ТҮРКИЯДА «ҚАЗЫҒҰРТ ОҚИҒАЛАРЫ» ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Анадолы төрінде халықаралық «Алаш» және Махмұт Қашқари әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Нұрғали Ораздың түрік тіліне аударылған «Қазығұрт оқиғалары» кітабының тұсаукесері өтті.
Салтанатты шара Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен ХVI-халықаралық Анкара кітап көрмесі аясында жүзеге асты.
Жинақтың алғысөзін білім ордасының басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев жазып, ҚазҰУ түлегі әрі қызметкері Нұрғали Ораздың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен қаламгерлік қуатына тоқталған. М.Әуезов, З.Қабдолов, М.Қаратаев сияқты әдебиет алыптары қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағында оқып, қызмет етіп, өзіндік мектеп қалыптастырғанын баяндай келе, осы мектептен тәлім алған жазушының шығармашылық жолын сараптайды. Сондай-ақ қарымды қаламгердің сүбелі туындары ел егемендігін алғаннан кейін дүниеге келіп, қандай қиын-қыстау заман болмасын өз шығармашылығына адалдық танытқанын жеткізеді. Жазушының қайталанбас қолтаңбасына, кейіпкерлерінің сан алуандығына, ойының тереңдігіне, кемелдігіне маңыз береді. Түрік тіліне тәржімаланған «Қазығұрт оқиғалары» әңгімелер жинағының туыс халықтарды әдебиет арқылы жақындастыра түсеріне үміт артады.
Жаңа жинақтың Анкара төріндегітаныстырылымында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы топтаманың Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Түркия Республикасының 100 жылдығы қарсаңында оқырман қолына тигенін, жинаққа енген «Бақыт құсы», «Жалғыз арал», «Түрік аспанындағы қазақ жұлдызы», «Ақ тырналар ұясы», «Қазығұрт оқиғасы» туындыларының түрік ағайындардың көңілінен шығарына сенім білдірді.
Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу өзі басқаратын «Бенгу» баспасынан жарық көрген туындының тарихи-мәдени салмағын сипаттап, Қазығұрт тауларын көріп өскен қаламгердің суреткерлік қырын жоғары бағалады.
Еуразия Жазушылар одағының басқарма мүшесі, кітап аудармашыларының бірі Жәмила Кынажы қазақ әдебиетінің белді өкілі Н.Ораздың жазушылық стилі мен жанрлық ерекшеліктері туралы баяндама жасап, әр шығарманың арқалаған жүгі мен көтерген міндетін жан-жақты таныстырып өтті.
Жазушы Нұрғали Ораз өз кезегінде бұған дейін жекелеген әңгімелері түрік тіліне аударылғанымен, алғаш рет жеке кітап ретінде жарық көргенін жеткізіп, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Соңынан Елші Абзал Сапарбекұлы жазушы Нұрғали Оразға, Еуразия жазушылар одағының Төрағасы Якуп Өмероғлуға, аудармашылар Мәлік Отарбаевқа, Жамилә Кынажыға, Ашур Өздемирге алғыс білдіріп, алғыс плакеткаларын тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі