Көне шертіс иесі
11.12.2015
2037
0
dc866824adf91151fc7889643c9a1a0eӘдетте, қолыма түскен үнтабақтарды бір тыңдап қоя саламын, жаныма жаққаны көлігімдегі үнтабақтарға арналған «құтты орыннан» жай табады, ұнамағандары үйдегі таспалар мұрағатына жол тартады…


А.Жұбанов атындағы мектепте оқып, кейінірек Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория қабырғасында тәлім алып жүрген уақытта ұстазымыз Айтжан Тоқтаған бізге талай-талай ел естімеген күйлердің таспасын беріп, соларды жаттатқызушы еді. Көне пластинкаға жазылған немесе кассетаға көшірілген дыбыстар арасында дызылдап, шулап, пышылдап, сапасы сын көтермейтін. Десе де, сол күйлер құлаққа майдай жағушы еді. Әсіресе, Дина шешейдің, Рүстембек Омаров, Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев сияқты көптеген саңлақ күйшілердің орындауындағы күйлердің әрбір дыбысы, қаққан қағысы, шерткен шертісі әлі де жадымда, көкірегімде сайрап жатыр. Сағынғанда сол таспаларды бірқайыра тыңдап, мауқымды басарым тағы бар.
«Қазақтың 1000 күйі» антологиялық жинағы жарыққа шыққанда бірден сатып алып, ішіндегі біраз күйлерді тыңдағаным бар еді. Бәрін емес. Тыңдай отырып біразынан, нақтырақ айтсам, күйлердің орындалуы, домбыра дыбыстарынан көңілім қалып еді (оның ішінде өзім орындаған күйлеріме де көңілім толмады, нашар орындалған). Кейбір аға буын күйші ағаларымыздың домбырасының дыбыс бояуы сұйылып кеткенін байқап едім. Мұнда орындаушыда кінә жоқ, әрине. Дегенмен, көне үн шығаратын домбыралар жоқтың қасы екенін аңғарғам. Шәмілдің, Секеннің, Айтжанның домбырасындай қоңырлығымен қатар шешен домбыралар қайда кетті екен? Болашақта сол домбыралар тек аңыз боп қана қала ма екен?
…Үнтаспадан «Ақсақ құлан» бастала жөнелгенде «қай қарттың тартқаны екен?» деп ойладым. Күй ә дегеннен аңырап, зарлап қоя берді. «Ақсақ құланды» естіп келе жатқан жылдарда үстіңгі ішекте күңірене жүретін айтушы әңгімесінің әлқиссасын сөйлете алған күйшілер сирек. Мен көргендерден, әсіресе, Шәміл Әбілтай мен марқұм Қошқарбек Тасбергеннің ғана тартқаны құлаққа жететін. Тартыс Бек ағаның тартысына келетін сияқты ма, қалай деп, кім тартқанын көрмекке қолыма қорабын алсам, сыртындағы «Мүсілім Әмзе. Күйлер. Көкбалақ» деген жазуды көзім шалды. «Япыр-ай, Мүсілім де «көне құлақ, ескі жадтарды» көзі көрген екен-ау» деп түйдім. Мүсілім дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Мұстафаевтың төл шәкірті екен. Одан қала берді Алматы шаһарында тәлім алғалы, ол кезде біраз ата буын күйшілердің көзі тірі кез, қазақтың небір дауылпаз күйшілерінің көзін көріп, қолдарынан тікелей дәріс алған құймақұлақ орындаушы екен. Мұны кейін білдім.
Ұстазы Ерболат Мұстафаев әйгілі Әлмұрат Өтеғұловтың шәкірті. Әлмұрат туралы Нұрғиса Тілендиев естеліктерінде аса құрметпен айтатын. Әлмұрат өз кезегінде Дина шешейдің алдында отырып, өзінен тікелей күй үйренген дәулескер күйші. Дина апамыз Құрманғазының төл шәкірті екенін дүйім қазақ біледі. Мінекей, осылайша, Мүсілімнің тартысындағы мектеп, дыбыстардың тарихы, тегі сонау Құрманғазы, Махамбеттен бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасқанын аңғаруға болар еді.
Сонымен, «Ақсақ құланмен» баурап алған күйшінің орындауындағы келесі күйлерді де тыңдай бастадым. Барлық күй тамаша орындалған десем, асыра сілтеп, артық айтқаным болар, бірақ көңіліме қонған, кейбір тың күйлер мені қатты сүйсіндірді. Әсіресе, Қоңырдың «Өттің өмір», Жолдының «Қара жорға», Үсен төренің күйі, «Бала ноғай сазы», «Терісқақпай», «Ортеке» сынды халық күйлері бірден жүрек түкпірінен орын алды. Алтын қорға енбеген мына күйлер қалайша осы күнге дейін ел арасына кең таралмаған деген сұрақ пайда болды. Әлде, дұрыс насихатталмауынан ба екен?
Аталған күйлерді бірден өз репертуарыма енгізіп, қала берді, мектептегі шәкірттеріме де үйрете бастадым.
Кейбір орындаушылар жалаң техникаға, қолдың жүйріктігіне ғана арқа сүйеп, дыбысқа, күй мағынасына терең ұмтылмай, мәнін аша алмай жатады. Музыка – дыбыстардың жүйелі жиынтығы. Музыка дыбыстан құралса, онда дыбыс неғұрлым сапалы болса, музыка да соғұрлым әсем болмақ. Күйдің ішкі мазмұнын бұзбай, саф күйінде тыңдаушыға жеткізе білуі, дыбыстың мәнін ашып, түсіне орындау үлкен өнерді, асқан шеберлікті, керек десеңіз ішкі дүниесі таза, өресі жоғары, зиялы мәдениеттілікті, парасаттылықты талап етеді.
Мүсілім –  осындай саналы, санаулы орындаушының бірі. Сондықтан болар, ол орындаған күйлердің сазы басым, тілі шешен, діттеген мақсатына жеткен.
Қазіргі заманда қасиетті дәстүрлі өнеріміз даңғаза, жеңіл өнердің көлеңкесінде қалған кезде ұлттық музыкамыздың қайта жанданып, өркендеп, дамуы жолында жан аямай еңбек етіп насихаттау – әрбір ұлтжанды азаматтың парызы. Мүсілім осы бағытта қолға алынып жатқан үлкен іс-шаралардың ұйымдастырушысы, ұйытқысы. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шыққан «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 1000 әні» сияқты бірнеше жинақтардың құрастырушылар қатарында болды. Бүгінде ұлт мұрасын ту еткен игі бастамаларға белсене ат салысып келеді.
 «Көкбалақ» күй жинағы да қазақтың күй қоржынына тыңнан түрен салғандай жаңа леп болды. Алдағы уақытта ел игілігіне айналып, ізденген жас талаптарға таптырмас құрал, болашақ ұрпаққа асыл мұра болатынына сенемін.
Нұркен Әшіров, 
күйші,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір