Бір уыс топырақ
22.07.2022
4592
0

Yт кіргелі үскірік. Үйі­ріп соққан боран басталды. Құтырған, аласұрған, көз аштырмас боран ұлып, ес жиғызар емес. Еліре соғып сан түрлі үрейге толы, қорқынышты дыбыстар шығаруда… Тұла бойды түршіктірген, тітіреткен зәрлі ызғар. У-у-у… Уілдеген есірік боран сумаңдап, қойны-қоншыңа лап етіп кіріп кетердей. Жыландай ысылдап терезе сыртында жын ойнақ салған дүлейден шошып, пеш жанында отырған Қарлығаш кірпідей жиырылды. Әсіресе түн мезгілінде долырып, есіріп кететінін қайтерсің! Бірде ыңырсып, бірде топтанған қасқырдай ұлып, енді бірде еліре сақ-сақ күліп, тағы бір сәт­те долданып, екілене, ышқына соғады. Содан барып қас-қағымда талықсып кеткендей тына қалады. Мал түгіл, адам екеш адам ат­тап баса алмай қалды. Қарыс жер мұңға айналды.
Бір жеті тоқтамай соққан боран бір сәт­те сап тиылды. Енді сүйек сырқыратар аяз буып, қаһарына мініп-ақ тұр. Тау қойнауындағы қалың қарағай ішінде тығылып, ықтасын іздегендей бұйығып отырған жалғыз үй. Шаршау­лы жанның шылымынан ширатыла көтерілген түтініндей мұржадан еріне, ирелеңдей шыққан көк бұйра сурет қана тіршіліктен хабар беріп тұр. Мүлгіген марғау дүние. Үлкен ауылдан да, үлкен жаңалықтан да шет қалған бұл үйде шошайған үш-ақ жан. Оны-мұны азық-түлікті де анда-санда совхоз орталығынан шанаға басып алып келеді де, тарс бүркеніп жатып алады. Бірақ жатқыза қойсын ба, қу тіршілік. Таңның атысы, күннің батысы қыбыр-қыбыр бітпейтін бір шаруа.
Қасымбекке әкеден мирас болып қалған кәсіп – орманшылық. Қашып кетеді дейтін аяғы болмаса да осы самсаған қалың қарағайды күзетуі керек. Бұл Қарағайлы ауданның жері жұмақ қой, шіркін. Өспейтін өсімдігі, иісі бұрқырап, танау жармайтын жемісі жоқ. Көктем шыға тоғай іші керемет бір оркестр ойнағандай мың құбылған әуенге толады да кетеді. Сансыз құстар үнінен қалың ағаштың өзі тебірене толқып, тербеле жөнеледі.
Ал қысы қытымыр. Сол қытымыр қыстың да өз рахаты бар. Қасат қарды күрт-күрт басып, жанға жайлы бір рахат күй кешіп келе жатқаның. Ал тоғай шетіндегі қалың қарды атыңмен омбылай омыраулатып жүрудің өзі бір ләззат. Құла төбелді шаужайынан қағып қойып, санада көмескі тартқан бір әуеннің жетегіне түсіп ыңылдап келе жатқаның. Тақымыңда әлдебір тосын дыбыстарға елегізіп, пысқырып келе жатқан құла төбел. Бойыңды билеген бір ерекше рахат сезім.
Қарағай бүйірін дамылсыз үңгіп жатқан тоқылдақ. Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ… Өзі жұдырықтай, дауысы тоғайды жаңғыртып тұр. Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ… Өлермен, теспей тоқтамайды. Қарағай бүйірін үңгімей тыным таппайды. Тұмсығы темір ме дейсің осы құстың.
Қалың қарағай іші қаптаған із. Түлкі, қарсақ, қоян, елік іздері шым-шытырық өрнек салған. Кішігірім қазандай болып ағаш басына жайғасқан құрды көзің шалады.
Қасымбектің өз қызығы өзінде. Табиғатпен мұңдасып, табиғатпен сырласып, анда-санда мұң шағып ғұмыр кешкен жайы бар. Тағдырына риза. Бүгін ызғырық басылып, күн көзі шуағын төгіп тұр. Кеше аудан орталығы Қарағайлыда оқитын Сандуғашы қысқы демалысқа келген. Келе сала құла төбелге ер салғызып тоғай аралап кет­тті. Сандуғаш келгелі есі қалмай қуанып жүрген Сабырды да ерте кет­ті. Сабырдың астында кер ат. Аяқтары үзеңгіге жетпеген соң таралғыға пима тұмсығын сұқты. Аралары он жас. Бір-біріне үйіріледі де тұрады, бірінсіз екіншісі тамақ ішпейді. Құйрығын бұлғақтата Таймас ілесті. «Тауды бөктерлеп жүріңдер, тоғай ішінің қары қалың», – деп дауыстады да Қасымбек жанарымен ұзатып, ой шырмауында тұрып қалды. «Осы қызымның қылығы өзгеше, елдің қыздары шулы, дулы жерге асық, бұл болса тау-тасты кезіп, тоғай аралауға құмар. Қалт тоқтай қалып құстар үніне құлақ түреді. Кейбір құстарды үнінен таниды. Бұл да бір ерекше қасиет шығар. Туған жердің тау-тасын, орманын, тағы аңдарын жүрегіңмен жақсы көріп іздеу, сағыну адам жаратылысынан болар».
Сандуғаш тоғай ішіндегі әр соқпақты адаспай тауып, аңдардың жүріп өткен іздеріне қарап тап басады. Әр құсты, әр аңды көрген сәт­те қалт тоқтап, жүзі алаулап, жанарынан мейірім төгіліп қоя беретінін сан аңғарған Қасымбек. Жанының тазалығына, жүрегінің мейірім­ге толы екеніне қуанатын әкесі.
– Тоғай іші думандатып жатыр, сыртынан бақыладым, – деді екі беті бал-бұл жанып, жанарынан нұр төгілген Сандуғаш үйге аптыға еніп. – Кеуегінен атып шығып зытып бара жатқан қоянды байқап қалдым. Көздері жылт-жылт етіп бұтақтан-бұтаққа секірген тиін қылығын тамашалап біраз бөгелдім. Суреті көңілімде қалды. Ызғар беті қайтқан соң құстар да сайрай бастапты. Әке, егер тау-тастың сәні болған аңдары, тоғайда құйқылжыта ән салған құстары болмаса табиғат та жетімсіреп қалатын шығар?..
– Әрине, табиғат­тың көркі де осы аңдары мен құстары ғой, – деді Қасымбек қызына риза кейіппен қарап.
Кешкілік ас үстінде Сандуғаш аудан, облыс орталығы Өркендегі өзі естіген жаңалықтарды әңгіме қылды. Қыздырып айтқан әңгіменің қызуы жоғары. Әңгіме қызығы, шулы қаланың қызыл-жасыл дулы тіршілігі буынына түсті ме Сандуғаштың анасы Қарлығаш тосын ойды қылтит­ты.
– Бүкіл өміріміз осы қалың қарағайдың арасында өтіп келеді, біз де адамға ұқсап өмір сүрейік те қалада, – деп, өңі құбылып сала берді. – Жау ала ма осы қарағайды. Тұрсаң да көз алдыңда самсаған қарағай, жатсаң да қарағай, бұл қу ағаш түсімізге де кіретін болды енді…
– Саған бүгін не көрінді? – деп аңтарыла мойын бұрды Қасымбек. – Астыңнан су шықты ма?
– Көшейік орталыққа, тым болмаса Қарағайлыға. Облыс орталығы Өркенге барсақ тіптен жақсы, ел сияқты өмір сүрейік те біз де. Омалып қалың қарағайдың арасында қашанғы отырамыз? Бір күні өзіміз де семіп қу ағашқа айналармыз. Ағаш күзеткеннен мүйіз шықса, шығар еді ғой шаш орнына қалың мүйіз.
– «Ел қатарлы дейді»… – деп, сәл мүдіріп қалды да осы тұста тосқауыл қоймасам, ие бермей кетер деген оймен Қасымбек сөзін жалғады. – Ішкенің алдыңда, ішпегенің – артыңда, табиғат жарықтық мынау, бар байлығын аузыңа тосқан. Ата-бабамыздың қалың қорымын қалай ғана тастап кетеміз?! Топырақ осы жерден бұйырсын деп жүр емеспіз бе?! Көшпеймін, әке-шешемнің жанына жантаямын.
– Ата-бабасының қорымын кім арқалап жүр дейсің? – деп күңк ет­ті де, сөзге шоқ тастамай қоя салды Қарлығаш.
Иә, мұның айтып отырғанының да жаны бар, ата-бабасының қорымын кім арқалап жүр? Бірақ осында бір кие бар, тұсаулы ат­тай төңіректеп шыға алмайсың. Ұзатпайды. Ұзап кеткеннің де қайта айналып бір соғары анық.
– Сандуғашым, сабағыңның жақсы екенін білемін, – деді әңгіме ауанын өзгерткен Қасымбек. – Биыл мектебіңмен де қоштасасың. Қандай ой мазалап жүр, қандай оқуға түспексің?
– Дәрігер болсам деймін, – деді сәл ойланып барып нәркес көзін төңкере сөйлеген Сандуғаш. – Бірақ Өркенде ондай оқу орны жоқ. Мүмкін…
– Қызым, неде болса үлкен қалада оқы, – деп сөзге араласты анасы. –Үлкен қаланың ұстаздары да үлкен, оқымысты. Мына әкең екеуміздің отырысымыз мынау, ағаш күзетіп. Тым болмаса сен оқы, алысқа самға. Бізге қарама. Тіпті Ресейдің үлкен қалаларына барсаң да ақ жол тілейміз.
Не керек, Сандуғаш сол жазда Ресейдің Санкт-Петербург қаласына тарт­ты да кет­ті. Көп ұзамай облыс орталығы Өркенде тұратын үлкен қыздары Сәниядан жеткен хабар қалың қарағай ішін шу еткізді. Сандуғаш ғасырлық тарихы бар академик Павлов атындағы атақты медицина университетіне түсіпті. Бұл оқу орны – ресейліктердің өзіне арман білім ордасы екен. Әке-шешеде ес қалмады. Қасымбек бір марқаны алып ұрды, тосын қуанышқа. Сабыр да шат­тық құшағында. «Көргенде, бар қызықты осы қызымнан көремін, – деді аласұра, жүзі алабұртқан Қасымбек. – Көрмейсің бе, Ресейдің атақты қаласының атақты университетіне түскенін. Қай қазақтың баласы оқыған екен десейші!». Қопаңдап, көпке дейін қуанышын баса алмай жүріп алды Қасымбек.

* * *
Сол жазда есікті тарс бекітіп, «біз де ел көрейік» деп, ескі «УАЗ» машинасын дүр еткізіп үшеуі Қарағайлыға тартып кеткен. Ауданда тұратын ағайын­дары Жұмағұлдың үйіне ат басын тіреді. Ауласы кең, жер үй. Сыртқы қақпадан енгендері сол, Қарлығаш шоқ басқандай ыршып түсті. Құлап та қала жаздады, тәлтіректеп барып бой түзеді. Ілесе енген Қасымбек пен Сабыр да көздері бақырайып, ауыздары ашылды да қалды. Аулада тістерінен басқа жері көмірдей қап-қара екі бала ойнап жүр. Шаштары қаракүл қозының терісіндей, бұп-бұйра. Үлкені бес-алты жаста болар, кішісі үш-төрт шамасында. Олар да ойындарын қоя салып, состия қалды. «Астапыралла!» – деді әлден уақыт­та есін жиған Қарлығаш.
– Е-е е-ей, басқа салған соң көнесің де, өз қолыңды өзің кесесің бе? – деп, үйден етегіне сүріне Балқия шықты. – Әлгі біздің Африка асып кеткен қыздың балалары ғой. Келді он жылдан кейін балаларын алдына салып, не істейін, үйден қуып шығамын ба?! Үйге кіріңдер шошымай, түрлері басқа демесең, бұларда не жазық бар, бала ғой.
Жұмағұл жұмыста екен. Балқия өте пысық, дастархан да жайылды, әңгіме де шалқыды. Қимылына көз ілеспейді, ауызында да тыным жоқ. Көптен көріспеген Балқия мен Қарлығаш әңгімені бұрқырат­ты армансыз. Көп ұзамай жеңіл қуырдақ та буы бұрқырап үстелге келді. Тап сол сәт­те Африка асып кеткен қызы Күләй табалдырық ат­тады. Жанында қап-қара, сырықтай бір жігіт. Қарлығаш орнынан тұрып, жатқа кеткен Күләйдің маңдайынан сүйді.
– А-ман-сиз ба? – деді состиып тұрған ұзын қара күйеу бала тілі бұралып. – Минин аты – Джон.
Келгендеріне айға жуықтапты. Жанын салып қазақша үйреніп жүр екен. Екі бүктетіліп дастархан басына отырды. Көздері жылтырап, тістері жарқырап күлімсіреп қояды. «Мыналар мені жат көрмесін, осылардың ыңғайына жығылайын» деген ой байқалады. Балқияның қабағын бағып отыр. Лып етіп кесеге қол жалғап қояды. Өзі қалжыңбас екен. Еті үйренген соң әркімге бір жаутаңдап үнсіз отырған Джоннан жуан шыға бастады.
– Минин аты – Джон, – деді дұрыстап таныстырайын дегендей. – Нигерия ел-ы-нан. Ка-зак-ста-ан жаксы.
«Дұрыс айт­тым ба?» дегендей Күләйға қарап қояды. Ол қысыла жымиып басын шұлғып қойды.
– Езуіңнен ақ май ағып отырса, әрине Қазақстан жақсы, – деп миығына күлкі үйірді Балқия. – Пәле, ығыңа жығылып, елпілдеп тұрады.
Балқияның көңілденген қалпын байқаған Джон еркінсіп кет­ті. Елді бір күлдірейін деді ме, тосын сөзбен төбеден ұрды.
– Апа… апо-о-оу мен найман, – деп қойып қалды.
– А-а-а, не дейді мына құрғыр, – деді басында абдырап қалған Балқия есін енді жиып. – Найманнан садаға кет. Найманшылын мұның. Қарашы-ей мұны, неткен пәле. Осы қап-қара пәленің қай жеріне қызықты десейші біздің қыз?! Әлгі біздің қыз ғой осының бәрін үйретіп жүрген. Сені ме, сен бүгін шөп қораға жатасың, Жон. Әй, Жон, мұны Жұмағұл естісе, жоныңнан таспа тіледі.
Жұрт шектері түйіліп, іштерін ұстап, шиқылдасты да қалды. «Дұрыс айт­тым ба, әлде бір нәрсені бүлдірдім бе?» дегендей әркімге бір қарап, тістерін ақситып Джон отыр.
– Мына Жоның шынында пәле екен, найманды қайдан біледі десейші, – деп, әрең барып күлкісін тыйды Қасымбек.
– Мен ғой, мылқау адамдай меңірейіп жүрмесін деп келгелі құлағына құйып жатқан, – деп езу тарт­ты Күләй. – Ең бастысы адал, еңбекқор.
– Бар бол, бар болғыр, – деді жүзін сәл жылытқан Балқия. – Ойбай, бұл Жон ағаш жарамын деп аяғын шауып ала жаздады емес пе. Көмектеспек болған түрі. О-о-ой, айта берсең таусылмайтын бір жыр. Атқа мінемін деп қоймай, ат­тың қамшылар жағынан келіп үзеңгіге аяқ салмай ма!.. Ат шаужайынан ұстап тұрған Жұмағұл аңдамай қалған. Ат үркіп, көздері шатынай осқырынып ата жөнелгенде күйеу бала серең етіп шалқасынан түсіпті. Қайта үзеңгіге аяғын толық сұғып үлгермеген, әйтпегенде шошыған ат сүйретіп өлтіретін еді. Елдің үзеңгіге аяқ салып мінетінін байқаған ғой. Қамшылар жағынан келген қап-қара біреуді көрген соң жылқы шошымағанда қайтсін!
– Әй, Жон, ат­ты шошытпай жайыңа жүр, – деді Жұмағұл сол жолы тұңғыш рет күйеу баласына түсін суытып. Оны елең қылған Джон жоқ, көлеңкедей ілесіп Жұмағұлдың соңынан қалмайды.
Жонның күлкі шақырған қылықтарына біраз күлісіп алып, әңгімені Сандуғаштың төңірегінде өрбіт­ті. Санкт-Петербургте оқуға түскенінен бұлар да хабардар екен. Сандуғаштың ақылдылығын, зеректігін әңгіме қылып жап-жақсы отырған. Бір кезде оқыс ойды одыраң еткізді Балқия.
– Үлкен қалада не көп, дүниенің әр қиырынан жиналған жастар көп. Африкалықтар да өріп жүрген шығар. Мына Жон сияқты біреумен тәйт деп тайып отырмасын. Қызыңды сақтандырып қой, қауіп қылғаннан айтамын ғой жаным ашып. Біздің қыз от басты, соның жолын қумасын.
Жап-жақсы отырған Қарлығаштың жүзі күреңітіп кет­ті. Қасымбектің жүзі қуқыл тарт­ты. «Бүйтіп жаның ашымай-ақ қойсын. Аршыған ақ жұмыртқадай періште туған Сандуғашты қалай ғана аузы барып жаман ойға қияды?». Кеудесінде дауыл көтерілді. Тезірек кетуге асықты. Аңдамай айтқан сөз Қасымбек пен Қарлығаштың көңіліне қаяу түсірді.
– Қайдағы жоқты айтып, жамандық шақырғаның не? – деп ренішін жасыра алмады Қасымбек. – Сандуғашым ерекше есті болып жаратылған қыз, әлі-ақ осы елден өз теңін табады.
Осыдан кейін-ақ әңгіменің берекесі қашты. Жып-жылы үйге аяқ асты бір құшақ ызғар енгендей. Оны-мұны шаруаларын сылтауратып сытылып үйден шыға берді. Сабыр болса үлкендерге жаутаңдай қарап, не болғанын түсіне алмай қалды.
Қажет­ті азық-түліктерін машинаға сықита басып жолға шықты. Машинаның бірқалыпты ызылы ой сорабына салды Қарлығаш пен ұлын. Бағана Балқия айтқан сөз Қарлығаштың тұп-тұнық көңіліне тас лақтырғандай еді. «Шынымен Сандуғашы ана Жондай қап-қара біреудің торына түссе, не болғаны. Ойлаудың өзі ауыр. Құрыдым ғой мен онда. Жоқ, аққудың көгілдіріндей үлпілдетіп өсірген Сандуғашым қазанның түбіндей мұндайларды ат шаптырым жерден айналып өтер. Жаратқан ием-ау, бастары қаракүл қойдың жүніндей ана балалар қалай ғана қазақ болады?! Жоғалған ұрпақ деген осы шығар. Тіфә-тіфә… Шайтан ойлардың шырмап алғаны несі… Аулақ… Аулақ… Үлпілдетіп өсірген менің қызым мен деген қазақ жігітіне ғана лайық…».
Бұл кезде Сабыр да ой құшағында еді. Бала қиялы ақша бұлт­тармен қалқып барады. «Сандуғаш әпкесін Жон сияқты біреу алып кетсе… Онда біз Африкаға құдалыққа баратын шығармыз. Ол жақта да құдалық бар ма екен? Олай болса, қалайда қалмауым керек. Шіркін-ай, пілге мінсем… Сол серейген пілге қалай мінеді екен, саты сүйеп шыға ма? Пілдің үстінде отырып суретке түссем, мектепке барғанда балаларға көрсетсем, естерінен танар еді».
Сабырдың көз алдына Жон келді. Тістері ақсиған қап-қара пәле. Ал Сандуғаш әпкесі ше, ғажап сұлу ғой, керемет ақылды. Екеуін қатар елестету мүмкін емес. Сол-ақ екен, қас-қағымда жаңағы ойынан айнып шыға келді.
«Құрысын, сол Африкасына құдалыққа бармай-ақ қойдым. Аққудай таранған Сандуғаштың өзі түгілі көлеңкесіне де тұрмайды ана қап-қара…Садағасы кетсін. Мен Сандуғаш әпкемді өлсем де жібермеймін Африкаға. Пілге де мінбей-ақ қойдым».
Қасымбек қасқа жолмен заулатып келеді. Жолдың екі қабағы қалың орман. Самал желмен тербелген қалың ағаш бұтақтары әуен ырғағын аңдатқан дирижер таяқшасындай толқиды. Аспанда ұйқыдан жаңа оянғандай мең-зең болып жөңкілген шарбы бұлт­тар. Бүйірде «таң атпай қайда барып келдіңдер?» дегендей түксие қараған тау сілемдері машинамен біраз уақыт жарысып келді де, шалдыққан кейіппен қала берді.

* * *
Желіден босаған құлындай ойнақ салған күндер-ай!.. Жалынан сипата ма!? Сандуғаштары да үшінші курсты аяқтады. Жүректері елжіреген ата-ана қыздарының елге оралуын тағат таппай күтуде еді. Дәл сол тұста жеткен тосын хабар екеуін төбеден тоқпақпен ұрды. Сандуғаш облыс орталығында тұратын үлкен қыз Сәнияға қоңырау шалыпты. Күйеуге шығады екен. Туласаң да, туламасаң да мәселе шешіліп қойған сияқты. Үлкен қыздың ұққаны – шегінер жер жоқ. Жақында тойлары. «Әке-шешем ренжір, ренжісе де осылай болды, Петя екеуміз шаңырақ көтермекпіз», – деп қысқа қайырыпты.
Естіген сәт­те екеуі естерінен танып, отырып қалды. Үстінен құс ұшырмай тәрбиелеген қыздары жер соқтырды. Бір-екі жылда оқуын бітіріп облыс орталығы Өркенде немесе Алматыда қызмет істейді деп жүрген қыздарының мына қылығы қан жылат­ты.
– Ойбай-ау, Петясы не, қазақтың небір сұлтан жігіт­тері жүр емес пе! – деп аһ ұрды анасы. – Қарағайдай қалың қазақтан адам таппағандай. Тірідей өлтірді-ау, мына қыз.
– Осындай ақылды қыздың шалыс басқаны қай сасқаны? – деп күрсіне берді Қасымбек. – Сандуғашым-ай, торға түсіп қалды-ау, балапаным-ай…
Бұл күні қара жамылған шаңырақтай, бір-біріне жақ ашпады. Не деп жұбатады, не деп жұбанады қос мұңлық?.. Мылқау адамдардай мәңгіріп, әркім өз ойымен әлек. Сабыр ғана анда-санда қорс етіп көз жасын сығып алады. Үшіншіні үздік бітіріп, жақында ғана жазғы демалысқа шыққан. Жанындай жақсы көретін Сандуғашты тағат тап­пай күтуде еді. Сол сүйікті әпкесін белгісіз бір дүлей күш зорлықпен алып кеткендей, қыстыға жылап отыр.
Сандуғаш пен Сабыр бір-бірін керемет жақсы көріп өсті. Араларынан қыл өтпес тату еді. Сандуғаш аудан мектебінде оқып жүргенде жинаған конфет­терін өзі жемей, үйге келгенде мұның аузына тосатын. Сабыр болса Сандуғаштан бір елі ажырамайды. Томпаңдай жүгіріп соңында жүретін. «Үшіншіні үздік бітірді» деген мақтау қағазын әпкесіне көрсетпек болып, елеңдеп күн санады. Сөйткен әпкесі сойылмен ұрғандай естен тандырды. «Петядан басқа адам құрып қалды ма?!» – деп, алғаш рет әпкесіне деген ашуын бұрқ еткізді.
Қасымбек бір жерде, Қарлығаш екінші жерде дөңбекшіп, көз шырымын алмай таң атырды. Уһілеген күндер жиілей түсті. Сабыр суы сарқылды. Ақыры Қасымбек Қарағайлыға тартып кет­ті. Одан автобуспен Өркен асты. Үлкен қыз Сәниядан жайсыз хабардың бүге-шігесіне дейін сұрамақ.
Сәнияның бір бөлмелі пәтеріне Қасымбек қырыстанып келді. Үйінде екен қызы, түтігіп кеткен әкесін көріп басында шошып қалған. Содан барып әке күйінішін ұқты. Шығарда жаным басқа деп жүрген Сандуғашының жер тоқпақтатып кеткенін өзегі өртеніп жеткізді Қасымбек. «Осы қызыма керемет үміт артушы едім, не жазығымыз бар, бізді жерге қарататындай?! – деп, өзегін өрт шалып отыр. – Ойпыр-ай, осындай ақылды, тәрбиелі қыз да шалыс баса ма?!»
Осы көктемде емес пе еді асығыс үйге келгені. Сондағы айтқан сөздері әлі есінде, қызының айтқандарына риза болып, ұйып тыңдап еді-ау.
– Әке, ғаріп болып, саған үмітпен қарап, екі көзі жәудіреп жатқан сырқат жанды аяғынан тұрғызып жіберу дәрігер үшін қандай бақыт! – деген терезе жақтауына сүйене тұрып. – Ал сол адамның жанына қорған бола алмасаң, өкініш түн ұйқыңды төрт бөледі. Кейде дәрігер қанша білікті маман болса да асқынып кеткен аурудың алдында дәрменсіз. Дәрігер біреудің жанын сақтап қалсам деп арпалысады. Қандай ауыр, қандай аяулы мамандық. Соны біле тұра таңдадым осы мамандықты, адам жанына сая болудан артық қандай ізгілік бар!?
Қасымбек қызының ойлы сөзіне риза болып, таңданыспен тұрып қалған. Құшақтап маңдайынан сүйген сол сәт­те көзінен бір тамшы ыршып кет­ті. Ешқашан көзінен жас шығармайтын. Неге сонда ерекше толқыды?.. Қимасын жоғалтқандай, қимасын жоғалтардай…
Үлкен қыз не десін?! Әкесінің жан күйзелісін түсініп-ақ отыр. Бірақ сол ақылды қыз Сәниямен ақылдасты ма?
– Тойға шақырып отыр, – деді өзі кінәлі жандай құмыға үнсіздікті үзіп. – Сіздердің қарсы болатындарыңызды біліп, алдын-ала айтпапты. Тойға жиырма-ақ күн қалды. Қайтеміз, әке?
– Той дейді ғой… – деп күйіне дүңк ет­ті үлкен қызға. – Не деп барамыз, не бетімізбен, а-а-а…
– Әке, күйзеле бермеңіз, – деді әкесінің қушиған иығынан құшақтап. – Орысқа күйеуге шығып жатқан жалғыз Сандуғаш емес. Осы Өркенде де толып жатыр. Орыс қызын келін етіп түсіргендер де бар. Ішек-қарынымызға дейін араласып барамыз…
– Жетіскен екенбіз, неге ғана тексіз болып барады жас ұрпақ?! – деген Қасымбектің дауысы тым ащы шықты. – Сол аралас некеден туғандар ұлты үшін күйе ме, ұлтының намысын қорғай ма? Жоқ, мәңгүрт болып өседі. Мәңгүрт болып өледі.
– Болар іс болды, – деді самарқау, шаршаулы жүзбен Сәния. – Ана Жұмағұлдың қызы Күләй Африкаға тайып отырды емес пе? Ал бұл өзіміздің үйренген орысымыз.
– Не болып барасың, осы сен? – дегенде, Қасымбектің тістері шықырлап қоя берді. – «Өзіміздің…» дейді, «үйренген…» дейді. Осы сендерде намыс бар ма!? Ағайын-туғанның бетіне қалай қараймыз?
– Мен тойға қалайда барамын, Сандуғаш үшін, – деп күңк еткен Сәния теріс айналды. – «Тым болмаса сен келші», – деп жалынып қалды. Барамын, іздеушісі жоқ демесін.
Түнерген қалпы автобуспен Қарағайлыға жет­ті Қасымбек. Содан нәр татпай жолай кездескен бензовозбен түн жамыла үйге келді. Келе төсекке құлады. Күйеуінің тырысқан қабағына бір қарады да, тырс етіп ештеңе сұрамады Қарлығаш. Үстелге қойған дәм суып қалды. Екеуі де көз ілмеді бұл түні.
Сылдырап аққан өзен суындай талай жыл арт­та қалды. Сандуғаш сол кеткеннен мол кет­ті. Үлкен қызға анда-санда қоңырау шалады екен. Әке-шешесін сағынғанын, келгісі келетінін, бірақ қу тіршіліктің қамытынан босай алмай жүргенін айтып мұң шағыпты. Қолындағы енесі кәрі кемпір баба Дусяға бір қарап, тұңғыштары Маратқа екі қарап қаңтарылып қалған. Ол аздай Петя бар болғыры жұмыссыз. Жұт жеті ағайынды деген осы. Өлмелі кемпірге жағамын деп, жұмыссыз еркекті бағамын деп, бауыр еті Маратын қағамын деп өзі тарамысқа айналыпты. Жейін десе ет жоқ, елге келуге бет жоқ, өлместің күнін кешіп жатқанын жайып салыпты бір жолы. Айлық табысын барынша үнемдегенімен шайлығынан аспайтын сияқты. Сол жолы өзінің қатерлі ауруға ұшырағанын да қыстыға жылап отырып жеткізіпті.
Санкт-Петербургтен елге келіп қайтудың өзі қыруар ақша. Сонау бір жылы асығып-үсігіп бір келіп кеткен. Жанында жағы сопайған, бойы сорайған шикіл сары Петясы. Лыпып тұр, жел қайықтай жылмаңдап. Кішкентайлары Марат жүгіріп жүр. Аурушаң шешелеріне алаңдап, келгенінен кеткендері жылдам болды. Содан жоқ. Осылайша қызы туған елге жете алмай, әке-шеше оны іздеп бара алмай жүргенде он бес жыл зу етіп өте шыққан. Бұл кезде анасы Қарлығашты да ауыр ой жүдетіп, шөгіп кет­ті. Қасымбек қанша сыр бермейін дегенмен уайым ішін ит­тей кеміріп, аз жылда жағы суалып, бақырайған көздері ғана қалды. Бұл кезде Сабыр зіңгіт­тей жігіт болған. Өркен қаласындағы жоғарғы оқу орнының студенті.
– Сандуғашты өлердей сағынып жүрмін, бір келер деп қаншама жыл зарыға күт­тік, жағдайы болмай жүр-ау, – деген еді Сабыр мұңайып. – Мен барып қайтамын жазғы демалыста, жол қаражаты үшін сенбі, жексенбі күндері жұмыс істеп ақша жинап жүрмін…

* * *
Сол жылы қыс керемет қат­ты болды. Боран аш қасқырдай ұлып бір басылсайшы. Үйіріп тоқтамай соқққан боран жан біткенді үйге қуып тықты. Бір түнде сыртқы есікті бітеп тастады. Абырой болғанда есік ішке ашылады. Азын-аулақ мал қорада.
Мал мен жанды бидайдай қуырған сол боран бір-ақ күнде сап тыйылды. Күн шайдай ашық, шабдар сәске. Қап-қара түтінін бұрқылдата өңкең-өңкең етіп жеткен «К-700» алып тракторы қаралы хабарды ала келді. Сағына күткен, зарыға күткен Сандуғаштары жарық дүниемен қоштасыпты. Қаралы хабардың жеткеніне де оншақты күннің жүзі болған екен. Ұлыған боранда кімді кім жоқтаған!? Әйтеуір Өркендегі үлкен қыз Сандуғаштың суық маңдайынан сүйіп үлгеріпті.
Қарлығаш еңірей жөнелді. Қасымбек жанарынан қос тамшы үзіліп түсті де сазарып отырып қалды. Сәлден кейін дірілдеп қоя берді екі иық. «Сезіп едім осылай боларын», – деді де өкіріп қоя берді… Қаралы хабарды жеткізген орман шаруашылығының басшысы Сайлау ерлі-зайыпты екі жанды қалай жұбатарын білмей, осы жайға өзі кінәлідей адамдай әбден састы. Үлкен адамдардың жылағаны қандай ауыр…
– Сол Петясына кеткенде-ақ бір жамандық болатынын сезгендей күй кешкем, – деді ауыр күрсінген Қасымбек. – Асылымнан айырылғандай күйзелгем. Мына Қарлығаш екеуміз осы он бес жылда қайғы жұтып күн кештік. Бұл сорлы сол уайымнан инсульт болды. Іштегі күйік мұны таяққа сүйеді.
Сол түні Қасымбек түс көрді. Әдет­тегідей жымия күліп, нәркес көздері мөлдіреп бұған бірдеңе дейтіндей. «Қызым-ау, Сандуғашым-ау, сағындым ғой» деп ұмтыла беріп еді, ол шегіншектей бастады. «Қызым-ау, бұл менмін ғой, әкеңмін» деп тағы ұмтылып еді, жаңағы нәркес көздерінен жас парлап қоя берді. «Балапаным-ау, жарығым-ау, бауыр етім-ау жылағаның не?» дегені сол, Сандуғашы жалт бұрылып сағымға сіңді. Сағымға оранып алыстап барады, алыстап барады… Бір кезде бозамық ноқатқа айналып барып, жоқ болды… «Ме-е-ен Са-а-ан-ду-ға-а-аш е-ме-е-с-пін е-ен-ді» деген әлсіз дауыс Қасымбектің құлағына талықсып жет­ті.
– Қой жыламайын, жылағаннан не өнеді, бүгін жұма, шелпек пісірші, – деді жүдеулі жүзбен Қарлығашқа. – Қазір ат­тап баса алмайсың, қар болса мынау, жер қарайғанда барып құлынымның томпайған топырағын құшақтармын.
Қасымбек кейінгі кезде тым тұйықталып қалды. Тырс еткен сөз жоқ. Қарлығаш та тықақтап еш нәрсе сұрамайды. Тек Қасымбектің өзінен-өзі меңірейіп қу қабырғаға сағат­тап қарап отырып қалғанын байқап, шошынады. «Осы азаматым сырқат­танып қалған жоқ па?!» деген ой мазалауды шығарды.
– Қасымбек, – деді бір жолы жанына келіп. – Ау, Қасымбек… – Селт етер емес. Ақырын иығынан түрт­ті. Сонда барып танымайтын адамды көргендей адырая қарады бұған…
Осылай уһілесіп жүргенде дүр етіп көк те көтерілді. Дүниенің қабағы ашылып, жан біткеннің тынысы кеңіп жүре берді. Тек Қасымбектің қарс жабылған қабағы ашылмады.
Өркендегі үлкен қызға ұшаққа билет алуды тапсырды да, жолға қамданды. Әуелі Қарлығашқа кішкене қалта тіккізді. Мұның не деген Қарлығаш жоқ. Оң жауап естімесін сезді.
– Қос жұдырық басындай қалта тікші, – деген кешкілік. – Мықты матадан мықтап тік. Ұшақ ішінде шашылып қалмасын.
Келесі күні шабдарына мініп, шүберек қалтаны қойнына тығып ескі қыстауға жөнелді. Қарлығаш сонда ғана күйеуінің көкірегіндегіні тап басты. Сандуғаш сол сары жұрт­та дүиеге келген.
Ырғалып-жырғалмай Қасымбек тура бір жеті өткенде жолға шықты. Сабыр өлердегі сөзін айтқанмен, әкесі табандап тұрып алды. «Жоқ, бармайсың!» Кесімді сөзге өтініш жүрмейді.

* * *
Шағын қол сөмкесін көтеріп кеден тұсына келгенде оқыс оқиға болды.
– Қол сөмкеңізді ашып көрсетіңіз, ішінде не бар? – деді сымбат­ты келген әуежай қызметкері.
– Не болсын, қарағым, жолға алған уақ-түйек, немереме алған елдің азғана дәмі.
– Мына шүберек қалтадағы не? – деді былқ-былқ еткен түйіншекті нұсқап.
– Ол ма… Ол топырақ қой, қызым.
– Топырағыңыз не?! – Сымбат­ты қыздың екі көзі шарасынан шығып, аузы аңқиып қат­ты да қалды. – Қане аузын шешіңізші.
– Қызым-ау, бұл туған жердің топырағы, – деді өзі де абдырап. – Қызым Санкт-Петербургте тұрушы еді, қазір жер қойнында. Өзі құлдыраңдай жүгіріп, құлындай ойнақтаған туған жерінің топырағын қабірінің басына салсам деген жалғыз тілек.
Мұндайды көрмеген әуежай қызметкері состиып тұрды да қалды сасқалақтап. Төбеден ұрғандай тосын жай. Бір қарасаң, онда тұрған ештеңе жоқ. Кеденнен өткізе беруге болады. Бірақ бұрын көрмеген мына тосын жайдан әлі ес жия алмай тұр.
– Сонда сіз, осы топырақты салу үшін со-но-о-у Санкт-Петербургке бара жатырсыз ба?! Мына ісіңіз менің миыма сіңе алмай тұр. Қызыңыз жер құшағында екен. Бұл топырақтың не ерекшелігі бар сонда?
– Қарағым, қызым, бұл туған жердің топырағы, оның иісі де, қасиеті де бөлек. Бұл – киелі топырақ.
– Жарайды, жолыңыз болсын, аға, – деп құмыға тіл қатқан әуежай қызметкері кішкене қалтаның аузын өзі байлады. Аракідік басын шайқап қояды.
Кеден тұсында кезекте тұрғандардың құлағына да тосын жай жеткен сияқты. Біреулері таңдана, екіншілері мырс етіп күле қарайды. Көбісі топырақ көтерген жолаушыны көргісі келіп кеңірдек созады. «Есі ауысқан» дер көп болса, туған жердің қадірін, туған топырақтың қасиетін бұлар қайдан білсін?!» – деп, ілгері ат­тады Қасымбек. Екі-үш ат­тағаны сол суық ой сопаң ет­ті. «Сандуғашымнан айырылғаннан кейін есім ауысса, ауысқан да шығар…»
Сарша тамызда бір уыс топырағын көкірегіне басып Санкт-Петербург әуежайына табаны тиді. Сонадайдан сорайып Петя көрінді. Жанындағыны ұлы Марат па деді. Жігіт болып қалыпты, бет әлпеті Сандуғашына келіңкірейді. Тек жирен шашы мен жүзі өзге ұлт­тың өкілі екенін айқындап тұр. Марат пен Петяны құшағына алды, бір-бірлеріне көңіл айтысты. Петя қалбалақтап-ақ жатыр. Үйге шақырып, дәм ауыз тиіп, тынығып алған соң ғана зират басына барайық деп өтінді. Бірақ Қасымбек кесіп айт­ты. Бірден Сандуғаштың басына барулары керек. Көкірек тұсын тулатқан бір уыс топырақты Сандуғаштың қабіріне салып барып тыншымақ.
Көп ұзамай бұлар мінген машина қала сыртына қарай зулап келе жат­ты. Құмырсқадай жүйткіген қалың машинаға қарап таңырқауда. «Мына қаланың адамынан машинасы көп шығар».
Сапырылысқан оймен арпалысып отырып қалың қорымға жеткендерін де байқамай қалды. Бажайлап қараса, төңірек толған крест. «Әй, әй, қайда әкелді мына антұрған?!..» Дауысы қат­тырақ шығып кеткен, алдыңғы орындықта жол көрсетіп отырған Петя жалт қарады.
– Потом… потом, – деді ол қыпылықтап.
Түкке түсінбей Қасымбек отыр есеңгіреп. Олай да қарайды, былай да қарайды, қаптаған крест белгісі бар зират­тар. Сөйтіп отырғанда машина кілт тоқтады. «Ойбай-ау, мынау орыс зираты ғой». Денесі дір ет­ті. Бірақ жаман ойға қиғысы жоқ. «Мүмкін мына соқпақ қаптаған қалың крестен өткен соң мұсылман зиратына алып шығар төте жол шығар». Петя өкшесі-өкшесіне тимей зытып барады. «Сандуғаштың мына әкесі қай-қайдағыны сұрап есімді шығармасын» дегендей, жеткізер емес. Қасымбек ентіге бастады. Кенет Петя кішкене соқпақпен кілт оңға бұрылды да тоқтай қалды.
– Пришли, – деді ақырын. Көзінің астымен Қасымбекті бағып қалды. Уақытша қоршау ішінде томпиып Сандуғашы жатыр. Жүрегі егіліп қоя берді. Буындары дірілдеп, бойынан әл кеткендей. Шағын қоршаудың кішкене есігінен ене бере бірден зират басындағы тақтайшаға көзі түскені сол, бойы мұздай жөнелді. «Серебрякова Сандугаш». Ал крестке көзі түскенде қойнына жылан салып жібергендей күй кешті. «Сұмдық-ай… Мынасы не, мынау қай сұмдығы?!» Көз алды тұманданып, басы айналғандай. Қос тізесі дірілдеп, құлауға шақ қалды. Петя мен Марат қолтығынан демей берді.
– Вы что, вы что? – деп, екеуінің көздері бақырайып барады. Сүйемелдеп кішкене ағаш орындыққа отырғызды.
Есеңгіреп қалды, есін жия алар емес. «Мынау не?» дегенді білдіріп күйеу балаға қарады аларып. Петя елп етіп жанына келді.
– Она за пол года до смерти приняла другую религию, христианство, – деді үлкен күнә арқалағандай күмілжіп. – Тяжело болела, страдала, все время говорила о Вас.
«Кім мәжбүрледі шоқынуға, басқа дінге кіруге?» – деп Қасымбек сұраған жоқ. Енді оның керегі де шамалы. Тек сондай ақылды қыздың шалыс басқанына миы жетер емес. «Жат діндегі жат үйде санасы уланған». Қара тастай қақшиды да қалды. Көзінен жас та шығар емес. Көз бұлағы кеуіп, қан тамырлары семіп қалғандай.
«Әуп!» – деп, әлден уақыт­та бойын тіктеген Қасымбек, қойнына қолын жүгірт­ті. Кішкене қалтаның аузын шешіп, бар күшін бойға жинап ілгері ат­тады.
– Что это? – деп, көзі бақырайды Петяның. – Земля что ли? Зачем?
Петя мен Марат осқырына қарап қояды. Қасымбек болса тағы бір-екі ат­тап, томпиып жатқан қабір үстіне уыстап топырақ сала бастады.
– Топырағың жеңіл болсын, балапаным, – деп кемсеңдей бастады. – Туған жеріңнің топырағы. Құлдыраңдай жүгіріп көбелек қуған, табаныңа тікені қадалған жердің топырағы. Жаның жәннат­та болсын, ба-ла-па-а-ным… Туған еліңнің топырағын иіскеп жат, ба-ла-па-а-ным… – Маңдайын қабірге тигізді.
Қасымбектің жүрегі шым-м ет­ті. Құран оқымай қалай кетпек? Дұға бағыштамаса, сон-о-оу ит өлген жерден неге келді? Оқиын-ақ десе, бір ой алқымнан алып тұншықтырып барады. «Орысқа құран оқығанды қай атаңнан көрдің, ойбай-ау, ол шоқынып кет­ті емес пе!?» Тынысы тарылды, ауа жетпей барады. Көйлегінің алқым түймесін ағыт­ты. Не істеу керек? Бұрқ етіп маңдайынан тер шықты.
Көз алдынан балапанының балапан шағы жалт ет­ті. Ерекше зерек, пысық болып өсті. Бірде тау бөктеріндегі қалың шөп арасында ұйықтап қалған еліктің кішкене лағын көтеріп келгені бар. «Құралай» деп оған ат қойды. Емізікпен сүт беріп, құшақтап жүретін. Аз күнде ширап сала берді, әбден бауыр басты Құралайы. Безе жөнелген Сандуғаш соңынан жүгіріп, бір қалмайтын. Сандуғаштың сонда мәз болып сықылықтаған сәті көз алдына келді. «Менің екі бауырым бар, үлкені Сабыр, кішісі мына Құралай», – деп, кішкене сұрғылт лақты құшақтайтын. Сабыр ол кезе қалт-құлт етіп жүре бастаған.

«Елпілдеп тұратын еліктің лағындай құлыным-ай!.. Қой, құран оқиын, қазақ болып шыр етіп дүние есігін ашты ғой». Тамағына тас тығылғандай, жұтына алмай қалды. Әлден уақыт­та барып бойын жинады, тізерлей отыра қалып сарнатып құран оқи бастады. Құран сай-сүйекті сырқыратып, құдірет­ті әуені төңіректі ұйытып барады. Петя мен Марат та ілесе отыра-отыра қалысты.
Күн жексенбі еді. Әр-әр жерде туғандарының басына келіп, зират төңіректерін тазартып жүргендер құран оқыла басағанда-ақ қайқаң еткізіп бастарын жұлып алды. Мойындарын керіктей созып, мына көрініске таңданыса қарап қалған. Төңіректі күңіренткен мына жанның жат адам екенін бірден аңғарды. Бір өзінің дауысы мың кісідей болып, елді шошыт­ты. Бұған шатынай, шақшия қарап қалды самсаған крест. Ал Қасымбектің олармен ісі болған жоқ. Қабір астында жатқан құлыншағының құлағына жетсін дегендей, ерекше мақаммен оқуда. Төңіректі күңіренткен дауыс, тебіренткен әуен…
– Қош!.. Қош, қарашығым… Қош, балапаным… Қош, жанбай жатып өшкен құлыным, ерте үзілген жұлыным… – деп, иегі дір-дір етіп, шайқалақтай орнынан тұрды.
Бір сәт денесі түршігіп қоя берді. Тұла бойын ызғар шалды. Мына қаптаған мүрде басындағы крестер бұған түксие қарайтындай, сәл бөгелсе, тап берердей. Құлағы күңгірлей бастады. Біреулер тіксіне, кіжіне сөйлейтіндей. Ілгері ат­тағаны сол, жаңағы дүңгірлеген дыбыстар ілесе жөнелді. Қалар емес. Сөздері де айқын естілгендей. Тітіркеніп келеді әлдебір дыбыстардан, бұлдыр сөздерден. Қаптаған крест бұған жақтырмай, жатсына сөйлеп қоя бергендей.
«Мына басқа діннің адамы қайдан жүр?»
«Мазамызды алмай, жоғалсын!».
«Қуыңдар, қаңғыған қазақты!».
Қасымбекті елес қуғандай. Сансыз ой, сансыз сұрақ шабақтап қояр емес. Сандуғашы болмаса, қаңғып келер ме еді, бұл үрейлі жерге?! Жат діндегі, жат қорымға?!

* * *
Ұшағы ертең ұшады, бір күн қонуға жоспарлап келген Қасымбек. Қазіргі ойы астаң-кестең. Балапанын жалмап қойған, ызғар шашқан мына қалада бір сәт бөгелгісі жоқ. Петяны билет­ті ауыстырып әкел деп жұмсаған. Ол солбырайып қайтып келді. Амалсыз қонуға тура келді.
Жұпыны бір жарым бөлмелік пәтер екен, совет­тік құрылыс қолтаңбасы. Петя сырқат шешесін жарты жыл бұрын жер қойнына жөнелтіпті. Бір үйде екі еркек. Қол сөмкесін қойып үй ішіне көз жүгірт­ті. Жарымжан көңіл жүдеп қоя берді. «Мына тұрмыс, үш бірдей жанды асырау Сандуғашты жаман ауруға шалдықтырмай қайтсін?!». Уайым деген жеп тынады ғой адамды, киімге түскен күйедей. Сандуғашының туған топырағына ат ізін салмай кету себебін жаңа ұқты, жоқшылық… жоқшылық… тағы да сол жоқшылық… Бәсе, соншалық жатбауыр емес еді ғой… Жүрегі езіліп, тағы аңның баласына дейін еміреніп тұратын Сандуғашы емес пе еді…
Қыпылықтап жүрген мына күйеу бала әу баста қаладағы тәп-тәуір институт­та оқыпты. Студент­тер мерекесінде танысыпты Сандуғашпен. Содан желімдей жабысып, қыр соңынан қалмаған. Ақыры… Үйленгеннен кейін діннің теріс бір ағымына түсіп, қияли күйге душар болған. Институт жайына қалады. Ұшып-қонып жалдамалы жұмыс істейді. Тұрақты жұмысы жоқ. Зілдей ауыртпалық, күйзеліс, орны толмас өкініш Сандуғашты алып ұрған ақыры. Мұның бәрін тілінен қысқашпен суырғандай етіп, үлкен қызға әрең айтқызған жол жүрер алдында.
Қарлығаш беріп жіберген қолдың майы мен құрт, ірімшікті дастарханға қойды. Марат сары майдан ауыз тиді де: «Какая кислятина», – деп, тыжырына қалды. Бұл қылығы Қасымбектің өзіне тыжырынғандай әсер ет­ті. «Ит­тің ішіне сары май жақпайды», – деді Қасымбек тұңғыш рет кесірлі жие­нін жанарымен түйреп.
Күні бойы нәр сызбаған Қасымбек Петя қуырып әкелген картопқа қол да созбады. Тілім нанға Қарлығаштың сары майын жағып бір шыны шай ішті де, тозығы жеткен диванға жантая кет­ті. Дөңбекшіген сайын ойбайлап жоқтау айтқан жаман диван. Көз іле алсайшы. Сандуғашы көз алдынан кетер емес. «Не болып барады бұл ұрпақ?!» Ауық-ауық ызғар шашқан крест көз алдында көлбеңдейді…
Алып ұшақ елге бет түзеді. Қасымбек ой шырмауынан шыға алар емес. «Діні басқаның тілі басқа, Сандуғаш әуелі тілінен айырылды. Соңынан ділінен айырыл­ды. Барып-барып шоқынуға көшті. Жат елдің салты қазақы қасиет­ті жалмады, содан барып бойында ұлтын айғақтан еш нәрсе қалмады. Ақыры өзін де жалмады. «Ер жаңылып қолға түсер, құс жаңылып торға түсер» деуші еді бұрынғының ойшылдары. Сандуғашының тағдырына арнап айтылғандай. Жаңылып торға түсті-ау…
«Құс өліп, балапан
қалса – қияқ қалар,
Ат өліп, құлын қалса –
тұяқ қалар,
Ата өліп, бала қалса – мұрат қалар». Мұны да айтып кеткен сол дана бабаларымыз.
– Ал бала өліп, әке қалса ше!?.. Не қа-ла-ды?!.. – Қасымбек дауысы күңірене естілді… – Ұшақтағылар бұған шошына қарасты. Күйзеліске толы дауысы тым қат­ты шыққан еді.
Қасымбек екі көзі шүңірейіп, жағы суалып, белі бүкшиіп, сүйегін сүйретіп елге әрең жет­ті. Осы екі күн жиырма жылдық өмірін қысқартқандай. «Шығарда жаным басқа» деп жүретін Сандуғашының сүйегі жат елде қалды. Қазақ болып туып, орыс болып жер қойнына енді. Жат елде… жат мекенде… Зират басында ызғар шашқан крест…

 

 

 

 

 

 

Зейнел Жекейұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір