БІР УЫС ТОПЫРАҚ
03.09.2024
126
0

(Дүниеден мезгілсіз озған Түркиядағы Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлының рухына) 

Мынау дүниенің жалған екенін жаныңа жақын жандар дүниеден озғанда, қат­ты сезінесің! Кеше ғана тілдесіп, сөйлесіп, пікірлесіп жүрген жан бүгін жоқ екенін сезгенде, жан күйзеледі. Осыдан екі аптадай бұрын Түркі дүниесінің бірлігіне жан-тәнімен қызмет еткен асыл жан, аяулы қаламгер, Түркиядағы Еуразия Жазарлар Бірлігінің төрағасы Якуб-бей Өмероғлы ауыр науқастан көз жұмды. Қартайып тұрған жан емес, небәрі 58 жаста.

Ол 1966 жылы Түркияның Чанкыры елді мекенінде туған. Мектептен кейін Хасаноглан-Ататүрік лицейін, содан соң Анкара университетін тамамдаған. 1993 жылы Анкара университетінің докторантурасын тамамдап, докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін 1994 жылдан бастап, Ван Жүзінші Жыл университетінде оқытушы болып еңбек жолын бастаған. 1994–1997 жылдары Түрік Республикасы Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 1997–2000 Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде мәдениет жөніндегі директоры қызметін, 2000–2002 жылдары Түркияға оралып, Ауыл шаруашылығы және ауыл ісі министрінің кеңесшісі лауазымды қызмет­терін атқарады. 2002 жылы Гази университетінің оқытушысы, 2004–2006 жылдары Түркия Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарған. 2006 жылы өзінің қаламдас достарымен бірлесіп, Түркі әлемінің ақын-жазушыларының басын біріктіретін Еуразия Жазушылар одағын құрып, өмірінің соңына дейін сол қызмет­ті абыроймен атқарды. Ол бүкіл Түркі дүниесі қаламгерлерінің шығармаларын жариялайтын «Қардеш қалемлер» журналын шығарып, әлемдегі түркі тектес ақын-жазушылардың шығармаларын түрік тілінде басатын «Бенгу» баспасын ұйымдастырды. Оның бір өзі 100-ге жуық түркі тектес халықтардың әйгілі қаламгерлерінің кітаптарына редактор болды. Ол өзі де әңгіме, хикаят­тар жазатын. Якуб Өмероғлының прозалық шығармалары поляк, әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, парсы, молдаван, орыс тілдеріне аударылып басылды.
Менің өз басымның Якуб беймен байланысым 1993 жылдан басталды. Сол жылдың 15–20 қыркүйегінде Алматыда Бүкілтүркі дүниесі ақындарының жыр фестивалі өт­ті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрік ақындарының ішінде, Якуб Өмероғлы да бар еді. Сол фестиваль қазақ жерінде барша түркі әлемі ақындарының басын қосқан айтулы жыр мерекесі болып тарихта қалды.
Фестивальдің Абай атындағы бас жүлдесі түрік ақыны Бахаддин Қаракөчке бұйырды. Оған Жамбыл ауданына барған сапарда ата салтымен астына ат мінгізіліп, үстіне шапан жабылды. Лауреат­тардың қатарында ноғай шайы­ры Мұрат Әвезов, қазақ ақындары Исраил Сапарбай, Жәркен Бөдешұлы, Нұрлан Мәукенұлы, Баян Бекетова бар еді. Қазақтың сыршыл ақын қызы Баян Бекетова:
«Мұрагермін мұңыңа Мағжан ақын,
Мен шаңыңмын шұбалған соңыңдағы…» – деп келетін «Мағжанға» деген өлеңін оқығаны үшін бәйгелі болды.
Сол сапарда өндірдей жас түрік қаламгері Якуб-беймен таныстық. Кейін сол таныстығымыз өз жалғасын тапты.
Онымен келесі бір кездесуіміз 2001 жылы Бакуде өткен «Хазар жыр ақшамдары» фестивалінде жалғасын тауып еді. Түркі дүниесінің ақындарын Әзербайжан елі ерекше құрметпен қарсы алды. Баку көшелерінің бәріне «Хазар жыр ақшамдары» туралы жарнамалар көптеп ілінген. Негізгі фестивалдің салтанаты опера және балет театрының ғимаратында өт­ті. Қазақстаннан ақын Болат Шарахымбай екеуміз барғанбыз. Сонда Якуб-беймен қайыра жүздестік. Жүзінен нұр шашып, күлімсіреп тұратын бір айрықша жан еді. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін. Біздің түсінбей қалған түрікшемізді қасымызда жүріп, еркін аударып беретін. Сол сапарда ол мені түріктің көрнекті ақыны Али Акбашпен таныстырды. Кейін Али екеуміз бір-біріміздің жырларымызды аудардық.
Тағы бір жылы Түркияның Елазығ шаһарында қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовқа арналған жыр фестивалі өт­ті. Қазақстаннан Мұхтар аға Шаханов екеуміз бардық. Брюссельден Шыңғыс ағаның өзі де келіпті. Алдымен, Стамбулға жетіп, одан Тұрғұт Өзал туған Малатия қаласына ұшақпен жет­тік. Одан күтіп алған арнайы көлікпен Елазығқа бардық. Елазығ қаласының орталығынан Шыңғыс ағамызға арналған саябақ ашылды. Жыр кештері өт­ті. Сонда менің қазақша оқыған өлеңімді Якуб-бей түрік тіліне еркін тәржімалап беріп еді. Бұл жерде баяғы тарихтан оқыған Евфрат өзені бастау алады екен. Таудың басындағы сол Евфрат өзенінің бастауынан су ішіп, балығымен түстендік.
Филолог ғалымдар, Фрат университетінің профессорлары Ахмет Буран, Ержан Алкайа сияқты жаңа достар таптым.
Якуб-бей соңғы бірнеше жылдар бойы Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен тығыз байланыста көп жұмыстар атқарды. Әсіресе ТҮРКСОЙ-дың бірнеше жыл Бас хатшысы болған қадірлі ағамыз Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновпен ерекше достық қатынаста болды. Ол ТҮРКСОЙ ұйымдастырып өткізетін барлық іс-шаралардың басы-қасында болып, бүкіл Түркі дүниесін шарлап жүретін. Өзім куә болған кейбір шараларды айтып кетейін. 2011 жылы ұлы ақынымыз Қасым Аманжоловтың тойы ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекет­терде халықаралық деңгейде аталып өт­ті. Түркияның Ялова шаһарында өткен Қасым ақынның 100 жылдығында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жасаған баяндамамды тағы да Якуб бей алдымнан шығып, шырайын шығарып еркін аударды, үлкен сахна төрінен.
Ал осыдан тура бес жыл бұрын Сәкен, Ілияс, Бейімбет­тің ТҮРКСОЙ-дың Анкарадағы Бас штаб-квартирасында өткен жиында Якуб Өмероғлымен тағы жүздестік. Емен-жарқын күлімсіреп, қазақ достарының сөйлеген сөздерін түрік қауымына жеткізіп, екі ел арасындағы алтын көпірдей болып жарқырап жүрді.
Кейіннен Жамбыл атамыздың 175 жылдығына барғанымызда да, алдымыздан аңқылдап Якуб-бей шығып еді.
Ал осыдан біраз жылдар бұрын Ескішеһир шаһарында Түркі тектес мемлекет­тердің үлкен кітап жәрмеңкесін өткізіп, Қазақстаннан да біраз баспалардың өкілдерін шақырды. Мен «Қазақ энциклопедиясын» басқаратын кезім. Көп кітапты ұшаққа артып барып, өз өнімдерімізді көрсетіп қайт­тық. Барғаннан қайтқанымызша, құрақ ұшып, жанымызға демеу болып, Якуб-бей жүрді қасымызда.
Сонау бір жылдары Македонияның Үскіп(Скопье) қаласындағы «Шиир шөленіне» шақырылдық. Қасымда талант­ты ақын Жарас Сәрсек бауырым бар. Екеуміз талай жерді көріп қайт­тық. Алдымен, Стамбулдан түсіп, әрі қарай Македонияның астанасы Скопьеге ұштық. Еуропадағы ең үлкен тұщы көл Охрид көлін көрдік. Жағасында Струга деген шағын қалада өлең оқыдық. Көлдің арғы беті Албания мемлекеті екен. Сол сапарда Балкандағы ең биік таулардың басындағы, қазіргі Сербия мемлекетінің жеріндегі Маврово ат­ты курорт­ты қалаға барып та қазақ өлеңін оқыдық. Қайтарда Косова мемлекетінің астанасы Приштина қаласынан Стамбулға ұштық. Осы сапарлардың бәрінде де Якуб- бей қасымызда жүрді.
Сондай сапардың бірінде туған жырымды Якуб Өмероғлына арнап едім. Өлең жарық көрген кітабымды сыйлағанда, жарқылдап қуанып қалып еді. «Анадолыдағы жыр кеші» деген өлеңнің мәтіні былай болып келеді:
Ай көрініп ар жағынан бұлт­тың,
Өлең кеші. Алуан-алуан сыр ұқтым.
Түрлі-түрлі мақамменен төгілтіп,
Ақындары жыр оқиды түріктің.

Қалың қауым мың серпіліп,
мың түлеп,
Өлеңіңе қол соғады дүркіреп.
Жанарыңнан найзағайлар
жарқылдап,
Жыр оқисың сонда күндей күркіреп.

Қорқыт – атам десең бәрі табынар,
Ясауидің хикмет­терін сағынар.
Әкімдері ақынына бас иген,
Түріктердің маңдайының бағы бар.

Шайырлары – ақ қанат­ты күліктер,
Арғымағын шабытыңның мініп көр.
Абай атын естігенде тік тұрып,
Мағжан жырын жатқа оқиды
түріктер.
…Бір екенін тамырымыз, түбіміз,
Бір екенін дініміз бен тіліміз,
Түрік бауырым, түсінеміз айтпай-ақ,
Сен екеуміз бірімізді-біріміз.
Қазақстан Жазушылар одағы Мәдениет және ақпарат министрлігінің серіктестігімен «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» ат­ты жобаны іске асырмақ болғанымызда, осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанға шақырып, телефон шалғанымда, өзінің сырқат­танып қалғанын айтып еді. Соңғы рет 1 шілде күні сөйлесіппіз. Өзі келе алмайтынын, өз орнына Мұғла Сытқы Кошман университетінің профессоры, қазақ тілін білетін, Абайдан бастап көптеген қазақ жазушыларының шығармаларын түрік тіліне аударған шәкірті Екрем Аянды ұсынған еді. Сол айтқанын орындап, Екрем мырзаны шақыртып, Қазақ­станның 17 облысы, 3 қаласынан келген талант­ты жастарға дәріс оқыт­тық. Өткен аптада «Достық үйінде» өткен «Қазақ әдебиетінің жаңа белестері» ат­ты басқосуда сол Екрем Аян Якуб Өмероғлының дүниеден озғанын естірткенде, залдағы күллі қазақ жазушылары орындарынан тік тұрып, марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды. Өйткені қалам ұстаған қауымның көбі дерлік өмірден ерте озған Өмірұлын біледі, тіпті шапағатын көрген.
Ол бүкіл өмірін Түрік бірлігіне арнаған бүкілтүркі дүниесіне ортақ тұлға еді. Балкан түркілерінің, татарлар мен башқұрт­тардың, қазақтар мен қырғыздардың, малқарлар мен қарашайлардың, әзербайжандар мен түркімендердің, өзбектер мен сахалардың, алтайлар мен ноғайлардың, тағы басқа түркі халықтарының біртұтастығы үшін жан аямай қызмет қылды. Әсіресе қазақтарды – қара шаңырақ иесі деп, Қазақстанды – атажұрт деп айрықша жақсы көретін. Оның жанкешті еңбегі сонау ертеректе өмір сүрген қырым татары Исмайл -бей Гаспірәліні еске түсіреді. Исмайл Гәспірәлі бір жазба өсиетінде былай деп жазыпты:
«Бiлесiздер, топырақ – Алла емес. Бiрақ Алланың жаратқан нәрсесiнiң ең оңдысы, ең қадiрлiсi, жанға саясы, жұртқа панасы. Адам – мақұлықтардың құрмет­тiсi, артығы дейсiздер. Құдай тағала адамды алтыннан жаратқан жоқ, күмiстен де жаратқан жоқ, баяғы жақынға сая, жұртқа пана болған топырақтан жарат­ты. Алтын да – топырақтың құтыменен болған нәрсе. Жанға құт беретiн, ғұмырға берекет беретiн, арысаң ат, ашықсаң тамақ болатын топырақ, топырақ және топырақ! Айтып-айтып келiп, мынаны айтамын, шырақтарым! Бақ болсын, бақша болсын, қара болсын, тақыр болсын, тас болсын – қолыңа тиген топырақтан айырылма! Мойындарыңдағы парыз – осы!..».
Осы сөзді бір жарым ғасырға жуық уақыт­тан кейін бүкілтүркі дүниесінің адал перзенті, жазушысы, ақыны, аудармашысы, қоғам қайраткері, баспагері, Еуразия Жазушылар одағын өз қолымен құрған басшысы Якуб-бей Өмероғлы да айтып тұрғандай.
Жер шалғай болғандықтан, менің сенің жас қабіріңе салған бір уыс топырағым, осы естелік жазба болсын, жан досым!
Мекенің жәннат болсын!

Бауыржан ЖАҚЫП,
Қазақстан Жазушылар одағы
басқарма төрағасының орынбасары,
ақын-академик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір