МАХАББАТҚА  ҚЫЗМЕТ  ЕТЕ  АЛМАДЫМ…  
10.08.2021
1459
0

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ

 

ШІЛДЕ

Ыстық ағыс, аптап ағыс, бұл ағыс…

Алақанын жайған шөпте сұраныс…

Шөкім бұлт жоқ. Аспан асап жеп қойған,

Далада – алпыс градус!

 

Оңтүстік пе, бұл аптаптың тұрағы?..

Көкөністің жиырылды құрағы.

От салмай-ақ  ызылдайды самауыр,

Әне-міне, қайнағалы тұр, әні!

 

Амал бар ма, Жаратқанның күніне,

Көнтерілі, адам жаны, сірі ме?

Айдаһардың аузындағы жалыннан,

Жылан  постын  тастап қашты ініне!

 

Тірлік істеу – мына аптапта, далбаса,

(Адам жанын кепілдікке алмаса).

Көр тыныштық, қымс еткен бір үн жоқ,

Әңгі есектің ақырғаны болмаса!

 

Құлың болып жаралғанбыз ілкімде,

О, Тәңірі, әзілің бе, күлкің бе?

Күштісің ғой!

Сары аязды, боранды,

Осы аптапта берер ме едің  бір күнге!?

 

* * *

 

Дегендей өмір сүрем,  «жарайды осым»,

Келмеске  кетті  тастап талай досым.

Көңілден ақбоз үйлер көшкенімен,

Қисайып  құламай тұр, қалай қосым?!

 

Ойсырап,

Жадау-жүдеу,

Жамау жүрек,

Кеткендей бар асылын, біреу күреп…

Амалсыз қимас өмір құрсауында,

Жүресің бір Алладан медеу тілеп!

 

Кетті ғой, кіл жақсылар тізбектеліп,

Дұрысын таңдайды ажал, іздеп келіп.

Қарамайды екен ғой, кімдігіңе,

Келгенде суық ажал, сызбеттеніп!..

 

Фариза, Әбіш  жайғасты, бас қорымға,

Келді. Кетті. Өмірден қас-қағымда…

Келесі кім екенін білмейді ешкім,

Әзірейіл тақсырдың жоспарында!..

 

***

Әл-Фараби даңғылында тұрамын,

Көрем таудың   жамау-жамау құрағын.

Шыңға қарай өрмелеуде ел, ұстауға

Қолы жетсе, Құдайдың да құлағын!

 

Жап-жасыл-ды Алатаудың өркеші,

Емес пе еді, табиғаттың еркесі.

Жөн-жосықсыз салынған көп үйлерден

Қотыр болды Алматымның желкесі!

 

Бәрін сатып алмақсың-ау ақшамен,

«Ақшаң болса, қашпайды деп, бақ сенен»…

Ойлайсың ба? Тұлан тұтса қара жер,

Табиғатқа қарсы келер  жоқ шамаң!

 

Бұл табиғат әшкере етпес құрбанын,

Қалауынша жұмсасын деп пұлдарын…

Ұмыттың ба, үйдей-үйдей  қой тастар

Ортасында қара жолдың тұрғанын?!*

 

Дейсің бе, әлде, құдыретпен теңестім,

Шаужайымнан қақпайды деп, мені ешкім.

Опат болсаң, қойнына алар қара жер,

Тау басына жерлемейді, сені ешкім!

 

                                           *Алматыдағы сел.

***

Ол жетсе де, мен оған жете алмадым,

Шиырланған лас жолдан өте алмадым.

Абырой мен атақтың жөні бөлек,

Махаббатқа қызмет ете алмадым…

 

Әр жүректің әр түрлі талғамы, рас,

Гүл көңілдің бүршігін жарғаны рас.

Бүрі кеткен кебістей сырғақтама,

Бір сүюдің өмірде болғаны рас!

 

Етек емес, жел тұрса желпілдеген,

Күю-жану, от болу, еркіңменен.

Сүю деген – мылқаулық, тілсіз –  тілің,

Сүю деген – көз жасың мөлтілдеген.

 

Сүю деген –  сыр бермеу, сырын алмау,

Кемшілігін байқалған қырыңа алмау.

Ат шаба алмас мініне жорта қарап,

Сүю деген – біреуі  бірін алдау!

 

Сүйген пенде құлдыққа жақын екен,

Қуатсыз ой, мас сезім –  пақыр екен.

Бұрынғылар айтқандай,  махаббаттың

Аяғы ақсақ, ал көзі соқыр екен!

 

 

ЖҰМЕКЕНГЕ

Қазақтың арда туған Жұмекенін

Білдік пе, таныдық па кім екенін?!

Деді орта: «Бөз матаңды жалау қылып,

Қаласам, жібегіңді жүн етемін!»

