БІЗ МЕТАМОДЕРНИЗМГЕ АЯҚ БАСЫП КЕЛЕМІЗ
15.10.2021
2100
2

Қозғалыссыз тіршілік – өлі, ал әдебиет – мәңгі тірі. Жаратылыс заңына сәйкес, тірі организм әрдайым түлеп отырады. Бұл сөз қазақ әдебиетіне де қатысты. Сондықтан бар-жоғымызды түгендеп, темірқазығымызды айқындап алуымыз үшін өткенге көз жүгіртуіміз, асқан асулар мен бағындыра алмаған белестерге мойын бұруымыз қажет. Осы мақсатта қаламгерлер мен әдебиеттанушыларға үш сауал жолдаған едік.

  1. Кейінгі он жылда қазақ әдебиеті қандай жаңа шығармамен толықты? Аталған аралықтың жетістігі деп қай шығармаларды атар едіңіз?
  2. Бүгінгі қазақ әдебиетінің өзекті мәселесі не? Қазақтың жаңа әдебиетінде қандай жанрлар бой көрсетті, игерілмей жатқан салалар бар ма?
  3. Алдағы он жылда әдебиетіміз бұдан да артық көркейіп, тынысы ашыла түсуі үшін қандай істер атқарылуға тиіс?

Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

Әдебиетті дамытатын – автордың өнерге махаббаты

  1. Кейінгі он жылдықта жастар әдебиеті, жастар прозасы жақсы дамыды. Бұл сөзімізге дәйек ретінде Ырысбек Дәбейдің «Жылқы атылған жаз» бен «Қоңыз» романдарын атап өткен болар едік. Одан басқа тағы да бірнеше жас жігіттердің ауыз толтырып айтарлықтай шығармалары кітап болып та, басылым беттерінде де жарық көрді. Жастардың қарыштап дамып келе жатқаны, сонымен қатар Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жүзден астам роман жазылғанына қарағанда, қазақ әдебиетінің болашағы зор деп ойлаймын.
  2. Кейінгі жылдары проза және позия салалары жақсы дамығанымен, драматургия саласы кенже қалып отыр. Жоғарыда айтқандай, жақсы ақындар мен жазушылар шоғыры әдебиет майданына енді. Алайда… драматургия саласының кенже қалу себебі – бұл салада шығармаларды іріктеу әділетсіз жүргізіледі және қаламақы көлемі аз. Осы екі фактор жастардың «театрға баруына» бөгет жасайды. Жастар бұдан гөрі өлеңдерін жазып, прозалық шығармаларын дүниеге келтіруді әлдеқайда артық көреді.
  3. Болашақ туралы айтылған кез келген болжам ешқашан орындалмайды. Бірақ қазақ әдебиетінің болашағынан үмітіміз көп.

Ницщенің: «Бағасы бар нәрсенің құндылығы жоқ» деген сөзі бар. Өнер ақшамен бағаланбауы тиіс. Өнер – ешқашан жойылмайтын өзіндік құндылық, сондықтан өнердің дамуы қоғамның өнерге ықылас-ілтипатына тікелей байланысты. Қоғамда өнердің құны өз дәрежесінде болса, ол жақсы дамиды. Өнерге ықылас-ілтипат өнерді дамытады. Бәрінен бұрын өнерді дамытатын – автордың өнерге деген махаббаты.

 

Береке ЖҰМАҚАЕВА, әдебиеттанушы:

Өнерге адал цензураның жоқтығы байқалады

  1. Жаңа заман әдебиетінің кейінгі он жылдағы даму өрісін, өзгерістерін жүйелеп қарастырған, алдынғы үлгімен салғастыра сараптаған зерттеулерді де, зерттеушілерді де көзіміз шалмағалы көп айдың жүзі. Ал жоғары оқу орындарында «қазіргі кезең әдебиеті», жас қаламгерлердің шығармашылықтары деп оқу бағдарламаларына енген ақын-жазушылардың өзі бүгінгі таңда орта буын өкілдері.

Әдебиет – тірі. Өлген ұлттың ғана әдебиеті өледі. Тірі ұлт өз тілінде сөйлеп, өз тілінде жазатын ұрпағы барда өнер жарата бермек, әдебиеті үнемі қозғалыста болмақ. Ол шабан ба, жүрдек пе, ілгері ме, кейін бе – әйтеуір қозғалыс бар.

Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ әдебиетінде тың серпіліс пайда болды, Кеңестік құрсаудан шыққан халықтың оянуы, рухының көтерілуі шығармашылық тұлғаларға шабыт берді. Бұл кезде «біз кімбіз?», «қазақ генафоны қандай?» сыйңайлы сұрақтарға жауап іздеген, ұлт темірқазығын іздеуге бағытталған шығармалар көптеп жарық көрді. Бұл құбылыс көбіне тарихи романдар мен тарихи сипаты бар шығармалардан анық көрінді. Мысалы, М.Мағауиннің «Шыңғыс ханы», Қ.Жұмәділовтың «Дарабозы», З.Шүкіровтің «Шақшақ Жәнібегі», Т.Әсемқұловтың «Тәттімбет серісі» мен «Тұмар патшайымы», Ұ.Доспанбетовтің «Абылайдың ақ туы» романы, т.б. Осы шығармалардың дені – тарихи кезеңде қазақ халқының өзіндік орнын белгілеп беруге ұмтылған құлшыныстан туған шығармалар.

Жаңа формада жазуға талаптанып жүрген қаламгерлер де тыңнан түрен салды. Бірақ бұл ретте мазмұн мен форма бірлігі сақталмаған шығармалардың да жарияға шыққанын айта кеткен жөн. Мысалы, Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптарын» жиі айтылып жатады. Мен мұндай туындыларды мазмұннан гөрі форма «қуалау» басым шығармалар деп бағалаймын. Д.Қуаттың, М.Мәліктің, Қ.Әбірқайырдың, т.с.с. қаламгерлердің постмодернистік сипат алған шығармаларын оқыдым. Ізденістері керемет, бірақ кемшіліктері де жоқ емес. Ауызды қу шөппен сүртуге немесе көпке топырақ шашуға болмайды, тәуір, тіпті, жақсы жазылған дүниелер де жетерлік. Кейбір қаламгерлер көркемдеу құралдарын ерекше қолданбаса да, шығармаларындағы сөйлемдердің шымырлығы мен ішкі конструкцияға беріктігі байқалады. Алайда алаңдатар сұрақтардың тууы заңды: «Кейінгі он жылда жазылған шығармалар өз дәрежесінде оқырманына жетті ме? Олар жүйеленіп, сарапталды ма? Жаңа басылым көрді ме? Жаңа басылым көруі үшін де белгілі сынға салып, елеп-екшеп отыратын орталықтар бар ма? Жалпы жаңа дәуір әдебиеті туралы ЖАҢА СЫН жазылды ма?». Бұл сұраққа жауап беру үшін кім-кімнің де ұзақ ойланары анық.

  1. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелердің бірі – сын. Содан соң өнерге адал цензураның жоқтығы. Қазір бәрі қолжетімді, нүктесін жаңа қойған туындыңның өзін интернет беттеріне жариялап жіберу шырпы сындырудан да оңай. Кез келген дүниенің жақсы және көлеңкелі тұсы қатар жүреді. Жақсы жағы, автор мен оқырман арасында берік байланыс орнады, қаламгерлер шығармашылық еңбегін жариялау үшін бұрынғыдай айлап, жылдап күту азабынан құтылды. Көлеңкелі тұсы, сапасы сын көтермейтін, оқырманды адастырып, тұйыққа тірейтін кітаптар мен жазбалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптады. Сөз өнеріне талпынған жастардың бірқатары плакаттық ақпараттар ғана жазылатын дүдамал дүниелермен әуестеніп кетті. Бұл басқа әңгіме.

Біз «постмодернисттік кезеңдеміз» дейміз, шын мәнісінде постмодернистік кезеңнен өттік. Себебі қазір мозаика немесе полифония жасау, аллюзия құру деген сияқты дүниелер жаңалық боп есептелмейді де. Біз метамодернизмге қарай аяқ басып келе жатырмыз. Метомодернизм –  «мен кіммін?», «әдебиеттегі орным қандай?» деп көбіне субьективтілікке қарай бағытталған қаламгердің өзіндік менін, өзіндік ізденіс өрісін көрсететін жаңа бір тенденция.

Поэзия жанры арнасының қазір жаңа бағытқа бұрылып жатқаны байқалады. Ақ өлең үлгісі.  Одан қаншалықты ұзақ ғұмыр күтеміз – ол жағы белгісіз, белгілісі – түгелдей болмаса да, көркемдік жағынан жұтаң өлеңдер жазылып жүр.

Р.Мұқанованың, Ж.Әскербекқызының, А.Кемелбаеваның, Ә.Шегебайдың, Е.Жеңісұлының, Қ.Әбілқайырдың, М.Мәліктің, А.Темірбайдың, Қ.Сариннің, Б.Бабаштың, Е.Жүністің, А.Тәбаракқызының Е.Дүйсеннің біраз шығармаларынан бірін-бірі қайталай бермейтін, тақырыптық жағынан, ойды жүйелеу, концепциялау тұрғысынан өзінше жаңа, тың туындылар жасап жүргенін көруге болады.

Бүгінгі таңда көбірек игерілмей жатқан салалардың бірі деп драманы айтар едім. Драма тоқырауда тұр. Бұл салада да ізденістер жоқ емес. Бірақ сахнаны өлтірмеу үшін драма шымыр, мықты болуы, әрі қазіргі көрерменнің сұраныстарына жауап беруі керек. Осы жәйт ескерілмей қалып жатыр. Фантастика, детектив жанларына да жазылған шығармалар сирек. Тіпті, мектепте оқыту үшін жаңа жанрларға жазылған шығармаларды таппай жататын кездеріміз бар.

  1. Аладғы он жылда қазақ әдебиеті қалай көркейіп, қай бағытта дамуы керек десек, мен жоғарыда айтқан салаларда ізденістер көбейе түсуін құптар едім. Аталған салаларда шығармалар неғұрлым көп жазылса, соғұрлым сапалы туындылар күтуге болады.

Айтпаса сөздің атасы өледі, бұрын қаламгерлерге қаламақы төленетін. Қазір қаламақы жоқ. Жас қаламгерлердің шығармашылыққа хобби емес, киелі кәсіп ретінде ден қоюы үшін мемлекет тарапынан көбірек қамқорлық көрсетілуі керек-ақ.

 

Баян БОЛАТХАНОВА, жазушы:

Әдеби агент жұмысын қолға алатын уақыт жетті

  1. Бірегей туындылары әлем әдебиетінен лайықты орын алған көзі тірі классигіміз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызы» бертінгі жылдар көлеміндегі айтулы, сом туынды. «Қан мен тердің» заңды жалғасы М.Әуезовтың «Абай жолынан» кейін эпопеялық қос туындысымен толық бір ғасырдың әдеби көркем шежіресін сомдады десе болады. Қазіргі қазақ әдебиетінің абызы Ә. Нұрпейісов «Соңғы парызымен» қазақ әдебиетін де әлемдік биікке көтерді.

Осы аралықтағы қайталанбас туындылардың бірі, қазақ әдебиетінің жетістігі – Т.Шапайдың «Күлкі және көз жасы» кітабы. Жанры анықталмаған бұл кітаптың сыры тереңде, жұмбағы мол.

Көзі тірісінде оқырманы ең көп жазушы атағын алған Д.Досжанов еңбектері де оқырман есінде. Р.Отарбаев, Н.Дәутаев, Т.Нұрмағанбетов, М.Мағауин, Д.Исабеков, Б.Нұржекеев, Ш.Құмарова, Ж.Шаштайұлы, Ж.Қорғасбек, Т.Сәукетаев, К.Сәттібайұлы, З.Төлеуовтың прозалық жұмыстары назар аудартады. Әдеби процесс тоқтамасы анық. Өзге қаламгерлеріміздің қай-қайсысы да ізденіс үстінде екені анық.

Қазіргі қазақ әдебиетінде екпінді қалам тартып жүрген менің замандастарым К.Әлпейісова, Д. Мамырбаева, З.Жұманова, С.Досжан шығармашылығын да атап өткен жөн деп білемін.

  1. Барлық кезде де көркемдік шеберлік туралы мәселе өзекті болуға тиіс.

Қиял ғажайып фэнтези шығармалар, детектив жанрлары, суретті комикстер сұранысқа ие болып отыр. Балалар әдебиетінің жас талантты өкілдері З.Төрехан, Р.Сауытбай сияқты жастар бұл салада қалам қарымын танытуда.

  1. Әдебиетті дамыту үшін іскерлік менеджмент өркендеуі керек. Ол үшін әдеби талқылаулар, мемлекеттік қолдау, авторлар бәсекелестігі, сауатты, зерек оқырмандардың талап-сұранысы қажет. Жарыс қай кезде де жаңа есімдер тудырады. Бірақ байқау әділ өтуге тиіс. Көркемдікті белден басып, тамыр-таныстыққа жол берсе, әдебиет өспейді.

Тендер де әділ өтсе, құба-құп. Белгілі бір авторлар мен баспалар ұта бергені дұрыс емес. Әділ таразы керек. Жеке баспалар, жеке газет-журналдар мемлекеттің әділ қамқорлығын күтеді. Өзін өзі ақтап, жұмыс орындарын ашқан мекемелер бастамасы бірінші кезекте қолдау алғаны жөн. Сонда шағын, орта баспа, баспахана істері дамиды. Әдебиетіміз заманауи даму үшін әдеби агент жұмысын қолға алатын уақыт жетті.

Әзірлеген А. ШАТТЫҚ.

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 25.10.2021 | 10:32

дидар деген пилосоп болғысы келеді біресе жазушымын дейді біресе жұртты адастырып әлек өзі адасқан шорт

Аноним 25.10.2021 | 11:04

жұмақаева деген жақсы жазады екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір