БУРАБАЙДА МАРФУҒА БЕКТЕМІРОВА КӨШЕСІ БАР
Ақмола облысындағы Бурабай ауданының орталығы –Щучье қаласындағы бұрынғы Емелиян Пугачев көшесі бұдан былай Марфуға Бектемірова көшесі болып өзгертілді. Ақын атындағы көше Көкшетау тауының етегінен басталып, вокзалға дейін созылып жатыр. Осыған орай, жоғары педагогикалық колледждің мәжіліс залында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Марфуға Бектемірова көшесінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты жиынға Бурабай ауданы мен қалалық әкімдіктің қызметкерлері, ардагерлер, мұғалімдер, оқушылар, студенттер, Көкшетау, Астана қалаларынан келген ақын-жазушылар, әдебиетшілер мен БАҚ өкілдері қатысты.
– Қазақ поэзиясында өзіндік үні мен қолтаңбасы бар Марфуға Бектемірованың есімі – бәріміз үшін, әсіресе кербез сұлу Көкше халқы үшін ерекше қымбат. Ол өмірінің ақырғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастамай, еліне қалтқысыз қызмет етті, соңынан мол мұра қалдырды. Ақынның сыршыл сезімге толы жырлары ұлтымыздың асыл қазынасына айналды. Жер жәннаты Бурабайдың баурайында туып-өскен көрнекті ақын есімінің Щучье қаласындағы ұзын да кең көшеге берілуі, соған орай бүгінгі салтанаттың өтуі – елеулі оқиға. Бұл сүйікті Отанымызды, тәуелсіздігімізді, туған жерін жырлап өткен ақынға деген құрмет деп ойлаймын, – деді Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.
– Марфуға Бектемірова шығармашылығының алтын қазығы – Қазақ елі, оның бостандығы мен еркіндігі, сол жолда шейіт болған өжет батырлар, туған жер, Көкшетау тақырыбы. Бұлақтай мөлдір жырларын оқи бергің келеді. Соның ішінде мен «Келемін аралап Көкшені» өлеңін қайта-қайта оқып шықтым. Осы өлеңі үшін Марфуғаға бір қаланың атын берсе де болады. Біз Марфуға Бектемірованың есімін әрқашан есімізде сақтауымыз керек. Келер күндерде ақынға арналған әдеби кештер, конференциялар, республикалық деңгейде «Мүшәйралар» тұрақты өткізілсе, кітаптарын шығарса деймін. Осы игі істерде жанашырлық танытып, көшелі сөз айтып жүретін азаматтар көп болсын, – деді «Көкшенің көктұйғыны» атанған айтыс өнерінің хас жүйрігі, халықаралық, республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ақын Құдайберлі Мырзабек.
Шарада оқушылар жыр оқып, ақын шығармашылығына арналған ғылыми жұмыстарымен таныстырды. «Жан дүниемнің жаңғырығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, қонақтарға қалам иесінің әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік берді.