 

Түсінікті, жан аға, халің маған,

Бөліспедік мұңыңды қалыңдаған…

Жазбадың жыр, ертеңге сауын айтып,

«Есіңе ал» деп ешкімге жалынбаған.

 

Арыстандар циркте үйретілген,

Үйренбесе, тағдыры күйретілген.

Көрінеді бейталант – жіптей болып,

Көк иненің көтінен сүйретілген…

 

Үйренді аққу – біреудің айдынында,

Жүзсе болды, оған жат қайғы-мұң да.

Қолдан жеуге үйренді түз тағысы –

Жыланың да, пілің де, маймылың да!

 

Мәңгі жасыл, өлеңнің көктемі – осы,

Ақындардың ішінде өктемі – осы.

Сылап-сипап, көнбейтін үйретуге,

Қайсар мінез қазақтың Көкбөрісі!

 

                    * * *

Жігері жоқ жігітке – жүректі боп көріну,

Тірегі жоқ жігітке – білекті боп көріну,  

Араққұмар жігітке – ішпейтіндей көріну,

Балаққұмар жігітке – түспейтіндей көріну,

Қауқары жоқ жігітке – тақымды боп көріну,

Айтары жоқ жігітке – ақылды боп көріну…

Көріну де көріну – тірідей қақ бөліну!

 

                          * * *

Жыр додада  шоғырланған, тайпалған,

Озбасам да, сол дүбірде бармын мен.

Кеудемдегі көк теңіздің шайқалған

Тамшысына бұл күндері зармын мен.

 

Жол таппады, көзсіз – көбім – сағырым,

Күнін кешіп қайраңдағы балықтың.

Ұғына алмай дербестіктің қадірін,

Ұқтырмады қатар келген нарық бұл!

 

Бәрі-бәрі жекеленген заманда,

Бірін-бірі жетелеген заманда –

Құнсызданған ақшасындай Кеңестің

«Құның жоқ»  деп айту қиын адамға!

 

Асау тұрмыс – салып тізе, бөктерге,

Күн  кешуде  салмай  назар  жақынға.

Ғажап екен – бейімделгіш бектерге,

Азап екен –  айтары  бар ақынға!

 

Көңіл көзі керек мұны көруге –

Жоқ, қайыршы! Бар алақан жайғандар!

Бүгінгі өмір – атпай, аспай өлу де,

Бүгінгі өмір – мылтығы жоқ майдандар!

 

КҮЗГІ БІР СӘТ

 Көз алдымда сарғайып, көз алдымда өлді өрік,

Қызғылт-сары табытқа жапырақтарын көмді өрік.

Жер сүзгенін көрмейін дегендей-ақ табиғат,

Боз тұманмен аумағын алды бүркеп, көмкеріп.

 

Кеше жап-жас жасылың бара жатты өртеніп,

Сағағынан үзіліп, құлап жатты жер теуіп.

Тоңазыған денесі қара жердің салқындап,

Жапырақты жамылды құрақ-құрақ көрпе ғып.

 

Тозады екен бәрі де, жоқ екен ғой тозбасым,

Мен де тоздым, қайтейін, аппақ қардай боз басым.

Жадыратқан жанымды жапыраққа «қош» айтып,

Терезенің сыртынан сорғалап тұр көз жасым!..

 

                         * * *

Қараша  қара аспанын қақыратқан,

Өш алып жатыр күзгі жапырақтан.

Сіліңгір суық жаңбыр сеуіп өтіп,

Мұп-мұздай леп еседі топырақтан.

 

Дірілдеп, күзгі бақтың ағаштары,

Қол созып күн нұрына таласпады.

Үмітпен  өткен күнді аңсағанмен,

Оралып, көктем келіп қараспады.

 

Тұманы қабағыңды аштырмайды,

Кеудесін көлденеңге бастырмайды.

Көңілшек -күзгі аспанның жанарынан,

Домалап қара жерге – жас тұрмайды.

 

Өңінен адамдардың қашып күлкі,

Жеткенше үйлеріне асықтырды.

Осылай,  Ханға бітер қаһарымен,

Қара  күз мені өзіне ғашық қылды.

 

Кешегі  мөлдіреген жүзімдерді,

Ойламан,  Үміт жібі үзілді енді.

Белгілі – өткен қайтып оралмайды,

Менің де жазым өтіп, күзім келді.

 

* * *

Тас жүректен махаббат күттім,

Тас мейірден шапағат күттім

Жанбады!

Көзімнің жасын сықтым.

 

Алақаннан жылылық күттім,

Адамдардан ұлылық күттім.

Алдады!

Көзімнің жасын сықтым.

 

Тұлғалардан ірілік күттім,

Өлген ем. Тіріліп, күттім.

Болмады!

Көзімнің жасын сықтым!

 

 

СҰРША ҚЫЗ

 Жастыққа тән албырттықтың әнімен.

«Сұрша қызды» салған жанға нанып ем.

Өкінбеймін! Өзім түскен қақпанды

Қан ағызып сүйреп келем, әлі мен.

                                            Автор.

 

Сәкен салған  «Сұрша қыз»,

Әкем салған  «Сұрша қыз»,

Ай жүзіңді бір сәтке,

Біздің жаққа бұрсаңыз.

 

Жарым салған  «Сұрша қыз»,

Барын салған  «Сұрша қыз»,

Сізді сүйер адам көп,

Уәдеде тұрсаңыз.

 

Қазағымның қарғасы,

Көкшетаудың арнасы.

Орайыңда ойнап-күл,

Сұрша қыздың жалғасы.

 

Сәкен енді айтпайды,

Әкем енді айтпайды.

Жарым кеткен ұзаққа,

Сол сапардан қайтпайды.

 

Иіс алмас – тұмсалар:

«Сен салар да, мен салар».

«Сұрша қызды»  Сәкендей

Енді қайтып, кім салар?!

 

        ЖҰМБАҚТАС

 Бірде – кемпір, бірде – қыз,

Су кешіп тұр іргеңіз.

Сіз отырған қайықтан

Білінбейді жүрген із.

 

Ешкімге тәу етпейсіз,

Қозғалып та кетпейсіз.

Күншығыстан жол тартып,

Күнбатысқа жетпейсіз.

 

Айдын көлге құмарсыз,

Мойындағы тұмарсыз.

Сүйгеніне жетпеген,

Ханның қызы шығарсыз.

 

Бұл махаббат – шөл екен,

Қасіреті мол екен.

«Мақсатыңа жетпе!»   деп,

Қарғады ма, Хан – әкең?!

 

Қайырлады қайығың,

Табылмады лайығың.

Тас боп қалар соншама,

Ауыр ма еді, айыбың?

 

Ғасыр өттің, жыл бақтың,

Шаршадыңыз, қымбаттым.

Бірақ  жалғыз емессіз –

Мен де – таспын, жұмбақпын.

           

                       * * *

Мен барамын көңілсіз  асқа, тойға,

Мұңлы әніммен енермін басқа отауға…

Көк пойызға отырып, қайтып барам,

Айтылмас сыр қалдырып  Көкшетауға.

 

Қола мүсін, ақиық, таныс таңым,

Өзіңізбен етене таныспадым.

Қаншама рет жаныңа жақындасам,

Соншама рет өзіңнен алыстадым.

 

Еркелеген далаңда – сен бір –  Еділ,

Қанатында қиялдың желбіредім.

Сарыағаштың суындай шипасы мол,

Сарыағаштың суындай мөлдір едім.

 

Көлгір емен. Емес ем мың айлалы,

Сол бір сезім  жанымды шырайлады.

Таза ағысты, тарланбоз дария едім,

Көп қоспалар – жанымды ылайлады…

 

Ақпыз. Пәкпіз. Басқа оймен келіспейміз,

Даласы бар, малы жоқ өрістейміз.

Көкшетауды билеген «Жеке батыр»,

Қош болыңыз, біз енді, көріспейміз…

 

                     * * *

Өгіз мінген арбалы,

Жалғыз жолаушы едім.

Қара жолдың салмағы

Түк етпес  деп санаушы едім.

Жол батпақ болды,

Тұңғиық жұтпақ болды.

Олай салдым – өгіз өлді.

Былай салдым – арба сынды.

Көңіл – тулақ, жорға сынды…

Тарта алмады,

Атан өлген, қорғасынды…

Оң жағымда көл жатты – мөлдіреген.

Сол жағымда тау тұрды – желбіреген.

Көлге түстім. Малти алмадым – ақ шабақтай.

Тауға шықтым. Қалқи алмадым. Ақша бұлттай!

…Белбеумен белімдегі,

Өзімді кебіндедім.

Соңымнан сұрау салған,

Бір қара көрінбеді.

Орта жолда,

Орта жаста,

Соқтым басты,

Мылқау тасқа – Аспан қылауланды,

Қара жер шыр айналды. Жанарым – ылайланды,

Ажал – мың айналды.

Жерді жастандым.

Көкті жамылдым.

Демедім, сонда да,

«О, Құдай, неғылдым?»…

 

          * * *

Өміріме қарасам – суы біткен мұраптай,

Көңіліме қарасам – мөлдіреп тұр бұлақтай,

Уақытқа қарасам – сырғанаған сынаптай,  

Тағдырыма қарасам – қылышы жоқ қынаптай.

 

Бас білмеген асаудай, өте шықты жастығым,

Құлдық ұрып, қуанып, мұңсыз өтсе қос күнім.

Дүмшелердей аударған, кәлимасыз таспиығын,

Алдау менен арбаудан қалған көңіл пәс бүгін.

 

Бірде биік, бірде пәс, несіне оның терлеймін?!.

Бүгін  ғана туғам жоқ  және бүгін өлмеймін…

Ескі сағат сияқты сыртылына сенбеймін,

Шашып тастап өзімді, өзім қайта жөндеймін…

 

Болмашыға малданып, алданатын,

Қайран жастық, қайдасың, қолғанатым?

Басым менің – бос Сарай – салтанатты,

Сұраушы да жоқ оны жалға алатын…

 

Жалт-жұлт еткен қиялдың сағымдары,

Атпен қуып жетпедім. Бағынбады.

Қыртыстарын миымның қазып бітті,

Күнделікті ақпарат ағындары.

 

Көңіл-күйде қуат жоқ. Салқындаған,

Түсінген бе, бұл күнде парқыңды  адам?

Сырттан қашсаң үйіңе, қарсы алдыңнан,

Теледидар шығады саңқылдаған.

 

Жазу-сызу, есіл-дерт – қалам болып,

Жүруші едің өзің бір – ғалам болып.

Бүгіндері – құлайсың төсегіңе –

Жаңалықтан жалыққан адам болып.

 

                 * * *

Жаратқан-ай, Жаратқан!

Жаратқансың болаттан.

Жарқыратып үстінен

Алтын-күміс жалатқан…

 

Өткен күнге еріп бір,

Шабыт қасқа келіп тұр.

Сөз сөйлейін, сылқылдап –

Қабағымды керіп бір…

 

Серпілтіп  бір серілік,

Кербезденіп, керіліп,

Былқ-сылқ етіп көрейін,

Бір басуға ерініп…

 

Күндіз, яки таңдарда,

Кейде – намазшамдарда

Көлеңкемді көргенде,

Қуанатын жан бар ма?

 

Жаратқан-ай, Жаратқан,

Әмме жұртты қаратқан.

Құмырсқадай құлыңа,

Көз сал  тоғыз қабаттан!

 

        * * *

Қызы едім мен бір байдың «өлең» деген,

Өлеңнің тектілігін дәлелдеген.

Жасауым тоқсан  тоғыз болса-дағы,

Жарытып қалың малы төленбеген.

 

Заманға ұзатылдым қылтыңы көп,

Әйтеуір өзгерер-ау бір күні деп…

Ұрмай-ақ, көп білместің – түрткенінен,

Жанымның жарасы көп, тыртығы көп…

 

Қиқулы, жандайшапты озды дүбір,

Қытықты құймышақтай, қозды дүбір.

Өрлігің – елпең қағып қалталыға,

Ерлігің – еленбеуден тозды ғұмыр.

 

                   * * *

«Беталды жанға бой салма,

Қорлық жүрмес сақтықта.

Елу бесте біз-дағы

Сенісер адам таптық па?!.»

                                               Абай.

 

Елу бестен барамыз тайғанақтап,

Сенісерге дос таппай айдан аппақ.

Мінсіз адам іздейді, күнсіз көңіл,

Қараңғыға саусағын жайған аппақ.

 

Бұл жасыңда күнәсіз адам бар ма,

Жеңілдетер күнәсін шамаң бар ма?

Адам таппай мақтарға маңайыңнан,

Лайығы жоқ және жамандауға…

 

Жалғаншыны бетке айтып, сал қамшыға,

…Және бірі келеді алдан шыға.

Алалығын ішінің біле тұра,

Тағы сене бастайсың алдамшыға.

 

Сенуменен у ішкен бұла көңіл,

Көне-көне, көнеріп, жыла,  көңіл.

Сүйсең – сүй де, сүймесең – өзің білгін,

Алдау менен арбаудан тұрады өмір?

 

Бұл басымды шырмайды қауіп менің,

Өзгелерге мен өзім ылайық па едім?

Сенісерге сендей дос таба алмадым,

Абай ата, өзің дос тауып па едің?!

 

ҚОШ, СҮЙІКТІМ!

 Отыз көктем, отыз күз,

Санап көрші қанша күн?

Жанып біткен отынбыз,

Бұтағындай аршаның.

Айтып біткен барша әнін…

Шаршадың ба?

Шаршадым!

 

Ет жүректің әуресін

Жеткізер қай сөйлемің?

Өзге көздің сәулесі

Түсіп тұрған әйнегің.

Шытынатып жіберер,

Дәрменім бар қай менің?!

 

Өткен күнді алдадың,

Үзіп алып түймесін.

Бірге тарта алмадың

Болашақтың күймесін.

Бәрін айт та, бірін айт,

Таба алмадық үйлесім.

 

Көргенінен жазбаған,

Құр тұлыпқа боздаған.

Қоғамынан озбаған.

Ошағында біреудің

Оты болып маздаған –

Мұның бәрі – өз бағаң.

Қош, сүйіктім! Сөз тәмәм!

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір