Біржан АХМЕР. СӨЗ ЖАРАТУ ОЙЫНЫ
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі мәтіндік құрылым, ойдың қабаттары біршама тың тұжырым жасауымызға итермелейді. Жас ақындардың ізденістері, жаңашылдығы – поэзияның жанрлық тармақтарына ықпал етті.
«Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі талдауға ұсынған екі автордың өлеңі – шын мәнінде, «өлең» деуге тұрарлықтай шығармалар. Дегенмен, қос автордың аяқ алысына, жазу мәнеріне қарап, олардың жасы отызға жетпеген жастар екенін байқауға болады. Жалпы, өлеңдердегі кейбір олқылықтар бұл қаламгерлердің әлі ізденіс үстінде болу керектігін, сондай-ақ ұйқас, форма, стиль мәселелеріне жіті назар аудару керектігін аңғартады. Ақындар З.Қабдоловтың «Сөз өнері» еңбегін оқыған шығар деп ойлаймын.
Алдымен, бірінші автор жазған «Шер» өлеңіне тоқталайық. Бұл өлеңдегі автордың құсасы, наласы, жалғыздығы өзі қойған тақырыппен үйлесіп тұр. Яғни, шығарма бір өзекке байланып, субъект жан-жақтылыққа, ала-құлалыққа ұрынбаған. Мұндай элегиялар көбінесе А.Пушкиннің туындыларында жиі кездеседі. Ақын өлеңді «Дәурен» есімді кейіпкерге арнай отырып, жан сырын, өзекті өртеген күйінішін, өмірдегі өзгерістерін баян етеді. Үшінші шумақтағы мына бір көркем детальға назар аударайық: «Жүрегімде жылт еткен әлсіз отты, Қос қолыммен қорғаштап отырамын». Бұл өлең жолдары – ақынның сезімталдығымен қатар, образ жаратудағы шеберлігін танытып отыр. Ішкі толғаныстан шыққан ілкі сезімдер – ақ қағазға із салып, өлеңнің бар салмағын өзіне жүктеп тұр. Шынында да, автор үміті – адамзат үміті секілді бірде жанып, бірде өшіп, әрі-сәрі күйде. Оның мәңгіге сөніп қалмауын тілеп, «кірпік қақпай» күзетіп отырған ақын жаны шынайы.
Ақынның биографиясын білмейміз. Сол себепті оның осыншалықты шерлі күйге түсуіне не түрткі болғанын да болжай алмаймыз. Десе де, мәтін астарына үңілген сайын өлеңнің жаңа қырын байқайтынымыз жасырын емес. «Бала күнім кеткелі – батпаңдай мұң», – дейді қаламгер. Ендеше, балалық шақ пен жастық жақтың арасында қандай да бір айырмашылық бар. Түбегейлі өзгеріс бар. Балалықтың балауыз түндері, балдай тәтті үндері, құшақ-құшақ гүлдері – бәрі-бәрі сол кезеңнің елесі болып қалған. Енді оған оралуға еш дәрмен де, мүмкіндік те жоқ. Тек ара-тұра көңілді аулайтын жылт еткен сәттер ғана жанға – медет, жүрекке – жұбаныш. Сондықтан да бүлдіршін кезең – тамыздың таңсәрісінде көк шалғынның жанарынан мөлт еткен шық-тамшыдай тұнық, аяулы һәм шынайы. Бірақ осы жолдан кейінгі: «Ұзатылған апамдай ақ маңдайлы», – деген өлең жолында логикалық қайшылық байқалады. Автор бұл жерде «апа» деген өзі туып-өскен өңірге тән сөзді қолданып тұр. Негізінде, ақын жалпыхалықтық тілде сөйлегені дұрыс. Өйткені ақын өлеңін тек еліміздің батыс өңірі ғана емес, шығыс, оңтүстік, солтүстік жұртшылығы да оқиды. Ал егерде «Ұзатылған арудай ақ маңдайлы» болса, өлеңнің көркемдігі сақталып, табиғилығы өз қалпында қалар еді.
Келесі «Оят мені, хақым жоқ ұйықтауға…» деп басталатын шумақ – шыны керек, әрі кетіп, әсері әлсіз болған «артық» шумақ. Оны қаламгердің өзі де сезіп отырған шығар. «Биікті Алла», «Иық бар да» деген тіркестер «Ұйықтауға» деген сөзге ұйқас ретінде қолданылса да, орасан «азаппен» кіріктірілгені көрінеді.
Өлең түйіні бастапқы идеяға нүкте қойып, ой бірізділігімен ерекшеленеді. Десе де, оқырманға эстетикалық әсер сыйлау үшін басқа бір тың тіркестерді, жаңаша метафораларды қолданғаны жөн болар еді. Себебі барлық әсерді соңғы шумақ шешеді. Яғни, соңғы шумақ әлсіз болса, өлеңнің өлеңдік құндылығы төмендері сөзсіз.
***
Екінші автордың өлеңі жеңіл оқылып, бірден өзінің тылсым да, нәзік әлемімен баурап алды. «Сен тағдырға сенесің, ал мен саған» деген алғашқы жолдан-ақ поэзияның «жұпары» аңқып тұр. Бұл өлеңді балғын күндердің құшағында, балдәурен сәттердің күш-ағынында жүрген бозбала немесе бойжеткен жазғаны сөзсіз.
«Жүрегіме бағыштап түймедақты, Қойып кет те… ешқашан келме мүлде» деген өлең жолдарында ерекше нәзіктіктің лебі еседі. Қателесуіміз мүмкін, бірақ өзінің сүйгеніне «Келме мүлде» деп «жұмсақ» бұйрық бергеніне қарағанда, автордың нәзік жанды ақын қыз екеніне көз жеткізуге болады. Жалпы, әйгілі психолог З.Фрейдтің тұжырымдарында әйел мен ер адамның психологиясы жан-жақты қарастырылған. Ғалымның ойынша, адам болмысындағы характер, кез келген іс-әрекет жыныстық жаратылысымен байланысты болады. Яғни, Құдай жаратқан болмыс – қайткен күнде де бір белгісін білдіреді. Аталған идеялар мен тәсілдер марқасқа қаламгер М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесінде Шолпан ойындағы «сана ағымы», ақ пен қараның үздіксіз жүріп жатқан «майданы», Құдайға біресе сеніп, біресе сенбейтін әртүрлі көңіл әсерлері – әйел болмысының анық әрі ашық көріністерін сипаттайды. Осы орайда, біз талдап отырған өлең ішіндегі «Сен сенесің құдайға, ал мен кімге, Сенерімді білмеймін өлгенім бе?» деген өлең жолдарында жоғарыдағы «сана ағымы» байқалады. Бұл – көбінесе постмодернистік ағым өкілдеріне тән әдіс. Ендеше, бұл ақынды жаңашыл ізденісте жүрген, бірақ дәстүрлі өлең формасынан ауытқымаған ақын деуге толық негіз бар.
Сен тағдырға сенесің,
Мен тамшыға,
Тамшыда да мүмкін тағдыр бар шығар
Алматының жаңбырына
кеудеңді тосып тұрып
Жүрегіңді аршып ал…
Бұ шумақта ақын өзінің ырғағынан жаңылған, қарапайым ғана буындар санын елемеген. Мұндай шумақтан ақынның өлең жазу техникасына әлі толық төселмегені байқалады.
Өлеңді оқығанда оны сынау үшін емес, эстетикалық әсер алу үшін, жан дүниемізге беймәлім әлемнің белгісіз тылсымдарын енгізу үшін оқитынымыз анық. Дегенмен, кейбір олқылықтар, логикалық қайшылықтар көзге түсіп тұрады. Мәселен, аталған өлеңде автор өзінің сырласымен тілдесу барысында «Сен Құдайға сенесің, ал менің сенетін құндылығым жоқ» деген сыңайда жырлап келеді де, түйінінде мүлде басқа арнаға түседі. Ақын өлең соңында: «Тағдыр жайлы айтпашы, өтінемін, мен Құдайға ғашықпын, Ал сен кімге?», – дейді. Шыны керек, осы бір тосын шумақтан автор позициясын жоғалтып алдық. Автор кімге сенеді? Бұлыңғыр. Бәлкім, «Мен өмірге ғашықпын, ал сен кімге?» деген кезде сәл де болсын үйлесім болар ма еді?.. Автор өзі өлең арнап отырған субъектіге ерекше ілтипаты бар екенін, оған ғашық екенін білдіре алмай отыр. Нақтысын айтпай, бірнеше арнаға түсіп, соңында сол өзі жаратқан «тұманда» өзі адасып отыр. Десе де, осы өлең – барлық критерийлерге жауап бере алатын табиғи, қалыпты, ең бастысы өмірдің өзіндей жанды туынды.
Дәрия БӨКЕЙ
* * *
Сен тағдырға сенесің,
Ал мен саған…
Жүрегінде өртенер өртенсе адам.
Жұпарыңды бақилық сезіне алмай,
Бәлкім, сені болармын ерте аңсаған.
Сен сенесің Құдайға,
Ал мен кімге
сенерімді білмеймін,
өлгенім бе?..
Жүрегіме бағыштап түймедақты
Қойып кет те…
ешқашан келме мүлде.
Сосын менде қоярмын жылауды іштей,
Мәңгі сенің көгіңнен тұрам түспей.
Рухым ғазиз деміңмен тыныстасын,
Үш қайтара оқи сал дұғаңды іштей.
Сен тағдырға сенесің,
Мен тамшыға,
Тамшыда да мүмкін тағдыр бар шығар
Алматының жаңбырына
кеудеңді тосып тұрып
Жүрегіңді аршып ал…
Бастайды ылғи неліктен жолдар саған,
Жалғыздықты тағы да мен қарсы алам.
Өртеніп-ақ кетер ем…
Әттең, бірақ,
Сен тағдырға сенесің,
Ал мен саған.
Көктемімді тым ерте көкседім бе?
(Кім жаназа оқиды өлсе гүлге?)
Тағдыр жайлы айтпашы, өтінемін,
мен Құдайға ғашықпын!
Ал сен кімге?..
Дәулет ЖАДЫРАСЫН
Шер
(Дәурен Тілеуханға)
Қыл арқанның үстінде ырғатылып,
Бір мақұлық «тірлі-і-і-к» деп тұр бақырып.
Саған қарай ұмтылам, сол бір дауыс,
Аяғымнан тартады шырматылып.
Сөзбен салып аяулы сырымды ұдай,
Өлең жазғым келмейді бұрынғыдай.
Жапан түзде жалғыз қап қойғандаймын,
Туа сала жоғалған туындыдай.
Жел аңдыған ақырғы жапырағын,
Қара ағаштай қимылсыз бақыладым.
Жүрегімде жылт еткен әлсіз отты,
Қос қолыммен қорғаштап отырамын.
Қариядай қалмаған түк дәрмені,
Қажыдым мен, ей, Дәурен, құтқар мені.
Неге менің аузымнан шығады ылғи,
Мың құбылған қоғамның жұтқан демі.
Бала күнім кеткелі – батпандай мұң –
ұзатылған апамдай ақ маңдайлы.
Әй, мен осы өліара шаққа түсіп,
Мең-зең күйде маужырап жатқандаймын.
Оят мені, қақым жоқ ұйықтауға,
Құлау үшін бермеген биікті Алла!
Күйік бар да – өлең бар, жоқ болса – жоқ,
Көтермеуге қақым жоқ иық бар да!
Жай отындай, жаз, Дәурен, жарқыл-өлең!
Мен тірімін, тірімін, марқұм емен.
Қанатымнан демеші, құстай ұшып,
Қайта жерге түспеймін – қалқып өлем!
ПІКІРЛЕР4