19 миллионыншы қазақстандық кім?
06.08.2021
400
0

Еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны Алматы облысы Іле ауданы Чапаев ауылында тұрады. Есімі Жания. Ол осы жылдың 20-шы  шілдесінде түнгі сағат 2-де Алматыдағы перинаталдық орталықта дүние есігін ашты. Ол – шаңырақтағы төртінші қыз. Сәбидің әкесі Азамат Нұрғалиев 39 жаста болса, анасы Нұргүл Көбентаева 35 жаста. Отағасы – қарапайым жұмысшы, ал Нұргүл – «Сарыбұлақ» құс фабрикасында жұмыс істеген.

Азамат Нұрғалиев отбасы үшін мұның күтпеген жаңалық болғанын айтып отыр. «Біз алғашында сенбедік, қателескен шығар деп ойладық. Тек учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдіктен іздеп жатқанын айтқанда ғана шын екенін білдік. Қызымыздың маңдайы бақты екен, лайым ұзағынан сүйіндірсін. Оны жақсы тәрбиелеп, Қазақстанның лайықты азаматы етіп өсіруге тырысамыз», — деді ол. Нәрестенің анасы Нұргүл де: «Жания өзім үшін ерекше бала. Біздің ұзақ күткен, 5-6 жыл дегенде көрген перзентіміз. Қызымыз туа сала бүкіл Қазақстанға белгілі болды, алдағы уақытта да оның жақсы атын шығаруға ата-анасы ретінде еңбек сіңіретін боламыз», — деді.

Жания Азаматқызы еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны болып өмірге келгенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сүйіншілеп хабарлаған болатын. Бұдан соң «Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Нұрғалиевтар отбасына 1 млн. теңгенің сертификатын және балаларға арналған қоларба, сәби күтіміне арналған жиынтық, басқа да бағалы сыйлықтар тапсырды» — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жақсы жаңалық жалғасты болып жатыр. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі жеке парақшасында: «Кеше Президентіміз 19 миллионыншы азаматтың дүниеге келгенін айтып, сүйіншілеп еді, бүгін міне Шымкентте үшем дүние есігін ашқаны туралы хабар келді.

         10 жылдан бері бала сүйе алмай жүрген Жанна Мелдешова үшем босанды. Сәбилерге Айым, Рахат, Аяла деп азан шақырып ат қойды. Анасы мен балалардың денсаулығы жақсы. Үшемдерге перинаталдық орталықтың неонатологтары ерекше күтім жасады. Білікті медицина мамандарының қарауында болған шақалақтар бір аптадай перзентханада болып, анасымен бірге үйіне шығарылды. Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 19 797 сәби дүние есігін ашқан. Олардың 135-і егіз болса, төртеуі үшем» деп жазды.

         Қазақстандықтарда, соның ішінде қазақ халқында өсім қандай деңгейде? Тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі көрсеткіш көңіл көншіте ме? Осы сауалды танымал демограф Мақаш Тәтімовтен кейін демография саласына барынша үңіліп, зерттеп жүрген саясаттанушы Әзімбай Ғалиға қойдық.

         «Қазақстанда 19 миллиондай жұртшылық бар. Оның 70 пайызы қазақ деп есептеледі, яғни мөлшері 14 миллиондай қазақ бар. Тіпті, одан көбірек те болуы мүмкін. Бірінші, демографиялық өсім жағынан қазақтың көбею үлесі 69 пайыз болатын, енді 70 пайыз болдық. Екінші үрдіс, орыс жұртшылығының үлес салмағы азайды. Орыс және неміс жұрты осы 30 жылда көп көшті. Мысалы, неміс мөлшермен 10 пайыз қалды деп есептеледі, ал орыс 17 пайыз қалды деп есептеледі. Бұл олардың жалпы санының кемігенін көрсетеді. Орыс, неміс жұртшылығының азаюының басты себебі, мәселен, орыс жұртшылығында депопуляция бар. Депопуляция дегеніміз – ұлттың туылуынан өлгендер санының артық болуы. Қазір ондай жағдай тек Қазақстандағы орыстарда ғана емес, Ресей орыстарында да анық байқалады. Қысқасы, Қазақстанда орыс жұртшылығының азаюының екі себебі бар. Біріншісі, жоғарыда айтылған табиғи депопуляция — өлгендердің саны туғандардан көп болуы. Екіншісі — иммиграция. Түп отандары – Ресейге көшу. Соңғы жылдары 40 мыңдай, 90- жылдары 370 000-410 000-дап кетіп отырды. Бұл мысалды украин, неміс ұлттарына да қатысты айтуға болады. Сондықтан бүгінгі таңда қазақтың үлес салмағы 70 пайызға жетті, қазақтарда табиғи өсім басым. Елімізде қазақтан басқа тез өсіп келе жатқан ұлт өкілдері ол өзбектер, ұйғырлар, тағы басқа түркітілдес халықтар» дейді белгілі саясаттанушы.

Дайындаған: Дана Бекбосын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір