Серік Ақсұңқарұлы. Шығысы – батыс, батысы – шығыс боп кеткен…
11.10.2021
1857
1

Роллан Сейсенбай (сойының соңындағы «ев»-тен ағам қашан бас тартады деп күтіп жүруге менің уақытым жоқ, алып тастадым!) – осы ұлттық әдебиетіміздегі мен ерекше қадір тұтатын ерен тұлғалардың бірі һәм бірегейі! Біз сынды біреуге бодан болған елдің маңдайдағы соры ғана емес, (елдің көпшілігі сол сорымызды ғана жазып кетті…), бағы да орасан зор-ды. Бізге орыстың пушкасымен қоса Пушкині де келді ғой; егер ол болмағанда Алладан кейін пір тұтатын Абайымыз да болмас еді?! Ана тілінің уызына жарыған Роллан ағалар ырзығын тағдырдың жазуымен ұлы орыс әдебиетінің теңізінен балықтай жүзіп тауып, содан күллі адамзаттың інжу-маржанын арқалап қазаққа алып келді! Сол теңізге тастай батып, судай сіңіп кеткен жоқ; Батысы – Шығыс болып кеткен Абай атасындай, қазағына бір ғасырға жететіндей  қазына арқалап, қайтып келді! Мәселе, міне, осында!

Орман жұртын елден ерек ұлы қылған сол кезде жалғанның жартысын алып жатқан қызыл империясы емес – мәртебелі орыс әдебиеті еді! Ол социалистік реализмнің темір қазығының қасаң қағидаларына қаншама уақыт аяқ-қолымен байланса да, озық әлем әдебиетімен қатарласа, қапталдаса, Р.Акутагава, Л.Арагон, Дж.Лондон, Д.Драйзер, Г.Манн, Р.Роллан, Э.Хэмингуэй, Ф.Кафка, Б.Шоу сынды ХХ ғасырдың ұлы суреткерлермен бәсекеге түсіп,  адамзат баласының бұрын-соңды болмаған айтулы Советтік Образдар Галереясын жасап кетті! Қазір біздің кейбір жас буын өкілдері осы совет әдебиетіне өзінше мұрын шүйіре қарағанымен, ол адамзат руханиятындағы ұлы да ірі ағым болып қала береді…

Ол неге орыс әдебиетіне тастай батып, судай сіңіп кетпеді? Туған топырағына қараңыз, киіз туырлықты, алақандай Қарауылдан Еуропаға барып, Сахараға  Пушкин мен Гетені алып келген Абайдың елі! Роллан аға есін жинап, етегін жапқалы Әлихан Бөкейхан мен Мұхтар Әуезев салып берген «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай жолымен жүріп келеді. Түптің түбінде бәріміздің жүретін жолымыз осы болуы керек-ті! Алашты Аллаға жеткізетін осы жол! Осы ғана! Әлемге баратын осыдан басқа төте жол жоқ! Анаңның бесік жырын естімей, ұлттың уызына қанбай, адамзат руханиятына ат шалдыру мүмкін емес!

Пенде баласының түбіне жететін, Тургенев айтқан «провинциялық батпақ» қой? Өзіңе өзің мәз болып, өзгенің жеткен биігіне ой жіберіп қарамаудың салдары осы «провинциялық батпаққа» келіп тіреледі. Мына жаһандану заманында оған бір батсаң, қайта тұрып, бой жазуың да мүмкін емес. Алдымызда Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезев, Роллан Сейсенбай, Бақыт Кенжеев секілді азуын айға білеген ағаларымыз, Бақытжан Қанапиянов, Қайрат Бақбергенов сынды құрбы-құрдастарымыз болмаса, біздің де әлі күнге дейін сол провинциялық батпақта батпақтап жүруіміз мүмкін-ді…

2005 жылы Роллан ағаға «Төбемнен жауһар жауып тұр…» деген кітабымды ұсынып, «ішінде сіздің атыңыз аталатын өлең бар?», – деп,  айтуын айтып алдым да, іштей қатты ыңғайсыздандым. Өлең қазақтың бүгінгі көзге қораш тіршілігі туралы еді:

 

Ұлттық рух қимай жүр бұл араны,

Құдай қолдап – аспанда, Құран әрі:

Бір Шәмілдің соңынан бір Шәміл кеп,

Қап тауында – «Қажы Мұрат» романы.

 

Ұлт та, ұлыс, рух та – құрамалы.

Роменге айналмай – Ролланы:

Бір Итайдың соңынан бір Итбай кеп,

Біздің елде – «Ботагөз» романы…

Өкпелеп қала ма деп тұрған Роллан ағам оқыды да, қарқылдап күліп жіберді! Ол бұ жақтан…. көкке баяғыда кетіп қалған, өйткені!

Абайын темірқазық етіп ұстанған Роллан Сейсенбай  ЮНЕСКО  1995 жылды «Абай жылы» деп жариялағанда Лондонда «Абай үйін» ашып, алғаш рет Ұлыбритания жерінде Қазақстанның Көк туын желбіретіп еді… 2000 жылы еліне қайта оралып, «Халықаралық Абай клубын» ашып, «АМАNАТ» журналын шығарды. Әлем әдебиетінің ең озық үлгілері қазақта тұңғыш рет осы журналдың беттерінде жалғанның жарығына шықты!

«Он как Прометей охраняет огонь разума землян. Таких творцов мало. А в Казахстане он один.  И неповторим («Ол Прометей сынды туған елінің алау отын лаулатып, қолына ұстап тұр!), – деп жазды заманымыздың ақыл-ой азапкерлерінің бірі һәм бірегейі Анатолий Ким, – мұндай жасампаз жандар саусақпен санарлықтай. Қазақстанда ол – жалғыз. Қайталанбайтын, қайта тумайтын тұлға!».

Менің ағам Роллан Сейсенбаевтың атақ-даңқы күллі жаһанға мәшһүр. Әлі –бабында.  Қарапайым. Өте  мәдениетті! Онымен қатар жүріп, сырласып сұхбаттасудың өзі адамға бұрын-соңды басыңнан кешпеген рахат сезім ұялатады. Сигартетіңді қораптан алып, езуіңе қыстыра берсең, оталғышын алдыңа тоса қояды, жасың үлкен бе, тұстасы, құрдасысың ба, баласың ба –онда оның жұмысы жоқ! Тұла бойына еуропалық мәдениет, адам баласының қадір-қасиетіне жетудің тылсым құпиясы әбден сіңіп кеткен; оған қамшының сабындай мынау қысқа ғұмырда адам баласынан артық ештеңе жоқ…

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.10.2021 | 13:19

Оның 1977 жылы жарық көрген «Үкім» повесі жақсы шығарма еді. Киноға сұранып тұрған шығарма еді. Ұзақ жыл жат жерде хакас болып жүрген шал өзінің қазақ екенін кемпіріне айтып, онымен қоштасып, елге қайтады. Мырза тағы да алдынан шығады. Шал оған ешқашан қарсы келмеген еді. «Бүгін қарсы жүрді, бүгін…»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір