімнен жас шығып кетті ғой, заман-ай! – деп Талаптан көп уақытқа дейін ерекше бір әсермен айтып жүрді.

Бір жолы Талаптанның қандай ортада болса да қаймықпай қайсарлық таныта алатынын, біреудің еңбегін бағаламау, әділетсіздік дегенге мүлде жаны қас екеніне куә болғаным бар. 2002 жылы болу керек. Белгілі жазушы, прозаик ретінде Алматы қалалық әкімдігінің шақыруымен Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қала атынан қатысушыларды іріктеу кезеңіне қазылық етуге шақырылды. Төраға – танымал композитор Кеңес Дүйсекеев, әрі байқауға түскен музыкалық шығармалардың сарапшысы. Байқаудың үйлестірушісі қалалық Мәслихаттың баспасөз хатшысы Нәби Жүнісбаев. Ал  Талаптан Ахметжан жас жазушылардың, мен әкімдіктің БАҚ бөлімінің басшысы ретінде жас журналистердің, ақын Жұмаш Кенебай поэзияға қатысушы талапкерлердің шығармаларын сараптауға кірісіп кеттік.

Кірістік дегенім айтуға ғана оңай, журналистика саласына 70-тей еңбек түсіпті. Үш күн отырып, әрең дегенде қарап шықтым. Кейбіреуілер тіпті көлдей-көлдей материалдар ұсынған. Содан біреуін ғана таңдап, республикаға жөнелтуіміз қажет. Алматы қашан да баспасөз бен жазудың рухани орталығы ғой. Өсіп келе жатқан таланттар қарасы мол екен. Бірінен бірі өтеді. Тақырыптары да – қызықты. Тартымды. Бірақ ой еркіндігі басым болғанымен, көпшілігі тіл, стилистика жағынан ақсап жатқандай көрінді. Ақыры төрт аяғын тең басқан жас авторды тапқандай да болдым. «Жас Алаш» газетінің тілшісі Жанарбек Әшімжан деген талапкер екен. Сөзі – кестелі, ойлары батыл. Қысқасы, жанып тұр. Алайда менің бұл шешіміме қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қарсы шықты.

– Бірінші орынды неге оппозициялық газеттің тілшісіне бересіз? – деді әй-шай жоқ қырсығып.

– Мен берген жоқпын, ол жеңіп алды, – дедім жайбарақат. Тікелей бастығым ғой, сазарып-ақ қалды.

Осы кезде үнсіз тыңдап отырған Талаптан: «Рұқсат па екен? – деді сөз сұрап. – Біз, осында отырған комиссия мүшелері тегіс Қайым-Мұнар Табеевтің қорытындысын бір ауыздан бекіттік. Ал оған риза болмасаңыз, қазір бәрін тастаймыз да, шығып жүре береміз. Өзіңіз қайтадан іріктеп аларсыз». Тосыннан шыққан дауға басын шайқап отырған Кеңес аға да осы тұжырымды қолдайтынын ашып айтты. Бұл енді, әкімге, одан қоғамға жететін болса, үлкен айғай-шу туғызатын жағдай еді.

Соны сезінген әкім орынбасары: «Если что, головой будете отвечать!» – деп зілдене басып, шығып кетті. Абырой болғанда, Талаптанның табандылығының арқасында үміткеріміз астанаға барып, сол жолы республикалық сайыста «Шабыттың» Бас жүлдесін қанжығалады.

 Адалдығы мен адамгершілігі көпке үлгі Талаптанның өзі де  марапат жағынан кенде болған жоқ. Жазушылық пен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген абыройлы қызметі үшін Президент жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Алаш» әдеби сыйлығын,  халықаралық Валентин Пикуль атындағы сыйлықты еншіледі. Ал осы сыйлықтарға ие болған шығармалары – «Нобель сыйлығы», «Сынық қанат көбелек», «Сұлу мен суретші», «Айсəуле», «Тозақ оты», «Қылбұрау» сынды повестер, «Мұң», «О дүниенің қонағы», «Күнəһар», «Айқасқа», «Шəрбат», «Қара күз», «Қала мен қария», «Махаббат əуені» сынды əңгімелері мен пьесалары қазақ әдебиетін байытты. Өзіндік қолтаңбасы айшықтанған үлкен суреткер ретінде әдебиет шежіресінде есімі мәңгілікке жазылды.

Ең бастысы, тұмадай тұнық Талаптанның өмір жолын жалғастырар шаңырақ ұстар ұлы Мағжан ержетіп, қыздары бойжетіп келеді. Қазақ мұндайда «Орнында бар оңалар» деп шүкіршілік жасаған ғой. Жазушының әр шығармасында кездесетін аппақ сұлу қайыңдар, түнгі аспанда  жамыраған жарық жұлдыздар, туған жердің жұпар шашып тұратын әсем гүлдері секілді өсіп келе жатқан жас ұрпақ аман болсын! Сөз қадірін түсініп, қастерлейтін ұрпақ барда, жүрекпен жазылған жазбалар оқыла бермек.

 (Сурет Әнуар Әуелбектің жеке архивінен алынды).

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір