Балқаштағы «бәсеке»: экономика V/S экология
29.06.2021
534
0

 1962 жылы АҚШ президенті Джон Кеннеди «Мұнай туралы ұмытыңыз, су туралы ойлаңыз» деген екен. Расымен де, өткен ғасырдың 60-жылдары Арал дағдарысы басталды. Жарты ғасырды артқа тастадық, бірақ мәселе өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қайта «жығылғанға жұдырық» дегендей, енді Балқаштың «бас ауруына» кез болдық. Өйткені Арал теңізінің тағдыры Балқашта қайталануы мүмкін. Бұл ­–  біздің емес, халықаралық сарапшылардың ескертуі.

Ғалымдар «Арал теңізі синдромы» әлемнің басқа бөліктерінде де байқалуы мүмкін деп ескертеді. Өйткені Арал теңізінің құрғауының негізгі себебі – суару суының жиналуына байланысты техногендік, экологиялық апаттар. Орталық Азиядағы негізгі өзендер трансшекаралық, сондықтан болар, суармалы егіншілік пен табиғи экожүйелер арасында бәсекелестік бар. Дәл осы себептермен Балқаш көлінің экономикалық маңызы артқан сайын экологиялық проблемасы көбейе түскендей. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымы «көлдің тартылып кету қаупі бар» деп бағалады. Алаңдауымыздың негізгі себебі – өзен ағынының азаюы. Тиімсіз пайдалансақ, су деңгейі төмендеуі ғажап емес. Ал тау-кен металлургия комбинатының өндірістік қалдықтары қазіргі жағдайды одан әрі ушықтыра түсуде.

Осы мәселелерді Әл-Фараби атындағы Жерді қашықтықтан зондтау орталығы зерделеп көрді. Себебі жерді қашықтықтан зондтау әдісі арқылы су ресурстарының жерүсті-ғарыштық мониторингін жүргізуге мүмкіндік бар әрі төтенше жағдайлар мен соған алып келетін құбылыстарды анықтауға, салдарын бағалауға болады. Оны құрамдастырылған геоақпараттық жүйе технологиясы жүзеге асырады.

Балқаш көлінің токсикологиялық көрінісін жауын-шашын арқылы өзендер бойымен ағып жатқан ауыр металдар, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорын қалдықтарынан көруге болады. Микроэлементтер – су сапасының және ластануының көрсеткіштері. Биомиграциялық белсенділігінің арқасында олар фотосинтез, тыныс алу процестеріне айтарлықтай әсер етеді. Су организмдерінің тіршілігінде маңызды физиологиялық рөл атқарады және тотығу-тотықсыздану процестері мен өсу стимуляторларының катализаторы қызметін атқарады. Олардың сандық және сапалық құрамы табиғи және антропогендік факторлардың бірлескен әсерінен пайда болады.

Ал көл биотасының микроэлементті құрамын түзуде Балқаш қаласының рөлі басым. Ластаушы заттардың ішінде ауыр металдар су биотасы үшін едәуір қауіп төндіреді. Өйткені органикалық ластаушылардан айырмашылығы ­– металдар ыдырамайды немесе жоғалып кетпейді. Тек экожүйенің компоненттері: су түбі шөгінділері және биота (ағаш бұталар – ред.) арасында қайта бөлінуі мүмкін.

– Ауыр металдар – тығыздығы темірдің тығыздығынан (7,874 г/см3) артық болатын түсті металдар тобы. Оның қатарында: мырыш, қорғасын, қалайы, марганец, висмут, мыс, сынап, никель, кадмий бар. Олардың көптеген қосылыстары, әсіресе тұздары, организм үшін зиянды. Олар тағам, су, ауа арқылы ағзаға түскенде ыдырамайды. Бүйрек, бауыр, буын секілді т.б. адамның дене мүшелерінде жиналып, денсаулыққа қауіп төндіреді. Сондықтан ауыр металдардың қоршаған ортадағы мөлшері белгіленген шамадан аспауы керек, – дейді Жерді қашықтықтан зондтау орталығының маманы Гауһар Батай.

Орталық өкілдері Балқаш көлінің ауыр металдармен ластануын зерттеген екен. Жұмыс барысында Экологиялық мониторинг департаментінің еліміздегі қоршаған ортаның жай-күйі жөніндегі ақпараттық бюллетенін негізге алған.

– Сынамалар Балқаш көліне құятын Іле және Қаратал өзендері бойындағы Жиделі, Бақанас, Бақанас көпірі, Д.Қонаев атындағы көпір, Тамғалытас, Қаратал және Үштөбе ауылдарынан алынды. Осы мәліметтер негізінде Балқаш алабының жер беті суларының ауыр металдармен ластануының картасы құрастырылды (1а, 1б суреттер). Салыстырмалы нәтиже алу үшін 2017 және 2020 жылғы мәліметтерді пайдаландық. Нәтижесінде соңғы жылы ауыр металдар мөлшері айтарлықтай өскені анықталды. Мысалы, Іле өзені бойындағы Тамғалытас шатқалында күшән 1,2 шекті рұқсат етілген төгінділер (ШЖШ)  бойынша нормадан асқан. Ал Жиделі ауылы маңында күшән 3,1 ШЖШ бойынша, Іле өзенінде орналасқан Д.Қонаев атындағы көпір аумағында күшән 3,6 ШЖШ бойынша нормадан артық. Қаратал өзеніндегі Үштөбеде күшән 1,3 ШЖШ, қорғасын 1,4 ШЖШ бойынша нормадан асқан, – деді Гауһар ханым.

Балқаш көліндегі судың ластануы – мәселенің бергі жағы. Өйткені жағдайды өз ырқына қоя берсек, тағы біраз жылда ластанатын да су таппай қалуымыз бек мүмкін. Орталық маманының сөзіне сүйенсек, Балқаш көлінің су деңгейі мен ауданындағы динамикалық өзгерістер Іле өзеніне тікелей байланысты екен. Сондықтан ғарыштық кескіндер негізінде өзенге талдау жүргізілді.

– Көлге бес өзен құяды. Олардың ішіндегі ең ірісі – Іле өзені. Ол тұщы судың жалпы ағынының 80 пайызын береді. Атырауы Батыс Балқашпен аяқталады. Ал Қаратал, Ақсу, Лепсі және Аягөз өзендері көлдің шығыс бөлігіне келіп құйылады. Олардың көлдегі жиынтық ағыны – 20 пайыз. Жалпы ауданы 8000 км2 болатын Іле дельтасы – Орталық Азиядағы ең үлкен табиғи дельта және сулы-батпақты кешен. Бұл өзен Іле атырауы және Балқаш көлі сияқты табиғи жағалаудағы экожүйелерді сақтап қалу үшін маңызды, – дейді Гауһар Батай.

Іле – Қытай мен Қазақстан Республикасы арқылы өтетін трансшекаралық өзен. Оның жоғарғы ағысы Қытайда орналасқан. Онда үш бастау бар – Текес, Күнес және Қаш өзендері. Олардың арасында Текес Хан Тәңірінің солтүстігінен бастау алады, ал Күнес және Қаш өзендері Қытайдағы Тянь Шань тауларынан бастау алады. Бұл үш өзен таулардағы мұздықтардың еруінен пайда болады. Балқаш көлінің негізгі ағыны Қытай мен Қазақстанды қамтитындықтан, ондағы су деңгейі төмендеген сайын Қытай мен Қазақстан үшін ортақ мәселе туғызады.

– Зерттеу объектісі ретінде Қытайдың Қазақстанмен шекаралас Хочэн, Чапал-Сибоск автономды уезі, Құлжа, Іле-Қазақ автономды округі аймақтары  алынды. Қытайдың Іле өзені бойындағы жалпы ауданы 132 мың гектарға жуық жерінің егістік алқаптары есептелді. Нәтижесінде осы аумақтағы егістік алқабының көлемі 2018 жылы 35 мың гектар болса, 2020 жылы 64 мың гектарға жеткені анықталды, – дейді Гауһар Батай.

 

Ғалымдар «1995 жылдан бастап 2015 жылға дейін Қытай жағынан суармалы егістік алқаптарының көлемі 30 пайызға артты. Ал Қазақстан жағынан айтарлықтай ұлғайған жоқ» деп баға беруде.

– Қытайдағы Іле өзені Шыңжаңдағы ауыл шаруашылығына өте қолайлы. Онда жүгері, мақта және күріш егілген алқаптар 2004 жылмен 2010 жылды салыстырғанда едәуір ұлғайған. Мәселен, 2010 жылы жүгері 183 мың гектардан 2014 жылы 342 мың гектарға, 2010 жылы күріш 121 мың гектардан 2014 жылы 194 мың гектарға дейін өскен, –  деді Жерді қашықтықтан зондтау орталығының маманы.

Қазақстанда Іле өзені бассейнінде Қазақстанның суармалы алқаптарының көп бөлігі орналасқан. Статистикаға сүйенсек, оның ішінде 447 мың га – суармалы егістіктер, 41 мың га – жайылымдық және 11 мың га – шабындық жерлер. Негізгі дақыл – бидай. Басқа маңызды дақылдар – жүгері, қант қызылшасы, темекі, жемістер, көкөністер және күріш.

Гауһар Батай жұмыс барысына қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, Іле өзенінің бойындағы егістік алқаптарын бағалау үшін NDVI индексі есептелген. NDVI (нормаланған вегетациялық индекс) стандартталған және өсімдік пен оның жағдайын, салыстырмалы биомассасын көрсетеді. Сондай-ақ ол құрғақшылық, су беті мониторингі, ауыл шаруашылығы өндірісін мониторингілеу, болжау және шөлдің басталу картасын жасау үшін пайдаланылады.

Балқаш көлі Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы Орталық Азияның құрғақ аймағында орналасқан және барлық жағынан құм мен ұсақ шоқылармен қоршалған. Көл ағынсыз құрлықішілік су айдындары санатына жатады және Қазақстандағы ең ірі көлдердің бірі болып табылады. Ауданы құбылмалы: 17 – 22 мың км2, ұзындығы 600 км-ден астам, ені шығыс бөлігінде 9 – 19 км, батыс бөлігінде 74 км-ге жетеді. Табиғи бөгет – Ұзынарал түбегімен Батыс және Шығыс Балқаш болып бөлінеді.

Қытайдағы Іле өзенінің бойындағы егістік алқаптарының ауданы 2018 жылы 35 мың гектар болса, 2020 жылы 64 мың гектарға жеткен.  1995 жылдан бастап, 2015 жылға дейін ол жердегі суармалы егістік алқаптарының көлемі 30 пайызға артқан.

Мырыш, қорғасын, қалайы, марганец, висмут, мыс, сынап, никель, кадмий секілді ауыр металдардың қоспасы, әсіресе тұздары, организм үшін зиянды. Олар ағзаға түскенде ыдырамайды. Бүйрек, бауыр, буын  т.б. ағзада жиналып, денсаулыққа қауіп төндіреді.

Кәмила ДҮЙСЕН

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір