АҚ ЖАУЫННЫҢ АСТЫНДА КҮЙ НӨСЕРЛЕП…
12.11.2021
2600
0

Күй – құдірет. Күй – Тәңірдің сыйы. Бұған жуырда Алматы қаласы Ықылас Дүкенұлы атындағы халықтық музыкалық аспаптар музейінде өткен «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің лекция-концертінде тағы бір көз жеткіздік, көңілмен түйсіндік, жүрекпен сездік. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – қазақтың дәулескер күйші-композиторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Секен Кәрімұлы Тұрысбек. Кеш тізгінін қолына алған Секен Тұрысбек күйлердің тарихы туралы терең сырлы әңгімелердің майын тамызды. Көрермендердің арасында отырған біз әңгіме тыңдап емес, рухани сұқбат құрғандай болдық. Көрермендермен сәлемдескен ол, кешті өлеңмен бастады да әңгімесін күймен, күйлердің шығу тарихымен жалғастырды.

«Сағымдай сан құбылған, айхай, Заман,

Сиқырлы қызығыңа жан тоймаған.

Өзіңе мұң шағамын оңашада,

Абыздай күңіреніп ой толғаған.

 

Теңіздей арпалысқан, айхай, Заман,

Кеме жоқ толқыныңда шайқалмаған.

Түбіңді тостағандай төңкерсем де,

Сынаптай сырың көп-ау байқалмаған.

 

Баянсыз көшкен бұлттай, айхай, Заман,

Жетер ме даусым саған айқайлаған?!

Жаңғыртып кең даланы шырқасам да,

Ішімде арман қанша айта алмаған!..». (Несіпбек Айтұлы).

Қазіргі тыңдайтын күйлеріңіз «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің орындауында «Ұлы дала» күйі.

«Қазақтың ұяты мен қасиеті күйінде ғана қалды»

«Қазақтың өнеріндегі ең күрделісі, толғаулысы, сырлысы ол – күй өнері», – деп Мұхтар Әуезов тегіннен-тегін айтпаса керек. Тағы да «Қазақтың ұяты мен қасиеті күйінде ғана қалды» деп Әуезовтың айтпасы бар ма?..

Сонау 2001 жылы 18-мамырда, Олжас (Сүлейменов – ред.) ағамыздың туған күнінде Күлтегін құлпытасы Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне әкелінді. Соны көріп бабаларым, аталарым тіріліп келгендей әсерленгенде туған күйім еді «Күлтегін». «Күлтегінге» кезек берейік.

 

* *  *

Құрманғазы бабамыздың «Кісен ашқан» күйінің сыры аңғарлы адамға белгілі ғой. Ол – Құрманғазының жеке басының кісен ашқаны емес, ол уақыттың, қоғамның кісеннен «қашқан» бұлқынысы. Сол Құрманғазының «Ақсақ киігін» тыңдайықшы. Мән берсеңіз, бұл күй де дала тағысын ғана «жырлап» тұрған жоқ.

 

*  *  *

 «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар», – депті Абай. Сазды айырар – құлақ, сұлулықты айырар – көз. Қазақтың күйі – аударманы еш қажет етпейтін дүние. Жантөренің «Шалқымасы» соған дәлел.

*  *  *

Жарық жалғанда аманат жанды арқалап жүрген біздер, жұмыр басты пенденің бәрі анаға мәңгі қарыздармыз. Құрманғазының «Қайран шешем», «Аман бол, шешем, аман бол» күйлерін тыңдағанда кеудедегі жұдырықтай жұмыр еттің бүлк ете қалатыны содан.

Анам науқастанып жатқанда Лондонда өтетін концертке бармадым. Орны толмас қайғының шетін көзім көріп тұрған соң тастап кете алмадым. Кейін жол Жапонияға түсті, іс-сапарға барудан тағы да бас тарттым. Ол кезде де анам сырқаттанып қалған. Мұны естіген шешем: «Секен, бұл Үкіметтің жұмысы ғой. Одан қалуға болмайды. Сен келгенше мен аман болам, тірі болам» деген еді… Мен Токиода жүргенде анам дүниеден қайтты. Бір уыс топырақ та сала алмағаныма өкінем. Келесі тыңдайтын «Асыл анам» әнінің тарихы – осы.

* *  *

Өткен ғасырдың 87 жылдары Алматыда, түн жарымында «Боранды бекетті» оқып отырғанмын. Найман ананың желмаяға мініп, белден-бел асып желіп бара жатқан сапары маған қатты әсер етіп, «Аруана» күйі жазылды. Бұл күйді өзінің болашағын іздеген, келешегін іздеген халық тағдыры деп таныған жөн шығар.

Күйлерім кітап боп шыққанда Шыңғыс Айтматовқа сыйладым. Жазушы: «Боранды бекеттен» осындай күй туатыны үш ұйықтасам түсіме кірмеп еді», –  деп өзінің кітабына «Шоң ризашылық менен» деген қолтаңба жазып берді. Ендеше күйдің өзі «сөйлесін».

 

«Басшысын таппаған ел азар»

Жамбылда өмірден ерте озған Мэлс Өзбеков деген композиторымыз болды. Ол мектеп бітірген кезде соңғы қоңыраудан кейін өзі көзі түсіп жүрген кісіні алып, ар жағындағы Шу өзеніне бара қалсын. Түнде айдың жарығымен жағада, аяғын суға малып отырып… жанындағы қыз аяғы тайып, суға кете барады. Ашулы, бурқанып жатқан өзен алды-артына қарай ма! Мэлс сол өзеннің жағасын жағалап, біраз жерге дейін жүгіріпті. Көз алдында әлгі қыздан айрылып қалады. Кейіннен сол Мэлс ағамыз «Ай-ару, сен айтшы, айдын көл, сен айтшы» деген керемет ән жазды…

 

* * *

Малғаждар Әубәкіров Жамбыл жерінде  сол өлкенің оркестріне жетекшілік етіп, мәдениетін көтеріп, 2-3 жылдай жұмыс істеді. Қазақ руханиятына айрықша үлес қосқан өнер адамы еді.

Қазір кей арналардың табаны құрғап, өткел бермес өзендер су алып бара жатқаны туралы көп хабар естіп жүрміз. Сыр суының тартылуы, Ертістің «етегінің қысқаруы» жақсылықтың нышаны емес. Сондай арынды, ашулы өзендердің бірі – Талас. Жамбыл топырағында туған әннен кейін, сол табиғаттан «өнген» «Талас» күйін тыңдау да керек шығар. Авторы – Малғаждар Әубәкіров.

 

* *  *

Сонау 85 жылдары осында Сазген деген ансамбльде жетекші болып бірнеше жыл жұмыс істедім. Ол уақтарда өнерге шексіз ғашық Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар музейінің одан әрмен жандануына зор еңбек етті. Сол кісінің жасатқан, жинаған аспаптары, Ахаңнан (Ахмет Жұбанов – ред.) бастап қаншама композиторларымыздың домбырасы тұр мынау ағаш үйдің ішінде. Бұл аспаптардың көшірмесін жасауға болады-ақ, бірақ қасиетті қолдардың табы сіңген баға жетпес қазыналарымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқамын. Мұраларымызға өз дәрежесінде қарап, қорғаудың бар амалын әлі істемей жатқанымыз алаңдатады. Мұндай өкініштер сан рет болған…

Жә, «тышқан ұстамаған мысықтың өзі жексұрын көрінеді» деген, менің де шығып 1-2 күй тартқым келеді. Қазір орындайтын күйім – «Көкбөрі». Бұл күй Иманғали Нұрғалиұлына арналады.

Бұл күндері мырзалар бар марғасқа, әкімдер де бар нешеме. Дегенмен осылардың ішінде Иманғалидың ұлттық өнерге деген жанашырлығы, жалпы өзінің тектілігі таңғалдырмай қоймайды. Адам айтса нанғысыз, тіпті астанадағы музейдің бір қабатын Иманғали Нұрғалиұлының жинаған дүниелері алып тұр. Әкім болып жүріп, қара ормандай қаптаған қалың іспен айналысып жүріп мұның бәріне қашан, қай уақытта үлгереді, түк түсінсем бұйырмасын. Бұл бір қыры ғана, ал ұлттық өнерге, әдебиетке құмарлығы, ғашықтығы, адамды тани білуі ештеңемен салыстыра алмас жағдай.

«Басшысын таппаған ел – азар, жолдасын таппаған ер – азар». Адам адамын іздейді. Сол азаматыма арналған күйім – «Көкбөрі».

 

 «Бестөре» — Наурызбайдың күйі

 «Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық». Қайбір кезде Елбасының шақыруымен астанаға бардым. Астана сапарынан соң «Ақжауын» оркестрі 2003 жылы мемлекеттік камералық шағын оркестр болып құрылды. Қазақтың мәдени күндерімен біраз елде өнер көрсеттік. 2016 жылы иісі қазақтың қанын қоздырар бір мәселеге араластым. Сол кездегі Арыстанбек Мұхамедиұлы деген министр оркестрдің түбіне жетті. Әуезовтың айтатыны бар: «Ит қапты екен деп мен оны қапсам, аузымда не қадір-қасиет қалады». Аталы сөзге тоқтап, Алматыма қайта оралдым. Бәріне уақыт емші ғой, оркестр қайта құрылды. Оған себеп болған қазақтың бір ұлы. Батырға лайық іс қылды.

Қазақта, құдайға тәуба, батыр көп. Соғыста атой салған баһадүр де, мәдениет аламанында оза шапқан батырлар да баршылық. Бөліп-жаратыны жоқ. Сол батыр бабаларыма арналған күй – «Дарабоз».

*  *  *

Келесі тыңдайтындарыңыз – халық күйі «Бұлғын-сусар». Біздің бабаларымыз неткен суреткер, қандай биік өредегі талғампаз даналар десеңші. Халық күйі дегенімізбен, оны бір адамның жазғаны рас. Бірақ бір кемшілігіміз – талан-таражға салып, жақындыққа басып халық күйлерінің авторын «тауып беріп» жатқанымыз. Бір адамның атын шығарамын деп ешқашан ондай зорлық-зомбылыққа баруға болмайды, күйдің киесі ұрады. «Көп жотадан бір тау жасағым келді» деу әбестік.

Сондай «жанашырлықпен» Тәттімбетке біраз күйді теліп келдік. Оған «Қосбасар» күйінің өзі де жеткілікті еді. Мүмкін, Тәттімбеттің мұншалық күйі барын өзі естісе, төбемізді ояр ма еді… Мысалы, Кенесары ханның інісі Наурызбайдың «Бестөре» деген күйі бар. Оны кешеге дейін халық күйі деп келдік те, Тәттімбетке «таңа салдық». Ол – күнә. Осылай істеуге бола ма? «Бестөре» – Наурызбайдың күйі. Әруағы риза болуы керек.

Бір ой бір ойды қозғайды емес пе, «Бұлғын-сусарға» оралалық. Бұл күйді тыңдап отырсаңыз,  көз алдыңызға әлдеқандай әдемі сурет келеді. Жайма-шуақ маусым таң енді рауандап атып келе жатқанда бұлғын менен сусар бірі орманнан, бірі өзеннен келіп, таудың жағасында кездесіп, ойнақ салатын көрінеді. Соны көрген күйшінің шығарған дүниесі болса керек. «Бұлғын-сусарды» тыңдап көрейік.

*  *  *

Халық күйінің бәрі осындай болса ғой, шіркін! Тыңқылдатқан дүниенің бәрін күй деп қарауға болмайды. Қазақта жалпы жеті мыңға жуық күй бар деп айтамыз, ал солардың қайсысы күй, қайсысы – «домбыраны құр сабалаған» «әләуләйлім» – айырып жатқанымыз жоқ.

Ахмет Жұбановтың тағы бір әулиелік ісі – Қазақ топырағына Мәскеуден Брусиловскийді, Құрманғазы оркестрін құрардың алдында мастер Эмануэль Иосифович Романенконы алып келуі. Менің қолымдағы – сол Романенконың жасаған домбырасы. Бұл домбыраны серік қылғаныма жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Айтпаса сөздің атасы өледі, халық күйлеріне қатысты Әуезовтың Брусюловскиймен келіспейтін тұстары да болған. Ұлы Мұқаңның қарсы келгені – халық күйінің халық күйі ретінде айтылуы үшін еді. «Композитор екенмін деп, оны қанша өңдегеніңмен халық күйі болып қалуы тиіс» деді Әуезов. Алайда сол Брусиловскийдің бізге, қазаққа жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Келесі орындалатын күй Брусиловскийдің емес, халық күйі – «Бозайғыр».

 

*  *  *

Қазақтың қай жерін алып қарасаңыз да, өзіне тән ән-күй мектептері бар. Батыс, Маңғыстау, Арқа, Шығыс мектептері өз алдына, Алтай жақтың ән-күйлері келіп кешегі қазынамызды одан сайын байыта түсті. Егер солардың бәрі сыңар ағымдағы, жалғыз бағыттағы өнер болса, қазақ мәдениеті жетімсіреп қалар ма еді?! Бұл өнеріміздің бір жақты емес екендігін, диапазонының кеңдігін білдіреді.

Бөкейдің күйі – «Қосбасқан». Орындайтын «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрі.

 

 «Амал жоқ, арқасынан қақтым»

Кешегінің соңы секілді қайталанбайтын тағы бір күйші – Төлеген Момбеков. Тоқсаныншы жылдары Алматыдан Созаққа ағамызды іздеп әдейілеп барып едім. Созақ барсаң, Сызған бар. Үйге кірсек, Төкең төрде теріс қарап, бәкідей бүктеліп жатыр екен. Бізді көріп: «Апыр-ау, өз көзіме өзім сенбей тұрмын, қалай келіп қалдыңдар», – деп құрақ ұшты. Есік алдындағы жалғыз ешкіні сойдырып, балаларды дүкенге жіберіп әбігер болды. Бір уақта маңдайдан шып-шып тер кетті. Содан соң: «Әй, сендерге керегі күй шығар. Әкелші ана домбыраны», – деді. Мен домбырамды бердім. Ол уақтарда домбырамда қашаған перне бар еді. Төкең домбырамды қолыма қайта беріп жатып: «Секен, сенің пернелеріңнен саусақтарым сүрінеді екен, менің домбырамды түсірші» – деді.  Сөйтсе, домбырасы шифонердің үстінде шанағын шаң басып қалыпты. Яғни, тыңдайтын құлақ болмағаны да…

Төкең күйінің иірімдері ән мен жырға жақын. Күйлерін төгіп болған соң, біраздан кейін әнге басты.

– Аға, – дедім. – Сіздің осы қырыңызды, ән айтатыныңызды біз білмейді екенбіз.

– Секен, бір уақтарда автоклуб меңгерушісі боп қызмет істедім. Сол кезде шопандарға күй тартып отырсам, «ей, мына тыңқылдағыңды қой, айтсаң, ән айт» деп айтады. Амал жоқ, үйрендім. Жыраулығымның «жыры» сол, – деді.

– «Салтанат» күйінің тарихын айтыңызшы?

– Қызым Саланаттың 4-5 жастағы, үпі-тәпі ғана есін білетін кезі. Есік алдында ойнап жүрсе, қайсы бірі қағып кетіп, Салтанат шырылдап, «мен қазір шешеме айтам» деп ботадай боздап үйге жүгіріп келе жатыр екен. Баламның алдынан шығып, бауырыма бастым: «Балам, неге жылайсың? Жыламашы, сен жыласаң, менің жүрегім жылайды. Анаң саған да, маған да жоқ…» дедім. Анасы он бес күн бұрын дүние салған, бірақ баланың санасында шешесі үйде жүрген секілді. «Енді жыласаң, менің жүрегім ауырады, жыламашы, балам. Көз жасыңды көрсетпеші» дедім тағы да. «Жарайды, әке», – деп ол қалды. Бір күні қарасам, Салтанат жоқ. Іздемеген жерім қалмады. Ақыры таппай қайтып келсем, қызым үйдің артында маған көз жасын көрсетпейін деп теріс қарап, өксіп жылап отыр екен. «Салтанат» соны көрген кезде туған күйім еді.

Сол күндері Төлеген Момбеков: «Секен, осы «Салтанат» күйі саған аманат. Сен тартып, орындап елге тартсаң осы күйім тіріліп кететін сияқты болып көрінеді. Осыдан екі аптадай бұрын «Отырар сазы» (оркестрред.) келді. Концертте алдында отырған бір бала тартты осы күйді. Амал жоқ арқасынан қақтым», – деді. Содан бері қарай «Салтанат» күйін тартып жүргеніме ширек ғасырдан астам уақыт болған екен. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетіп жатса, бізге одан артық бақыттың керегі бар ма!

Қасіреттен қасиетті өнер туады-дағы. Олай болса, «Салтанатқа» кезек келген секілді.

 «Жақсы домбыра жаман қатын секілді»

 Жақында Талдықорғанға барып қайттық. Жаз кезі болатын. Талдықорған – қазақтың классик ақыны Жұматай Жақыпбаев туған топырақ. Жұматайдың мәңгілік музасы Ләйла еді. Оған соншалық ғашық болған ақын өлеңдерінде тек биікке көтерді, жерге түсірмеді.

Ағамыздың Кенежирен деген аты да оның ең жақын тұтқан жан серігі екен. КазГУ-да (қазіргі ҚазҰУред.) орыс тілі пәнінен баға ала алмай, қолын бір-ақ сілтеп, Кенежиреніне кеткен ғой. Хас тұлпарына. Сол өлкеде бәйгеге 60-70 жігіт ат қосады екен. Әрқайсысы бір-бір қойдан атап, мәреге бірінші жеткен кісінің қорасына сол 60-70 қой  барады деп байламға келеді. Әрине, Жұматайдың Кенежирені бәйгенің алдын бермейді. Жұматайға малдың не керегі бар, бәрін сатып, ақшасын қалтасына басып ап, Сарнақбайдың басында өлеңін жазып жататын көрінеді. Бір күні жеңешесі: «Мынау Жұматайдың жұмыс істейтін түрі жоқ, жатысы – анау. Қой енді, мынаны  Жиреннен ажыратайық», –  депті ағасы Шорабекке. Екеуі ақылдасып, Кенежиренді бір құлынды бие мен бұзаулы сиырға баспа-бас айырбастап жіберіпті. Тағы бір махаббатынан, Кенежиренінен ажырап қалу… Жұматайдың сонда жазған өлеңі екен:

 

«Жирен тұлпар – іштен туа қасқа бас,

Молда мінсе, дұғасынан тастамас.

Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін,

Бес моторлы самолетке баспа-бас.

 

Таңда өзі ашып тақтай қақпа есігін,

Шыбынға да тигізбейтін кесірін.

Жабағыдай жатағандау болғасын,

Кенежирен қойып едім есімін.

 

Шоңайнаның мөрін жалға басып ап,

Бақша кірсе, қумайтын ел тасын ап.

Қорықшы да қамамай-ақ жүретін

Өзін-өзі беделімен асырап.

 

Митыңдатып мінгенім бе енді есек?!

Бүйтер болсақ, бұл өмірге келмес ек.

Жұбымызды неге жаздың, бауырым,

Екеуміз де бәйгемізде теңдес ек.

 

Жер бетімен жирен жұлдыз ағарда,

Жұрт жаутаңдап иесіне қарар ма?

Сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай

Енді мені есті жігіт санар ма?

 

Құбыладан қайтқан атты тосарда

Қуаныштан көңіл енді босар ма?

Аламанға ат қосқанда жігіттер,

Жиренім жоқ, қара итті енді қосам ба?

 

Көрмегенің жұрттан қалған мал білем,

Жиренім жоқ, енді менің қалды нем?

Жұрт ағасын айырбастай бастаса,

Шөке, сені өткізер ем алдымен».

Аз уақыттан кейін Жүкең дүние салады, ағасы Шөкең топырақ салуға келе алмайды. Ал жоғарыдағы өлең газет арқылы тарап кетті. Айтайын дегенім, сол Жұматай небәрі 45 жасында қайтты. Былтыр ғана 75 жылдығы еді, аталмады…

Сонау кездері Жүкең Олжастан орысша өлең жазып, пәтер сұраған екен. Сонда Жұматайдың, орыс тілінен баға ала алмай жүрген ақынның өлеңін оқып, Олжас ағамыз қайран қалған екен. Бірден шақырып, үш бөлмелі пәтердің кілтін беріп, екі жылға стипендия тағайындапты. Жұматай үш-төрт жерде жұмыс істеп жүрген жерінен барлық жұмысын қойып, бір жұмысын ғана қалдырыпты. Бір күні Жұматай: «Осы бір жұмысты да қойсам ба деймін, өйткені уақытымен арағыңды да іше алмайды екенсің», – деп айтады дейді. Қалжың ғой енді.

Олжас ағамыз сөйтіп еркелеткен Жұматайға арнаған «Жұматай» күйімді орындап беруге рұқсат етіңіздер. Басы Ләйласына жете алмаған Жұматайдың тәтті мұңы деп, содан кейін Кенежирен тағдыры деп ұғарсыздар.

 

*  *  *

Ұстаз қашан да киелі ұғым ғой. Менің ұстаздарым – Малғаждар Әубәкіров, Нұрғиса Тілендиев. Ол кісілермен көп жыл бірге жүрдік. Көп нәрсе үйрендім, көп нәрсе алдым. Нұрғиса ағам: «Әлі менің басқан ізіме зар боласыңдар», – деп айтушы еді. Солай болды. Ондай тұлға қайталанбайды, қайтып тумайды. Ол өз бағасын өзі білген адам еді. Малғаждар аға да.  

Қазір орындайтын «Ұстаз» – ұстаздарыма бағышталған күйім. Соларды аңсау, сағыну, іздеу. Орындайтын оркестр.

*  *  *

Ортамызда Мұрат Әуезов ағамыз отыр. Қазақ үшін үлкен тұлға. Үлкен ұстаз. Халықтың ұстазы. Ортадағы асылымыз Мұрат ағамның лебізін естігіміз келеді.

МҰРАТ ӘУЕЗОВ:

– Меніңше, қазақ үшін ең үлкен сый және жусанның иісіндей өзіне тартатын дүние – ол  қазақтың домбырасы. Осында сәбилерін алып келген ата-аналар өте ақылды адамдар. Сәби өседі, домбыраның үні, саф өнердің киесі құлағында, бойында қалады. Осындай кеш үшін саған мың да бір рахмет!.

 

*  *  *

Бір күні Асқар Сүлейменов менің домбырамды алып: «Сен сенсең, қолыма домбыра ұстамағалы сегіз жыл болыпты. Бірде сенің домбыраңды Досхандікінен (Жолжақсынов) көрдім.  Мына жақсы домбыра деген жаман қатын секілді, айқайға себеп іздеп тұрады», – деді. Сүйткен Асекеңнің  күйімен ауырдым. Асекеңнің өзімен ауырдым. Асекең «Секен асуы» деп күй жазды. «Адасқақ» деген кітабына «Ұлылыққа дауа жоқ, сол Секенге дарыған» деп қолтаңбасын жазып берді. Асекеңнің қасында біз кімбіз. Ал ол қайталанбайтын тұлға еді.

 

«Ерте ме, кеш пе, бәрі де аяқталады,

Аяқталады қайғың мен қасыреттерің.

Жалғаннан қашан көңілің тоят табады,

Өз ғұмырың ғой, есепсіз шашу еткенің.

 

Аяқталады бәрі де ерте ме, кеш пе,

Бүгінгі көрген қызық та аяқталады.

Бақытқа жету дегенің ертегі емес пе,

Уақытың құрғыр тықылдап таяп қалады.

 

Ерте ме, кеш пе, бәрі де тәмамдалады,

Сүйсең де мейлің ғашық боп, сүймесең мейлің.

Алдамшы мынау дүниенің адам қонағы,

Қонақ та болса өмірді билесем дейді.

 

Тағдырына адам өзінің еркелі емес пе,

Бірақ та тағдыр пендесін аяп қалмайды.

Аяқталады бәрі де ерте ме, кеш пе,

Арманың ғана ешқашан аяқталмайды». (Ұлықбек Есдәулет)

 

Арманымыз аяқталмасын. Мына қоғамдағы қайшылықтың бәрін шайып кететін бір Ақ жауын болса ғой деп, «Ақжауын» деген күй жазып едім. Сол «Ақ жауынды» «Ақ жауын» оркестрі орындап берсін.

*  *  *

Кеш соңында Алматы қаласы әкімшілігінің өкілі арнайы құттықтап, ықылас гүлін тапсырды. Біз, көрермендер, күйді де, әнді де, өлеңді де қимай алақан соқтық. Ұза-а-ақ.

Әзірлеген Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір