БІР УЫС ТОПЫРАҚ…
21.12.2021
1206
0

Біз университет табалдырығын 1988 жылы аттадық. Бұл советтік жүйенің басынан бақ тая бастаған шақ еді. Болашақты ертерек болжап үлгерген көп адам өз еркімен партия қатарынан шыға бастаған. Сол уақытта бізді түрлі құйтұрқы амалдармен партия қатарына тартпақ болған адамдардың да болғаны шындық. Өте бір қиын кезеңде оқыдық. Қазір айтсаң  адам нанғысыз ертегі сияқты. Азық-түлікті карточкамен беретін еді. Оның өзі мардымсыз. Ауылға жаутаңдап, айдан-айға зорға жететінбіз. Өйткені, дүкен сөрелерінің бәрі босап қалған. Ешқандай өндіріс жұмыс істемейді. Ештеңе шығарылмайды. Болашақ бұлыңғыр, біртүрлі қорқынышты еді. Сөйтіп жүргенде тәуелсіздік алдық. Әлгі жоқшылықтан, көрген қиыншылықтардан әбден шаршаған санамызда бір серпіліс пайда болып, болашаққа үмітіміз ояна бастады. Иә, біз тәуелсіздікті осылай үмітпен қарсы алған едік…

  1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының І-құрылтайы өтті. Ол уақытта мен әлі университетте оқып жүргем. Оқи жүріп, халықаралық «АЗиЯ» деген газетке жұмысқа тұрып, қызмет  істеп жүрген кезім еді. Сол кезде шетелден келген қандастарымызға жол көрсетіп, оларға қаланың көрікті жерлерін аралату үшін Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттерін тартқан екен. Бір жағы газеттің тапсырмасын орындау үшін, бір жағы әлгі гид боп жүрген студенттермен бірге жүргенді қызық көрген болуым керек. Сол күндері шетелден келген ағайындарды қарсы алып, түрлі шараларға қатысып жүрдім. Бір жолы қонақтарды әуежайдан күтіп алуға бардық. Түрлі Еуропа елдерінен, Түркиядан қазақтар келді. Сол жолы қазақтың жеріне табаны тигенде үлкен кісілердің көзінен аққан жасты көрдім. Ақсақалды қарттар мен жаулығы желбіреген кейуаналардың ата-баба жерінің бір уыс топырағын сүйіп тұрып, тебіренгенін көрдім. Иә, рас. Қазір айтсақ, бұл әшейін әңгіме сияқты ғой. Ал сол кездегі әсердің қандай болғанын мен айтып жеткізе алмаймын. Тәуелсіздіктің құны қандай қымбат екенін біз алғаш осылай сезіндік.

Жанар ОРАЗЫМБЕТ,  журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір