ТАБИҒАТПЕН ҮЙЛЕСІМДІЛІКТІ ҚАТАҢ САҚТАҒАН СӘУЛЕТШІ
08.09.2021
19526
3

Тотан Күзембаев – әлемге танымал архитектор. Қазақстанда туып-өсіп, еңбек жолын Мәскеу қаласында бастаған ол құрылыс жұмыстарын табиғатқа залал келтірмей жасауды өмірлік мұратына айналдырған.  Тың идеяға  толы сәулет туындылары  дүниежүзінің әртүрлі өңірлерінің көркін кіргізген сәулетші   өзі жасаған әр нысанның құрылымы  ұлттық тамырдан, көшпелілер мәдениетінен бастау алатынын айтып келеді.

Бір қызығы, Тотан Күзембаев архитектор болуды тіпті армандамаған екен. Сол тұстағы уақыт ағымы мен патриоттық сезімнің әсерінен ұшқыш болғысы келген жас талап белгілі себептермен ол мамандыққа оқуға түспей, Мәскеу сәулет институтын тәмамдайды.

Төмендегі мақаладан сәулет өнерінің биігіне жеткен Тотан Күзембаевтың архитекторлық жұмыстары елінің патриоты болғысы келген бала арманымен ұштасып жатқанын көреміз.


 Тынымбай ДОСБАТЫР,

инженер-құрылысшы, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

Балалық шақтан болашаққа

XXI ғасырдағы сәулет өнеріне ерекше жаңашылдық алып келген, осы заманғы әлемдік сәулет өнеріндегі тың құбылыс ретінде танылып, бағаланған «ағаш архитектурасының» негізін қалаушы, аса талантты сәулетші Тотан Күзембаевтың есімі көпке таныс.  Тотан Байдүйсенұлымен бір сыныпта оқып, дос болдық.  Балалық шағымызда балақты түріп алып, бір есекке екеуара мінгесіп талай рет  қозы-лақты бірге бағып, мәуе тердік, көлден балық аулап, қол орақпен үйімізге пішен, колхозға күріш ордық. Кетпен-күректі қолға ала сап, кезектесіп үй іргесіндегі бау-бақшалық жерімізді әп-сәтте аударып, қарықтап та кететін едік-ау! Есейе келе ләңгі теуіп, асық ойнауды доп қуып, турникке тартылуға айырбастадық. Күндіз клубтағы жалғыз биллярд столын жағалап, кешке қарай көше аралап қызы бар үйдің терезесінен сығалауға көштік қой сонан соң. Сөйтіп жүргенде мектепті де бітіріп, біріміз оқуға түіп, біріміз әскерге шақырылып, қалғанымыз қой қырқымы, қоғамдық мал азығын дайындау деген сияқты қым-қуыт колхоз шаруасына қалай қызу араласып кеткенімізді білмей де қалдық.

Әскерден келген соң Асқар досымыз оқуға жолдама алып Алматыға аттанса, Ленинград түбінде әскери борышын өтеп келген Тотан өз бетінше Мәскеуге оқуға жол тартты. Ал Шамшат, Сағындық, Мирхан төртеуіміз Қызылорданың оқу орындарына таласа-тармаса түсіп алдық-ау әйтеуір! Міне, осылайша, «Өтемістен туған он едік» демекші, орта мектепті бірге бітірген өндірдей 11 өрім жас жігіттер өмірдің сан тарау жолымен жан-жаққа тарыдай шашырап кете бардық. Тотан сол кеткеннен мол кетіп, Мәскеуде тұрақтап қалды. Үйленді, ұл-қызды болды. Мария есімді әп-әдемі, ақсары мәскеулік қызды ауылға алып келіп, бетін ашқызып, үйлену тойын аулада өткізіп, үлкендердің ақ батасын алып аттанды 83-тің жазында.

Жат жердегі  туған жерге сағыныш

Араға 5-10 жыл салып ағайын-туыс, бауырдың қызығы мен қуанышына  ортақтасып, онсыз болмай тұрмайтын түрлі тағдырлық ауыртпалықтарын бөлісуге келген кезінде елдегі құрдас-құрбылары  Тотанмен сағына қауышып, өз ортамызға алып қошемет көрсетіп, шынайы достық рәуіштегі сый-құрметімізді жасап, мәре-сәре, арқа-жарқа болысып қалушы едік. Оның әрбір елге келген сапары біз үшін бейне бір мереке-тойға айналып уақыттың қалай тез өткенін байқамай да қалатынбыз. Сондай-ақ КСРО кезінде түрлі себептермен Мәскеуге 3 мәрте жолым түскенде Тотан досым өзі күтіп алып, қонақ етіп, қыдыртып өзі шығарып салатын.

Дастархан басындағы, ұйқы алдындағы аз-кем бос уақытымыз Тотан досымның ел мен жер, қатар-құрбыларымыз жайлы сағынышты сұрақтарына жауап берумен тәмәмдалатын. Тотан бізді көбірек сөйлетіп, өзі тек тыңдағанды ұнататын. Арасында біздің қойған сұрақтарымызға там-тұмдап қана қысқа  жауап қайырушы еді. Мұнысын мен кейде досымның қазақшаны ұмытайын дегені ме екен деп те топшылайтынмын өзімше. Сөйтсем, сөзге сараң Тотан досым сол жылдары біз біле бермейтін қыруар шаруаны тындырып жүр екен-ау! Міне қараңыз, Тотан Байдүйсенұлы бүгінгі күні Ресей Архитекторлар одағының, Ресей Дизайнерлер одағының, сондай-ақ Ресей Графикалық одағының мүшесі. Ол сонымен бірге В.И.Баженов атындағы арнайы сәулет сыйлығының иегері, Мәскеудегі Халықаралық архитектура академиясының профессоры болып табылады. Сәулетші Т.Б.Күзембаев жайлы 4 монография жазылып, оның өзінің де бірнеше монографиялық еңбектері жарияланған.  Талантты сәулетші Тотан Күзембаевтың Мәскеуде тұрған  45 жылдағы қол жеткізген жеке тұлғалық, шығармашылық-сәулетшілік еңбек табыстарының қысқа тізімі осылай жалғасады. Бұлардан өзге ол  дүние жүзінің көптеген елдерінде өткізілген архитектуралық байқаулардың жеңімпазы, ең беделді халықаралық көрмелердің қатысушысы болып есептеледі.

Еңбек пен ізденіске толы жылдар

Осы ретте сәулетші Т.Күзембаевтың өмір жолын сәл тарқатып, таратып айтар болсақ, ол  1953 жылы Қазақстанның бұрынғы Шымкент облысы (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы)  Арыс ауданы Сүткент ауылында  дүниеге келген. Ал  1962 жылы әкесі Байдүйсен ақсақал сонау 32-жылғы ашаршылық салдарынан амалсыз қоныс аударуға мәжбүр болған атамекені – Қызылорда облысы Қармақшы ауданы  Ақтөбе ауылына қайыра көшіп келіп тұрақтанады. Ол жылы Тотан 2-сыныпта оқитын. Бастауыш сыныптарда жүргенде-ақ бала Тотан оқулықтардағы С.Сейфуллин, Ә.Жанкелдиндердің суретін қара қаламмен айнытпай үлкейтіп салып жүрді. 9-сыныпта оқып жүріп Ж.Жабаевтың 125 жылдығына байланысты түрлі-түсті бояумен салған портреті мектептегі мұғалімдер бөлмесінің төрінде ілулі тұрғанын білеміз. Орта мектепті бітіріп, екі жыл Ленинград түбіндегі әскери қалашықта борышын өтеген соң ауылда екі жыл еңбекке араласты. Әскери қызметте жүріп те «суретші-безендіруші» ретінде танылған оның бойындағы туа біткен суретшілік талант ұшқыны өнер-білімге деген талабын арттыра түсті. Ақыры 1976 жылы Тотан өз бетінше оқу іздеп келіп, Мәскеудің Архитектуралық институтына дайындық бөліміне қабылданады да, 1982 жылы оның толық курсын «қала құрылысы» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Институт қабырғасында жүріп-ақ өзінің жаңашылдық жобалау жұмыстарымен Германия, Америка, Сингапур сияқты мемлекеттерде өткізілген бірнеше байқаудың жүлдегері атанады. Әйтсе де, ол кездегі Кеңес үкіметінің идеологиясына негізделген институттар «авангардистер» тобы  деп аталатын жас архитекторлардың жұмысына менсінбей қарап, мән бермеушілік танытады.
 Тек, 85-жылдардағы қайта құру кезеңінде оның бірді-екілі жобасымен Мәскеудің орталығында үйлер салына бастайды. Т.Б.Күзембаев 1982-1986 жылдары Мәскеудегі «Резина-проект» мемлекеттік жобалау институтында сәулетші, 1986-1988жылдары Мәскеу түбіндегі Зеленоград ақпараттық-технологиялық қалашығындағы «Моспроект» мекемесінде бас сәулетші, 1989-1999  жылдары Зеленоградтағы жастардың дизайн орталығында сектор меңгерушісі, 2000-2002 жылдары дизайнерлер тобының жетекшісі қызметтерін атқарады. Сондай-ақ ол 2002 жылы «Т.Күзембаевтың архитектуралық бюросының» негізін қалады.
2000-жылдары  мәскеулік ірі кәсіпкер Александр Ежков өз қарамағындағы бос жатқан жерлерге құрылыстар салу жобасына арнайы байқау жариялап, Т.Күзембаевтың жобасы байқаудың жеңімпазы деп танылады. Ал бұл жобалар негізінен ағаш құрылысты көрнекі де кешенді жылқы сарайы (конный клуб) болатын. Міне, осыдан бастап сәулетші Т.Күзембаев бірыңғай ағаш құрылысты архитектуралық жобалар жасауға ден қойып, қызу да қарқынды жұмысты қолға алады. Содан бергі 20 жыл сәулетші Тотан Күзембаев үшін толассыз еңбек пен ізденіске толы, лайықты құрмет пен үлкен абыройға бөлеген жемісті кезең болды.
– Ағаш архитектурасы ең жеңіл әрі тиімді, жайлы да қолайлы, қарапайым да әсем, төзімді әрі зиянсыз құрылыс нысаны болып  саналады. Қолданылған ағаштың түрі мен  түсіне байланысты тиісті өңдеу, күтім шаралары уақтылы және сапалы  атқарылса, ағаштан тұрғызылған ғимараттар бірнеше жүз жылға шыдас береді,  – дейді сәулетші сенімді түрде. –  Архитектор тәулігіне 25 сағат жұмыс істейді десем де өтірік емес. Менде демалыс, бос уақыт деген бола бермейді. Менің жұмысым – менің  хоббиім! Тіпте  түсімде де өз жобаларымды жетілдіріп, өңдеп, толықтырып жатып оянамын да, жұмыс үстеліме  отырып маниторға үңіліп, клавиш пен мыщьты қолға алатын кездерім көп болады, – деп сөзін жалғастырған  ол,  риясыз ақтарыла күліп, сырын еш бүкпесіз жайып та салды. – Менің архитектуралық бюромда бірыңғай жастар, оның ішінде өз ұлым Олжас пен күйеу балам Сергей де бар, кілең  кәсіби мамандар жұмыс істейді. Олар жобаны өздері сызып, нысанның макетін де өз қолдарымен жасап, кейін құрылыс жұмыстарына да белсене қатысады. Осылайша, олардың да еңбек күндері тым тығыз, қауырт іс пен қарбаласқа толы өтеді. Әлбетте, осындай сан қырлы ізденіске толы еңбектің нәтижесі де сапалы әрі жемісті болары анық.
Тотан  Күзембаевтың архитекторлық  ұстанымы –  жобалау барысында табиғатқа нұқсан келтірмеу. Сондықтан да оның әрбір жобасы – қоршаған ортамен үйлесімділікке тұнып тұрған қайталанбас өнер туындысы болып шығады. Әрі  сәулет өнеріндегі жаңа құбылыс, тосын оқиғаға айналады.

– Мен көбіне ірі кәсіпкерлермен, жеке олигархтармен олардың сұраныс-тапсырысы бойынша жұмыс істеймін. Өйткені мемлекеттік мекемелерге ұсынылған сәулет жобасы бұрыннан қалыптасып қалған қасаң  қағидалар мен нарықтық талаптарға байланысты қиылып, қысқарып,  өзгерістерге түседі де, тіпті  өз жобаңды танымай да қаласың. Ал  бүгінгі заманның  сәулет өнері еркіндікті қалайды. Сондай-ақ біздің сәулет жобаларымызды жүзеге асыратын өз құрылысшыларымыз бар. Былайғы мердігерлік құрылыс компаниялары  қағазға сызылған жобаның өзін бұрмалап өзгертіп, оңай жолын табуға ұмтылады. Оларға тек ақша тапса болғаны, – дейді тағы бір әңгімесінде  сәулетші Т.Күзембаев.

Киіз үй құрылысын  басты  бағдар  еткен сәулетші

Тотанның жобасымен салынған ғимараттарға  «желкен үй» (дом парус), «толқын үй» (дом волна), «телескоп үй» (дом телескоп), «айдаһар үй» (дом дракон), «қиял мүйісі» (дом мечты), «сұхбат көпірі» (беседка мост), «гауһар тас» (дом кристалл) сынды  сипаттамалық атаулар телінеді. Иә, бұлардың бәрі – осынау шебер сәулетшінің қиялынан туған бөлек тұрпаттағы таңғажайып сәулет туындылары. Оның мұндай төл туындыларының ұзын саны елуден  асып жығылады. Сәулетшінің озық ойынан туған нысандар  дүниежүзінде, Америка мен Францияда, Ресей мен Украинада, Черногорияда, Латвия мен Әзірбайжанда салынып, көпті қуанышқа кенелтуде. Осыған орай архитектор Т.Күзембаев Нью-Йорк, Пекин, Рим, Париж, Вена, Рига, Вильнюс, Баку, Уфа тәрізді көптеген қалаларға арнайы шақырумен барып «шеберлік сыныптарын» өткізіп, лекциялар оқиды. Сәулетші Тотан өз лекция-сұхбаттарын: «Менің сәулет жобаларымда қазақтың киізүй құрылысымен өзара тығыз байланыстылық бар. Киізүйдің конструкциясы күннің жарығы мен жылуын тікелей қабылдап тұтына алатын жүйеде ойластырылған. Ал түнде шаңырақтан ашық аспан мен ай, жұлдыздарды көріп жатасың. Сондай-ақ киізүйлерді жығып, тіккенде, жаңа қонысқа орналастырғанда табиғатқа ешбір нұқсан, залал келтірілмейді. Киізүйге жеңілдік пен ашықтық тән. Менің де ағаш конструкциялы ғимарат жобаларымда қоршаған ортамен, табиғи кеңістікпен етене үйлесімге және өзара тығыз үндестікке басымдық беріледі», – деп бастайды. Бір сұхбатында Мәскеудегі үйінің бір бөлмесін  құрастырмалы-сырғымалы киізүй етіп жасап қойғанын, өзі соның ішінде ұйықтап, таңертең сергек оянатынындығын да ерекше ықыласпен айтты.
Әлемге танымал сәулет сыншылары мен әріптестері біздің отандасымызға:  «Ресейдің заманауи ағаш архитектурасының негізін қалаушы-әкесі; жаңа ғасырдағы Ресей ағаш архитектурасының қаранары (локомотив); ағаш архитектурасының мэтрі; Ресей архитектурасындағы аңыз адам; әлемдік тұлға (мировая величина); ұлы сәулетші (великий архитектор); Ресей жас сәулетшілерінің пірі (кумир)»  деп жылы лебіздерін білдіріп,  өте жоғары да орынды әм лайықты бағаларын  беріп келеді. Сонымен қатар олар:  «Тотан Күзембаевтың  сәулет жобаларынан  Еуропа мен Азияның сәулет өнеріндегі ерекшеліктердің  өзара түйісіп-бірігуінің ортақ нүктесін көреміз», – деп түйіндейді ойларын. Расында да, Тотанның әрбір сәулет жобасынан шығыстық, қазақы ұлттық сипатқа тән бояу-нақыш белгілерді айқын аңғаруға болады. Тек соны тап басып танып, түйсіне, түсіне алар көкірек көзің ашық болса болғаны.

Десе де көңілімізге сәл де болса кірбің ұялатып, қаяу салар бір нәрсе, ол – өз елімізде  әлем таныған сәулетші Т.Б.Күзембаевтың жобасымен салынған бірде-бір ғимараттың жоқтығы. 

Ақмола облысы Зеренді ауданы.

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 12.09.2021 | 10:37

Алла аркашан издегенин алдынан кездестирип, дегенине жете берсин дегим келеди… Тынымбай бауырым осындай достарын бар екенин ардайым айтып журе бергейсин. Сен бакытты жансын… Озине де, балаларына да алла денсаулык, куш-куат берип, бир ози жар болсын!!! Каламын уштала берсин…

Аноним 18.09.2021 | 00:41

Рахмет тәке осындай досың бар екеніне мақтанғаның. Өте көркем және оқуға жеңіл, кез келген оқырманға түсінікті жазылған. Қаламың жазудан шаршамасын

Аноним 18.09.2021 | 00:43

Мен аяғына шейін оқып шықтым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір