ТҰРСЫННЫҢ ҮШ ҚЫРЫ
13.08.2021
2331
0

Серік ҚИРАБАЕВ,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі,

филология ғылымдарының  докторы, профессор

Тұрсын туған жылы мен әдебиетке араласқан екенмін. Одан бері де жетпіс жыл өтіпті. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин бастатқан «алыптар тобымен» араластық,  Есмағамбет, Әлжаппар, Мұхамеджан, Ғали  сияқты алқалы ағалармен сырластық,    Тахауи, Бердібектермен дос-жаран болдық, Әбіш, Мұхтар бастатқан інілердің ізетіне бөлендік. Демек,  қазақ әдебиетінің жүз жылғы даму кезеңінің куәсі екенмін. Бұл толқындардың легінсіз ешқашан да рухани өміріміздің ортасы толмайды. Міне, енді жаңа бір дәуірге кезең бастық. Әдебиет ауаны өзгеріп келеді. Ол да – табиғи. Алайда осы арадағы өтпелі кезеңде өмір сүрген өнер адамдарының мойнына үлкен жауапкершілік түсті. Кешегі кезең мен бүгінгі дәуірдің арасын жалғастырып, жарастығын келтіретін, кешегі классикалық үлгінің ұстынын бүгіннің бойына сіңіретін үлкен рухани қуаты мықты толқын керек еді.

Менің ойымша, сол жауапкершіліктің барлық парыз-қарызы Тұрсынның және оның өнердің әр саласындағы қатарластарының мойнына жүктелді. Әр талант өзінің лебін қосты. Ал  солардың ішінде бұл салмақты мойымай атқарған азамат жазушы-ғалымның бірі және бірегейі осы Тұрсын болып табылады. Сондықтан да танымал жазушының кезінде тілін тауып, бетін әдебиеттану ғылымына бұрып, шылбырын қаққаныма, тоқсаннан асқан мынау шағымда көңілімді қуаныш кернеп, бір бітірген ісім деп есептеймін. Мен оны әдебиетке тәрбиелегем жоқ, ол өзін-өзі тәрбиеледі, мен оған ғылыми тақырып пен тапсырма беріп, жол көрсеткен  жоқпын. Ол өзіне-өзі ғылыми тапсырма мен міндет қойып, шешті. Тек қиналған сәтінде: «Осының бәрін тауып берген сізсіз. Ал  енді өзіңіз қол қойыңыз», – деп «жұмсайтыны» бар. Мен оған сондай ризалықпен қолымды қойып, «тілін алатыным» бар. Себебі  ол өзіне қатысты бір мүддені алдыма тартып көрген жоқ. Ылғи да қазақ руханиятының мұқтаждығы үшін жанып-күйіп жүрді. Докторлық диссертациясын ертең қорғайды деген күні он-он бес адам жан-жақтан қол  жиып, арыз жазып, қарсы шығуға бекінгені анық болды. Кеңесші ретінде менің ақ-қараны ажыратуға, араласуға қақым бар. Тұрсын ол міндетті де менен «тартып» алмақ. «Менің жұмысымда – жұмысың болмасын!» – деп қаттырақ тиым салғаным бар. Әрине, қорғау Тұрсынның өзінің ойлағанынан, дайындалып келгенінен көрі жайдары өтті.

Осы отыз жылдың ішінде менің толық байқағаным: ол  күткен сенімді ақтады. Қазақ әдебиеті әлеміндегі өткен ұрпақ пен бүгінгі буынның арасына толыққанды жалғастық тапқан тұлғаға айналды. Екінші, мойымады. Өзіне парыз санаған істің барлығын жеріне жеткізе атқарды. Үшінші, біреуге жақсын, біреуге жақпасын, мейлі, ол өзінің бойына біткен таза мінезіне қоспа қосқан жоқ. Сол мінезі оны лауреаттыққа да, академиктікке де әзірге жеткізбей тұр. Түк өкініші жоқ оның. Атақсыз да абыройлы, ар-ожданы  таза. Осы үш қасиетімен де ол әдеби өмірімізде жарасымын тауып жүре беретініне сенімдімін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір