ҚАЗАҚТЫҢ ШЫН ТАРИХЫ КӨКІРЕК КӨЗІМІЗДІ АШТЫ
22.12.2021
1939
0

Тәуелсіздік алған жылдары біз қылшылдаған жас жігіт едік. Студент кезіміз. Азаттыққа қол жеткізген алғашқы кезеңде жастар болсын, студенттер болсын, үлкендер болсын, бәрінің еңсесі көтеріліп, дүр сілкініп қалғаны бар. Еркіндікке жеткенімізді толық сезініп үлгермесек те, керемет бір шабытты күйде  жүрдік.

Ол тұстағы маңызды дүниенің бірі – митингтер көп болатын. Мұндай жиындарға жиі шығатынбыз. Олжас Сүлейменов бастаған «Невада – Семей» қозғалысы халықтың рухын қозғап, көпті  ұлт тағдырына деген алаң көңілімен алға жетеледі. «Алматының мына тұсында митинг болады», – дегенді естіп, барлығымыз сонда бет түзейтінбіз. Олжас Сүлейменовтің де жап-жас кезі. Алаңда күрделі мәселелер туралы сөз қозғағанда, содан үлкен әсер алып, ішімізде дүмпу туатын. Оған дейін ондай жағдайлар туралы білген жоқпыз, Семейде не болып жатқанын түсінген жоқпыз. Қазақтар бір-бірімізбен қауқылдасып қалатынбыз, әңгімеміздің бәрі сол өңірдегі полигонның зардаптары туралы болатын. Тәуелсіздіктің арқасында көп нәрсеге көзіміз ашыла түсті, қайта туғандай, қайта жаңарғандай күйге ендік.

Мағжан Жұмабевты, Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты, Алаш арыстарының бәрін  енді-енді біле бастадық. Қазақтың маңдайына біткен осынау асыл тұлғалардың кітаптары баспадан жаңа шығып жатты.  Қазыналы жинақтарды қуалап жүріп, іздеп жүріп тауып, қолдан-қолға өткізіп оқитынбыз. «Қазақта мұндай жандар да болған екен ғой. Мәссаған, мынау деген сұмдық қой!» – деп таң қалумен, тамсанумен жүрдік. Әр күніміз сенсацияға толы болатын ол кездерде. Өйткені 10 сыныпты бітіргенше бізге шын тарихты  оқытқан жоқ. Барлығынан бейхабар болдық.  Мұхтар Шахановтың да жас кезі. Арал проблемасын көтеріп жатқан тұсы. Мұндай оқиғалар тарихтың мүлде бейтаныс беттеріне назарымызды аудартқызды.

Тұрмыстық жағдай қаншалықты қиын болса да, ең бастысы, халықтың жанына нәр беріп, күш дарытқан Тәуелсіздік еді. Сол рухани серпілістің арқасында ел қиыншылыққа мойымады. Манағыдай оқиғалар болмаса, «Тәуелсіздік» деген сөздің қадір-қасиетін санамызға толықтай сіңіре алмас едік, «Бұрынғы күніміз жақсы еді ғой» деп Совет өкіметін аңсап жүре беретін едік, шындығын айтқанда. Алаш арыстарын танып, ұлтқа деген шын сүйіспеншіліктен туған еңбектерін оқып, көкірек көзіміз ашылды. Не болғанын, қалай болғанын бағамдадық. Мысалы, ашаршылық болғанын білсек те, түбінде не жатқанынан беймағлұм болдық емес пе? Мектепте  пышақтың қырындай ғана «Қазақстан тарихы» деген кітап беретін өзге оқулықтармен бірге.  Алайда ол кітаптың беттері ешқашан ашылмайтын. КПСС тарихын, Ежелгі тарихты оқытатын, ал «Қазақстан тарихына» тоқталмайтынбыз сабақ барысында. Қазақтың өз тарихы барын Тәуелсіздік келгенде білдік.

Біздің буындағы жастардың рухы ерекше бөлек еді. Желтоқсан көтерілісінен бері көп уақыт өте қоймаған шақ. Тәуелсіздіктің  лебі қанша дегенмен. Жастар өте ұйымшыл болды, кез келген уақытта, кез келген жерде біріге кететін. Троллейбустарда арт жаққа жиналып алып, «Менің Қазақстанымды» шырқайтынбыз. Қазақша әндер айтып, қазақша өлеңдер оқитынбыз. Сонда өзге ұлттың өкілдері, орыстар қырын қарап, көліктерден түсіп кететін.

Ол заманның бейнесін бір ауыз сөзге сыйғызып айту мүмкін емес. Туған жерге барғанымызда шамның жарығы болмай, ауылға кіргенімізді аңғармай қалатынбыз. Көңіліміз қанша жүдегенмен, айтып өткенімдей, Тәуелсіздіктің күші еңсемізді тік ұстататын.

1992-93 жылдары театрға қабылдандық.  Театрда да әр қилы ауырпалықтар  орын алды. Жас жігіттер отбасын асырай алмай, тетрдың айлығы шайлығына жетпей қалған кезеңдер де өтті. Аламан-тасыр шақтарда сол кездегі  театр басшысы Тұңғышбай Жаманқұлов демеушілер тауып, қаражатпен  қамтамасыз етіп, жұмысымыздың ақсап қалмауына күш салатын.

30 жылдық деген аз уақыт емес қой. Сол кезде дүниеге келген сәбилер жігіт ағасына айналды бүгінде. Бір-бір отбасының қорғаны. Барлығына тәубе деуіміз керек. Оптимист болғанымыз жөн. Қиындықсыз ештеңе келмейді. Халық басындағы шырғалаң сәттердің орны  қуанышпен толыға берсін.

Дулыға АҚМОЛДА,

кино және театр актеры,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір