Әміре әні асқақтаған, Штраус сазы шалқыған
Ғаламдық жаңалықтардың, технологиялық мүмкіндіктердің, заман ағымына сай өнертабыстардың бары мен жоғын паш ететін басты алаңына айналған Халықаралық көрме – ЭКСПО-ға тек қана өнертапқыштар, ғалымдар, осы сала мамандары қатысады деп ойлаудың өзі дұрыс бола қояр ма екен?! Осы күнге дейін өткізіліп келген Бүкіләлемдік көрмелер тарихына көз жіберіңіз – дарынды ақындар, жезтаңдай әншілер, қаламы сиқыр суретшілер, мүсіншілер – өнер адамдары көптеп қатысқан. Вагнер, Штраус, Верди сияқты таңғажайып композиторлар мұндай көрмелерге арнап арнайы музыкалық шығармалар да жазыпты. Осы көрмелерде академиялық мәнердегі суретшілермен қатар, батыл авангардистер де өз жұмыстарын көпшілікке көрсеткен. Мане 1867 жылы Париждегі Бүкіләлемдік көрменің суреттерін салса, Дали 1939 жылы Нью-Йоркте сюрреализм павильонын рәсімдепті, ал Пикассо 1937 жылы Париждегі көрмеде XX ғасырдың символына айналған «Герниканы» ұсынған екен. Бұлардың қатарына әсем дауысымен Көрме қатысушыларын баурап алған әнші Әміренің әнін қосыңыз…
Әміренің осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын сән-салтанаты жарасқан Еуропаның алтын тәжі – Парижде орындаған «Балқадиша» әні осы күні халықтың құлақ құрышын қандырып-ақ жүр. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тапсырысымен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнін лейтмотив еткен шағын бейнероликтер жүректі жылытады. Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева секілді сахна шеберлері бастаған отандық өнер жұлдыздары Әміренің әнін жаңаша шырқап, бұрынғының үзілмеген ән-жырын бүгін де айтудан жалыққан емес. Қазақ әні, қазақ өнері мен мәдениеті – халықаралық маңызы бар айтулы шаралардың тек төрінен көріне бергенін қалайтынымызды жасырып қайтеміз, 2017 жылы өтпек ЭКСПО Халықаралық көрмесінде де әлемнің төрт тарабынан ағылған ел-жұрт ең алдымен қазақ мәдениеті мен өнеріне тәу етіп қайтады деген үмітіміз басым.
Осы орайда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бұл айтулы көрмеде Қазақстанның мәдениетін, тарихы мен дәстүрін көрсетудің маңыздылығына мән беретінін де айтпасқа болмас: «Отандық мәдениет қайраткерлерінің өнер көрсетуіне басымдық беру керек. Мәдени-думанды шаралар көрме аумағында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музейлер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жоғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс. Мәдени-думанды шаралар жоспары әлі күнге дейін келісілген жоқ. Барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді қызмет еткені керек, осы жұмысты жеделдетуді тапсырамын», – деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Расында, халықаралық аренада салмағы басым мұндай мерейлі шараны өткізу жұмысы біздің елге сеніп тапсырылған екен, ендеше, меймандардың бұл көрмемен таныстығы – қазақ елімен, оның мәдениетімен, дәстүрімен, құндылығымен таныстығы емес пе? Әйтпегенде, ЭКСПО – қазақ үшін таңсық па еді? Осыдан 90 жыл бұрын, дәл осы көрмеде, ұлттың әні әуелеген кезде-ақ, қазақ деген халықтың ЭКСПО атты Халықаралық көрмеге өз үлесі қосылып, өз қолтаңбасы – дара дауысы қалған еді. 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертінде «Балқадиша», «Ағаш аяқ» , «Бесқарагер», «Дудар-ай», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Смет», «Қараторғай» әндерін әуелетіп, күллі әлемді тамсандырған Әмірені тыңдаған әйгілі француз жазушысы Ромен Роллан: «Мен Шығыста әншіні неге бұлбұлға теңегенін енді түсінгендеймін», – деген екен.
Иә, Әміренің әні қалықтаған 1925 жылы өткен көрме – біз үшін ерекше. Алайда, «ЭКСПО» Халықаралық көрмесі қай кезде де, әр ел үшін айрықша маңызды еді. Кез келген мемлекет бұл көрмеге барынша дайындалып, абыроймен өткізу үшін ел болып еңбектенген. Ең алғаш рет 1851 жылы ағылшын ханзадасы Альберттің бастамасымен Лондонда өткен Халықаралық көрменің есте қалар сыйы – Шыны сарайы еді. Кейінгі жылдары ұйымдастырылған халықаралық көрмелердің айрықша белгісіндей болып Парижде – әйгілі Эйфель мұнарасы; АҚШ-тың – Ақ қаласы; Испанияда – Испанның әсем де айбынды алаңы; Бельгияда – атом ғасыры мен атом энергиясын бейбіт түрде пайдаланудың белгісіне айналған Атомиум символы; Канадада – ерекше құрылысымен көз тартқан Хабитат 67 тұрғын үй кешені, т.б. белгілі һәм айбынды ғимараттар мен құрылыс нысандары көрменің бірер жыл үшін ғана емес, ғасырларға созылатын жемісіндей болып, қызмет етуде.
Бір жарым ғасырдан аса уақыттан бері өткізіліп келген бұл көрмелердің танымалдылығы жылдан-жылға арта түскені соншалықты, осы күні ЭКСПО-ны Олимпиада ойындарымен салыстырушылар да бар. Бұлай болатыны, 1851 жылы Лондонда алғашқы көрмені өткізгелі бері, ЭКСПО-ға бүкіл әлемнен миллиардтан аса адам қатысыпты. Бұл Халықаралық көрменің сондағы ерекшелігі не деген сұрақ туатыны заңды. Мұның себебі, ақпараттар сағат сайын жаңарып отыратын заманда, техникалық жаңалықтарды бірінші болып тамашалау мүмкіндігі кімді болса да қызықтырмай ма? Оның үстіне дәл осы Халықаралық көрмелерден соң, әлемдік технологияда тың дүниелер туып, ғаламдық ақыл-ойға жаңа серпін беріп келеді. Телефон, рентген аппараты, нейлон, ұялы телефон, сенсоры экран, Singer тігін машинасы, дизель моторы, электр розеткасы, Попов радиосы, Люмьер ағайындыларының киноқондырғысы, Ладыгиннің қыздыру шамы, алғашқы сериялық телевизор, IMAX жүйесі және тіпті IBM компьютерлері, керек десеңіз, балмұздақтың вафли стақанына дейін – дәл осы ЭКСПО-ның жетістігі, ашқан жаңалығы дер едік.
Түрлі өндірістік революциялар, индустриализация, мәдени төңкерістер кезеңдеріне тұспа-тұс келген өткен ғасырда көрме жұмысы жанданып, халықаралық мәртебесіне сай өзіндік имиджі қалыптасып үлгерді. «1851 жылдан бері өткізіліп келе жатқан» Халықаралық көрмелер Абай тілімен айтқанда, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұстанымына сай, ұлттар мен халықтар арасындағы ынтымақтастықты бекітуге күш жұмсады. Сондықтан болар, ЭКСПО – тек қана технологиялық жаңалықтар алаңы ғана емес, сонымен бірге, адами мәселелерді талқылайтын аренаға айналды. Кейде Бүкіләлемдік көрмелермен қатар салтанатты даталар да тойланып жатты. Мәселен, 1889 жылы Парижде Француз Революциясының жүз жылдығы атап өтілді, 1876 жылы Филадельфияда АҚШ тәуелсіздігінің жүз жылдық мерейтойы тойланды; 1893 жылы Чикагода және 1992 жылы Севильяде Американың ашылуының бес жүз жылдығы атап өтілді, ал 1915 жылы Сан-Францискода Панама каналының ашылуы мерекеленді. Біздегі Экспо Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келеді екен.
1851 жылдан басталған бұл көрмеге Қазақстан дербес ел ретінде төрт рет өз павильонын орнатты. Және бұл павильонды мәдениет пен ғылымдағы, бизнес пен туризмдегі қазақстандық дәстүрлерге сай, ұлттық инновацияларға сәйкес құрды.
Ал «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алған Астананың сол жаңа инновацияларға сай мүмкіндігі қандай? Бұл көрменің діттеген көзі: Қалпына келтірілетін қуат көздерін және энергияның басқа да баламалы түрлерін пайдалануға ынталандыру; Энергияны тұтыну тиімділігі және ұтымды пайдалану; Көлікті электрлендіру; Көпшіліктің экологиялық таза энергияға қолжетімділігі, т.б. екені көпшілікке белгілі. Сонымен қатар, Басты электр энергиясы ретінде пайдаланудағы шектеулі және қоршаған ортаны ластаушы қазбалы қуат көздері; Жаһандық жылыну және ауа-райының өзгеруі; Қоршаған ортаның ластануы және денсаулыққа қауіп-қатері; Қазбалы жанармайды пайдалану және көмірқышқыл газының шығарылуын азайту мәселелері де осы Көрменің басты әңгімесіне айналмақ.
Астана ЭКСПО-2017 көрмесі біздің денсаулығымыз бен қоршаған орта қауіпсіздігін қамтумен қатар, экономикалық және әлеуметтік дамуды жылдамдатуға қатысты адамзат алдындағы міндеттер мен мәселелерді ескере отырып, қуат тасымалдаушыларына жалпы, жаһандық көзқараспен қарауға көмектеседі.
Осы міндеттер мен мәселелердің сәтті шешімін табуы көптеген факторларға, оның ішінде, біздің әрқайсымыздың әрбір шараға жеке қатысуымызға да байланысты болмақ.
«Болашақ энергиясы» жобасының мақсаттары мен міндеттері ретінде қуат көзін пайдаланудағы жоспарлау мен бақылау адам өмірі мен ғаламшардағы бүкіл тіршілік атаулыға шешуші әсер етеді деген тақырыпта ойлану мен білім қалыптастыруды ынталандыру мақсатында түрлі мекемелер, ұйымдар, корпорациялар мен жеке тұлғалардың көмегімен халықаралық қауымдастықты жауаптылық сезіміне шақыру мәселелері көрсетілген.
Астанада «Болашақ энергиясы» ұранымен өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі кең ауқымды және барлығын қамтушы жоба ретінде ойластырылған.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеру ісіне серпін бере алатын ұлттық жобаға айналғанын айтты. «Көрменің ашылуына бір жарым жыл қалды. Барлық құрылыс жұмыстары келесі жылдың күзіне дейін аяқталуы тиіс. Күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, біз көрмені дайындауға қажетті барлық қаражатты бөліп жатырмыз. Құрылысқа Қазақстанда мол жұмыс тәжірибесі бар мердігерлерді тарттық. Сондай-ақ, Миландағы көрмені өткізу тәжірибесін тыңғылықты зерделедік. Сондықтан ЭКСПО-ны ұйымдастыру ісіне қатысты түсініксіз ештеңе жоқ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
2015 жылдың 25 қарашасында Парижде ХКБ Бас Ассамблеясының 158-ші сессиясына қатысқан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы А.Есімов Көрме кешенін салу жұмыстарының мәртебесі туралы, Көрменің мазмұнды бөлігі туралы, демеушілерді тарту, туризмді дамыту және Көрмені ілгерілету жөнінде сөз сөйледі. Көрме үшін салынып жатқан құрылыс нысандарының жалпы сомасы туралы ақпаратты да А.Есімов жасырған жоқ. «Бюджет қаражатын мақсатқа сай пайдалану тиімділігіне айрықша назар аударылды. Қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мен отандық кәсіпкерлерді тарту да үнемдеу шараларының бірі болып саналады. 14 өңірмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, нәтижесінде 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған 220 отандық кәсіпорын құрылысқа тартылды. 40 миллиард теңгенің өнімі жеткізілді», – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы. Сонымен қатар, ұлттық компания басшысы көрме имиджін ілгерілету және оны тақырыптық жағынан толықтыру жұмыстарының барысы туралы да баяндады. А.Есімовтің атап өткеніндей, бүгінде 54 ел және 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растаған.
Алайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей: «Қатысушылардың сандық құрамы маңызды, бірақ өздерін жаңа әзірленімдер саласында көшбасшы ретінде танытқан елдерді тарту мәселесі одан да өзектірек. Бұл мәселе Үкімет пен Сыртқы істер министрлігінің айрықша бақылауында болуға тиіс…».
Себебі, Халықаралық көрмені өткізу – болашаққа қадам жасаудың жаңа бір белесі. Прогресс пен өндірістік дамудың көрінісі болып табылатын көрмелер өзін қабылдайтын елдердің болашақта табысты дамуының кепіліне айналатынын ескеріп, 2017 жылы Астанада өтетін Халықаралық көрменің де өз ерекшелігі, айтулы жаңалығы, өшпес естелігі болатынына сенеміз…
Қ.Серікқызы.