Ұлтты қорғайтын институт

1917 жылдың 25 желтоқсанында (ескіше 12 желтоқсан) Орынбор қаласында қазақтың ұлттық-территориялық Алаш автономиясын құру, Алашорда үкіметі мен Алаш әскерін жасақтау туралы тарихи шешім шыққаны белгілі. Сол тарихи шешім шыққан күннің құрметіне, бүгін, яғни 25 желтоқсан, сағат 17:00-де, Алматы қаласындағы «Тянь-Шань» қонақүйінде Болат Мүрсәлімнің «Алаш автономиясының әскері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтеді. Оған тарихшы-ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Алаш қозғалысы тақырыбындағы ойларын ортаға салмақ. Ә.Бөкейхан төрағалық еткен Алашорда үкіметінің Алаш автономиясы мен оның ұлттық әскерін құру жолындағы жанқиярлық күресі тарихи деректер негізінде баяндалатын «Алаш автономиясының әскері» кітабының авторы, журналист, Алаш зерттеушісі Болат Мүрсәліммен жедел-сұхбат ұйымдастырған едік…
– Сол кездегі Алаш әскерінің айбарында дербестіктің ұшқыны бар ма?
– Ол кездегі Алаш әскерінің өзі туралы нақты айта алмаймыз, Алашорданың әскерін құрушы азаматтардың айбарында дербестіктің болғаны анық. Сол уақытта большевиктер халыққа зорлық-зомбылық көрсетіп, қазақты қынадай қырғысы, қоқан-лоққы көрсеткісі келіп тұратын. Большевиктердің лаңынан қазақты қорғап қалу үшін, ұлттық мүдде үшін, халықтық бүліншіліктен сақтау үшін осындай әскер құрылған еді. Әу баста бұл – әскер түрінде емес, Алаштың милициясы деген атпен, билік институты ретінде құрылған болатын. Бірақ қазан айында большевиктердің билікке келуіне байланысты, өзін-өзі қорғайтын, ұлтты қорғайтын институт ретінде әскерге айналды. Бұл табиғи түрде жүрген тарихи процесс еді.
– Алаш әскері әскери тарихымызға не әкелді?
– Алаш әскері жиырмасыншы ғасырдың ең үлкен проблемасының біріне айналған – большевизммен шағын ғана саны бар халықтың принципті түрде күресе алатынын көрсетіп кетті. 1918 жылдың басынан, Ленинді Каплан атқан уақыттан «қызыл террор» жарияланды. Төтенше комиссариат құрылып, қызды-қыздымен большевиктерге қарсы күрескен кез келген адамды контрреволюционер деп, тап сол жерде, сотсыз, үкімсіз атып тастауға құқық беретін декреттер шығарған. Бұнысын Совет одағы «ақ террорға» қарсы «қызыл террор» деп ақтағысы келді. Шын мәнінде сол заманның көзімен қарасаңыз да, құқықтық өлшемдерімен қарасаңыз да, бүгінгі заманның көзімен үңілсеңіз де ол ешқандай ақтауға келмейді. Олар террорды ресми түрде, саясат ретінде жариялады және сол террордың кесірінен қаншама миллиондаған адам қырылып кетті. Алаш әскері сол қызыл террормен күресу үшін құрылды. Осы тұста Алаштың алдында үлкен саяси таңдау тұрды: Біз большевиктермен бірігеміз бе, әлде казактармен, ақ гвардияшылармен, патша үкіметінің кезінде Ресей әскерін басқарған адамдармен бірігеміз бе дегенде, әрине олар Колчак, Дутов, Анненковтармен бірге күрес майданы алаңына шықты. Себебі, ақ гвардияшылардың жағында өздерін орыс демократиялық интеллигенциясы санайтын кадеттер, социал-демократтар, басқа да партиялардың өкілдері тұрған болатын.
– Егер сол кезде тәуелсіздік алып кеткенде, ол әскер қалай соғысар еді?
– Әрине, біз осы күні «сол кезде тәуелсіздік алып кеткенде» деген романтикаға берілеміз. Бірақ ол кезде большевиктер Алашқа ешқандай да тәуелсіздік бермес еді. Ленин келген бетте Әлихан: «Ульянов-Ленин, Халық Комиссарлары Төрағасы Николай патша сияқты жеке-дара билеуге көшті… …Шаруалар, жұмысшылар мен солдаттар, есте сақтаңдар, большевиктің бетінен революционердің қызыл маскасы сыпырылып түсіп, оның қара жүзді табиғаты ашылды», – деп үндеу таратқан болатын. Ол үндеу сол кездегі Ресейдің бірнеше басылымында жарияланған. Орыс демократтары да қазақтың тәуелсіз мемлекет болғанын қаламайтын, олар импералистік, басқыншылық пиғылда еді ғой. Патшалық Ресей кезінде патшаның басыбайлы саясатына қарсы күрескен адамдардың бәрі патша тақтан құлағаннан кейін, олар да кез келген дербестікке ұмтылған халықтарды «бұлар сепаратистік пиғылда» деп айыптап, қазақтарды, башқұрттарды, татарларды, Түркістан халықтарын, Кавказдағы, Украинадағы барлық ұлттар, дербестікке ұмтылған саяси күштер түгелдей сепаратистер деп есептеді. Ресей біртұтас, унитарлы мемлекет болуы керек дейтін демократтар, тіптен федерализм идеясының өзін сеператистік деп түсінді. Мұндай жағдайда тәуелсіздік алу деген бекершілік еді.
Әрине, тәуелсіздік ала қалған жағдайда қазақ әскері басқыншылықты, біреуге күш көрсетуді көздейтін әскер емес, анағұрлым бейбіт институт, еуропалық дәстүрге сүйенген, халықтың құқын, шекарасын қорғауға арналған үлкен күшке айналар еді деп ойлаймын.
– Сол кездегі Түрік әскері дүниежүзін-де көптеген мықты мемлекеттермен соғысқаны белгілі. Алаш әскері түрік әскерін үлгі тұтты ма?
– Рас, сол кездегі Алаш көсемдерінің көпшілігі түрік халқын, түркі жұртын жақын тұтты. Бірақ үлгі тұтты деп айта алмас едік. Мысалы, Түркия мен Болгария соғысып жатқанда Мұстафа Шоқай мен башқұрт көсемі Зәки Уәлиди Петербургте Әлиханға барады: «Студенттер бірігіп түріктерге ақша жинап жатырмыз, сіз соған қосыласыз ба?», – дейді. Сонда Әлихан: «Түркия – қазақтың, жалпы түркі жұртының қаны бір бауыры болғанымен, қазір дүние өзгерген, саясат басқа. Біздің жанымыз әзірге Ресеймен бірге. Сендердің бұларың сәл утопиялық, романтикалық қиял. Сондықтан сағымға алданбаңдар. Егер ұлт үшін, жалпы түркі халықтарының бостандығы үшін күрескілерің келсе, онда Ресейдің қоныстандыру саясатымен күресіңдер. Ресейдің отарлау саясатының түп астарына үңіліңдер. Түркияға көмек бергеннен көрі, сендердің сол әрекеттерің халыққа, ұлтқа әлдеқайда пайдалы болатын еді», – депті. Мұны Зәки Уәлиди естеліктерінде жазады. Шынында, сол кезден бастап Мұстафа Шоқай да, Зәки Уәлиди де Ресейдің отарлық саясатына мән беріп, оны терең зерттеп, Ресейдің қазақтың, басқа халықтардың жерін тартып алу саясатын зерделеп, оған қарсы күресу жолдарын іздестірген болатын. 1918 жылдары Түркияның үлкен қайраткері Әнуар пашаның Түркістан жеріне келгені белгілі. Ол басмашыларды соңынан ертіп, советтік билікке қарсы үлкен күрес жүргізген. Бірақ соның өзінде қазақ зиялылары Әнуар пашамен бірлесе қоймады. Тіпті, Мұстафа Шоқайдың Әнуар пашаға сенімсіздік білдірген бір сөзі бар: «Сталинмен жолығып, сонымен ымы-жымы бір болып жүген адамның жалпы түркі жұртының бостандығы үшін соғысатынына аса сенімім жоқ», – дейді ол.
Осы тұста Түркиямен бұрынғы Осман империясының мұрагері ретінде аралас-құраластық үзіліп қалған болатын, әрі ХХ ғасырдың басындағы геосаяси жағдай мүлде басқаша еді. Сондықтан Алаш әскерінің түрік әскерін үлгі тұта қоймағаны анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қ.Серікқызы.