Тұманды Альбион елінде
25.12.2015
2474
0
(жолсапардан)

1. Әлемге үн қатқан қала

12323_543422741______________________Бұл қаланың аты – Ковентри. (ағыл­шынша – Coventry). Елдің шығысында орын тепкен Уэлст-Мидлендс атты ағылшын граф­тығы. Мұн­да фабрика өнеркәсібі ерекше дамыған: әсіресе, әр түрлі үлгідегі шляпа тігу өнері барынша жолға қойылған. Сонымен бірге, мұнда әр­алуан сағаттар, велосипедтер, тігін машиналары шығарылады. Тіпті, кілемдермен түрлі ленталар да жасалып келіпті.
Осы қалада Джэгьюар Ленд Ровер ком­пания­сы­ның штаб-квартирасы орна­ласқан. Бұл компания «Ягуар» және «Лэндровер» маркалы автомобильдерді әлем жұртшы­лығына молы­нан ұ­сынумен аты шыққан.
Елдің бас қаласы – Лондоннан небәрі 150 шақырым жерде орналасқан.
XIV ғасырда Ковентри мата саудасының орталығы саналған. 1345 жылы қала мәрте­бесіне ие болып, 1451 жылы графстволық орталыққа айналды.
Қалада ақын Филип Ларкин мен актер Клай­во Оуэн туған. Музыкант Джен Леджер мен әнші-сазгер Софи Мишель Элмс-Бекстер де осында дүниеге келген екен. Бұлардың әрқайсы­сының өнер-әдебиетте өз орны бар.
Әрине, қаланың арғы-бергі тарихы қазіргі оқырмандар  үшін аса таңсық емес, кез келген кісі сайт арқылы оны біліп, тү­гендей алады. Сосын да тарих қойнауына негіздеп еніп, бойлап бара бергіміз жоқ. Біздің бұл жазбаларымыздың мақсаты мүлде басқа.
Бізді таңқалдырған, өзгеше ойға жетелеген екі нәрсені баса айтқымыз келеді.
Оның біріншісі – «Леди Годива» тас­тұғыры. Мұның тарихы өте қызық. Сәйгүлік аттың үстінде тыржалаңаш әйел отыр. Ол кім? Ол – леди Годива. Бұл әйел – бір жылдары әйгілі ақын Теннисонның осы аттас тамаша поэмасына да кейіпкер болыпты. Тебірене-толғана жырлаған екен талантты ақын…
Сонша шабыт беріп, поэма арнайтындай бұл не құдірет? Ақынды несімен, қандай қасиет-қыры­мен шабыттандырды екен? Сондай сауалға жауап іздеп бақтық.
Тарихы мынадай:
Леди Годиваның алғашқы есімі – Годгифу болыпты. Өзі сол кезде-ақ қоғамда аты мәлім ханым болған. Ал, Леофрик есімді азаматқа тұрмысқа шыққан соң, атақ-даңқы онан бетер асқақтады. Кең тарады.
Екеуінің арасында болған бір аңыз әңгіме осы күнге дейін ел есінде сақталған. Ол былай: леди Годива жергілікті халықтың ауыр салықтан әбден қалжырап-қажығанын көріп, күйеуі лорд Леофриктен салықты азайтуды өтінеді. Оған Эрл Леофрик мынадай шарт қояды. Егер тыржалаңаш ат үстіне отырып, қаланы аралап шықса, онда өтінішін қанағаттандыратын болады. Леди Годива қулық ойлайды. Бір күнді таңдап, сол күні қала халқының бәрі есіктерін жауып алып, үйден шықпай отыруын талап етеді. Сөйтіп, атқа отырып, аралап шығады. Тек бұны Том есімді жас жігіт қана сығалап қарап отырып, көріп қойса керек. Уәжден жеңілген күйеуі салықты төмендеткен деседі.
Аңыз, әрине. Алайда, осындағы бүкіл халық осы аңызға имандай сенеді. Иланады. Леди Годиваны жалпақ жұртқа жаны ашы­ған, жүрегі таза, ниеті ақ әйел заты ретінде төбелеріне көтереді. Сосын да тастұғыр қала орталығында еңсе тіктеп әлі күнге тұр.
Көп кісі, әрине, тап осы тастұғырдың түпкі мән-мағынасын дөп түсінбеуі де ықти­мал. Кей­біреу­лер «әйел кісіге бүкіл қаланы осылай жала­ңаштанып ат үстінде аралап өтуі де ерлік пе» деп  ыңғайсыз көруі де мүмкін. Алайда, тарихта аты жазылған әйел затының осы бейнеде ел есінде сақталып қалуға толық хақысы да бар шығар! Же­ңіл ойлылықпен, жылт етпе сезіммен һәм әуейі ниетпен жасалған әрекет еместігі ақиқат!
Екінші жағынан ойлайсыз. Қалай десек те «Леди Годива» тастұғыры – тарихи бағалы ескер­ткіш! Кешегі заманнан қалған асыл жәді­гер! Сосын да бұған өнер туындысы деп аса кұр­мет­пен, мейлінше ықыласты көңіл­мен қараған әбден оңды болмақшы.
Біз соны ойладық. Солай қабылдауға тырыс­тық.
Екіншісі – осы қаладағы халықаралық әмбебап университет.
Былай қарасаңыз, көпке елеусіздеу оқу орны, тіпті, кейбір елдер оның атын әлі күнге дөп басып білмеуі де мүмкін. Біз де алғашқы кезде «әлемді өзіне қаратқан қандай оқу орны екен» деген сауал ізінде болғанбыз. Көкейде күдік те бар­шы­лық еді.
Осында келген соң, ә дегеннен-ақ көп нәрсе­ге көз жетті. Бұл оқу орнында осы кезде әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, білім алып жатқандар шексіз көп. Оқу орнының қырыққа жуық білім беру  корпусы бар екенін білгенде, таңданғаны­мыз да рас. (Салыстырмалы түрде айтқанда – Аста­на­дағы Еуразия Ұлттық университетінің ең көп дегенде 10-15 корпусы бар болар).
Университет жылма-жыл әлемдік дең­гейде оқуға қабылдау үшін жариялы түрде конкурс-байқау өткізеді екен. Міне, сол байқауға кез кел­ген елден кез келген талапкер қатысып, бақ сынай алады. Ал, оза  шауып жеңіске жеткендері осы оқу орнында тегін білім алу жолдамасын қанжығаға байлайды. Ондай шәкірттерге қа­шан да есігі айқара ашық.
Бізді бұл қалаға жол көрсетіп, жетелеп әкел­ген де – кіші қызымыз Айсұлу. Ол өткен жылы осы Ковентри университетінің конкурс-бай­қауында бақ сынап, топ жарып, жеңіске жеткен-ді. Бір жыл оқыды. Магистратурада. Енді міне, оқуын аяқтап, диплом алғалы  жатыр.
Диплом алу салтанатына біз Ботагөз екеуміз қатыстық. Бастан-аяқ тыңдап-тама­шаладық. Таңданысымыз да бар. Көңілге түйгеніміз де көп. Әсер үлкен.
Бұл салтанатты сәт студенттер тұрмақ, бізді де барынша ойландырды. Жас маман­дарға ізет белгісі ерекше. Бітірушілерге құрмет бөлек.
Мәртебелі қонақтар төрде отырды. Зал толы халық. Бәрі де – ата-аналар.  Олардың арасында кім жоқ? Жер жүзіндегі барлық  ұлт өкілдері бар десе де болғандай. Ақ түсті, сары түсті, қара түсті…
Екі-үш топ бітіріп жатыр. Бөлек-бөлек диплом тапсыру рәсімін (арнайы киім кию, сап түзеп келу, ізет жасау, диплом алу, сосын құрметті профессордың қол қысып құттық­тауы, т.б.) жасады. Ал, солардың арасында… екі-үш қана  қазақ  қыздары. Өте аз. Біраз саз! Өз күш­тері­мен арнаулы грантты жеңіп алған жас ұрпақ. Бүгінгі қазақ ұландары. Соны ойлағанда, төбе­міз көкке жеткендей болып, қуанып отырдық.
Сол шарадан қатты әсермен шыққан біз 1940 жылдары неміс фашистері бомбалаған св. Михаил соборының орнын көріп, қатты қамық­тық. Соғыс өрті бұл елді де барынша шарпып өтіпті.  Соғыс сызы сезіліп тұр. Ызғары айқын.
Қаланы араладық.
Тап-таза. Адамдары мейірімді. Ешқай­сысы саған қабақ түйіп, қиғаш мінез танытпайды. Қолың кішкене тиіп кетсе де, «Сори» деп кешірім сұрап тұрғаны.
Сондайда өз еліңді, өз халқыңды ойлайды екенсің. Біз қандаймыз? Кішкене артық қимыл жасап қойсақ, бір-бірімізге алакөз­денетініміз бар ғой.
Жә, осындай мәдениетті мінезді бізге ағыл­шындар үйретер ме? Ау, бұл қазақ әу баста өте мейірімді, өте адал, өте бауырмал ел емес пе еді! Ата-бабадан қалған ескі дәс­түр, ескі салт соны білдіреді ғой. Бірақ сон­дай қасиетімізді жоғалтып бара жатқанымыз қандай өкінішті!
Кешірімді болу, мейірімді болу ғана әлемдік адами ұлы байлық болып қалар, сірә! Соны тезірек ұғынып, сол ізгі жолды мәңгілік мақсат етсек екен біз де…

2. Дана Шекспирдің қаласы

Екінші бір қалаға жол түсті.
Ашығын айтқанда – біздің көңіл қа­лауымыз еді бұл. Ол – ұлы драматург Уильям Шекспир туған қала. Аты – Стратфорд. Біз тоқтаған Ковентри қаласынан небәрі 40-50 шақырым жерде.
Алғашында екі араға қатынайтын кәдімгі автобусқа билет алғанбыз. Оның уақытқа – күндізгі сағат 11.00 болатын. Сол уақытқа тақап, ав­то­вокзалға келсек, Стратфордқа баратын автобус бес минут бұрын жүріп кетіпті. Біз аң-таңбыз. Бұл қалай?
Автовокзал қызметкерлері қатты састы. Біздің кінәміз емес, өздері кінәлі. Онлайнмен алынған билет дұрыс. Тек автобустың жүру графигі таяуда өзгерген. Ал оны онлайнға уақтылы енгізбеген. Бұрынғы уақытымен қалып қойса керек. Бар кілтипан – сонда.
Біз де шарасыз болып, отырып қалдық. Енді не істемек керек?
Мен ішімнен «Шекспир туған қалаға бару­дың сәті түспейтін болды-ау» деп, өзім­ше өкі­ніш білдіріп те тұрдым. Өйткені, енді­гі автобус тек кешкісін жүреді. Біз барғанша музей жабылады. Ертеңге қалу қажет. Оған біздің мүмкіндігіміз болмайын деп тұр. «Қап!» деймін ішімнен.
Шешуін өздері айтты. «Сәл күте тұры­ңыздар, ойластырып жатырмыз», – деді. Күттік. Ақыры бізге ар­найы көлік бөлінді. Үшеумізге – жеке такси. Сол автобусқа алынған билетінің құнына Стратфорд қаласына жеткізіп салмақ­шы.
Міне, әділдік! Міне, кісіге деген құрмет! Жеңіл көлікке 50 шақырым жер де сөз бе! Деп-демде жеткізді де тастады.
Қалаға кірген соң, дереу Шекспирдің музей-үйіне беттегенбіз. Ескі үй. Ағаштан құрап-тұрғызылған. Төбе­дегі белағаштар да ырсиып-ырсиып көрініп тұр. Екі қабат үй екен. Тап осы үйде жас Уильям дүние есігін ашқан. Бес жасқа дейін сәби боп еркелеп жатқан ке­реуеті де сақтаулы. Ескі, әрине. Ағаш астау іспетті. Бөлмелерді араладық. Едені ағаш. Сықыр­лап-сықырлап, «мен ескінің көзімін ғой, мені байқадыңдар ма» дегендей әндетіп қояды. Ескі заманнан өз әуенімен сыздықтата сыр шертіп тұрған­дай.
Ерекше көзге түскені – осында Шекспир­дің барлық драмалық шығармаларының көрініс­терінен фотостенд жасалыпты. Сансыз көп спекта­кльдерден көріністер. Ол ұзыннан-ұзақ қабырғаны алып тұр. Қайта-қайта қарай бергің келеді. Бәрі – таныс көріністер…
Тағы бір тұста – Шекспир шығармала­рының әр кездердегі басылымдары. Олар да өзіне тарта түсіп, өзінше сыр айтады. Әр­қайсысына үңіле қарайсыз.
Стратфорт қаласы, меніңше, ұлы драматургпен тыныстап тұрғандай. Маған солай секілденді де тұрды. Өйткені, ол тұрған үйге жалғаса тағы да бірне­ше үйлер бар. Онда өзі тұрған, қызы тұрған, т.б. ет жақын туыстары тұрған. Бәрі де музейге айналған.
Тіпті, Шекспир бақилық болған соң туған-туыстарымен жерленген орталық шіркеу де музей қызметін атқарады. Оған да келушілер өте көп. Шексіз көп. Кіріп-шығып жатқандар сансыз.
Ұлы Шекспир! Ұлы драматург! Ұлы ақын!
Тап осы талант бұл қалада тумаса, бұл то­пы­рақ­тың аты әлемге дәл мұншалық жайылар ма еді, қайтер еді? Біз келер ме едік, келмес пе едік! Осынша құмартып, іздер ме едік, іздемес пе едік!..
Бір сәтке осындай ой қылаң еткен. Көз алдыңа әр түрлі суреттер елестейді. «Король Лир», «Гамлет», «Отелло», «Макбет», «Ромео мен Джулетта», т.б. драмалардың әр кез­дер­дегі қойылымдарын еске түсіресің. Он­дағы рөл­дерді, көріністерді әлемге аты кеткен қаншама талантты актерлер ойнады-ау дейсің!
Болмаса М.Әуезов тамаша тілмен қазақ­шалаған «Асауға тұсау!».
Біз Мәскеудегі, Алматыдағы өз көзімізбен көрген Шекспир қойылымдарын ойша көз алды­мызға әкелуге тырысамыз. Көкейге қонақ­тап қал­ған жас кездегі әсерлі сәтті тағы да еске түсіреміз.
Бір қызығы – өз елінде Уильям Шекспирді  «ақын» деп таныстырады. Рас, Шекспирдің өлеңдері, поэмалары өте көп. Алайда, оның атын әлемге жайған – пьесалары. Біз солар арқылы танып өстік. Солай бағаладық.
Қысқасы, біз  Стратфорд қаласын бастан-аяқ аралағанда әр адым сайын Шекспирге қатысты қызықты деректер алдымызды кес-кестей берді.
Міне, бұл ұлылық!


3. Шерлок Холмс шындығы

Жер жүзінде атақты Шерлок Холмс пен доктор Ватсонды білмейтін адам бар ма? Әй, жоқ шығар-ау! Біздің жас күнімізде-ақ осы Лондондағы Бейкер стрит, 221 “б” деген үйде атақты Шерлок Холмс пен доктор Ватсон тұ­рыпты деп оқушы едік. Олардың қыз­мет­шісі Миссис Хадсонды да есімізде сақтаппыз. Осы үшеуінің есімін жатқа білуші ек. Түсімізде көруші ек.
Бұлар – кімдер?
Бұлар – атақты қаламгер Артур Конан – Дойлдың әдеби кейіпкерлері. Тап осы кейіп­кер­лер араласқан тартымды да қыз­ғылықты көркем дүниелердің ұзын-саны 60-тан асып жығылар еді. Біз соның шамамен тең жарымына жуығын ғана оқыған болармыз. Бірақ бір оқырманға ол аз емес, әрине! Сонымен қоса, осы кейіпкерлер ойнайтын түрлі көркем фильмдерді талай рет тамашала­ғанбыз. Әсерлене көргенбіз.
Ең қызығы – аталған кейіпкерлер өмірде болған ба? Әлде жазушы Артур Конан – Дойлдың қиялынан туған ба? Тап осы сауалды ойламаған екенбіз. Өзімізге-өзіміз қоймаппыз. Осы күнге дейін. Қызым осын­дай сауал бергенде ғана ойланып қалғаным рас.
Бір нәрсе ақиқат. Осы күні әлем жұрт­шылығы жазушы Артур Конан-Дойлды көп біле бермес, ал Шерлок Холмсты білмейтіні кемде-кем. Міне, кейіпкердің жазушыдан озып кетуі деген осы болар, сірә!
Лондонға келген күні алдымен осы Шерлок Холмс пен доктор Ватсонның музей-үйін көруді мақсат тұттық. Сол көше. Сол үй. Сол көрініс. Есік алдында қаптаған кісі. Бәрі кезек күтіп тұр. Бар арманы – музейге кіріп, аңыз кейіп­кер­лер өмірімен танысу. Шындыққа көз жеткізу.
Біз билет алып, кезекке жазылдық.
Кірген кездегі әсерді айтып жеткізгісіз. Баяғы бала шаққа, арманшыл жас күндерге қайта оралғандаймыз. Әр бөлмеге кіре  бергенде Шерлок Холмс пен доктор Ватсон алдымыздан шыға келетіндей елеңдейміз. Сескене қарай­мыз.
Үй ескі. Едені ағаш. Басқан сайын сықырлап қоя береді.
Көп заттар сақталған. Шерлок Холмс­тың ск­рип­касы, дүрбісі мен бас киімі, доктор Ватсон­ның қолшатыры, т.б. заттар рет-ретімен қойылған. Тіпті, өздері қатар отырып, әңгіме-дүкен құратын камин пеш пен екі жайлы орындық та көзімізге оттай басылған. (Көп әңгіме осы жерде айтылмаушы ма еді).
Бізді ойландырғаны – ағылшындардың әрбір тарихи жәдігерге соншалық ұқыппен қарайтыны. Соны әспеттеп сақтай білгені.
Міне, тәрбие мектебі!
Шіркін, біздің халық та тап осылай өз өтке­нін өздері ұқыптап ұстап, келер ұрпаққа аманат етіп жатса, қандай ғажап болар еді деген ой бір бүйіріңді түрткілейді.
Осындайда тағы бір төтен ой қиялайды. Жазушының танымал болған кейіпкерлеріне ескерткіш-белгі қоюды білуші ек, оның бастамалары бізде де бар. Ал, енді белгілі кейіпкерлерге арнап, үлкен музей ашу – ең ұлағатты іс. Бізге де ойланатын ізгі шаруа ма дейсің.
Ондай музейге сұранып тұрған кітаби кейіпкер бар ма бізде? Ол енді басқа әңгіме.

4. Әңгімелесу, пікірлесу, ойласу…

Лондон қаласында екі күн болғанда алдымен қазақ елшілігіне бас сұқтық. Төтенше және өкі­лет­ті елші Ержан Қазыханов мыр­заның қабыл­дауында болдық.
Әңгімеміз  бірден қазақ-ағылшын ара­сын­дағы тарихи тамырластық жайына ауысып жүре бер­ді. Е.Қазыхановтың айтуынша Т.Аткинс деген жиһанкез-тарихшы ХІХ ғасыр ортасында қазақ жерінде болыпты. Тіпті, артында мол деректі жазбалары да қал­ған. Өз қолымен салған суреттері де сақта­лыпты. Міне, осы асыл мұра­ны тауып, жеке кітап етіп бастырыпты. Бір данасын бізге де ұсынды. Қуана қабылдадық. Одан соң елші­ліктің алдағы іс-жоспарлары туралы әңгіме­леді. Ел жүктеген, Елбасы жүктеген міндет­терді іске асыру барысында тағы да көптеген мақсат-ойлары барын тілге тиек етіп отырды.
Әңгіме барысында байқағанымыз – осы Лондонда, онымен  жапсарлас  бірқатар қала­ларда қазақ жастары көптеп білім алып жатыр. Сол жас шәкірттер күні ертең елге орал­ғанда, қазақ халқының тұрмыс-тірші­лігі де өзгеше жаңарып-жасара түспек.
Елшіліктен шыққан соң осындағы қазақ диаспорасының өкілі Исмаил Кесиджи мырзамен кездестік. Кең отырып, ұзақ сөйлестік. Исмаил мырза Еуропадағы қазақ диаспорасының басын қосып, желтоқсан айының аяғына қарай жүздесу-пікірлесу кешін өткізетінін толғана айтты. Сондай-ақ ол шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың бүгінгі өмірі, салт-дәстүрі һәм тілді сақтауы турасында кеңінен сөз етті. Алдағы Наурыз мерекесін өзгеше әдіспен, әсерлі етіп өткізу туралы ойларын да жайып салды. Тілі жа­тық. Қазақша судай. Өзі Түркияның Стамбул қаласында дүниеге келген. «Тілім қазақ­ша шықты, әкем менің тек қазақша сөй­ле­ге­німді қалады», – дейді. Есейген соң Қазақ­станға келіп, қазақ қызына үйленіпті. Қазір ұл-қыздары бар. Бірі  – студент, бірі – қызметте.
– Сыртта жүрміз. Елді сағынамыз. Бірақ бұл біздің тағдырымыз, – дейді Исмаил. – Әйтсе де, қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы барып-келуге еш қиындық жоқ. Осыған қатты қуанамыз. Қазақ елінің әлем алдында мәртебесі асқақтай түскенін ылғи да тілеп жүрміз.
Біз Исмаилдан: «мұндағы қазақтар қазақ жазушыларының кітаптарын оқи ма?» – деп сұра­дық. Ол:
– Бәрінің де оқуға ынтасы зор. Бірақ көбісі кириллицамен жазылған кітапты жүгіртіп-жылдам оқып кете алмайды. Арабша, латын­шаға бейім. Қиындық осында, – дейді.
Қазақ елшілігінің қызметкері Асқар есімді жігіт бар – үшеуміздің әңгімеміз біраз уақытқа созылды. Көкейдегі көп әңгіме айтылды. Бірімізді-біріміз толықтырдық.
Бізді қуантқаны – қазақ  диаспорасы ішінде туған жерге деген ынтызарлық пен ұлтқа деген іңкәр сезім мөлдіреп тұрған­дығы.
Бұл – ел  болудың басты шарты.
Осыған қуандық.

***

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – біз аралаған қалалар, мәдени орындар мен музей-үйлердің әсері орасан. Жасымыз алпысты иектеп қалған шақта, әрине, жол-жөнекей көрген-білген нәрсенің бәріне таң қала бермеспіз де. Ондай лапылдақ сезім саябыр тапқан кез. Не нәрсеге де ақыл көзі­мен қарайтын уақыт. Сосын да танып-біл­генді саралап, салмақтаймыз. Елеп-екшей­міз. Сөз жоқ, Англия білмейтін-түсінбейтін еліміз емес. Әр түрлі тарихи кітаптардан ол елдің тарихынан едәуір хабардармыз да. Алайда, көзіңмен көрген жерлердің әсері басқа болады екен.
Бұл жазбаны көзсіз табыну сезімімен емес, бізге де үлгі алуға болады-ау деген ізгі әсер ізі­мен, әр сәтіне тоқтала, мейлінше мұқият қағаз бетіне түсірдік.
Бар ниет сол болатын.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы,
жазушы-драматург.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір