Марфуға АЙТҚОЖИНА. Тауларға жат тұғырдан аласарған
02.09.2021
981
0

Көк аспандай күркіреп…

Қандай дауа мынау қатал өмірге,

Қаяу салған ойлар қанша көңілге…

Тозады екен темір екеш темір де,

Ақын болып жаралғаным тегін бе?

 

Тегін емес, тартуы бұл тағдырдың…

Қалқасында қалды-ау ауылым сан қырдың.

Еске түссе, көк аспандай күркіреп,

Жартас болып жаңғырдым.

 

Қажы атамнан қалған өлең үлес пе?..

Ұмытқам жоқ, бәрі-бәрі жүр есте.

Қас қырандай кейде биік түлетсе,

Кейде итжығыс, түсіп келем күреске.

 

Жасырмаймын, егде тартқан басым бар,

Жүрегімнің жыр қақпасын ашыңдар.

Толқын атып, тебіреніп теңіздей,

Дауыл болып буырқансам, басыңдар.

 

Көк тауларға қарадым сағым басқан

Күн көгінде, тұрғанда тағында аспан,

Өмір кештім тағдырға бағынбастан.

Көзден кеткен көп жылдар көлегейлеп,

Көк тауларға қарадым сағым басқан…

 

Самал ескен сарылып, сағым далам,

Күндерім кем өзіңді сағынбаған.

Жатыр қанша егінім орақ тимей,

Жатыр қанша шалғыным шабылмаған.

 

Соны ойласам, келмейді ұйқым менің,

Дүние жалған, сен неткен сиқырлы едің.

Көк таулардан ескен сол күзгі ызғырық,

Қалтыратты, сол шығар күрсінгенім.

 

Өз-өзімнен налимын сенделіп мен,

Соның бәрі болар ма пенделіктен?

Қалың ойға қамалып, қапалансам,

Ақ бұлттарды жатасың өңгеріп сен.

 

Өтті жылдар, жүрекке жара салған,

Аппақ арым, арманмен жарасар жан.

Көк шыңдары күн құшқан тауларда өстім,

Тауларға жат – тұғырдан аласарған!

 

Сағынышқа айналған Талқым менің!

 Самалынан сусындап «салқын белің»,

Жайлауы едің кезінде тартымды, елдің.

Көздің жауын алатын сұлу көркі,

Сағынышқа айналған Талқым менің!

 

Сөз жетпейтін теңеуге сұлулықтың,

Тұнып жатқан көзінен шырын жұттым.

Ақындықтың тербесең бесігінде,

Қайран Талқым, жастай-ақ сырыңды ұқтым.

 

Қас батырдай ел жайын өткен ойлап,

Қарағайлы көк шыңдар көкке бойлап –

Көкіректің көреген көзін ашып,

Сұлулықты аямай төккен аймақ!

 

Жапа шеккен сұрапыл сағыныштан,

Аққуың ем, қанаты талып ұшқан.

Кіндік қаным тамған жер, сені аңсадым,

Ақын аз ба өзіңе жаны құштар.

 

Өңім тұрғай көремін түсімде мен,

Жанға қаяу болармын түсірмеген.

Туған жерім, алдыңда басымды идім,

Тәкаппар қызың ешкімге кішірмеген.

 

Көзімді алмай Талқының шыңдарынан,

Жан тербеген ерекше тыңдадым ән.

Арыла алмай келемін сағыныштан,

Өтсем-дағы тағдырдың сындарынан.

 

Көз ала алмай Талқының шыңдарынан,

Самалынан сәуірдің тыңдадым ән.

Алақанда аялап жүрсе де елім,

Беу, Жаратқан, Неліктен мұң жамылам?

 

Жарыстырып…

Дүрілдеп тұрған шақта даңқым асып,

Әлемнің қазағыма халқы ғашық.

Шыңына Алатаудың көтерілдім,

Көшкенім күні кеше, Талқыны асып…

 

Ақын деп аяласа сүйікті елім,

Өмірім – өлең екен,

Киік-сезім.

Атымды ұлы таулар қайталаса,

Ояндым жырмен тербеп биіктерім!

 

Беттерін өткен жылдар парақтаған,

Аңсаумен Талқы жатыр қарап маған.

Жаныма жақсылығын азық еттім,

Ұмытып күндерімді азаптаған…

 

Үйретті төзімділікті ғажап далам,

Тағдырын мен ешкімнің мазақтаман.

Қазақы өмір кешіп, өлең жазды,

Әкелген сен дүниеге  Қазақ балаң!

 

Қазақтың атын тарттым, намыс буып,

Өзіңе жаным жақын алыс жүріп…

Тағдырға ризалықтан басқа айтар жоқ,

Жылдармен жыр жаздырған, жарыстырып!

 

Әуелеген тырналар, айтшы сәлем

 Қарапайым көрінген жайшылықта,

Толы екен-ау бұл өмір қайшылыққа…

Әлі күнге келемін ажыратпай,

Қадірімнің асқанын қайсы жұртқа?!

 

Біреуі – кіндік қаным тамған жерім,

Біреуі – атамекен самғау белім.

Атажұртта атанып – Аққу ақын,

Біреуінде жастығым қалды-ау менің.

 

Біреуінде өтті күн еркелікпен.

Біреуінде  жыр жаздым өртеніп мен.

Кіндік қан тамған жерге барар едім,

Бір қуаныш кенеттен келсе күткен…

 

Біреуінде  тартыппын ат жалынан,

Әндер тыңдап Талқының шатқалынан.

Алатаудың жастанып жасыл шыңын,

Сарқырама секілді ақтарылам!

 

Сусындатқан жыр-қайнар мөлдірінен,

Амал бар ма, аңсаймын елді кілең.

Жастық шақ өткен жерді еске  салып,

Қоңыр күз енді бізге келді білем!..

 

«Ұлғайдық қой» деуге ауыз бармағанмен,

Ұлғайып келе жатыр арман-әлем.

Әуелеген тырналар, айтшы сәлем,

Ел жақтағы сұраған жанға менен.

 

Біреуінен байқасам, асқан мейірім,

Біреуінде   ел танып, тасқан көңілім!

Қақыраған жүректі кім бүтіндер,

Арасында келемін – аспан, жердің…

 

         Шамшырағым – кеудемде

 Күлген күле жатады, біреу жылап,

Жылағанды парызым – сүйеу бірақ.

Тілемесе тілемес жақсылығын,

Жақсылықты басқаға тілеу – қуат.

 

Қанша ғұмыр өтсе де өкінердей,

Өмір кешіп келемін екіленбей.

Сенген сайын сенемін келер күнге…

Қауырсыным ертең-ақ жетілердей.

 

Сан толқытып жанымды жатар саз үн,

Сары белден сарғайып атар таңым.

Өкініш сол, әттең-ай, сездірмейді,

Ғұмырыңның сәттері батар шағын…

 

Қаншалықты берілді ғұмыр маған,

Жұлдыздарым жанып тұр жымыңдаған.

Сағынышын жеткізіп туған жердің,

Жүрегіме самалы сыбырлаған.

 

Жүрер жолды мен-дағы жартыладым,

Шықққан биік, тұғырым, бар тұрағым.

Сөнбейтінін білемін, сөндіре алмас,

Кеудемдегі отты жыр – шамшырағым!

 

Көрік беріп көктемдей жаншуағым,

Шабандасам, жүйріктей қамшыладым.

Ішкі серпін сергітіп сергелдеңнен,

Биігімде өзімнің жарқырадым!

 

Қыранды аласаға қиясың ба?

Сипайды еркелете ескен самал,

Жібектей оратылған неткен сонар!

Шыңдардың көкірегін бұлт аймалап,

Көрініс көз тартады естен танар.

 

Қоздырып құз-қойнауды, шуға бөлеп,

Келеді толқындары тулап ерек.

Келеді толқын үдеп толқындардан,

Қағылез жартас тыңдап сырға зерек…

 

Тоғытып күннің ашық шұғыласын,

Көркін-ай, көз алдыңда құбылатын.

Тасқындар тастан қарғып, тап береді,

Емес ол, ешнәрседен бұғынатын.

Емес ол, ешнәрсені ұғынатын…

 

Барады барған сайын көріктеніп,

Шашылып ақ маржандар көбіктеніп.

Қыран да шыңға шырқап көтерілді,

Ағысқа астаң-кестең төніп келіп.

 

Кешегі жас балапан ұясында,

Барады қайрап өзін қия-шыңда.

Өмірдің бар қызығы, күйі осында!

Қыранды аласаға қиясың ба?!

 

Қайран өлең

 Әлсін-әлсін оралып өзекке мұң,

Кім біледі, тұрғанын кезекте кім?..

Өмір бойы мен сені әлдилеп ем,

Сен де мені өбекте, өбекте, жыр.

 

Кешті зорға батырып, таңды атырып,

Бір өкпек жел еседі жанға суық…

Арғымақтай аяққа тұсау түскен,

Беу, жүрегім, өлеңсіз қалма тұрып…

 

Қым-қуыт тіршілікке байланғасын,

Батып кете барамын ойларға шым.

Мен тұншығып өлсем де тұңғиықта,

Қайран өлең! Шарқ ұрып, сайрандасын!

 

Жүріп келем…

         I

 Жан емеспін өзімшіл, өркөкірек,

Жүріп келем табанды жерге тіреп.

Асқақ таулар көрініп арманымдай,

Жүріп келем су кешіп, шөлге түнеп.

 

Жүріп келем кең дала құшағында,

Өзіме аян қонарым, ұшарым да.

Жыршыл, сыршыл жүрегім, сен болмасаң,

Құшырлана өмірді құшамын ба?!

 

Жүзіп келем теңізде, толқындарда,

«Неге жүзді, –  дер біреу, – жол тұрғанда…»

Жатса аналар әлемде тыныш ұйықтап,

Алпыс екі тамырым солқылдар ма?!

 

Ақша бұлттар бүркеп тау өркештерін,

Жасқа орады арудың нәркес көзін.

Бақыттысы арудың мен болар ма ем,

Өлең құшып өтсе өмір, әр кештерің?!

 

Жан емеспін өзімшіл, өркөкірек,

Жүріп келем табанды жерге тіреп.

Асқар таулар көрініп арманымдай,

Жүріп келем су кешіп, шөлге түнеп.

 

            II

Жүріп келем, есте жоқ жүгіргенім,

Тізе бүгіп тағдырға жүгінбедім.

Көрсетпедім көлдеген көз жасымды,

Жігерімнің құм болып үгілгенін.

 

Жүріп келем, есте жоқ  жүгіргенім,

Аспаным ашық, бұлтсыз бүгін менің.

Тілейтінім – іргемнің тыныштығы,

Қаламаймын тамшы жас үзілгенін…

 

Жүріп келем, есте жоқ  жүгіргенім,

Жеңілдемес, артпаса жүгім менің.

Алты Алашым әлпештеп алақанда,

Биігіне көтерді тұғырлы елім!..

 

Есіңде ме?

Есіңде ме, сен маған ғашық кезің?

Тау суындай толқынды тасып сезім…

Күн шуағын көзіңнен шашыратып,

Көкіректің күрсіндің ашып көзін.

 

Есіңде ме, көз алмай күрсінгенің?

Бейне бір елеске ұқсап құр сүлдерің…

Екеуміз екі жақта өмір кештік,

Жүректің түндер тыңдап дүрсілдерін.

 

Жылдар өтті, қаншама белең-белең,

Хабар күттім самалдан «келем» деген…

Самал да соқпай қойды көп сарылтып,

Бәрін де ұмыттым мен өлеңменен…

 

Қырда өсіп ең, қырандай қырда түлеп,

Тек саған тән бар еді бір қасиет –

Өмірге ғашықтығың арқау болып,

Келемін маңдайымды жырға сүйеп!..

 

Сен мені ұмыттың ба?..

 Сен мені  ұмыттың ба, ұмыттың ба?

Қиялды жетелейді үміт шыңға.

Арада қанша жылдар өтіп кетті,

Тұндырып жанарымды тұнық мұңға.

 

Сен мені ұмыттың ба, ойлайсың ба?  

Салды екен тағдыр сені қандай сынға?

Тұрасың көз алдымда кешегідей,

Сен оған нанасың ба, нанбайсың ба?..

 

Бұл менің түсім бе әлде қиялым ба?

Мені сол  ынтықтырған қыран ұлға.

Қапыда кетсе де өтіп қайран жастық,

Қайран үн,  қоңыраулайды құлағымда…

 

Сен мені ұмыттың ба, ұмыттың ба?

Тұндырып жанарымды тұнық мұңға.

Көк таулар қалқалаған сені ойлаймын,

Шыңында Алатаудың жүріп мұнда.

Сен мені ұмыттың ба,

Ұмыттың ба?..

 

Жыр көктемі жүрегімде өртеніп…

Жүрген жоқпын тектен-текке тер төгіп,

Жыр көктемі жүрегімде ерте өніп,

Жастығым да өте шықты өксітіп,

Жете алмаған –

Махаббатпен өртеніп…

 

Жүрген жоқпын тектен-текке ерігіп,

Жолым жатты биіктерге өріліп.

Жұп жазбадым –

Жырларыммен жалғыз-ақ,

Кей түндерде көрген көрген емен көз іліп.

 

Жар деп құштым,

Қазақ сүйген өлеңді!

Жыр-жүрегім жұртыма ерте еленді…

«Жыр аққуы» деп ат қойыпты ел маған,

Жыр боп  өтем,

Жеткенше ажал мен енді…

 

Жаралған соң топырағымнан ақын боп,

Өлең болып толғанбауға қақым жоқ.

Ұлы дала!

Өзің жайлы ойларым,

Теңіздей тулап жатыр көп…

 

Шөлдейді елің сырлы үнге

 Бір тыныштық…

Құлаққа ұрған танадай,

Аласұрдым іші пысқан баладай.

Қайда бәрі?

Көрінбейді көзіме,

Жалғыздықтың жаманы-ай!

 

Тау қойнауы,

Үнсіз жатыр мамырлап.

Қайда бәрі  жүретұғын дабырлап?

Не қалайсың,

Айтшы маған, көңілім?

Ойдағының бәрі қайдан табылмақ?

 

Ақын үшін керек кейде тыныштық,

Тыныштықты келем жанға тыныс қып.

Демін тартып, сыбырлайды,

Не ғажап?

Алған демі тым ыстық…

 

Не тілейсің, бәрі де бар бұл күнде.

Қолда барды бағаламай жүрмін бе?

Қадіріңді кетірмеші күйбіңге,

Шөлдейді елің сырлы үнге!..

 

Күркірейді, күрсінеді  кәрі аспан

 Күркірейді, күрсінеді кәрі аспан.

Ақша бұлттар аунақшиды адасқан.

Қарағайлар қас батырдай қасқайып,

Асқар тауға жарасқан!

 

Жадырайды, жаймашуақ жаз күні,

Бұлақтардың сыңғырлайды назды үні.

Сұлулықты сонша сүйген жан едің,

Тіл жеткенше жаз бұны!

 

Жазым өтіп, күз үйренді көзіме,

Көк тырналар барады ұшып тізіле.

Кейінгі ұрпақ есіне алар күндерде,

Жыр-мұраны қалдырайын ізіме…

 

Биігінде қаламын

 Өмірі өксіп өтетұғын алаңмен,

Жаны жырлы, жаны мұңлы балаң мен.

Жазым өтіп, күз де келді сарғайып,

Күндер кештім, күншығысқа қараумен!..

 

«Бәрі бітті» дей алмаймын осымен,

Бір ақындай өлеңге үлес қосып ем.

Опасыз жан сырт айналып кеткенде,

Жалғыздықты сездірмеген досым ең!

 

Сүріндірмес сүйенішім сен болып,

Еркін өстім, көк жайлауға кең қонып.

Жабырқасам, шарықтадым өзіңмен,

Аспандағы ақ бұлттармен тең болып.

 

Содан болар қолдан түспей қаламым,

Сағынышпен Аспантауға қарадым.

Тәкаппар тау тұрды сонша қалқалап,

Бәрібір мен биігінде қаламын!..

 

Жол тұрады…

 Сырбай аға, деп едің: «Өлең – Еңбек»,

Еңбегім жанып, бағым да келеді өрлеп.

Жарқырайды шырағым сәуле шашып,

Тұрғанымен қою түн көлегейлеп.

 

Жұбан, Ғафу, қазақтың Сырбайлары,

Шалқыған дария, бұрқаған жыр қайнары.

Ақындарын тұрғандай әлі жоқтап,

Кең даланың сыңсыған сырнайлы әні.

 

Бірін-бірі жүретін жарастырып,

Жыр жазатын жарыса, таң атырып…

Үлгісі еді достық пен татулықтың,

Таңданушы ек, сіздерге қарап тұрып.

 

Қалижан мен қазақтың Қуандығы,

Іздерінде төгіліп тұрар жыры.

Жүректерде жатталып қалған екен,

Айбергенов ақынның қыран-жыры!

 

Күйге айналған өлеңі Жұмекеннің,

(Ақынды еске сақтап жүр екенмін).

Ақпа-төкпе ағаны Әбділдадай,

Өмір болса, мен талай жыр етермін.

 

Кімдер орнын олардың толтырады,

Күзгі ызғырық… Гүлдер де қалтырады.

Ақындарға беретін ақ батасын,

Ағалардың жетпей жүр мол шуағы.

 

Ағалардың жетпей жүр мол шуағы,

Көкірекке көп ойдан көл тұнады.

Бәрімізді қара жер қауыштырар,

Апаратын Сіздерге жол тұрады…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір