Әбділдабек Салықбай. Наркескен
12.11.2021
4195
0

(Хикаяттан үзінді)

Ә. Салықбай

Мінберге Исмайыл Юсупов көтеріліпті. Ол сөзін күмілжіңкіреп бастап, әрненің басын шалып тұрды да:

– Жұмабек Тәшеновтің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып тұрғандағы ағаттығын айтайын, – деді жерден жеті қоян тауып алғандай. –  Әлі есімде, иә, дәл бүгінгідей есімде… Бұл кісі 1955 жылы Шымкентке комиссия басқарып келді. Сол жылы Оңтүстіктегі Мақтарал, Бостандық аудандарын өзбекке беру, бермеу мәселесі қозғалған болатын. Ол кезде мен Оңтүстік Қазақстанның 1-хатшысымын. Сонда Тәшенов басқарған комиссия Өзбекстан тарабы мен біздің экономикалық тұрғыдан тиімді ұсыныстарымызды көзге ілмей, өз білгенінше шешім шығарды.

Юсуповтың айтып отырғанының бәрі рас болатын. Ұлттық мүдде мен экономикалық мүдде қашан қабыса қалушы еді?! Жұмабек Тәшенов бастаған үш қазақ, үш орыстан тұратын комиссияны Шымкентте осы Исмайыл құрақ ұша қарсы алған. Кең сарайдай мейрамханаға дастархан жайдырып, аста төк тағам әзірлетіпті. Той өткелі жатқандай әнші, күйші, бишілерін де сайлатып қойған. Жұмекең оларды дереу қайтартты. Сиыр сәске болған соң ас-ауқаттан да бас тартып, бірден іске кірісті. Жергілікті жұрттың, облыс белсенділерінің пікірін тыңдады. Өзбектердің өтінішімен Алматыда-ақ танысқан. Олар Мәскеуге «мақта мол шығатын аудандардың басшылығын бір қолға беріп, еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету керек» деп жазыпты. КСРО-ның тұралаған экономикасын көтеруді желеу еткен ала тақиялы ағайындар оңтүстік аудандарды өздеріне тұтас қосып алуды көздейді. Ал қазақтар ежелден өздерінің атамекені екенін алға тартып, бұл жерден айрылғысы келмейді. Қазақтың оны игере қоймай, бос жатқаны да рас еді.

Тәшенов комиссия мүшелерімен бірге қос ауданды үстінен тікұшақпен тегіс шолып шықты. Жерге түсіп, көлікпен де, жаяу да аралап көрді. Мамыр айы еді. Дүние біткен жасыл желек жамылған. Бостандық ауданының жерлері қарасаң көз тоймастай құлпырып тұр. Жұмабек Ахметұлы Юсуповқа қарап:

– Мына жерді Өзбекстанға көзіңіз қиып қалай бермексіз, а,  Исмайыл Әбдірасылыч? – деп сыр тартты.

– Жо-жоқ, Жұмабек Ахметыч! Бұл еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету үшін ғой! – деп, Исмайыл әка жік-жапар болды.

– «Еңбек өнімділігі мен басқаруды қолайлы ету» деймісіз?! Тура өзбектердің арызындағы сөздер ғой бұл?! Сіз Оңтүстік Қазақстанның басшысы бола тұра өзбектермен ортақ тіл тауып, ауыз жаласып алғаннан саумысыз?!

– О, не дегеніңіз, Жұмабек Ахметыч? Менікі – тек экономикалық мүдде. Ел мүддесі. Бәрін шешетін – комиссия. Сіздер қарсы болсаңыз, біз қайда барамыз?!

– Ендеше тыңдаңыз! Біз де Алматыда шошқа тағалап жүргеміз жоқ! Бәрін білеміз. Ниязов пен Хрущевтың бірге оқығаны, Насреддинованың қырық есекке жүк болар айласы бізге де мәлім. Біздің комиссияның басқан ізін, істеген ісін Сіз ғана білесіз! Енді осы әңгіме ауыздан ауызға өтіп, Ниязов арқылы Хрущевқа жетсе, өз обалыңыз өзіңізге. Онда менен еш жақсылық күтпеңіз!

–  Бәрін ұқтым! «Бір елі ауызға екі елі қақпақ».

– Онда есіңізде болсын! Бостандық ауданынан ұлтарақтай да жер беруге болмайды. Келесі Мақтарал ауданына аттанайық!

Ал Мақтарал ауданының Өзбекстанға іргелес аумақтарында шөл және шөлейт тұстар бар екен. Ақыры арнаулы комиссия: «Өзбек КСР-іне Мақтарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісеміз, ал Үкіметтің Бостандық ауданын беру туралы өтінішін негізсіз деп санаймыз», – деген шешім шығарып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жіберді. Жұмабек Ахметұлы қасындағы Мәсімхан, Сәлкен деген қазақ жігіттерімен ақылдасып,  «Өзбек КСР-іне ешқандай жер берілмесін!» – деп, үзілді-кесілді бас тартса, Хрущевтың дереу қайта комиссия шығартатынын, ал олардың екі ауданды тұтасымен беріп жібермесіне еш кепілдік жоқтығын ойлап, осындай ымыра жасауға мәжбүр болып еді. Комиссия қорытындысына сүйенген Қазақстан Орталық Комитеті: «Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін» деген қаулы қабылдады. Сөйтіп сол кезде Мәскеу мен Өзбекстанның бірлескен қитұрқы әрекетінің жолы шорт кесіліп, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын аралық жол таңдалып еді.

«Апырай, біздің өзімізден де бар-ау, осы… Әйтпесе, революцияға дейін қазақтан екі есе аз өзбектер бізді сан жағынан қалай қуып жетті екен!? — деп ойлады Жұмекең. – Революция, ұжымдастыру, қуғын-сүргін, соғыс бәрі ортақ, бәрі бірдей. Азар болса, көшпелі өмірге бейім қазақ ұжымдастыруда көбірек шығынға ұшыраған шығар. Бірақ жер мен көктей айырмашылық болмаса керек еді. Әлде, береке-бірлігіміз осал ма екен!? Оларша жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмадық па!? Қайткенде де тегін емес. Біз білмейтін бір кілтипанның болғаны ғой…»

***

Тауық жылғы шіліңгір шілде. Бесін ауған шақ. Жұмабек Ахметұлы іссапардан оралып, бірер шаруамен кабинетіне кіріп-шығуға ғана келген. Шаруасын бітіріп, енді шыға бергенде тікелей телефоны безілдеп қоя берді.

– У-уһ, келгеніңіз қандай жақсы болды, Жұмабек Ахметұлы! Сіз болмасаңыз құрып едік! – деді арғы жақтағы дауыс амандық сұрасқан соң. Тілеулес інішектердің бірі екен. Жұмекең салқынқанды мінезінен айныған жоқ.

– Не болды? Аманшылық па?!

Ол мән-жайды қысқаша баяндады. Орталық Комитеттің бюросында «Қазақ әдебиеті» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерін жабу мәселесі қаралмақ көрінеді. Бұл басылымдардың бағыт-бағдарының коммунистік идеологияға сай келмейтіні, пролетариат мәдениетіне жат дүниелерді аңсайтыны, қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастырғаны сынды елеулі кінараттар тағылыпты. Осы қазір «ұлтшылдыққа ұрынған» газеттердің жабылып-жабылмауы шешілмек екен. Жұмекең үйіне соғып, жуынып-шайынып, бір сыйлы азаматтың үйіне қонаққа баруға тиіс болатын, бірден бас тартты. Қазақтың көз-құлағына айналған газеттердің тағдыры қыл үстінде тұрғанда не қылған қонақ?! Мұндайда тамағыңнан ас өте ме?! Дереу шақырған кісіге ескертті де, Орталық Комитеттің мәжіліс залына қарай тартты.

Жұмабек Ахметұлы кіргенде «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, белгілі ақын Сырбай Мәуленов мінбеге беттеп келеді екен. Орта бойлы, толқынды бұйра шашты, қазақтың дархан даласындай мол пішілген кісі мұның тұсынан өте бергенде шықпай жатып, екі иығы салбырап, жүнжіп қалғандай көрінді. Қазақстанның бірінші басшысы Яковлев  бастаған, Журин, Иванов, Гаврилов қостаған топтың мысы басып тұрғаны анық. Ешкімді көзге ілмей, болмашыдан ілік тауып үйренген қулар осы қазір «Қазақ әдебиеті» газетін не ендігәрі бас көтерместей тұқыртып, не мүлдем жауып тастауға тас түйін бекініп алған сияқты. Қабақтары қатулы, деректері қаттаулы көрінеді. Естуінше, оларға қол ұшын созып, ақпар теріп беріп жүрген өзіміздің қаны сұйық қандассымақтар. Тәшенов өздері бір төбе болып отырған Сақтаған Бәйішов, Нұрымбек Жанділдин, Қасым Шәріпов сынды «ақжүректерге» қарап қойды. Бәйішов араб әліпбиімен шыққан көне газет-журналдарды жинап алыпты. Шамасы Байтұрсынұлының төте жазуын тани білгені ғой. Жанділдин «Қазақ әдебиеті» газетінің тігіндісін алдына жайып тастаған. Басшылар «Мұның қолы неге бос, тапсырмаға салғырт қарағаны ма?» демесін дегендей Шәріпов алдына папкісін жайып тастап, әлденені түртіп қойып отыр. Ана екеуін қайдам, қызметте өсуіне өзі көмектескен Жанділдиннен мұндайды күтпеп еді. Бұлары жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының кері ғой. «Әй, найсаптар-ай, ұлтыңды даттап, еліңді сатып жиған ұпайларың құрысын, — деп ойлады Жұмекең, – сол сендерді ұшпаққа шығара ма, құрдымға құлата ма… Алды-артыңа қарамай, далақтай бермей, бір уақ ойлансаңдар нетті…»

Осының бәрін әп сәтте ойлап үлгерген Жұмабек Ахметұлы қасынан өтіп бара жатқан Сырбай ақынға қарап: «Тайсақтамай, батыл сөйле!» деп, қатал ескертті. Мұны естігенде қанша жыл Қазақстанда ел басшылығында жүрсе де қазақша бір ауыз сөз үйренбеген екінші хатшы Журин шоқ басып алғандай шоршып түсіп, қасындағы Құрман Оспановты шынтағынан қаттырақ қағып қалып: «Тәшенов не деді?» деп, күбір етті. Жәйшылықта сыпайылық сақтайтын идеология хатшысы бұл жолы әріптесінің оқыс қылығына қитығып, бетіне бажырая қарағаны болмаса, үндеген жоқ. Онысы «не дегенін білгің келсе, қазақша үйрен» деп, ерегескендей көрінді.

Төралқа төрағасының әлгі сөзі ақынға жекпе-жекке шығуға бел буған батырға рух беріп, ұран шақырғандай күш беріп, жон арқасы шымырлап кетті. Арқаланған ақын талайдан бері көкірегінің терең түкпіріне жиылған шер-шеменді түйдек-түйдегімен боратты-ау бір. Ара-арасында қолақпандай жұдырығымен мінберді қойып кеп қалады. Мәжіліс төрағасы «регламент» деп, ескерте берген соң қарқынын күштеп тежеп: «Қазақ халқының басынан қорғасындай қара бұлт кетпей-ақ қойды. Арал маңында, Бетпақдалада оба ауруына қарсы станса бар. Ал Алматыда «ұлтшылдарды» қолдан жасайтын фабрика жұмыс істейді!» – деп тоқтады.

Тәшеновтің не дегенін біле алмай, пұшайман болып отырған Журин:

– Қалай болса, солай сөйлейді, неткен жауапсыздық, — деп, басын шайқады.

Сырбай Мәуленов оқ тиген кемістеу қолымен бетін бір сипап жіберіп:

– Сіз бас шайқамаңыз, жолдас Журин! Екеуміздің арамыздағы таяудағы әңгімені ұмытпаған шығарсыз, ұмытсаңыз еске түсірейін! – деп, біреу сөзін бөліп кетпесін дегендей асығыс-үсігіс айта бастады:

  • – Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаевтың тыңға барып, комбайнмен бидай орған сәтін газеттің 1-бетіне беріп, астына «Енді батыр бидай орып жүр» деп жаздық. Ертеңінде мені мына Александр Тимофейч кабинетіне шақырып алып, «Қошқарбаевтың тың көтеруге қандай қатысы бар? Бірде-бір орыс комбайншысының суретін таппадыңдар ма? Осыдан асқан ұлтшылдық бола ма?!» – деп үстелді тоқпақтады.

Иванов орнынан атып тұрды:

– Шып-шылғи өтірік! Жала! Мұндай сөз аузымнан шыққан емес! Міне крест! –  деп ол бұрышқа қарап тұра қалып, шоқынып жіберді. Отырғандар «мынаны жын қаққан шығар» дегендей, бір-біріне таңданыса қарасты. «Қалай ғана танып шығады, ә?! Осыған қор болған қайран сөзім-ай…» дегендей, Мәуленов түңіле қолын сілтеп, орнына беттеді.

Әйгілі партизан ақын Жұмағали Сайын қатулана тіл қатты:

– Ех, неткен сужүрек едіңіз, Александр Тимофейч! Біздің отрядта болсаңыз, партизандар сізді баяғыда-ақ атып тастар еді!

– Чудак! – деді бюро басқарып отырған Яковлев Ивановқа қарап.

  • – Дурак! – деп түзетті әлдекім залдан.

Сонда ғана бұл сөздің Ивановқа ғана емес, өзіне де айтылып жатқанын түсінген Журин дереу ара түсіп:

– Несіне тіксіне қалдыңыздар? Онда тұрған не бар? Тыңдағы жайқалған бидайды көргенде Никита Сергейчтің өзі шоқынып салған, — деп, шоқынудың еш сөкеттігі жоқтығын Хрущевтің қылығымен дәлелдеп, зорлана күлген болды…

Әйтсе де, манағы «Тайсақтамай, батыл сөйле!» деген бір ауыз сөз бен Сырбай ақынның жалынды лебізі «Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушылардың көңілін көкке көтеріп, жігерлендіріп тастаған еді. Манадан бері «сөйлесем бе, жоқ па?» деп, екі ойлы болып отырған тағы бір-екі жігіт бойына тың күш құйылғандай суырылып шығып, өз дәлелдерін ортаға салды. Осыдан соң қазақтың еңсесін зіл болып басқан қорғасындай қара бұлт сейіліп, таразы басы соларға қарай ауып кеткендей сезілді.

«Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушылар күшейіп бара жатқан соң Яковлев істі насырға шаптырғысы келмей:

– Келесі сөз сарапшы Сақтаған Бәйішовте! – деп хабарлады.

Араб әліпбиіндегі бір топ газет-журналды қолтығына қыстырған  орта бойлы, дөңгелекше жүзді, қыр мұрынды, қалың қасты, шашын сиыр жалағандай етіп, артына жылмита тараған елулердегі кісі мінберге көтерілді. Жүріс-тұрысында қызыл комиссарларға тән ресмилік пен ширақтық бар. Бұл кісі Мәскеудегі Қызыл профессура институтының Алматыдағы бөлімшесін тәмамдаған, қан майданда қазақтың әйгілі 100-ұлттық атқыштар бригадасының комиссары, құраманың саяси бөлімінің бастығы болған, соғыстан соң Партия тарихы институтын басқарған қып-қызыл коммунист еді. Қазір қазақ оқымыстыларына үлгі көрсетіп, марксизм-ленинизм классиктерін қазақшаға аударып жүрген болатын. Ол мінберге келе сала тамағын кенеп алып:

– Жолдастар, ұлтшылдық деген – қазақ феодализмі мен алашордашылардан қалған сарқыншақ! Көзге шыққан сүйел, басы артық без десе болғандай! Біз оның қазақ қоғамындағы көріністерін дереу анықтап, хирургиялық тәсілмен сылып тастауымыз керек! – деп бастап, едәуір көсілді. Ахмет Байтұрсынұлы басқарған «Қазақ» газеті мен оның «Маса» кітабын парақтап, қазақ санасына сіңірілген ұлтшылдықтың дертінен бірталай мысал келтірді. «Қазақ» пен «Қазақ әдебиеті» газеттерін салыстырып, ұлтшылдық көзқарастарындағы ұқсастықтарын тілге тиек етті. Маңдайы тершіп кеткен соң қылғындыра байланған галстугын сәл босатып, су жұтты.

– Мына газеттің, – деді сосын «Қазақ әдебиеті» газетінің екі-үш данасын жоғары көтеріп, – әр өлең, әр мақаласында алашорда көсемі Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетінің лебі аңқып тұр!

Бюроны жүргізуші тағы да сөзге араласты.

– Жолдас, Бәйішов! Мұның бәрі бізге жазып берген анықтамаңызда бар. Осындағылардың әрқайсының алдында жатыр. Енді нақты ұсынысыңызды айтыңыз!

Қызыл комиссар еш шіміріккен жоқ. Тершіген маңдайын тағы бір сүртіп қойып, жұлқына тіл қатты.

– Қандай ұсыныс болушы еді? Газетті жабу керек! Бұлардың арманы – Алаш партиясының құлаған туын қайта көтеру! Алашордашылардан ұлтшылдық дертін қожановшыл, сәдуақасовшыл, рысқұловшыл элементтердің  жұқтырғаны баршаға мәлім. Өткенде газетте нағыз бүлікшіл Сәдуақасов туралы мақаланың жариялануы – бұлардың ештеңеден тайынбайтынының дәлелі. Ертең онда Бөкейханов, Байтұрсыновтардың суреті мен өмірбаяны жарияланбасына кім кепіл?

Намысқой қазақтар Бәйішовтің сөзіне бір қызарып, бір бозарды. Осы сәтте «Маған қашан сөз бересіңдер» дегендей, төралқа жаққа жалтақтап отырған Жанділдинге Журин иек қағып қалды.

Орта бойлы, бұйра шашты, шынысы қалыңдау қара көзілдірікті, дүрдік ерін, май мұрын жігіт орнынан ұшып тұрып, мінбеге беттеді. Жасы қырықтар шамасында. Шалт қимылына қарағанда кесіп сөйлейтін, қызуқанды жанға келіңкірейді. Қолтығында әр жеріне ақ қағаздың қиындысын қыстырған «Қазақ әдебиеті» газетінің тігіндісі бар.

Ол мінберге жете бере жөткірініп алды да, сарнап ала жөнелді. Бір қызым бір қызымнан сорақы шықты дегендей, Нұрымбек Жанділдин тікелей шабуылға көшті.

– «Қазақ әдебиеті» газеті тұңғыш санынан бастап алашордашыл, ұлтшыл болып шықты! Кез келген материалы зарлау, саруайымға толы. Қызметкерлері тыңгерлерді «бұзақы, маскүнем, қылмыскер» деп жазады, — деп, тықсырып бара жатыр еді, осының алдында ғана партия қатарынан шығып қалып, жуасытудан өткен соң қатарға қайта қосылған әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов оның сөзін бөліп, нақты дәлел айтты:

– Жолдас Жанділдин! Алысқа бармай-ақ мына менің әкемнің құлпытасын осы тыңгерлер талқандап тастады ғой! Өзім қайта қалпына келтірдім! Осының өзі бұзақылықтың нақты айғағы емес пе?!

– Ол – өзіңіздің жеке жауларыңыздың әрекеті! Сіз тыңгерлерге жала жаппаңыз! – деп, Жанділдин бет қаратар емес. Тың игерушілердің жалдамалы адвокаты ма дерсің.

Сәбең шыдамай күліп жіберді.

– Әй, антұрған! Саған дауа жоқ екен! Дауасыз пендеде иман да жоқ!

Орталық Комитеттің білдей бір хатшысы анасына шағымданған баладай баж ете қалды:

– Иван Дмитрич, Мұқанов жолдас менің арыма тиіп жатыр!

Осы кезде Яковлев басшыға тән әділеттілік пен кеңпейілдік байқатты.

– Жолдас Жанділдин, сөзіңді жалғай бер! Тың игерушілердің бәрі періште емес! Арасында ұры-қарысы да, қылмыскері де бар. Тіпті алғашында үй салуға несие ақша алып, тракторын жардан құлатып жіберіп, тайып тұрғандар да табылды. Қазір нашары кетіп, дұрысы қалды. Соның жаманын да, жақсысын да көрсетпесе, газеттің несі газет? Сіз одан да редакциядағы ұлтшылдықты дәлелдеңіз…

Жанділдин Яковлевке «түсінсем бұйырмасын, мен сенің сөзіңді сөйлеп тұрсам, сенің ұлтшылдарға болысқаның қалай?» дегендей, көзілдірігінің үстінен ызғар шаша қарап алды да, қайтадан сайрап ала жөнелді:

– Газет «Қазақ тілі құрып бара жатыр! Барлық жерде орыс тілінде сөйлейді» деп, зар еңірейді. «Барлық іс орыс тілінде жүреді. Қазақстанның басшыларының бәрі орыстар» деп, аттандап, дабыл қағады. Бұдан асқан ұлтшылдық бола ма?! Ертеңгі күні ұсақ тілдердің бәрі ұмытылып, барлығымыз тек қана ұлы орыс тілінде сөйлейтінімізді газет қызметкерлері қасақана білгісі, түсінгісі келмей отырған жоқ па…

«Қайран, қазағым-ай! Мынандайларды тайраңдатып қойғаның басыңнан бағыңның тайғаны шығар… Әттең, әттең! Нағыз хирургиялық тәсілмен сылып тастайтын көзге шыққан сүйелдер осылар ғой! Әй, Жанділдин-ай, кезінде мұндай иттігіңді білсем, өлсем де қолдаймын ба?!» деп, іштей егілді Тәшенов. Қарсы жақ: «Ә-әә, бәлем! Қалай екен?! Сол керек сендерге! Шоқ, шоқ!» – деп, масайрай түскендей.

Осы кезде Журин орнынан атып тұрып, айғай салды:

– «Америка даусы», «Би-би-си» радиостанциялары осы «Қазақ әдебиеті» газетіне сүйеніп, «орыстар қазақ жерін қайта отарлап жатыр» деп, жалпақ әлемге жар салуда!

– Иә, бұл газеттегілер «Қазақ малшыларының көрген күні күн емес! Шопандар киіздің астындағы күркеде күнелтеді» деп, Совет өкіметіне жала жабады. – Иванов та қарап қалмай, даттаушыларды қостап бағуда.

Тәшенов Яковлевке бұрылып:

– Қазақ малшыларының жағдайының қиын екені рас қой! Иван Дмитрич, былтыр осы туралы Үкімет комиссия құрып, қаулы қабылдады емес пе?!

  • – Иә, иә, қаулы қабылдағаны рас!

Бірінші хатшы мен төраға өзара күбірлесіп, бірдеңені талқылап кетті. Тәшенов әріптесіне әлденені негіздеп дәлелдеп жатқандай. Яковлев сөзін қоштап, бас шұлғыған соң ғана ол еңсесін көтеріп, әлдене есіне түскендей, отырғандарды көзбен шола бастады. Іле-шала Жұмабек Ахметұлы Яковлевке қайта бұрылып, даусын шығара:

– Иван Дмитрич, қазақ тілінде шығатын әдебиет газеті туралы мәселе қаралып жатқанда, осы бөлімде жұмыс істейтін қазақ жолдастар неге көрінбейді, неге олар бюроға қатыспайды? — деді байыппен ғана.

Көзілдірігін сүртіп, қайта киіп жатқан Яковлев біреу алқымнан ала түскендей қызарып кетті. Сасқанын сездіргісі келмей, стақандағы судан жұта бастап еді, қапелімде шашалып қалып, қиқылдап-шиқылдап, әбден берекесі қашты. Зорға есін жиып, бұл сұраққа не дерін білмей, Оспановқа шұқшиды:

– Жолдас Оспанов! Төрағаның сұрағын түсіндіңіз бе? Шынында да қазақ жігіттері қайда өзі?

Идеология хатшысы құмырсқа жүргендей желкесін серпе қағып, орнынан шоршып тұрып, «осының бәрін бүлдіріп жүрген сенсің ғой, айтшы өзің» дегендей Ивановқа ажырая қарады.

Иванов сасқалақтап, біреу аяғын басып кеткен мысықтай:

– Николай Иванович! –  деп, баж ете қалды. Бұлардың дем берушісі кім екені енді мәлім болды. Барлық жоспары мен пасық ойы әшкере болған Журиннің қаны басына теуіп, шаптығып шыға келді:

– Немене Николай Иванович? Қайда әлгі өзіңнің орынбасарың Жандосов?

Сонда ғана Ивановқа тіл бітті:

– Жандосов – демалыста, Ысмағұлов – іссапарда, Ал, Шалабаев…, — деп, одан әрі не айтарын білмей күмілжіп, қипыжықтап қалды.

Сол кезде есін жиып үлгерген Яковлев Ивановқа шұқшиды:

– Сіз бен біз қазақша білмейміз, сонда бұл мәселені бюроға кім әзірлеген?

– Басқа сектордағы жолдастарды пайдаландық, Иван Дмитриевич, — деді Иванов жұлып алғандай.

– Олар қазақ па еді?

 – Жоқ, әрине! Қазақша жақсы білетін Мария Харлампиевна Полубапкина жолдасқа аударма жасаттық…

– Жетістірген екенсіңдер!? Жолдас Оспанов, бұларың қалай? Түкке түсінсем бұйырмасын…

Мұны естігенде Сәбит Мұқанов шала бүлініп:

– Сонда мұны Қазақстан Орталық Комитетінде қазақ жігіттеріне сенім жоқ деп түсінеміз бе? Осы жаңа ғана Ысмағұловты да, Шалабаевты да өз көзіммен көрдім ғой! – деді.

Тырнақ астынан кір іздеушілер де, Яковлев те не айтарын білмей, состиып отырып қалды. Өйткені әр нәрсені сылтауратып, «Қазақ әдебиеті» газетіне астыртын көр қазушылардың арам пиғылдары отырғандардың бәріне, әсіресе, төл газеттерін жапқызғысы келмей, жанұшырған қазақ зиялыларына жария болып қалған еді…

Сәлден соң Жұмабек Ахметұлы кабинетінің терезесінен сырттағыларға сүйсіне қарап тұрды. Төменде «Қазақ әдебиеті» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерінің жабылмай, аман қалғанына қуанған қазақтың ақын-жазушылары бір-бірін құшақтап, құттықтасып жатыр еді. Әсіресе, өзі бас редакторлықтан түссе де, төл газетінің жабылмай қалғанына сүйінген Сырбай Мәуленовтің қуанышында шек жоқ сияқты. Сәби жүректі, балуан бітісті ақын әркімді бір құшақтап, көтеріп алып, сілкіп-сілкіп, қоя қояды да, құшағын айқара ашып, келесісіне тұра жүгіреді. Көзіне түскен бұйра шашын сол қолымен қайыра сілкіп тастап, жұдырығы түюлі оң білегін көкке білеп, әлдекімге сес көрсеткендей, сермеп-сермеп қояды. «Қазақтың мүддесі үшін күресерде үнемі осындай жұдырықтай жұмылған ынтымақ көрсетсек қой, — деп ойлады Жұмекең. – Әттең, кейде ұлттық мүдде мен ру-тайпалық мүддені, тіпті ат төбеліндей аз ғана топтың қамын жиі-жиі шатастырып ала береміз-ау. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алмайтынымыз да содан болса керек… Әйтпесе, жыршылар айтқандай «Кімнен таяқ жегендей Біздің қазақ баласы, Алдырып жүрген дұшпанға Ауызының аласы…» емес пе?!»

***

Тағы бір қараса Бектұрғанов қызына сөйлеп тұр екен. Мұны да сценарий бойынша алдырған болды ғой. Ел жақтан сын айтуға тиіс екінші адам осы болса керек. Негізі Ақмола облысының тумасы. Алматыға келгенше Тәшенов басқарған Ақтөбе облысы партия комитетінің басшысы. Иә-ә-ә, Димаш досым бюроны еш мүлтіксіз етіп әбден-ақ дайындаған екен. Бұрын-соңды бас-аяғы жинақы, мұқият дайындалған мұндай бюроны өткізбеген шығар-ау…

Негізі Хасан Бектұрғанов жеке пікірі жоқ жігіт болатын. Мансап қуған жігіттердің тағдыр-талайы, бастан кешкендері егіздің сыңарындай ұқсас қой өзі. Әуелі партия қатарына кіргенше неше қайтара сүзгіден өтеді. Тарпаңдау мінезі, ерсілеу пікірлері болса, сүргіленіп, жонылып, жып-жылмағай болып шығады. Әлгіндей мінездері ғайыптан тайып партияға өтерде байқалмай қалса, істе сыналады, партия жиналыстарында мінеледі. Сөйтіп Үкімет үйіне, қазақ ұғымындағы аузы дуалы, сөзі пәрменді Үлкен үйге келгенше, мекеме, аудан, облыс секілді елек пен сүзгінің неше атасын көріп, иненің көзінен өткендей жылпос, көз тоқтатар кедір-бұдыры жоқ жып-жылмағай болып шыға келеді. Ағынмен бірге сусып, айтқанға көніп, айдауға жүріп үйреніп алады. «Сен бастық болсаң, мен – ақымақ, мен бастық болсам, сен – ақымаққа» көндігіп кетеді. «Партия қайда болса, жеңіс сонданы» ұстанады. Сөйтіп басым көпшілігінің жеке пікірі жоғалып, «Азшылық көпшілікке бағынады» ұстанымына көніп, еті өліп кетеді. Әйтпесе, дәл осы Хасанның бұған өшігетіндей еш жөні жоқ еді. Жұмекең Қызылжарда қызметте жүргенде бұл жігіт бәйбішесі Бәтестің көмекшісі болған, қолынан талай рет дәм татқан азамат. Ендеше ара түспесе қойсын, тым құрығанда басқалармен қосылып таламаса қайтер еді.

«Жә, өстіп, Үлкен үйдегі ойыннан шықтым де, Тәшенов, — деді Жұмабек іштей өзіне-өзі. – Иә, иә, шықтың! Әйтеуір бір кетерің бесенеден белгілі еді. Дәл мынадай тұтқиылдан кетеріңді… жо-жоқ, оны да білдің! Есіңде ме Мәскеуде Хрущевтың қабылдауынан шыққанда Димаш: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау», – дегенде: «…Елдің мүддесін қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын», – демеп пе едің?.. Жә, қызметті қойшы, қызмет сөз емес, қайда жіберсе де, далада қалмас! Оған есек қайғырсын! Алайда бұдан былай қасиетті қазақ жерін, әсіресе, дәл қазір нысанаға іліккен Сары Арқаны Хрущевтің қанды шеңгелінен кім құтқармақ?! Кім? Мынау Жанділдин мен Бектұрғанов па?! Әлде Мәскеудің қоқан-лоққысына төтеп бере алмай, ләббай тақсырлаған Қонаев па, әлде көпе-көрінеу отқа май құйып отырған өлке басшылары мен Юсупов па?!»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір