Әлмира Қали. Думан Рамазанның әңгімелері
12.11.2021
3447
1

Түпнұсқада «Думан Рамазан әңгімелерінің поэтикасы» деп тақырып қойған талдау мақаласында М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филол.ғ.к. Әлмира Қали: «Автор қаламынан шыққан шығармалардан оның тарихи, эсхатологиялық, діни-мистикалық тақырыптарға ерекше ден қоятындығы бірден аңғарылады», –  деп жазады. Осылай дей келіп, Думанның  «Алланың әмірі», «Ажал келген күн», «Құса», «Көш», «Бақсы мен пері» т.б. әңгімелерін кәсіби әдебиеттанушының талғамында зерделеп, оқырманға ой салады.

Редакция.

 

Әдебиетсүйер қауымға Думан Рамазан ең алдымен әңгіме жанрындағы көркем туындыларымен таныс. Автор қаламынан шыққан шығармалардан оның тарихи, эсхатологиялық, діни-мистикалық тақырыптарға ерекше ден қоятындығы бірден аңғарылады. Д.Рамазан әңгімелерінде табиғат пен адамзат, жаһан мен ұлт, тарих пен тағдыр, заман мен адам, мемлекет пен халық, дін мен қоғам ұғымдарының мағыналық аясындағы толып жатқан діни-эзотерикалық, философиялық, этномәдени, саяси, әлеуметтік, экологиялық мәселелер қаламгерлік таным таразысына түсіп, көркем қорытылады. Жазушы әсіресе өмірдегі өзара бітіспес қайшылықтардан туындайтын парадокс жағдайларды үңіле зерделейді. Шығарманың тұтас құрылымындағы авторлық позицияға келетін болсақ, көп жағдайда кейіпкерлер тағдырына төрелік етіп, кесім айтушы мәртебесінен бас тартады; баяндау стилінде барынша бейтараптық сақталады; бірқатар туындыларында кейіпкер-баяндаушының автобиографиялық сипаты айқын бедер тауып жататын жағдайлары ұшырасады. Қоршаған ортаны суреттеуде жазушы бүгінгі таңда көркемдік инновацияның көз тартатын табысты тәсіліне айналған өнер синтезіне айрықша арқа сүйейді. Авторлық көзқарас тұрғысынан зерделенер табиғат құбылыстары, баяндаудағы фантастикалық, мистикалық элементтер кинематографиядағы көрініс монтажы тәсілімен көркем бедерленеді. Жалпы Думан Рамазан әңгімелерінің басты көркемдік ерекшелігі баяндаудың интермедиялық табиғатымен байланысты. Қайсыбір әңгімелеріндегі кейіпкерлердің әрекет психологиясын суреттеу ыңғайынан сахналық драмаға тән жанрлық сипат-белгілерді де аңғаруға болады. Қалай болғанда да, жазушы қаламынан шыққан түрлі тақырыптағы шығармалар тұтаса келе, оның рух, ар, күнә сынды жан табиғатын ашар маңызды концепттер аясындағы зияткерлік-философиялық пайымдарын – автордың өзіндік рухани тұжырымдамасын ұсынады.

Есімдері тарихта қалған белгілі тұлғалар жайлы әңгімелерінің бір ерекшелігі – автор өзі бейнелеген тарихи дәуірді негізгі планға шығарып сипаттауға, я болмаса, кейінгі ұрпаққа мәшһүр тарихи оқиғаны егжей-тегжейлі баяндауға ден қоймайды. Бұл, бір жағынан, әңгіменің жанрлық заңдылығына да сай келе бермейді. Автор адамзат тарихында шешімін таппай келе жатқан философиялық мәселелерді ірі тұлғалардың тағдыр-талайын қайта зерделеу арқылы пайымдауға тырысады. Осындай адамзат, ұлт тарихындағы айтулы оқиғалардың түп-тамырын ашып, тұлғалар танымын тарихи драма деңгейінде зерттейтін туындылар қатарында «Алланың әмірі», «Ажал келген күн», «Құса» атты әңгімелерін, «Кенесары-Күнімжан», «Абылай ханның арманы» драмаларын атауға болады.

Ғасырлар тоғысындағы тарихи құбылыстар, жаһанды жайлаған экологиялық, саяси, әлеуметтік, мәдени дағдарыстар эсхатологиялық сананың оянуына түрткі болды. Саяси мүдделер жолындағы қантөгіс, өркениеттер қақтығысы, экологиялық апат қаупінің ұлғаюы қоғамда «заманақыр» жайлы ойдың таралуына алып келді. Ынсапсыздықтан, қанағатсыздықтан, рахымсыздықтан, сайып келгенде, «құдайсыздықтан» өзін-өзі жойып жіберуге таяған адамзаттың беталысы заманақырдан кейінгі тіршілік жайлы ойға еріксіз жетелейді. Д.Рамазанның «Алланың әмірі» атты эсхатологиялық әңгімесі де осындай ой-толғамның әсерімен жазылған болуы әбден мүмкін. Тарихтың жаңа бастауы жайлы апокалиптикалық, тіпті постапокалиптикалық тақырыпта жазылған туындының сюжеттік желісі негізінен Нұһ пайғамбардың кемесі, Қазығұрт тауы туралы мифтерден тұрады. Жазушы оқырман үшін қазақ қиссалары мен аңыз-әңгімелерінен белгілі жайттарды өзара сабақтастыра отырып, біртұтас сюжеттік желі қалыптастырған. Баяндау жүйесіндегі фэнтези элементтері (жануарларға тіл бітіру) мен ертегілік құрылым, кейіпкерлер қатарында құдайдың болуы – жаңа қазақ әңгімесінің көркемдік құбылысын айғақтайтын жаңашыл ізденістер.

Аталған әңгімедегі екі сюжеттік ситуация назар аударарлық. Алғашқысы тірі қалуы тиіс тіршілік иелерінің қатарында кемеге шайтанның кіріп кетуіне қатысты. Аңыз желісінен ауытқымай алынған шайтан бейнесі, түптеп келгенде, зұлымдықтың ізгілікпен қатар мәңгі жасайтындығы жайлы аңыз түбіндегі ақиқатты жеткізеді. Ал кемеге мінбесе де жан сақтаған қарияның образы оқырманды жаратушының құдіреті, дін, тарих жайлы имани ойларға жетелейді.

Тәуелсіздікті аңсау сарынындағы «Ажал келген күн» әңгімесінде жазушы Шыңғыс хан дәуірінде өмір сүрген әйгілі жырау, күйші, әскери қолбасшы Кетбұқаның өмірінің соңғы кезеңі, ой-сезім сапары суреттеледі. Әлсіздігінен емес, шарасыздығынан туған елінің амандығы, келешегі үшін Шыңғыс ханға тізе бүккен ойшыл: «Енді қашан өз алдымызға ел болып, етек-жеңімізді жинар екенбіз!..» – деп мұңға беріледі. Санасына мөр болып болып басылып, жадында жатталған туған жер бейнесін Кетбұқа сағынышпен еске алады: «Атамекен, құтты қоныс… Көк аспанмен таласқан қара таулар, ұшар басына қырандар ұя салар құзар шыңдар… Құлама құз, жақпар-жақпар жартастар… Тобылғылы құла бел, қарағанды құба жондар… Гүл көмкерген қызыл қырат, жыңғылы көп сай-сала… Құстары құйқұлжыған орман-тоғай… Айдыны айнадай жалтыраған өзен-көлдер… Ши, селеуі селтиген маң дала… Жасыл жайлау, көкорай шалғын… Қаз-қатар тігілген ақ шағаладай киіз үйлер… Ақ сақалды ата, ақ жаулықты әже, иманжүзді әке, мейірлі ана… Тұлымы желбіреген ұл, жүзін күн қаққан бұрымды қыз… Төскейдегі төрт түлік, желідегі құлынды бие… Түтіні будақтаған жер ошақ, қара қазан… Буы бұрқыраған ет, қазы-қарта, жал-жая… Сапырылған сары қымыз… «Қайран туған жер, өскен өлке… қадіріңді білмеппіз-ау!..» («Ажал келген күн»). Шапқыншылықтан, қантөгістен көз ашпаған елінің кешегісі мен келешегі жайлы толғанғанда қаһарман санасында елінің азат кезі бақытты шақ ретінде пайымдалады. Бір-бірін алмастырған тарихи оқиғалар хроникасын баяндау барысында автор тұтас дәуір картинасын сәтті кескіндейді. Автор өзі бейнелеген тарихи дәуірдің рухын – жаугершілік заманның саяси, психологиялық ахуалын толымды жеткізе алған. Осы орайда назарға алынған тарихи мекеншақты мейлінше шынайы әрі көркем бейнелеуде психологизмнің ролі ерекше. «Зар заманның зарлы күйін уілге салғандай, терістіктен өкпек жел еседі» үзіндісіндегі жел – нақты ситуациядағы психологиялық хал-күйге трагизм үстеуімен қоса, ассоциациялық тұрғыда заман келбетін толықтырып тұрған маңызды элемент. Сонымен бірге, жел – тарихтың куәсі болған, дәуірлерді жалғастырушы дербес бейне. Келтірілген үзіндіде жел мәтінге әуезді леп дарыта отырып, шығарманың психологиялық қабылдануындағы мұң (сағыныш), қайғы (өлім) эмоцияларының мәнін күшейту қабілетіне ие. Ол Кетбұқаның күйшілік құдіретіне меңзей отырып, «зар заманның зарлы күйін» жеткізуші басты архитектоникалық компонент.

Азаттықты аңсау, ұлттық рухтың бас көтеруі жазушының «Алаң» повесінде де бар. Аталған шығармада 1979 жылғы қазақ жастарының еліміздің солтүстік өңірінде неміс автономиялық облысын құруға қарсы  шыққандығы туралы баяндалады. «Біздің халық не көрмеді десеңізші, бәріне төздік, шыдадық! Енді міне, елдігіміз тағы бір мәрте сыналатын кез келді», – деп бір-бірін жігерлендіріп, елдік мүдде жолында бірлесіп бас көтерген студент жастардың наразылығы, шын мәнінде, тарихтағы Желтоқсан көтерілісі қарсаңындағы халықтың көңіл-күйінен хабар береді. Патриоттық пафоспен жазылған повестің басты кейіпкерлерінің есімдері (Қазақбай, Ерлік, Мақсат, Елжан), диалогтардағы ұраншыл сөздер бірде нанымды көрінсе, енді бірде ресми сценарийлік қалып танытып жататынын айта кеткен жөн.

Ұлы тұлғалардың жүріп өткен өмір жолын қайта зерделеуге деген қаламгерлік құштарлықтан туған шығармалардың енді бірі – «Құса» әңгімесі. Абай әлемі бүгінге дейін біршама зерттелді, ол туралы көптеген әдеби шығармалар да жазылды. Бірақ Д.Рамазан ақынның ақырғы күндерін ой елегінен өткізіп, қайта зерделеуге ұмтылады. Абай өмірінің соңғы күндерінен сыр шертетін шығармада автор өмірбаяндық кезеңді тың деректермен толықтырып, ұлы ақынның жан дүниесіндегі ой-сезім сапарына ойша ілеседі.

Болашағынан зор үміт күттірген талапты баласы Әбіштің қазаға ұшырап, оның соңынан Мағауияның ауыр дертке шалдығуы ақынды есеңгіретіп жібергені белгілі.

Автор ақын шығармаларындағы ой желісін негізге ала отырып, осы тұстағы оның жан күйзелісін ашып, жалған әлеммен іштей қоштасқан кезін сезінуге, ұғынуға ұмтылады. Жалпы қаламгердің ұлы адамдардың өмірінің соңғы сәттерін зерделеуге деген қызығушылығы айқын. Мұны Кетбұқа, Абылай хан, Кенесары, Абай тақырыбындағы шығармалардың барлығынан көруге болады. Асылы, бұл ірі тарихи тұлғалардың қайталанбас тағдырлары, ұлы мақсаттар мен биік мұраттар, болашаққа аманат еткен ізгі идеялар төңірегіндегі зияткерлік-шығармашылық ұмтылыстармен байланысты болса керек. Белгілі психиатр-ғалым К.Юнг: «Білімнің бұл дүниеден өткендерге ғана мәлім жоғарғы шегі, менің ойымша, әлдеқашан қол жеткізілген таным деңгейі болып табылады. Бәлкім, жердегі өмірге, адамның мәңгіге көз жұмар сәтіндегі ойларына соншалықты мән берілетіндігі де содан шығар» (Юнг К.Г. «Воспоминания, сновидения, размышления»), – дейді. Шын мәнінде, өмір мен өлім арасындағы шешуші сәттегі адамның ақтық ой-сезімі барлығына да қызғылықты мәселе екені анық.

Антиутопиялық сипаттағы «Көш» әфсанасы – көркемдік деңгейі, философиялық-эстетикалық салмағы тұрғысында қаламгердің шығармашылығындағы оқшау туынды. Барақат өмір үшін жасалатын құрбандықтың жалған екендігіне назар аудартатын қоғамдық-саяси астарлы

шығармада қоғамның беталысы, билік пен халық, идеология мәселелері ирониялық ыңғайда өрнек тапқан. Жалпы нақты уақыттық-кеңістіктік координаттары белгісіз туындының ішкі мазмұны да, сыртқы пішіні де қай дәуірде болмасын мәнін жоймайтындығымен бағалы. Бұл жайында танымал

жазушы Төлен Әбдік былай дейді: «…әңгімелерінің ішінде көзге түсетіні – «Көш» атты әфсана деп айтар едім. Әңгіменің аллегориялық сипаты жан-жақты. Сондықтан мұндай шығармалардың ғұмыры ұзақ болуға тиісті» (Т.Әбдік  «Шындық пен шынайылық». Алғысөз). Дегенмен абстракциялық әлемдегі белгілі бір ұлттық кодтардың, тарихи оқиға желісімен үндесетін деректердің болуы автордың сыни пікір-пайымдарының адресатын топшылауға мүмкіндік береді. Әңгіме өзегінде халық тобырлық психологиядан арылуы тиіс; көкірегі сәулелі әр тұлғаның санасын қайсарлық, шыншылдық, әділеттілік сынды қасиеттер билеуі керек деген тұжырымдар бар. Қаламгер қозғаған тақырыбын жалаң авторлық баяндаумен егжей-тегжейлі талқыға салмай-ақ, тікелей кейіпкерлердің бейнесі арқылы көркем қорытып, оқырман көкейіне ой-тамызық тастап отырады. «Тақсірет» әңгімесінде ядролық сынақтан зардап шегіп, жазылмас дертке шалдыққан кейіпкерлердің (Нұрбек, Мәдидің қызы, Қаншайым әжейдің немересі) қайғылы тағдыры суреттеледі. Автор Нұрбектің отбасындағы жағдайды негізге ала отырып, полигон тақырыбының саяси, әлеуметтік, экологиялық, рухани астарларын жан-жақты қаузайды.

Думан Рамазан прозасына тән қасиеттердің бірі – психологиялық параллельдің жиі ұшырасатындығы. Суреткер кейіпкердің өміріндегі трагедиялық жағдайды табиғат көрінісімен астастыра беруге бейім. Төмендегі үзіндідегі табиғат құбылысы алдағы қасіреттің нышаны: «Кенет, қатты жел тұрды. Аспанды қара қошқыл бұлттар қаптап, жаңбыр себезгiлей бастады. Ауылға тақай бергенде әлдененi шоқып жатқан үш құзғынды көзi шалды. Гүлжан жақындағанда олар дүркiрей көкке көтерiлiп, жерде жүнi жұлмаланып, iшек-қарны ақтарылған ақ көгершiн жатты» (Д.Рамазан  «Жылап аққан тамшылар»). Әңгіме бойындағы күллі философиялық толғам, идеялық байлам осы құзғын мен ақ көгершін образдарының контрастылы оппозициясы арқылы пайымдалары сөзсіз. Тақырыптық деңгейде (полигон) құзғынға жем болған көгершін бейбітшілік символы ретінде танылып, автордың ұлттық, саяси бағдардағы әділетсіздікке наразылығын бедерлеуі мүмкін. Сюжеттік деңгейде бұл оқшау көрініс кейіпкерлер өміріндегі қасіретті кейіптесе, композициялық тұрғыда – қаламгерге тән модернистік назарды айқындайтын бірден-бір көркемдік деталь. Жалпы тосындығымен, тұтас көркем әлемдегі оқшау сипатымен ерекшеленіп тұратын мұндай ситуациялар Думан Рамазан әңгімелерінде жиі ұшырасады. Әңгіме соңындағы: «Ұясы бұзылған балапандардай шырқыраған сәбилердің ащы айғайынан алакөлеңке бөлменің іші күңіреніп кетті» – деген үзіндіде де кейіпкерлердің психологиялық күйі мен кеңістік көрінісі ажырамас байланыста суреттеледі. Автор әкелерінен айырылып, жетім қалған сәбилердің зарлы үнін әсірелеу арқылы («бөлменің іші күңіреніп кетті») эмоциялы картинаның қайғылы ауанын мейлінше тұтастандыра түседі.

 Жазушы Думан Рамазанның қаламынан туған сюжет тартымдылығы, баяндау ырғағы, суреттеу тәсілі, кинематографиялық зерделеу ыңғайы тұрғысында киноповестке арқау бола алатын сом дүниелердің бірі – «Көкжал» әңгімесі. Сюжеттік сұлбасы өзіне дейінгі тақырыптас классикалық шығармаларды еріксіз еске түсіретін әңгіменің негізгі мотиві – көкжалдың кегі. Түз тағысы бес күшігінің бірін қалдырмай апанынан алып кеткен адамдарға қарсы ашық шабуылға шығады. Сюжеттік желідегі түйінді сәттер: Серікжанның қателігі, қасқырдың ұрпақ үшін сұрапыл айқасы, Елубайдың қазасы. Осы тізбек бойында суреттелетін оқиғалардың астарында адам мен табиғаттың тамырластығы (үйлесім), адам қолымен жасалған зұлымдық жайлы авторлық толғамдар жатыр. Негізінен, ұрпағы үшін алпарысқан текті қасқырдың бейнесі көкбөрі тотеміне қатысты культтық наным-сенімді арқау еткені анық.

Кие мотиві жыланмен арбасу жайлы көне тотемдік наным-сенімге құрылған «Жалғас» әңгімесінде де бар. Шығарма сюжеті қытай қазақтары арасында сақталған Шошана әулие туралы аңыз-әңгіме желісін еске түсіреді. Әңгіменің негізгі идеясы Майлыбайдың өз немересі Жалғасқа айтқан мына сөздерінде жатса керек: «Ешуақытта ұяны бұзуға, шаңырақты ойрандауға болмайды! Кез келген кеудесінде жаны бар тіршілік иесі үшін мекені мен ұрпағынан артық ештеңе жоқ!» Жалғастың балалықпен жыланның жұмыртқасын жарып қоюына байланысты өрбитін шығарма, негізінен, табиғаттың адам көзінен таса тылсым тіршілігі, кие, жанұя, ұрпақ жайлы ойларды арқау еткен.

«Жалғас» әңгімесінде Д.Рамазан көне жылан культіне байланысты ұлттық санада сақталып қалған ғұрыптарды жүйелі түрде игерген. Майлыбайдың жыланмен арбасуы, жыланды жетіге бөліп барып көму, ордалы жыланның кегінен құтылу үшін із жасырып көшу сынды көне наным-сенімге құрылған әрекеттер әңгіменің мистикалық сарынын аңғартады. Жылан киесіне қатысты авторлық ой-толғам оның «Ақсақал мен ақ жылан» әңгімесінде де жалғасын

табады. Автобиографиялық сипаттағы шығармада жазушы ата мен бала арасындағы тарих пен келешек, дін мен идеология жайындағы ұзақ диалогтар арқылы ұрпақтар арасындағы байланыс, көзқарас қайшылығы мәселелерін қозғайды.

Жалпы жылан көптеген халықтардың мифологиясында отбасының символы екені белгілі. «Көптеген Евразия континентіндегі халықтардың мифінде айдаһар мен жылан жағымсыз кейіпкер ретінде көрінсе, түркі, монғол және қытай мифтерінде керісінше, жақсы жағынан көрініс табады» (Б.Әбжет  «Түркі халықтары мифологиясындағы айдаһар бейнесінің типологиясы»). Қазақ фольклорында жылан киелі жануар саналады. Үйге кірген жыланның басынан ақ құйып шығару, ордалы жылан көшіне бөгет болмау, түске жылан кірсе, жақсылыққа жору сынды ырымдар – соның дәлелі. Түптеп келгенде, аталған әңгімедегі жылан сынды эхтоникалық бейне адамзат қоғамынан бөлек тіршілік әлемін мойындау, олармен үйлесімде өмір сүру идеяларын паш етеді.

Ана тілінің мәселесі төңірегінде ұрпақтар жалғастығы, ұлттық ділдің өзгеріске ұшырауы, ұлттық құндылықтардың жоғалуы сынды отбасы, қоғам, ұлт өміріне қатысты келелі мәселелерге қозғау салған шығарма – «Жатбауыр» әңгімесі. Ана тілінен ажыраған қоғамның шынайы тіршілік-тынысы Ығыбай ақсақалдың көзімен зерделенеді. «Өзіңнің туған немереңмен өз тіліңде түсінісе алмау деген не сұмдық!» – деп кейіген ақсақал ұлттық қасиеттерді сақтап қалу отбасылық тәрбиеден басталады деген тұжырымның дұрыстығына көз жеткізеді. Өзге тілде тәлім-тәрбие алған ұрпақтың өз елінің мүддесіне қызмет ете алмайтындығын қария туған немересіне қарап-ақ түсінеді. Айналасындағы тұрғыластарының, ағайын-туысының пейілі тарылып, берекесі қашып, тіршілігі тозған күйінен көңілі тоңазыған ол «Заманмен бірге адамдардың да мінез-құлықтары өзгеріп, ұсақталып бара жатқан сияқты…» – дейді. Немересімен бірге өткізген аз күнде болашағының бұлыңғыр екенін түйсінген Ығыбай осы жағдайдан кейін ақыры көз жұмады. Әңгіме соңындағы кейіпкердің психофизиологиялық ахуалы былайша суреттеледі: «Бар дауысымен ашына айғай салды. Көзі қарауытып, жүрегі қатты шаншып-шаншып жіберді. Осы сәтте жер-дүние шыр айналып кеткендей болды… Не болғанын өзі де аңдай алмады, әйтеуір бойынан әл, кеудесінен жан шығып бара жатқандай, денесі былқ-сылқ етіп, қос тізесі бірдей бүгіле берді. Көзді ашып-жұмғанша етпеттей құлап түсті. Қара шаң бұрқ ете қалды. Сол сәт төңіректі қап-қара түнек басты. Қарт құлаған жер өзінен-өзі ойылып жүре берді, алдымен шыңырау шұңқыр, артынша-ақ алып құбыр пайда болды. Ығыбай ақсақал сол құбырдың ішімен жеті қат жердің астына қарай құлдилап бара жатты…».

Д.Рамазанның «Бақсы мен пері», «Жан», «Жын» әңгімелерінде қосарлы

әлем, бақилық дүние жайлы эзотерикалық, мистикалық сипаттағы оқиғалар баяндалады. Басқа әңгімелерімен салыстырғанда, «Жын» әңгімесінде жазушы

түстегі виртуалды кейіпкерлердің портреттік кескін-келбеттерін мейлінше анық суреттеуге ден қояды: «Түн қараңғылығын жамылып, жалбыр шаштылар той жасап жатыр. Адамдарға ұқсамайды. Ергежейлілер елінен келген елшілер сияқты: бойлары бір-ақ тұтам. Өздерінше ән айтып, би билеп, той көрігін қыздыра түскен. Ортадағы отты айнала серкедей секең қағып, секіріп жүр. Мәз-мәйрам. Қойша маңырап, қозыдай жамырап, ду-ду, гу-гу етеді. Үсті-бастарын түк басқан қыз кейпіндегі екі албасты Болатбекті қос қапталдай құшақтап алған, сиырша жаланып, кенеше жабыса түседі. Ол сытылып шықпақ боп, алға қарай ұмсынса, желке тұсында қыдиып тұрған қарақшы иығынан басып, тырп еткізер емес. Бір кезде қол-аяғы сәл босап, орнынан көтеріле бергені сол еді, жапалақтай жарбаң қаққан бадырақ көз біреуі бар дауысымен аузы-басын қисайта баж ете қалды». Кейіпкер назарымен бақыланатын бұл көрініс, шын мәнінде, «жын-ойнақ» сөзінің тура мағынасындағы ассоциациясын танытады. Түс көруші кейіпкердің ой-қиял әлемінде бейсаналы күйде көрген бейнелері ертегілік-мифтік әлемнің персонаждарын еске түсіреді. Әңгімеге қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен таныс болған «жын қуу» сюжеті арқау болған.

Шығарманың тұтас поэтикалық құрылымы тұрғысынан қарағанда, түс – сюжет барысын айқындаушы әрі реалды-ирреалды шындықты жеткізуші бірден-бір көркемдік компонент. Себебі түс арқылы Болатбек өз тәнін иемденген «үсті-бастарын түк басқан қыз кейпіндегі екі албастының» бар екендігін алдын ала болжайды. Болатбек пен досының арасындағы диалогтарда автор осы тақырыпқа қатысты негізгі мағлмұматтарды қамтуға

тырысқаны аңғарылады. Бір адамның бойында бірнеше жынның өмір сүруі, жындардың некелесуі, ол туралы Құранда айтылғандығы жайындағы ақпараттар, оқырманға көгілдір экраннан таныс сюжеттің суреттелуі, бір жағынан, әңгіменің репортаждық сипатқа жақындығын әйгілейтіні рас.

Ал жазушының «Жан» атты келесі әңгімесі Жұлдызжан есімді кейіпкердің бойындағы көріпкелдік (экстрасенсорлық) қабілеттерін суреттеуге

арналған. Әйгілі қаламгердің мұражай үйіне келген сәтте бас кейіпкер студент жігіттің бойындағы айрықша қабілеттері ашыла бастайды. Ол өзінің Жұлдызжан ретінде алғаш табалдырығынан аттаған үйдің бұрынғы қожайыны, өткен өмірі жайлы сырларға қанық екендігіне көз жеткізеді. Осы орайдағы Жұлдызжанның бойындағы ерекше қасиеттерді суреттей отырып, автор кездейсоқ тап болған ақ көгершіннің көз жасы, ақ көгершіннің әйел

бейнесінде көрінуі, жұмбақ құстың кейіпкер соңынан шарқ ұра ілесуі, ақыры тосыннан қаза болуы оқиғалық тізбегін ұтымды пайдаланған. Осы арқылы ол адам мен көгершін жандарының арасындағы мистикалық байланыстың барын айқындайды.

Музей-үйдегі тылсым уақиғаларды суреттеуде (жазушының отбасының жанды бейнелерін елестетуі, бұрынғы гараждың орнын дәл тауып айтуы, т.б.) автор оқырман санасында кинематографиялық эффектілер әсерін тудыруға тырысады. Думан Рамазан шығармаларында бір әңгімеден екіншісіне көшіп жүретін («Алланың әмірі», «Тақсірет», «Жан») ақ көгершін бейнесінің мәні осы тұста ашыла түскендей. Авторлық пайымда ол – күнәсіз адал жанның символы.

Мистикалық тақырыпты ертегілік сюжет үлгісінде игерген «Бақсы мен пері» атты әңгімесінде готикалық жанр белгілері байқалады. Бекініс, зұлым күштермен соғыс, ғашықтық, зұлым күштерден қорғаушы қасиетті тұмар (Құран) сынды атрибуттардың болуы қазақ әңгімесінің бүгінгі таңдағы жанрлық құбылу сипатының айқын көрінісі. Осы орайда қаламгердің бөгде топырақта дүниеге келген жанр табиғатын ұлттық таным елегінен өткізе отырып, қазақы көркем кеңістікке мейлінше бейімдеу барысында үлкен шығармашылық ізденістер жасағанын көрсетеді. Пауиддиннің ширек ғасырға

жуық уақытты қамтитын перілер еліне саяхаты, пері қызымен некелесу, шынайы махаббат, пері қызының өз туыстарының қолынан қаза табуы, Пауиддиннің жерге – Қазалыға оралуы, т.б. әйгілі мифтік мотивтерді арқау еткен әңгіменің сюжеті шытырман оқиғаға толы.

Жазушы өзі баяндайтын күрделі фантастикалық хикаяның логикалық желісін жүйелі жоспарлаған. Перілер әлемінің заңдылықтары, Пауиддиннің Қазалыға оралған соң неміс қызымен үйленіп, ит-мысық асырауы сынды детальдар тізбегі – әңгіме құрылымында нақты көркемдік функциясы бар маңызды композициялық элементтер.

Шығармадағы перілер еліндегі фантастикалық кеңістіктің түр-түсі (Пауиддиннің жасыл киімі, перілер елінің жасыл түсі) астарлы символдық мәнге ие. Романтикалық ыңғайда мұны мәңгілік өмір, жасампаз жастық ретінде пайымдауға мүмкіндік бар.

«Бақсы мен пері» әңгімесі бүгінгі таңдағы фантастикалық экшн стилінде тамамдалады. «Зымырап келе жатқанмын, аяғым бірдеңеге шалынып кеткендей болды да, екпіндеп келіп, мұрттай ұштым. Ар жағы есімде жоқ. Көзімді ашсам, міне қызық, жап-жасыл бақтың ішінде жатырмын», –деп келетін финал оқиғаның аяқталмағандығынан хабар береді. Демек, шытырман оқиғаның соңғы нүктесі әлі қойылмаған, жалғасы бар.

Думан Рамазан шығармашылығында терең пайымдалатын философиялық

категориялар қатарында «ар», «күнә», «қылмыс» концептілері ерекше мәнге ие. «Жылап аққан тамшылар», «Жаралы аққу» сынды нәзік лирикаға құрылған

әңгімелері – қаламгердің жан тазалығын, сезім тұнықтығын сақтау туралы биік адамгершілік принциптерін арқау еткен туындылар. Жазушы күллі шығармашылығына өзек еткен жан тазалығы мәселесін осы орайда махаббат тақырыбымен астастырып, өзгеше көркемдік-эстетикалық ыңғайда тұжырымдайды. Баяндау ырғағы жағынан аталған туындыларды ақ өлеңмен жазылған прозалық үлгі ретінде қабылдауға негіз бар.

«Келін», «Күнә», «О дүниедегі кездесу» атты әңгімелер отбасылық құндылықтар, қоғамның береке-бірлігі үшін аса қажет қайырымдылық, адалдық, әділеттілік сынды биік адамгершілік қасиеттер жайлы авторлық пәлсапалық толғаныстарға толы.

«Келіндегі» Жаңыл атты бас кейіпкердің тағдырдың тауқыметіне (сүйгенінен айырылып, жастай жесір атану), абысыны Паршагүлдің аярлығына, қайны Еркінбектің рухани әлсіздігіне төтеп беріп, адамдық келбетін сақтап қалуына негіз болған іргелі қасиеті – оның қайырымдылығы. Ал «Күнә» әңгімесіндегі Нұрланның арсыз іс-әрекеттері оның өзін шыңырауға итермелеп, ақыр соңында жас жігіттің өмірі аянышты халге түседі. «О дүниедегі кездесудегі» тозақ отына күйген Сәззәт Сұрлашев пен иманды істерінің қайырын көрген Сүйсен Сабаевтың тұлғалық оппозициясы да қылмыс пен жаза, ар мен күнә туралы терең философиялық толғаныстарға жетелейді.

 Жалпы Думан Рамазан әңгімелеріндегі кейіпкерлер галереясы өте кең. Мұнда Құдай, пері мен періште, жын-шайтан, пайғамбар, бақсы сынды діни-мифологиялық, фольклорлық персонаждардан бастап тұлғаның түрлі психологиялық типтерін кездестіруге болады.

Әлеумет тіршілігінің қия-қалтарысындағы адамның рухани құлдырау және өрлеу жолдарын арқау еткен әрқилы сипаттағы әңгімелерінде бүгінгі ұлттың шынайы бет-бейнесі сомдалған. Жатбауыр ұрпақ, рухани азғындаған

қандықол қылмыскерлер психологиясын суреттеу арқылы жазушы тұлғалық рухани күйреудің себеп-салдарын ашуға ұмтылады. Бұл, түптеп келгенде, жеке тұлғаның ғана емес, тұтас қоғамның беталыс-бағдарын танытатын жағдай болғандықтан, ұлттық мәселе деңгейінде бағаланғаны абзал.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.11.2021 | 15:03

Жақсы мақала

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір