БІЗГЕ «МӘЛІМ» ТОПАН СУ
14.09.2021
1930
0

 

«Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса, неге қалған?..»

                                         Қазақтың көне сөзі

«Тұран – өркениеттер түпотаны (прародина цивилизации)»

                                                 Генри Киссинжер, саясатшы, философ,                         

                                                АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы

 

                       Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы, эколог


Адам Атаның  алғаш табаны   тиген жер

 Бізге мәлім стандарт-қалыптардан тысқарырақ табиғи (шынайы) тарих бар деу ләзім. Оны адамзат үшін мүлдем тосын, тіпті, күтпеген  шындықтардан қатталған қатпарлы да  құпия кеніш деуге болады. «Тарихты жеңімпаздар жазады» деген жазылмаған қағидатқа салсақ, түрлі саясаттар, бұқпа есептер, үстем көңілдер хаттап келген, алуан «центризмдер» қалыптаған мына, ресми тарихтың кей тұстары ақиқатқа деген талпыныстарға жауап бере алмайтын сияқты. Шындыққа деген шөліркеуді  сезінесің. Сондай кейбір ақтаңдақ-тұмшалы алапқа өз түреніңді салғың келеді. Солай болып та жатыр. Шындық үшін, ақиқат үшін терең қазбалап, кең қамтуды бізден табанды түрде тілеп тұрған бір міндет сол – шынайы тарих.

Жер-ғаламшар ғұмырнамасында апатты оқиғалар аз болмаған. Оның ғарыш-ғұмырлық жай-жапсарына тереңдей бермей, саналы адам (home sapiens) факторлы бергі кезеңінің өзін зерлесек, сол адамдар жадында аңыздар түрінде сақталып қалған талай жайттар жаңғырығы есіп тұр. Олардың сол уақыттардағы тарихи-қисынды ретін, нақты динамикасын енді ешкім дөп басып айта алмас. Аспаннан отты тастар жаууы, Топан су қаптауы (діни аңыздарда), термоядролық соғыс белгілері, тұтастай құрлықтардың су астына кетуі (осы күнгі ғылыми жорамалдарда), Жердің мұз құрсану кезеңінің (ғылыми дәлелденген) оқиғалары – осы жайттар қатарын құрайды. Нақты дерегі мен дәйегі көмескі тартқан, өшкен сол жайттар – Жер-адам тарихындағы айтулы оқиғалар. Олар халықтар аңыздарында, діни ілімдердің  сөздерінде біршама көрініс тапқан. Әсіресе, дін сөзінде, бір қарағанға, табиғи-обьективтік бұл оқиғалардың мотивациялары имандылық, мораль уәждеріне телініп айтылады. Олар сонысымен әлімсақтан бері адам руханияты өрісінде өлмес, аса құнды, хикмети ұлағаттар болып табылады.

Топан су әуелі ертегі еді. Сосын оны діни ілімдер нақтылай бастады. Оның тарихтағы анық орнын ғылым біраздан қазбалап жатыр.

«Топан суға дейін» деген түсінік – тым ескілікке меңзейді. Ол – дерегі бұлдыр алыс оқиға, тым көне құбылыс. Оған дейінгі адамзат – хикмети ілімде Адам Ата ұрпағы, ресми ғылымда home sapiens ұрпақтары – қандай жағдайда, қай аймақтарда өмір сүрді, қандай дәрежеге жетті, сондай жағдайға қалайша тап болды – дамыған ғылым, түрлі палео-неолит артефактылары көптеп табылып жатқан қазіргі заманда да бұл сұрақтарға дәйекті жауап жоқтың қасы. Бұл орайда, тас жәдігерлері бізге жеткен ежелгі адамдардың эволюциялық бірізді даму жолы (кешегі ілімдерден) қисынды, көңілге қонған материалистік нұсқа болып келген еді. Оны жоққа шығарып, адамзат өмірін Ата тегін тарқату арқылы пайымдау – ертегі қуалау тайыздығы сияқты көрінетін. Бірақ бүгінгі азат ой, еркін ғылыми ізденістер, стандарттарды бұзған жаңа үдерістер «басқа да нұсқалар бар-ау» деген орынды «күмәнді» табанды түрде негіздеп келеді. Сондықтан да  Жер шары home sapiens кезеңінде бастан кешкен түрлі апаттар, ықылым заманғы термоядролық соғыс белгілері енді тосырқау ойға себеп емес.

Адам Ата және Хауа Ананың жер бетіндегі өмірнамасына деректі түрде тереңдеу мүмкін болмайды. Бұл ретте, теологиялық нұсқаға сүйенген тезистер мейлінше қысқа. Пұшайман боп, жұмақтан қуылып, мына ғаламшар бетіне түскендегі Адам Атаның пенделік табаны алғаш тиген жер (ол бір нұсқада, Сарандиб биігі деп аталады), сонан кейін Хауа Ана екеуі бірін-бірі үш жүз жыл бойы іздеп, ақыры, Арафат тауында табысуы, ұрпақ көбейтіп, қасиетті Қағбаны көтеруі – бізге  жеткен ислами дәйекті нұсқалар.

Қазіргі кей ғылым сөзі: «Адам ұрпағы осыдан шамамен 40-50 мың жыл бұрын Африкада «туып», әлемге тараған», – деп жобалайды. Адамдар атасының мекен-жайына көп сілтеу жасамай, адам анасының ежелгі Эфиопия жерінен шығып, тар  қылта – Баб-әл-Мандеб бұғазынан Араб түбегіне өткен қара нәсілді әйел адам болғанын, оған және 2 миллион жыл шамасы өткенін межелейтін сөз де бар. Бірақ сол ыстық континентте де, әлемге австралопитек, синантропты «берген» басқа алшақ аймақтарда да Адам Ата, топан су алдындағы өркениеттер, сосын, ұлы апат туралы жорамалдар тым тұмшалы. Бұлар – біз үшін игерілмеген ізденіс өрістері.

Ересен уақыт дариясының бір иініндегі адамзат тарихының бірөрім бастауы – анық дерегін ұстатпайтын оқиға. Сонау болмысқа екі түрлі түбегейлі көзқарас – сол болмыстың өзіндей көне. Әрі, осы екі тұғырдың «келісуінен» гөрі, «кетісуі» басымырақ. Мысалы, діни догматтар өзі баян еткен жайттарға алғаусыз кесім айтады. Ал ресми ғылым қисынды материалистік уәждермен, сол жорамалдарды жоққа шығара, заттық, обьективті негіздерге арқа сүйей сөйлейді. Осы «екі кеменің» басын мәмілелі біріктіремін деу – тым тәуекелді тірлік енді. Бірақ тәуекелсіз шындық биігі қайда! Ашылмаған соны соқпақтар қызығы ғана емес, мыңжылдықтардың ділгір сұрақтарына нақты жауап қажет. Ұлы қисын бойынша, бұл ілімдер бірін-бірі жоққа шығармауға тиіс еді.

Саналы адамның тегі мен Отанын іздеуде созыңқы уақыт пен шашыранды жағрафияға сілтеме және бір-бірімен қабыспайтын қайшылықтар көп.

Жер құрлықтары ежелгі тарихта сүт бетіндегі қаймақтай неше ұйысып, неше ыдырап, көшіп жүргенімен, адамзат тарихының қысқа кезеңінде ол орнықты тұрақтылықта тұр деуге болады. Әрине сұрапыл жер сілкіністері сонан бері Үнді түбегінің «мүйіздеуімен» Гималай тауларын, әйгілі Эвересті біршама биіктетіп жіберді; Африка Еуразияның батыс жағына маза бермей, Түрік, Грек, Италия, Испания таулары көп сілкінеді; басқа да ірі құбылыстар Жер бетінде жеткілікті. Дегенмен континенттердің қара шаңырағы, ежелгі Пангея құрлығының мұрагері – ұлан-байтақ Еуразия кеңістігі біршама тұрақтылық алабындай сенім орнықтырады. Осы қисынмен, «бұл ұлы континент – адамзат өмірінің де қарашаңырағы болуы мүмкін» деуге негіз бар.

Дүниеде Му континенті, Гиперборея, Атлантида, Лемурия өркениеттері туралы фантазиялы-деректі көптеген жорамалдар құрастырылған. Ол негіздеулер, мейлінше ғылыми тұғырлы қисынға құрылып жүр. Қуат-кереметін, біз, мына ХХІ ғасыр тұрғындары да көзге елестете алмайтын ұлық ұлыстар болған бір кездері. Сонысына қарамастан, тұқым-тұянағына шейін құрып кетерлік сұмдық апатқа ұшыраған… Адами қисынмен аңдайтын бір жайт: сол құдіретті өркениеттердің жойылып кетуіне обьективті табиғат құбылыстарынан (Жерді мұз басу, ауа ысынуы, мұхиттар тасуы, супержанартау, суперцунами – әрине, бұлар да жоққа шығарылмайды) гөрі, өнегелік-имандылық жағдайлар зор себеп етіліп алынады.

Жер бетіндегі көп апаттардан бұрын байырқалы, бақуатты өмір-дәуірлер  болған. Материалды-обьективті тұғырдан келсек… «Әлем» ұғымы, сонау ежелгі жұрттарда өгіз, тасбақа, кит көтеріп тұрған, жан-жағы шектеулі кеңістік түрінде түсінілгенін мектеп кітабы айтады. Мұнан шығатын пайым: хоме сапиенстің біршама сана, өркениет деңгейіне көтеріле алған ұрпақтары Жер шарының белгілі бір аумағында, жинақы жағдайда өмір сүрген болуы да мүмкін. Ол аумақ жер бедерінің ұтыр-нұсқаларында Дунай-Алтай арасына меңзейді. Екі ортасы – Тұран  даласы… Міне, осындай аумақтағы апатты су тасқыны сол адамдар дүниесін набыт еткен – әлемдік  апат деп қабылдануы мүмкін.  Он мың жылдан арғы тарих туралы дәйек пен деректің тым мардымсыздығынан біз өзіндік қисындар арқылы ғана осылай айта аламыз. Сондықтан ол – талассыз мәлімет емес, тағы да, негізді қисынмен талдауларға түсе алатын жорамал.

Тағдыры су факторымен түйінделген «Гиперборей өркениеті»

Адам Атадан бүгінге шейін адам өмірі адасулар мен қателіктерге толы.

Сондай бір апатты «табалдырық» – Бүкіләлемдік топан су. Бізге мәлім тарихтың ұлы жобасы, шартты түрде, соған дейін және сонан кейін болып бөлінеді.

Нақтылана түскен жорамал: Топан суға дейінгі «Гиперборей өркениеті» деген бір құбылыс Солтүстік Мұзды мұхитпен, ұлы су стихиясымен байланыста айтылады. Солтүстік Мұзды мұхитқа бейім қарастырылатын гиперборей өркениетіндегі фантастикалық технологиялық керемет – алып  су иірімі, судан қуат алу – ғылым. Аса қуатты осы қауымның ғұмыры да, ақыры да су факторымен түйінделеді. Демек  топан су шындығына жақын келетін қисын бар мұнда. Тарих атасы Геродот хатқа түсіріп, бүгінгі кей ғылым растай бастаған сол «гиперборей өркениеті» апат алдындағы тарихтан бірден-бір мәліметті шаң беретін қауымдастық. (Ілімдерде сонау қауымның басқаша атауы болмағандықтан, біз де Геродоттан жеткен «гиперборей» атауын қолданысқа аламыз) Сицилиялық Диодор оларды Аполлон ертегісіне телісе, ал Үлкен Плиний сол бақытты жұртты нақтырақ айтады. (Үлкен Плиний. «Гиперборея»). Гиперборея-Арий-славян схемасы да қолданыста жүр… Гиперборейге қол артатын себеп, осы қауымнан кейінгі тарихта үзілмей жалғасатын бір жүлге-дерек бар. Түп нағашысы Солоннан (бұл біздің Анақарыс бабамыздың тұстасы), көп құпияны қызғыштай қорыған Мысырдағы Саис абыздарынан мағлұматтар тартқан Платон сонау гиперборейлерді Ирландия, Исландия аралдарына «таңғанмен», гиперборей мұрагері делінетін арийлер Топан судан кейін  мүлдем басқа жағрафияда – Ұлы Даладан шаң береді. Ал бізден жағрафиясы алыстау, жойқын апат алдында болды делінетін тағы бір жұрт – атлантидалықтардың тарихы (Платон. «Тимея», «Крития»)  сол су апатымен көмескіленіп өшеді. Нақты Атлантида тұрғындарының жалғасы туралы (арийлер сияқты айқын) дерек жоқтың қасы.

Гиперборей туралы сөз – ертеден жеткен фантастикалық сарындардың ең шалқымалысы деуге болады. Дегенмен өркениеттер шарықтауына шәк келтіруге бола ма?!. Сол, бір ақыр өркениеттен бері қарай өмір тартқан Нұх пайғамбар – Адам Ата ұрпақтарының алғашқы үлкен бір легінің өсіп-өркендеп, бір өркениет түрінде шарықтап шегіне жеткен, сосын рухани-имандылық тұрғысында азғындаған (табиғи сипатты апаттардың зор алғышарты имани-өнегелік жағдайлардан туындаған деседі) ахуалын, яғни, гиперборей (бәлкім, Атлантида, Му, Лемурия) өркениетін көзі көрген соңғы тұяқ деуге болады. Шын мәнінде, адамзаттың екінші атасы боп саналатын Нұх пайғамбар – біртіндеп  тарихи тұлға тұғырына көтеріліп келе жатқан күрделі құбылыс. Оның бір ишара-мәліметі – осыдан 5000 жыл шамасы бұрын Шумер жерінде дүниеге келген «Гильгамеш» дастаны, сондағы, су алған алыс Отанда қалып қойған Отнапештім әулие тұлғасымен алғаш нақтыланған.

Батыстың діни ілімінде Нұх пайғамбар –  Адам Атадан бері оныншы буын деп саналады. Топан су, еврей мәтінінде Адам жаралғаннан – 1656 жылы, яғни, біздің жыл санауымызға шейінгі 3853 жылға сәйкес келеді, Септуагинте жобасында Адамнан бері – 2262 жыл өткенде, яғни, б.ж.с. дейінгі 3247 жылға сәйкес шығады. (Герман Гункель. «Топан су тарихын межелеу»). Бұл жерде жүздеген жыл жасаған әулиелер өмірлерін есептеуде өзгеше бір арифметикалық тәсіл болмаса, адамзат тарихының бас-аяғы қисабына бұл мәлімет үйлесіңкіремейді…

Әлемде Топан су оқиғасын ғылыми негіздеу, нақтылау әрекеті бар. Еуропа текті көне ғұламалардан бастап, осы заманғы зерттеушілер арасындағы пікірлер сан алуан. Бізге мәлім тарихтар көкжиегінде «Гильгамеш» дастанынан, онан берігірек Платонның «Атлантида…» зерттеулерінен және әлем аңыздарынан, Геродот тарихнамасы, Латын Америкасы, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Океания аңыздары, Үнді салттарынан бұған мысал көп (Бәлкім, бізге әлі де беймәлім өзге де мәлімет көздері қол жетпес қияндарда жатыр, оның бәріне құлаш сермеуге біздің қол қысқа, уақыт тығыз екенін өкінішпен мойындау керек). Мысалы, Үнді жұрты лемурия мешіндерін, сірә, сол тарихи-сакральді себептен, адамдардан жоғарырақ кие көреді (Үндістандағы Хануман культі). Яғни, әйгілі Лемурия құрлығының қасиетті тұрғындарынан қалған, психо-физиологиясы әбден деформацияланған жәдігер-тұяқтар деп санайды…

Бұл жорамалдардағы бір қисынсыздау жайт: біз білетін әлемдік төрт мұхит бас-басына бір-біреуден континенттерді жұта бергені қызық. Му континенті, Гиперборея, Атлантида, Лемурия оқиғалары сондай жорамалдарда моншақтай тізбектеліп айтылады… Мұндай апаттар «парады» әлдебір жоспарлы шараларға ұқсайды. Хикмет ісі дегеннің өзінде, мұндай реттілік обьективті шындық ісіне келіңкіремейді.  Топан су сипатында кереғар екі тұғыр бар: бірі – әлемдік  ауқымдағы апат, екіншісі – шектеулі алаптағы «кішігірім» оқиға. Соңғысына, қанша алып болса да, сонау, жекелеген континенттердің суға жұтылу оқиғалары жатады.

 

Сібір ойпатындағы  құпия

Ежелгі  Эллада аңыздары бойынша, үш тасқын болған: Огиг, Девкалион, Дардан тасқын-сулары. Сервий бойынша – екі, Истра бойынша – төрт, ал Платон айтса, тіпті көп тасқын өткен… Топан судың  ең көне дерегін ашқан ағылшындық Дж.Смит (ХІХ ғасырдың 70-жылдары Ниневия тақтайшаларынан «Гильгамешті» оқыған ғалым) бұл жайттың кіндік-кесімін айта алмайды. Су жұтқан жоғарыдағы ұлы континенттер жорамалынан өзгерек, ежелгі Эллада аңыздары, Қосөзен (Тигр-Евфрат) алабындағы тасқын туралы жорамал (Зенон Косидовский. «Библия аңыздары»), тағы бір Батыс ғалымы Л.Вулли Месопотамиядағы екі өзеннің лайлы тасқынымен ғана шектеледі… Осылайша, Топан су аясы тым тарылып кетеді… Әйгілі «Авеста» дүние жасын біздің уақыттан 12000 жылмен тұспалдайды. Түп нағашысы Солон (2600 жылдан арғы тұлға, Анақарыс бабамыз  тұстасы), оның көп құпиясын қызғыштай қорыған мысырлық Саис абыздарынан мағлұматтар суыртпақтаған Платон бізден 12400 жыл уақытты межелейді  (Платон. «Критий», «Тимей» диалогтары.) «Атлантида» Платоннан қалса, «Гиперборея» ұғымы бізге Геродоттан жетті («Мельпомена». 110 тарау). П.Шлиман кесімі де қызық – 13900 жыл. «Қазығұрт» тауы, Орталық Азиядағы Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған деген жерге бейім жатқан Арал теңізінің бергі жасын ғалымдар 12-15 мың жыл арасы деп жүр. Шығыс ілімдерінің бұл мәселеге көзқарасы бізге әл-әзір мәлімсіздеу… Демек, осы сілтемелерден шығатын пайым: Топан су мұнан 12-13 мың жыл шамасы бұрын болған. Тағы бір мәнді мәселе: оқиға өрісі Ұлы Дала, Тұран кеңістігіне меңзеп жатыр.

Енді бір ғылыми ой: тасқын эпицентрі – ежелгі Хвалын (Каспий) теңізі болған деп жорамалдайды. Мұз басу дәуіріндегі Валдай мұздығына сілтеме жасайды. Сол мұздық еруінен сол кездегі Каспий айдыны қазіргі мұхит деңгейінен 50 метр биік (бүгінгісінен 78 м.) көтерілген деседі  (Мұндай «эволюциялық» мұздық еруі сонша кең алапта апатты тасқын әсерін бере алмаса керек). Сол биік су бір сәтте Маныш бұғазымен жөңкіле ағып, Азов, Қара теңізді толтырған. Боспор, Дарданелл бұғаздары Жерорта теңізінен бері қарай емес, ары қарай жырылған. Платон «Атлантидасының» бір себебі, сірә, осы жайтта жатыр.

Біз, анығы, ұлы Ақиқат биіктерінің етегінде жүрміз.

Біздің ізденіс-талабымызда Ұлы Топан су (Всемирный Потоп) деген оқиғаға өз сүрдегімізді қалай тартпақ ләзім? Бұл ұлы оқиға материктер Қарашаңырағының бір мәнді төрі – Ұлы Дала-Тұранда орын алған емес пе?.. Белгілі бір, мақсатты (навигациялық) бағытпен жүре алмайтын кеменің, хикмет бұйрығымен, Тұранды кемерлеген, онша биік емес (1768 м.) Қазығұрт тауына келіп тірелуінде не мән бар? Барлық сакральді себептерден тыс, осында обьективті жағрафиялық-физикалық жағдай жатқан жоқ па?..

Сонау гиперборей өркениеті кейде Батыс Сібір ойпатымен байланыстырыла айтылады. Ол жер гиперборейлердің орасан зор өндіріс алаңы – сұрапыл қуат өндіретін алып су иірімі болғанға ұқсайды. Асылы, Батыс Сібір ойпаты мен оны кемерлеген Орал тауының үйлесімінде бір сыры ашылмаған жайттар бар. Өткен ғасырдың 60-жылдары, орнында алапат ойыс қалдырып, қопарылған бір бөлек жер қыртысы ғарышқа көтеріліп, Ай-серік сонан пайда болған деген жорамал «Білім және Еңбек» журналында жарияланып еді. Не де болса, Сібірдің осы ойпатында бір жабулы құпия бар. «Гиперборей өркениеті алып мұхит иірімін игеріп, өмірге қажет қуатты сол көзден алған» деген ойға ғылым тоқталады. Ал ол халықтың «өндіріс» алаңынан тыс, «тұрмыс» алабы сол «өндірістен» оңтүстікке қарайғы тіршілікке қолайлы кеңістік, яғни, сол кезде біртұтас Торғай қабырғасымен бөлінген берекелі Тұран жазығы емес пе екен? (Әлемде таңғажайып Тұран туралы ертегі неге көп?!.) Ежелгі Тұран, Ұлы Дала – аса кең ұғымдар. Сол, өткен өмірдің біраз қасиетін төсіне қондырып қалғандай Тұран осы күні бізге көп сыр ашатын сияқты. Бұлай деуге елеулі негіздер бар. Ең алдымен, Нұх пағамбар кемесі тоқтаған делінетін Қазығұрт биігі – осы нақты жағрафиялық ауданның бір шоқтығы. Арий деп аталатын гиперборей-жалғас жұрттың қаласы – Арқайым  осы маңдардан табылып отыр. Ал Арий-дария (Шу өзені) ізі осы өлкеде жатыр. «Адам Ата қорымы», «Адам Ата дариясы», «Сам құмы»  деген атаулар бұл маңдарда ежелден бар…

Топан суға дейінгі адамзат өмірінің сондай бір деректері нақты жағрафиялық кеңістікке меңзейді. Ол – кең-байтақ Еуразияның шамамен 30-60˚ солтүстік ендігі арасы. Ол кездің ауа-райы қазіргіден өзгешелеу, аса ыстық та, суық та емес, өмірге қолайлы қоңыржай климаттық белдеу болған сияқты. Осы тұста ғылым назарында бар бір жорамалды айтсақ: Аталмыш аумақта, бұдан 20-30 миллион жыл бұрын көсілген Тетис мұхитынан жәдігер – Арал-Каспий теңізі (мен оны «Тұран теңізі» дер едім) қалған. Ал оны соңғы палеолитте (10-12 мың жыл бұрын) апатты түрде тасытқан – Торғай дуалын бұзып, Торғай қолатын қаза, бері лап берген Батыс Сібір (гиперборей) теңізінің тасқыны еді. Міне, нағыз Топан су мінез күрт оқиға… Ұлытауға шейін шалқыған Арал Узбой аңғарынан құлап, Хвалын суын Арал-Каспий теңізіне айналдырды. Бұған Валдай мұздығының еруі де қосылды. Мұнан арғы «сценарий» – жоғарыдағыша .

Бұл жорамал Батыс Сібірдегі гиперборей өркенеті қисынымен үндеседі.

Кеме тоқтаған мекен

Әлемдік пікірлер тізгінін ұстаған Батыс ілімдері «қазақта Топан су туралы дерек мардымсыз» деген ойда сияқты. Ал ол оқиғаның қазақтағы суреттері тым жанды да  айшықты. Топан судың кейде бұлдыр ишаралы, кейде қанық сюжеттермен өрнектелген нұсқалары, бәлкім, өзіндік төлтума, бәлкім, әлем аңыздарынан тамыр тартқан аңыздар қай қазаққа да таныс. Негізі Рабғузи пірәдардан дегенмен, қазақтың өз әпсанасы іспетті сөз: Нұх пайғамбардың тәуекел жолындағы кемесінде мақұлықтығын қоя алмаған тіршілік иелері де болған. Тұжырып айтқанда, соның бірі – ынсапсыз тышқан  кеменің ағаш қабырғасын кеміріп тесіп, әупірім-үмітті тіршілікті суға набыт етердей болғанда, мысық тышқанды тыю міндетін алып, есесіне, пайғамбардан тар жерде емін-еркін мауығу мүмкіндігін сұрайды. Пайғамбардың наразылығымен берілген ұрықсат себебінен мысық-мақлұқаттың тым мазасыз  қауышуы және мысық-тышқан жағдайы сонан қалған деген бар. Ал қабырғадан атқақтаған судың жолын денесімен ширатылып бекіткен жылан, осы қызметінің ақысына дүниедегі ең тәтті қаннан қорегі болуын сұрайды. Пайғамбар шарасыздықта бұған да келіседі. Әрине, тәтті қан адамдыкі еді… Мұнан ары «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» аңызына өзек болған жылан, маса және қарлығаш оқиғасы жалғасады… Тышқан, доңыз, піл сияқты мақлұқаттар осы аңызда өзінің негізгі болмыстарын табады… Көне сөз өзге қай-қай аумақтан да гөрі, өзіміздің сары сахараны меңзеп тұрғандай. Топан су апатынан хабарсыз, тек сиырының құйрығы батпаққа малшынып кеп жүргенін байқаған бір кемпір туралы тағы бір қысқа әпсанада да  біраз жұмбақтың кілті бар секілді көрінеді…

Нұх пайғамбар кемесінің тұрағына әлемде, біздің білуімізше, үш орын «таласады». Қасиетті Құран бойынша – Жөді тауы, сосын, Батыс пікірі табан тіреген армениялық Үлкен Арарат (Библия), сосын, біздің Қазығұрт.  Қасиетті Құран айтқан Жөді тауы – Сарандиб қыраты сияқты сакральді ұғым. Ал  батыстекті ойлар ұстанатын Үлкен Арарат туралы ойымызды төменірек таратамыз.

Арарат тауын, Библия сілтеуімен қанша «шұқылағанмен», неше ғасыр бойы іздеуші-ізденуші ғылым бұл жерден Нұх пайғамбар кемесінің бір де бір белгісін тапқан емес. Ондай белгі Қазығұртта да жоқ. Оны іздеп те қажеті жоқ. Тез тасып, тез қайтқан судан (150-180 күн жатқан) белгі қалмайды. Сарқылып, жылдап-ғасырлап жатыңқыраған су Маңғыстау, Арал маңы тауларындағыдай бедер қалдырады. Қазықұрт басынан Топан су белгісін және ағаш кеме қалдығын іздеу – мәнсіз. Ал Торғай аңғарындағы ерек табиғатты төрткілдер – сол  тұтас дуалдың апатты тасқынынан қалған жұрнақтары деу орынды.

Әрісі әлемдік, берісі Тұрандағы Топан су нәтижесінде Нұх кемесі Қазығұртқа тоқталды десек,  мұнан кейінгі тарихтың даму үдерісі сындарлы бір ізге түсе бастар еді. Ол – Ұлы Даладан тараған адамзат қозғалысының негізділігі, бірін-бірі бекемдейтін қисындар жалғастылығы. Бұл бірізділікті Ұлы Тұранның бір пұшпағы – Мұған жазығынан (Әзірбайжан) 350 шақырым алыста тұрған Арарат тауы түсіндіре алмайды (Анығында, осы Арарат – «Ари ара тау» деген прототүркі сөзі). Ал «Жөді» атауы ше? Құрандағы Жөді тауы, қасиетті кітапта нақты түрде айтылатын эт-Таиф, Арафат сияқты нақтылыққа меңзей ме? (Араб түбегіндегі Жөді – қасиетті ат қойылған жер аты ғана сияқты, оның басына кеме тоқтады деген нақты кесім жоқ). Кеме тоқтаған Жөді тауы, сірә, Мағырып-Машырып, Шын, Машын сияқты атаулар мен кеңістіктердің бір тұсында жатқан бір жер.  Ендеше, «сол қасиетті Жөді – біздің киелі Қазығұрт емес пе?..» деген қисын сұранады. Имани шартқа адал, асылық сөз бен ойға жоқ көнелер пайғамбар кемесінің тарихын айтқанда, Құран уәжіне таласпаса керек-ті. Ал «Қазығұрттың басында кеме қалған…» – әлімсақтан келе жатқан аса көне сөз. Ол – бүгінгі «Қазығұрт».

Шын мәнінде, тарихтың мыңдаған жылдарында мағынасы көп өзгермеген осы төл сөзіміздің түп-төркіні – Қазық Жұрт. Адамзаттың Қазық Жұрты!

Мифтер гиперболасының астарында ұлы шындықтар жатыр.

Обьективті (материалдық) себептерден бұрын, имани-өнегелік жағдайлар сұрапыл апатқа себеп болған болса, сол қисынмен, материалды дүние факторын бұза, жатаған, бірақ иманы биік Қазығұрт тауына пайғамбар кемесінің келіп тұрақтауы таңқаларлық іс деуге бола ма?

Әлемдік ойлардың қисын-қауметтісі бізге де бөтен емес.

Қасиетті Кітаптарда Топан судың әлемдік ауқымы анық. «…И продолжалось на земле наводнение сорок дней [и сорок ночей], и умножилась вода, и подняла ковчег, и он возвысился над землею; (Быт 7, 17) вода же усиливалась и весьма умножалась на земле, и ковчег плавал по поверхности вод. (Быт 7, 18) И усилилась вода на земле чрезвычайно, так что покрылись все высокие горы, какие есть под всем небом; (Быт 7, 19) на пятнадцать локтей поднялась над ними вода, и покрылись [все высокие] горы. (Быт 7, 20) И лишилась жизни всякая плоть, движущаяся по земле, и птицы, и скоты, и звери, и все гады, ползающие по земле, и все люди; (Быт 7, 21) все, что имело дыхание духа жизни в ноздрях своих на суше, умерло. (Быт 7, 22) Истребилось всякое существо, которое было на поверхности [всей] земли; от человека до скота, и гадов, и птиц небесных, — все истребилось с земли, остался только Ной и что было с ним в ковчеге. (Быт 7, 23.)Вода же усиливалась на земле сто пятьдесят дней...» (Быт 7, 24) («Библия о Потопе». Мәтін кітаптағы техникалық қалыбы сақтай алынды).

Батыс зерттеушілері («Потоп в коране») Топан су туралы ислам сөзін екі тұрғыда қарастырады: біріншісі – классикалық Бүкіләлемдік тасқын; екіншісі – ежелгі ислам аймағы – Қосөзен аумағында болған локальді тасқын. Олар осы соңғы нұсқаны шындыққа жақын тұтынады. Біздіңше, бұнымен келісудің реті жоқ. Бәріне негіз – айқын Құран сөзі және тағы да біздің киелі Қазығұрт факторы. Сұрапыл Топан су қазіргі Ирак жерінде өткен шағын тасқын болса, Нұх пайғамбар кемесінің онан 3 мың шақырымдай Қазығұрттан келіп шығуы қалай?!. Екі арада су аса алмас қанша шөл, қанша тау жатыр!.. Әлемдік Топан суды зерделеудегі бір негізді уәжі осы болуға тиіс.

«Пайғамбар хиссасы» былай баян етеді: «…Ал Ад қауымы, олар да  ысқырып, гуілдеген, құйындаған дауылмен жоқ етілді. Оларға бұл дауылды Аллаһу та’ала жеті түн, сегіз күн үздіксіз жіберді. (Сондай аласапыран халге түскені соншалық, ол жерде болсаң) олардың тамырынан жұлынып жерге төселген іші бос құрма ағаштары сияқты қалай өліп, қирағанын көрер едің! Қазір олардың артынан қалған бірде-бір адамды көре аласың ба?

Перғауын да, одан бұрынғылар да астаң-кестең болған мекендердің халқы да (Лұт қауымы), барлығы сол қатені (ширк пен қарсы келушілікті) қайталады… Осылайша, Раббыларының пайғамбарына (Лұт алейһиссаламға және басқа пайғамбарларға) қарсы шықты. Сондықтан да оларға бұрынғы үмметтерге келген азаптан да ауыр азап төнді… Шынында, біз, (Нұх топанында) барлық жерді су басқан уақытта, сендерге ғибрат болсын және оны естігендер де есінде сақтасын деп, (тіршіліктеріңе себеп болған аталарыңды) кемеде алып қалдық…» «Таулар құмға айналғанда» (Мәтін кітаптағы техникалық қалыбы сақтай алынды). Қасиетті Құрани-кәрімдегі «Һуд», «Нұх» сүрелері – осы шындықтың басты негізі.

Ең биік таудың үстінен «40 аршын биік» көтерілген су мәліметі де аңыздарда бар… Құран апатты судың Жерде 180 күн жатқанын айтады.

Топан су әлемдік апат болған.

Хикмет үкімі сұрапыл. Жексұрын қауымдар мен өркениеттерден «сабақтық жіп» қалмай құрыған. Апаттан аман қалған тұяқтар – иманды адамдар, еркек-ұрғашылы бейкүнә тіршілік қана. Басқасы жойылған. Жойқын апаттардың жүзеге асу шарты сондай.

Адам Атаның ұрпағы төменгі палеолит  «жабайысы» болып жер басса (35 мың жыл), Нұх үммәті мезолит-неолит (12-10 мың жыл шамасы) жабайысы боп, солай, тағы бір жер басты. «Осы күні палеолит (2,6 миллион-35 мың жыл), төменгі палеолит (35-8 мың жыл) кезеңі тұрғындарынан көрнекі артефактылар (тас, сүйек құралдар) әр жерден табылып жатқанда, сонша дәуірлеген Топан су алды өркениет-технологиядан (муландия-атлантида-гиперборея-лемурия) неге елеулі жәдігер жоқ?» деген сұрақ туады. Заңды сұрақ. Үлкен сұрақ. Ғылым ол кезеңдерді «мезолит», «неолит» деп атайды. Сірә, сондайлық хикмети апаттың ұлы шарты – алдыңғы өркениеттен із қалдырмау ниеті болса керек («Бүлінгеннен бүлдіргі алмау» пәлсапасы). Міне, осы сакральді уәж біздің пікірлеріміздің бір қанаты түрінде біраз шетін ойларымызды демеуге сеп. Астам өркениеттер жәдігерлері ғайыпқа жұтылған! Бір Топан су емес, басқа да апаттарда солай болған… Әйтсе де, Сахара шөлінен табылды делінетін ғарыш айлағына ұқсас бір нысанда, Перу шөліндегі гулливерлік таңбаларда, Жерорта, Қара теңіз астынан табылып жатқан көне мекен іздерінде, өте ертедегі термоядролық соғыс белгілерінде, берісі, Торғай, Арал ұлтанынан ашылған табиғаты белгісіз таңбаларда (геоглифтер) не жұмбақ? Тұмшалы Жер бедері не құпия жасырып жатыр?..

Библия Нойдың үш баласымен шектеледі. Ислам ілімі Нұх әулетімен тағы 80 мұсылманның құтылғанын айтады. Қалай болғанда да, бүгінгі адамзаттың әлемге тараған қалың қарамы – сол пайғамбар үммәті. Міне, осы жұрттың Ұлы Даладан тарап, дүниеге тек адам ұрпағы ғана емес, дамыған өркениет, алуан мәдениет және парасатты ой бастауларын ала кеткенін заманауи ғылым енді батыл айта бастады. Егер Адам Ата баласы хоме сапиенстің ізі ғылым назарына ілігуі үшін 5 мың жылдай уақыт қажет болған болса, Нұх ұрпақтарының «анығырақ көзге түсуіне» де сол шамадағы  мерзім өткен сыңайлы. Осыдан 10-12 мың жылдай бұрыннан әредік шаң беріп (мезолит дәуірінің артефактылары), 8-7 мың жыл бұрын ұлы көштер түрінде із қалдыра, онан кейін Қосөзен, Ніл, Кіші Азия, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азия мәдениеттері мен өркениеттерінің бұрқ етіп, жарқырай гүлдене көзге ұруы, ол – сол ұлы көштер мен үдерістердің айтулы кезеңдері.

Ғылым «Арий» деп атаған халық – сол Топан судан кейін ұлы далада бой көрсетіп, зерде назарына іліккен бірден-бір тарихи деректі жұрт. Топан суға дейінгі және кейінгі аңыз-тарихтарды селбестіре-ұшқастырып көрсек, ілкі мәліметі бар гиперборей мен нақты деректі арий жұрты арасында әлемдік Топан су, мәлімсіз ғасырлар мен мыңжылдықтар және арысы беймәлім, берісі нақты ғажап жағрафия (Тұран) жатыр. Кең далада бөтен-бастақ жұрт емес, сол ежелгі өркениеттердің, кейінгі тарихтар көп мән бермей, әлденеге айнала өтіп, үстіртін айтып келген бір елеусіз, бірақ, діліне берік мұрагері қалды. Ол бүгін ақиқат жолын қинала аршып жатыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір