ӘДІЛЕТ ПЕН АДАМДЫҚТЫ ӘДІПТЕГЕН
02.12.2021
1251
0

(Деректі шығармаларға шолу)

Болат ЖҮНІСБЕКОВ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері


Әдебиетте, әсіресе деректі шығармаларда замана тынысы мен замандас сырын толғау – қаламгер парызы екені түсінікті. Осы орайда аталған тақырыптың  өгейлік көріп отырғаны туралы естіліп қалатын пікірлермен келісу қиын. Бұл – ертеректе айтылып, қазір «әйтеуір бірдеңе деу керектің» алыпқашты әуселесі секілді. Осылай деуімізге 2020 жылы баспадан шыққан деректі әдебиет нұсқалары дәлел. Былтыр оқырман қолына тиген кітап саны көп болмағанымен, көтерер жүгі көңіл толарлық. Оның үстіне, деректі шығармалар мерзімді баспасөзде де, тіпті әлеуметтік желілерде де жеткілікті. Мұны былай қойғанда, замандастың жан сыры: арман-мақсаты мен мұң-қайғысы «қолы ұзын», әлеуеті мол көркем жанрдың да сыбағасында. Демек, деректі шығармалардың санына ғана қарап, «уақыт тынысы тарылып тұр» десек, мұнымыз бардың бағасын білмеу болады.

         Олай болса, былтырғы жылдың еншісіне тиген деректі әдебиет замандас бейнесін және ел-жұртты толғандырған көкейкесті мәселелерді қаншалықты ашып көрсете алды? Қолымыздағы шығармаларды саралай келгенде, олардың жалпы адамзаттық құндылықтармен қатар туған қазағымыздың мәртебесін, мемлекетшілдік пен елжандылықты, біртуар тұлғаларымыздың парасат-пайымын, әділет пен адалдықты әдіптегені байқалады. Мәселен, Ханбибі Есенқарақызы мен Нұрлытай Үркімбайдың, Құлтөлеу Мұқаш пен Болат Шарахымбайдың, Дәулетбек Байтұрсынұлының кітаптары, жаңа айтқанымыздай, ұлттық қасиеттерімізді, халқымыздың аңызға айналған қаһармандарын, киелі салт-дәстүрлерімізді, адалдық пен имандылық өнегесін санамызға сіңіреді. Шығармаларды саралай келгенде үш нәрсеге көзіміз тағы да жете түсті. Біріншіден, сәйгүлік шығармалар оқырманын елеңдетіп, елтітіп, оларға деген жанкүйер тілекпен тақымыңды қысасың. Көңіл толқыны тебіреніп, қаламыңа қанат байлайды. Жүректегі әжімдер жазылғандай әсерленіп, жүзің жадырайды. Екіншіден, жабы-жазбалар да жолыңа бөгет бола алмайды, шаң қауып қала береді. Ал жанды қинайтыны – бәйгеге қамау тері алынбай қосылғандар, жаралғанда қонған дарынды жалықпай «жаратудың» қажеттігін естен шығаратындар. Бірақ оларды ұмыта салу біздің қолымыздан келмейді. Жорғаны аяқ тастасынан-ақ таныған соң, орта жолда қалдыруға обалсынасың. Ең қиыны да осы, яки, үшіншіден, жаңағыларды жетекке алып, мәреге жеткізуге тырысасың. 

         Бұл жолы, әйтеуір айымыз оңынан туғандай. Алдымен қолымызға алған танымал екі қаламгердің  де шығармалары үмітімізді алдамады. Олар: Х.Есенқарақызының «Эсселері» мен Н.Үркімбайдың «Мен… сырласамын» толғаулары қазақтың маңдайалды перзенттерінің терең адами қасиеттерімен баурайды. Тіпті өзге «жүйріктердің» де сөреден ентелеп тұрғанын бір уақ естен шығарасың. Бұл арада әңгіме қос ақын-жазушының сәулелі ой, суретті тілдерінде ғана емес. Мәселе, олардың ел ардақтыларын ерекше құрмет тұтқан, осыған қатыстының бәріне сергек қарап, жанашырлық танытқан қасиеттерінің шығармашылықтарына да жаңаша қуат, әр мен нәр қосуында болса керек. Халқымыздың  арқатірек тұлғаларының адам қызығарлық қыр-сырларын ерекше ілтипатпен жырлаған екі кітаптың да тағылымы терең. 

          Белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының «Эсселер» жинағы шын мәнінде арнайы алып, асықпай оқуға лайық шығарма десем, артық айтқандық емес. Кітаптағы алты Алашқа ерекше ардақты, аңызға айналған қаһармандарымыз: Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, сондай-ақ атақты суреткерлер – Әзілхан Нұршайықов пен Әбіш Кекілбаев және жыр жұлдыздары – Төлеген Айбергенов пен Фариза Оңғарсынова туралы эсселер айшықты әрі алқалы ойларымен ерекшеленеді. Қазақтың қара сөзін жыр жолдарындай төгілткен бұл шығармалар халқымыздың қазір ортамызда жоқ біртуар перзенттеріне деген оқырман сағынышын қозғайды. Ақын қызға баласындай іш тартып, тілдей хатымен тірек болған Бауыржан батырдың, қаһарман Қасым Қайсеновтің мейірім шуағы жан тебірентерлік. Бұл, әрине Ханбибі ақынның жасандылық жат, турашыл мінез бен дархан пейіл, сыршыл жүрегінің шапағаты. Бір атап айтатын жай, Ханбибі Есенқарақызы«Ақжол» журналының 25 томын, сондай-ақ «Мен де бір табиғаттың бөпесімін…» атты өлеңдер жинағы мен «Эсселер» кітабын, қазақ және өзбек тілдеріндегі «Жібек» повесін шығарып, тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 кітап арнаған бірден бір қаламгер.

         Сонымен бүгін бәйгеден өзіміз келгендей албұртсақ, оның тағы бір себепкері – Нұрлытай Үркімбайдың «Мен… сырласамын» атты эсселер мен деректі әңгімелер жинағы. Бұл да – өзгеден естігенше, өзің оқуға лайық кітап. Қаламы жорға жазушының әрбір туындысына мұқият қарауы, оның талай жылғы редакторлық қызметінің де арқасы екені даусыз. Жинақта, тіпті кейбір тәп-тәуір шығармалардағыдай ой қайталау,  сөз қайталау деген кездеспейді. Автордың Мұқағали жайындағы ой-толғаулары ұлы ақынның рухына тағзым жасатқызып қана қоймай, аса дарынды ағасы туралы қалам тербеген Нұрлытайдың терең махаббатына  сүйсінесің. Қаламгермен бірге тыныстап, құдіретті поэзия дүлдүлімен  сырласып отырғандай әсерге бөленесің. М.Мақатаевтың белгісіз күнделігін жазушының ең алғаш «Лениншіл жаста»  жариялатуы да  – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Әсіресе, ұлы ақынның, тіпті бірге жүрген «дос-жар, бауырларына» беймәлім асыл анасы Нағиман Мақатай келініне деген автордың  алғаусыз ықыласы  үшін разы боласың.

         Кітаптағы Мұқағали күнделігенен алынған мына бір үзінді тірліктің ащы шындығын жайып салады: «Әзілдегенсіп, жаны ашып, жақын тартқансып, ақыл айтқансып, арыңа тікенектей қадалатын әріптестерден түңіле де, құтыла да алмай-ақ қойдым». Орыс тіліне де жүйрік Мұқағали ақынның жазбаларынан сол күйінде алынып отырған мына үзінді де ақын күйінішінің себебіне көзімізді ашып, оның адамдық тұлғасына бас игізеді: «…Я отношусь к людям чересчур сочувственно, от них жду того же. Хочу быть понятным. Хочу, чтобы мне сочувствовали люди, чтобы уважали меня. Потому что сам уважаю их безмерно».

         Осы адамдық биігінен қарасақ, Нұрлытай жазушының Мұқағали жырларының әділетсіздіктен зардап шеккен жүректерге шипа екені туралы пікірінің де шындық екенімен келіссек керек. Өз басым, ұлы Абай мұрасының жанға – қуат, адамға рухани серік екенін сезіне алған жанның бірімін. Кітаптың авторы Мақатаев шығармаларындағы барша адам баласын бауырыңдай көріп, оларды сүйе білу өнегесін шебер сомдайды. «Семей десе, Абай деп қарайды адам…» – деп жырлаған Мұқағали мұрасының ұлы ақынмен үндестігі де ерекше: «Мендегі бар, Сенде бар, онда да бар. Демек, сенің «Менің» де сонда қалар… Өз жаныңды алдымен жайып таста, Жақсылықтың көкесі сонда болар» немесе «Бәрі рас айтқанының Хақ Алламның, Құм менен топырақтан жаралғанмын»,  «Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін, Ермек үшін, немесе өлмеу үшін… Қуат алып Абайдың тіл-күшінен, Жыр жазамын Абайдың үлгісімен».

         Мұқағали үшін, тегінде Абай жұмбақ болған жоқ. Сөз орайында, хәкім Абайдың 100 жылдық мерейтойында жасаған баяндамасында Мұхтар Әуезовтің: «Рас, қытымыр заманы мен надан қауымға ол ақын жұмбақ еді… Біз қазақ әдебиетінің жұмбағы емес, мол бір игі нұры дейміз Абайды», – деген сөзін әлі де қаперге алмай отырғанымызды айтуға тура келеді. Ұлы ақын поэзиясын Әлихан Бөкейхан бастатқан Алаш арыстары ерекше  ардақ тұтып, ғұлама Әуезов Абайтанудың негізін қалады дегенде әрқашан ойымызда Мұқағали Мақатаевтың тұратыны да содан. Абайдың асыл  мұрасының терең тамыр салып, қазақтың рухани қазынасына, яки жаназығына айналуында Мұқағали секілді ақиық ақындардың үлесі зор. Кітаптағы Ш.Смаханұлы, М.Ғабдуллин, Ғ.Мүсірепов, Ф.Оңғарсынова жайындағы эсселер де – тұшына оқитын туындылар.

Халқымыздың осындай біртуар тұлғалары мен олардың асыл мұралары туралы шығармалардың арасында белгілі жазушы, журналист Дәулет Сейсенұлының «Ер қазақ» деректі кітабының шоқтығы биік. Қаламгер республика Мемлекеттік сыйлығының иегері, абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедхановтың дара тұлғасын көркем тіл, көрікті оймен шебер сомдайды. Деректі хикаяттар, екі бөлімді драма және сұхбат-әңгімелердің оқиғалары шынайы да қисынды өрбіп, оқырманды баурап алады. Өз кейіпкерін жастайынан жақсы білетін автор республикалық «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде 40 жылға жуық қызмет еткен кезеңде Қ. Мұхамедхановпен талай сұхбат құрып, көрнекті ғалымды оқырманмен сан мәрте жүздестірген еді. Олай болса, Д. Сейсенұлының өзі жақсы білетін қайраткер туралы кітап жазуы Қайым  Мұхамедхановты ардақ тұтқан ел-жұрт үшін  «сүйіншіге» лайық жаңалық  десек, артық емес. Сондықтан оқырман қолына өткен жылы тиген кітап биыл екінші қайтара «Фолиант» баспасынан жарық көргелі отыр. 

         Жалпы, өмірдің өзінен алынып жазылған деректі әдебиет тірліктің қатпары мол қойнауларын ақтарады. Ұлы Абайдың: «Сонда ақын белін буынып, Алды-артына қаранар. Дүние кірін жуынып, Көрініп ойға сөз салар. Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алар. Кектеніп надан, зұлымға, Шиыршық атар толғанар», – деген аманат қалдырғанын білеміз. Осы тұрғыдан алғанда жазушы Құлтөлеу Мұқаштың «Салбурын» («Таңсәріден іңірге дейін») роман-эссесі – өзіндік машық-мәнерімен тартымды оқылатын шығарма. Онда қоғамдағы көкейкесті мәселелер қозғалып, адамдық пен имандылық және рухани, әлеуметтік-экономикалық, саяси түйткілдер қаламгердің де жанына батып, оқырманын қоса ширықтырады.

 Қаламгердің өзі «бәлендей қиындық туғызбады» деп ағынан жарылған кітаптың авторды шаршатпауының, біздіңше,  бірнеше себебі бар. Оның бір-екеуін жазушы кейіпкері Тілеуғабылмен бауырлас екенімен және, ең бастысы, оның адамдық «алтындай қасиетімен» түсіндіреді. Бұндғы басты ерекшелік  жазушы мен кейіпкерінің бір заманда қатар өмір сүріп, уақыт сынын бірге сезінуінде, еліміздің бүгіні мен ертеңі туралы ойларының үндесіп жатуында дер едім. Жапандағы Тасбаз қыстауында қаладағыдай тұрмыс орнатқан Есенбектің Тілеуғабылындай замандастың бейнесін сомдау үшін ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілік өз алдына, қаламгердің тарихпен тамырлас, заманмен сырлас және әлбетте,  қаламы жүйрік болуы шарт. Қолымыздағы кітап туралы оқырманның да осындай ойда боларына сенімдімін.

          Құлтөлеу қаламгердің сындарлы көзқарасы мен суреттеу шеберлігі жаңа заман аулының көрінісі мен кейіпкер келбетін  дараландырып, еңбек пен елжандылық қасиеттерінен тағылым тартады. Ана тіліне жанашыр іскер де табанды азаматтың,  ата дәстүрімізді шет елдерге танытқан қайраткердің тұлғасы сомдалған шығармада қоғамдағы көптеген әлеуметтік проблемалар  қозғалып, тарихи оқиғалар мен тұлғалар, оның ішінде қазақ атауының түп-төркіні хақында да қабырғалы әңгіме өріледі. Дегенмен тарихи-танымдық, тәлім-тәрбиелік мәні зор шығармада автордың «отыра салып, жазып тастаудан», өзінің жекелеген ой-тұжырымдарын сын көзімен тергемей бере салудан кеткен азды-кемді ағаттығы  да жоқ емес.

         Ұлтжанды қаламгердің: «…қазақ тоғышарлығының… аңғалдықтың негізгі сыры көбінесе сонау кеңестік жүйеде жатқандай да көрінеді, – дей отырып, – Дау жоқ, совет үкіметінің қазаққа жасаған жақсылығы да аз емес» (36-б) немесе «Қазақ бойындағы жаман әдеттердің көбі, тіпті советтік жүйеден де емес, халықты ғасырлар бойы езгіге салған сонау патшалық Ресей тұсындағы отаршылдық саясаттан басталғандай екен-ау», (49-б.) –  деген тұжырымы кейбіреудің қасаң  пікірін қайталағандай, құлаққа жат естіледі. Себебі бұлай жазу – қандыауыз айуанды  «түріне қарасаң, тіпті де жауыз емес секілді» деп ақтағандай күнә. Бұл арада, біз «қызыл» диктатура қасапшылығының мысалдарын тізбелемей-ақ қоялық.

         Бодандық бұғауындағы өткенімізді еш ақтауға болмайтынына Құлтөлеудің өзінің де дәлелі көп және оның нақты мысалдары да кітапта баршылық. Мәселен, романда келтірілген  М.Соломенцевтің Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін бюрода сөйлеген сөзін қараңыз. Ол: «Бұл не сұмдық! Нақты нұсқауларға қарамастан Алматыдағы қазақтар саны неліктен жиырма проценттен асып кеткен?!»деп, жымысқы саясат сырын қалай ашып тастағанын өзі де байқамай қалады» (51-б) немесе «Әлгіндей «қорғанға» арқа сүйеп алып, қарапайым елді шөміштен қағу, көпе-көрнеу қорлауға негізделген шовинистік пиғылдың асқынғаны сонша – анау асқақтаған «ақсүйек» ағайындар келе-келе қара жұрттан мерез көргендей жиіркенетін халге жетіпті» (51-б.).         Олай болса, Кеңестер билігінің қайран қазағымызды ұлт ретінде жойып жібермек болған қанды науқанын ештеңемен ақтауға болмайды. Тіпті, Құлтөлеудің «Коля», менің «Боряға» айналатын күніміз таяу қалған еді.     

         Ал  әлгі марксшілдер мен лениншілдер айта беретін оқу мен еңбек және денсаулық сақтаудағы әлеуметтік жеңілдіктер, салынған құрылыстар  ежелден құлдықта езілген «қара» құрлық үшін де таңсық емес. Кезінде бодан болған кейбір араб елдерінің озық дамуы қазір кімді де болса, қызықтырғандай?!  Біз үшін ақ патша мен қызыл кеңес тұсында  халқымыз шалдыққан сырқаттың «мысқалдап шығуының» өзі бүгінде азапқа айналып, адамгершілік қасиеттеріне көлеңке түскенінің куәсіміз. Сондықтан Дәулетбек Байтұрсынұлының «Төлеген оқыған хат» эсселер жинағы оқырманын тіршіліктің қайнары әрі қалқаны ретінде имандылыққа ұйытады. Халқымыздың басындағы ауыртпашылықтарды көре отырып үнсіз қалуды қаламгер өзіне ар санайды. Ол ұстазға хат түрінде жазған шығармаларында: «Сан қайтара қажыға барсаң да, Құранды жатқа оқыған қари болсаң да, бейкүнә бір кісінің жанын ауыртсаң, онда сен мұсылман емессің», – деген тағылым айтып, Ислам мен Мұсылман жайында тереңнен толғайды.

         Дәулетбек өзі сенген ақиқатты, яки «исламның – таза  дін, жан біткенге зәредей қиянаты жоқ, қалыпты өмір сүрудің ең абзал қағидасы» екенін атап-атап көрсетеді. Аталмыш хаттарды оқыған жанның қаламгердің турашыл жанын түсіне алатынына сенеміз. Ол: «Қазақ деген ұлттың жаны өзгеріп кетті. Кеңейтіп айтар болсам, сөйлеуі, тілі, мінезі, тіршілік формасы, киінуі, ойлау жүйесі негізінен ауытқыды. Оның үстіне, Батыстан сел-тасқындай келіп жатқан ақпарат ағыны, жат пиғыл, жаман әдеттер «мәдениет» болып қабылданып жатқан тұста құрғақ намыстың әл-дәрмені таусылды», –  деп толғанады. Жазушының, сондай-ақ мектептерде «кемінде аптасына бір сағат «Домбыра және күй» деген сабақ өту»,   «қарттар үйі» мен «өзіне өзі қол салу» секілді мәселелер туралы ұсыныс-пікірлері де көңілге қонымды.

Осындай, заманалар қатпарынан сыр тартып, замандасқа ой салатын және оны ел мәртебесін көтеретін ортақ міндеттерге жұмылдыруды көздейтін шығармалардың бірі – Болат Шарахымбайдың «Айтпайын десем, көзім бар…»  атты жинағы дер едім. Белгілі публицист-жазушының көсемсөз жанрындағы шығармалары қазақ жазуы мен жаһандану, сана және саясат, рух пен спорт тақырыптарында жаңашыл ой-пікірлерін шебер әдіптеп, оқырманды келелі әңгімеге шақырады. Жазушы «Екінші болу еншімізге жазылған ба?» атты мақаласында: «Қарап отырсаңыз, ықылым заманнан бері – осы, қазақ ылғи да екінші кезекте тұрады», – деп, отарлық қыспақтың ең зор қасіретін –  рухсыздану  зардабын жалаң намысшылдық емес, нақты дәлелдермен көрсетеді.

         Шынында да «Отырар» кітапханасы неге екінші, ал «Александрия» кітапханасы бірінші кітапхана? Сол сияқты Әбу насыр әл-Фараби неге екінші ұстаз, сондай-ақ Жамбыл жәкеміз – «жиырмасыншы ғасырдың Гомері», «Сәкен – қазақтың Маяковскийі», «Нүркен Әбдіров –  «қазақтың Гастеллосы»… қазақтың Пушкині, Чеховы, Гоголі, Есенині атанудың  мәртебеге айналғаны бізді қалай ойлантпайды?.. Болат әріптестің: «Кезінде жазушы Тәкен Әлімқұлов  орыс әдебиеті туралы жазған мақаласында: «Пушкин – біз үшін орыстан шыққан Абай», – деген екен. Біздіңше, қазаққа түсінікті тілде жеткізудің төте жолы да, жөні де, үлгісі де осы болуға тиіс  деп ойлаймын», – деген тұжырымы әбден орынды.

         Өз басым республикадағы  ұлы тұлғаларымыздың музейлері немесе мәдениет ордалары орналасқан және өткен ғасырлардан жеткен ғимараттардың қабырғасына олардың кезінде қандай көпестер мен қалталы азаматтардың баспанасы болғаны туралы мемориалдық тақталар іліп қоюға мүлде қарсымын. Себебі жаңағы байлардың ол үйлерді күні ертең Абайдың, Сәкеннің музейіне арнап немесе егемен елімізді көріктендіру үшін салмағаны даусыз. Масқарасы сол, ұлы тұлғаларымызбен қатар жаңағы ғимараттардың беймәлім, бәлкім тіпті шовинист қожаларына да мәңгілік  құлпытас орнатқан болып шығамыз. Осыны жоғарыдан әмір күтпей-ақ жергілікті билік немесе тиісті мекеме басшылары шеше алар еді.

         Өткен жылы шыққан кітаптардың бірі – Қазақстанның Құрметті журналисі Айтқали Нәріковтің «Жойқын жылдар жаңғырығы» кітабындағы Кеңестер Одағының Батырлары: даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов, минометші Садық Жақсығұлов, барлаушы Бимағанбет Абдолов, Қазақстанның Халық Қаһарманы, әскери ұшқыш Хиуаз Доспанова жайындағы деректі повестері тартымды оқылады. Сондай-ақ  Г.Гребенщиковтің «Батырбектің хандығы» (аударған А.Қасымұлы), Әбен (Әбдіәлі) Нұрмановтың «Атын атамай жүре алмайтын 99 қазақ», Ғабдул-Сәбит Юсуповтың «Анамның ақ таңы» кітаптары да – назар аударарлық шығармалар. Осы арада аударма еңбекті жаба тұрып, екінші және үшінші кітаптардың біріне аттары беймәлім азаматтардың еніп кетіп, екіншісінің отбасылық фотосуреттермен сықиғаны  олардың авторларын ойлантса деген ғана тілек айтамыз.           

                                                                                                                

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір