СУРЕТТІ ТҮСІРГЕН РАХЫМБАЙ ХАНАЛЫ
29.06.2021
3298
0

 

Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Біздің жас шағымызда республикаға белгілі фототілшілер қамшының шашағындай ғана санаулы болатын. Түр-түстерін танымасақ та күнделікті газет-журналда жарияланып жататын неше қилы фотоларды көріп, астына жазылған аты-жөндерін оқитынбыз. «Суретті түсірген Рысқали Дүйсенғалиев, Съезд Бәсібеков, Юрий Куйдин, Сайлау Пернебаев, Дендербай Егізов, Антон Устиненоко, Нұрғожа Жұбанов»… Болды. Басқа фототілшіні білмейміз. Күндердің күнінде «Қазақ әдебиеті» мен «Қазақстан пионері» газетінен «Суретті түсірген Рахымбай Ханалиев» деген жазу көзге түсе бастады. Жаңа есім. Біз үшін таныс емес, таңсық есім. Қызығып сұрастыра бастадық.

– Бұл кім?

– КазГУ-де оқыған.

– Бітірген бе?

– Жоқ, екінші курста жүріп «заочныйға» ауысып кеткен.

– Ә-ә, солай ма?

– Үйленген. Бала-шаға бағу оңай ма?

– Қай жердің жігіті?

– Оңтүстіктен. Қазығұрттың қазағы.

Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловтың ауылдасы. Сол кісіні ағалап жүріп «Қазақ әдебиетіне» фототілші боп жұмысқа тұрды.

– Е-е, жұғымды жігіт болды ғой. 

– Ұғымды болғасын жұғымды болады ғой. 

Айтып ауыз жиғанша екі аяқты мотоциклін дарылдатып біз қатарлы бір жігіт жанымызға кеп тоқтады.

– Ассалаумағалейкум!

– Уағалейкумассалам!

Түк қаптағы салалы саусақтарымен қолымызды қысып амандасты. Арамызда әртіс ретінде әйгілі бола қоймаған Құдайберген Сұлтанбаев бар еді. «Тамашаның» тарланы атанып, таныла қоймаған кезі.

– Кімді айтсаң, сол келеді. Бағанадан бері құлағын шулатып тұрған Рахымбай деген жігітіңіз осы! – деді Құдайберген.

– Сіздерді көргесін амандасып кетейін деп кідірдім! – деді Рахымбай. Екі көзі жалт-жұлт. Ширақ. Қасапшының пышағындай жалаңдап тұр.

Күндердің күнінде Медеуге баратын күре жолдың бойына орналасқан екі бөлмелі үйіне қонаққа шақырды. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов аға екеуміз есігін қақтық. Екі езуі екі құлағында, жайраң қағып Рахымбайдың өзі қарсы алды. Табалдырықтан аттауын аттағанымызбен тар дәлізде табанымызды тасқа қағып қойғандай қалшиған күйімізде тұрып қалдық. Әрі қарай жүретін жер жоқ. Алдымызда құйрығы қазандай-қазандай екі қойдың мүшелемеген тұтас еті жатыр.

– Аға, – деді Рахымбай өбектеп, – мына бір қойды жеңешеме, екіншісін ұлыңыз Заңғарға арнап сойдырып ем. Үйге қазір ғана кіргізген бетім.

– Ниетіңе рақмет! – деді Сейдағаң. – Бала-шағаңның аузынан жырып қайтесің. Өзіңе бұйырсын, айналайын!

– Жо-жоқ, аға…

– Ендеше, билігін мен айтайын, – дедім араларына килігіп. – Бір қойды Рахымбайдың балконына, екіншісін, Сейдаға, сіздің балконға апарайық. Бітті, шаруа! Билік – осы!

– Әй, сары биім-ай! – деп Сейдағаң маған жымия қарады. – Келесі аптада бір қойды редакцияның қыз-келіншектеріне қуырдақ қып апар. Шелпегіңді жеп шекелері жіпсіп қалсын. Түсіндің бе, Рахымбай?

– «Лениншіл жастың» жігіттері көкпар шабатындай көп қой. Көп. Бір қойдың еті жұғымдарына жұқ бола қояр ма екен? Әй, жетпейді-ау! Екі қойыңды қазанға саласың-ау? – дедім Рахымбайға әдейі көз қысып. Одан қашатын Рахымбай ма?

– Үш қой сой десе – үш қой соям! – дейді ол да екіленіп.

– Балконға байлап қойған қойың бар ма? – десем:

– Мен қойды байлап бақпаймын, айдап бағамын. Менің қойларым жайлауда. Қазығұрттың қара қойының бәрі менікі. Мына екі қой сіздің сыбағаңыз, аға!

Сыйластығы да, сый-сияпаты да жарасып тұр. Елдің шығарған екі ауыз өлеңі есіме түссе де, үндемедім.

Адам деген пенде екен,
Жоқ боп кету демде екен.
Бұл өмірдің қызығы
«Сіз-біз» дескен жерде екен.

«Р»-ға тілі келмейтін Рахымбай досым өзін «Ғақымбай» деп таныстыратын. Оған құлағымыз үйреніп кеткен. Сол Ғақымбайымыз Қазығұрт ауданының Жаңабазар ауылында дүниеге келген. Әкесі орта шаруа адамы болған. Алтын құрсақ анасы Қасиет он екі бала көтерген. Бірақ жастай шетінеп кете берген. Балалары тұра бермеген соң Рахымбай туғанда: «Е, Құдай! Бала бергеніңе шүкір. Бұл балама қолымды да көтермеймін!» – деген екен Ханалы әкесі. Содан ерке боп өскен. Мектеп бітіріп, Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгесін ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түседі. Аяулы жарының атын атауға тілі келмесе де «Афризаны» «Айналайын, Афғиза» деп жүріп үйленеді де, үшінші курста сыртқы бөлімге (заочный) ауысып кетеді. Бала-шаға бағу оңай ма? Ақын-жазушылардың ортасына айналған, ортасы емес ордасына айналған «Қазақ әдебиеті» газетіне фототілші боп орналасады.

Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтың кезінде кәсіподақ мүшелері Дмитрий Снегин мен Шерхан Мұртазаның қолдауымен екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстап, баспаналы болды.

Рас, әуелгіде Шерағаң жас журналистің пәтер алуына қарсылық білдірген. Неге? «Қазақ журналистері пәтерден пәтерге көшіп, қаңғырып жүргенде кеше келген ұйғырдың үй алғанына қарсымын!» –  деген.

Сөйтсе, базбіреулер Рахымбайды ұйғыр деп Шерағаңның құлағына сыбырласа керек.

– Шераға-ау, бұл –  Қазығұрттың қазағы! – деп Қалаубек аға көзін жеткізіпті.

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Сырбай Мәуленов, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртазаның құзырында фототілші боп ағалардың тәлімін алды, тәжірибе жинады. Қарағайдай қаламгерлердің тосыннан түсірілген табиғи суреттері көпшіліктің көзін қызықтырды. Балалар басылымы «Қазақстан пионері» газетінің (қазіргі «Жас ұлан») редакторы Фариза Оңғарсынова жұмысқа шақырды. Жіп иірген ұршықтай шыр айналып жүгіріп жүрген кезеңде келіншегі босанды. Қуанышы қойнына симай Фариза апайға барды.

– Келініңіз қыз туды, апай. Сіздің атыңызды қоюға рұқсат етіңіз! – деді.

– Менің атымды қайтесің, ақын апайларыңның атын қойғың келсе, Өзбекстанның Зүлфия деген тамаша ақыны бар. Сен Ташкеннің іргесінде туған жоқсың ба? Бір өңірдің, бір топырақтың жандарысыңдар. Ырымға жақсы. Қызымның аты Зүлфия болсын!

Сол Зүлфиясы қазір балалы-шағалы, мамандығы – экономист. Үлкен ұлы Азат – кеден қызметкері, Жасұланы – Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінде консул. Африза осы баласының қолында. Бішкекте тұрады. Құдай берген он екі немересі бар. Бақытты әже.

Рахымбайдың бармаған жер, баспаған тауы жоқ. «Әкелер даңқы жолымен» атты Украинада өткен фестивальге қатысып, фотокөрмесін жасады. Үндінің Дели шаһарындағы фотокөрмесі үшін лауреат атанды. Мәскеудегі бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып, одан да олжалы оралды. Мұның бәрі – Рахымбайдың бір қыры ғана.

Кейінірек «Лениншіл жасқа» ауысады. Редакторы – Сейдахмет Бердіқұлов. Екі қойдың әңгімесі дәл осы үйде болған әңгіме еді.

Е-е, бұл үйде кімдер болмаған. Қай қазақ түнемеген қара шаңырақ. Қай жылы екенін қайдам, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Академиялық драма театрының он төрт қызметкері ҚР еңбегі сіңген әртісі атағын алғанда осы шаңырақта тойлаған. Сонда Асанәлі Әшімов: «Рахымбайдың бұл үйі жәй үй емес, Қызыл штаб!» – деген еді. Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев қызы және қарындасы үшеуі екі бөлмелі үйдің бір бөлмесінде бірге тұрды. Тағдырдың пешенесіне жазғаны шығар, Құдайберген досын өз шаңырағында екінші рет үйлендіріп, той-томалағымен қоса осы үйде құдалығын күтті.

Кешегі Кеңес  өкіметінің кезінде бүгінгідей байланыс жоқ. Мәскеуде өтетін съезд, пленумдарда түсірілген фотосуреттерді орыс, ұйғыр газеттері сол жақта жүрген Рахымбайдан  күтіп жататын. Хабар болмай жатса, Афризаға жан-жақтан телефон соғып, тапсырма-өтініштерін білдіретін. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Мұзафар Әлімбаев ағамыз Рахымбай туралы «Тындырымды тынымсыз еңбекқор» деп өлең арнауы бекер емес.

Аңқылдақ, аңқау бала мінезіндей,
Жігіт те сирек әсте бір өзіндей,
Жүрегі бауырдың бұл мейірбанды,
Жылытар кіп-кішкентай күн көзіндей.

 Кетуге даяр ойнап баламен де,
Тіл тапқыш жасы үлкен ағамен де.
Қартқа да қайырылады бата тілеп,
Асарда жаңа талап, жаңа белге.

 Еңбексіз таң атырмай, күн батырмай,
Тыпырлап тыным көрмес Рахымбай.
Тарихтың куәгері – суреттері:
Халқына еңбегі бар бір ақындай.
                                                        20.02.2001 ж.

 

Рахымбай ер жасы елуге толғанда Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шерхан Мұртаза ағамыз 2001 жылы інісіне ақ тілегін білдіріп, жеделхат жолдады: «Елуге келдің – ел ұлы болдың. Журналистика саласына сіңірген еңбегің арқылы көпшілікке танылдың. Осы жолда алда әлі көп жұмыс атқара бер!».

Кім екенін білмеймін, авторы белгісіз мына бір шумақ жадымда жатталып қалыпты.

Рахымбай Ханәлі!
Бұл өзі – елдегі есім,
Жайсаң жан, жүрегіңмен тербелесің.
Азамат фотоаппарат арқалаған,
Арқалап тұлғаларды сен келесің!

Бұл Рахымбай қай тұлғамен араласпады, қай ағаның атын байлап, кімнің қолына су құйып, қазақы мінезбен інілік ізет танытпады. Құшақ жайып,  құрдай жорғалады. Мінезі солай. Елгезек. Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлі  ағамыз  Рахымбай інісіне арнаған өлеңінде оның характерін толық  ашқан.

Жоқтан өзгеге мұңаймас,
Мына бас – емес оңай бас!
Рахымбай әсте
Өнердің
Бәрімен түгел сыбайлас.

 Табаннан талай сыз өтіп,
Тоздырған өзі жүз етік.
Суретке де түсірер,
Қисық аузыңды түзетіп.

Жайсаңдарменен жанасып,
Жақсылармен жарасып,
Жүреді алып-берісіп,
Беремін десе –  қолы ашық!

 Жүре алмас жалғыз, оңаша,
Көппенен бірге тамаша!
Алдар Көсе болып алдаса,
Алданар бірде балаша.

 Күрделі мына тұрмыста
Кісі болуға тырмысқан.
Бір шөкім бұлттай кекілі,
Арамдығы жоқ бір мысқал.

 Таппайсың шарлап жеті елді,
Рахымбайдай көкеңді.
Азамат десең – азамат,
Әпенді десең – әпенді.

 Жалғауы қиын үзікті,
Қисайту оңай түзікті.
Көңілсіз мынау дүние
Рахымбайменен қызықты.

Рахымбай досымның ақ көңілділігі сол – қанша жыл қасында жүріп біреулерді сыртынан ғайбаттап, күстәналағанын естіген емеспін. Міне, азамат! Неге?

Сірә, Омар Хаямның ғибраты әкенің қанымен, ананың сүтімен тұла бойына тұнып қалған сияқты. Ол қандай ғибрат дейсіз бе? «Бізді жамандайтындар – бізден дәрежесі төмен. Бізден дәрежесі жоғарылардың бізбен шаруасы жоқ». Ендеше, біздің Рахымбай – өз биігінде тұрып қалған азамат. Кезінде баспасөздің жілігін шағып, майын ішкізген Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Фариза Оңғарсынова, Уәлихан Қалижанов, Бейсенбай Сүлейменов, Болат Бодаубай, Жұмабай Шаштайұлы секілді бас редакторлардың мектебінен өткен, тәлімі мен тәжірибесін  фотосуреттер арқылы бейнелеген Рахымбай ғой – бұл. Қадыр аға «Азамат десе – азамат, әпенді десе – әпенді» демеді ме? Деді.  Әпенділігін әңгімелейін.

Күндердің күнінде Рахымбай досым Жамбыл жақтан оралады да пырдай жайылып жүрген тырдай жалаңаш тауықтардың суретін келіншегінің алдына тастайды.

– Бұл не? – дейді түкке түсінбеген Африза аңырып.

– Фотоэтюд.

– Жүнін жұлған тауықтарды қайдан түсіргесің? Тым болмаса, қылтанақ та қалдырмапты-ау. Қызара бөрткен қырық-елу тауық – кімнің тауығы?

– Жуалыда шарап жасаумен айналысатын досымның тауықтары ғой, – деп  түсіндіре бастайды Рахымбай. – Ол бала-шағасымен қонаққа барарда тауықтарын қораға қамауды ұмытып кетсе керек. Қайтып келсе, күлге аунап жүрген күллі тауығы қырылып жатыр екен. Құс жастық жасаймыз деген оймен жүнін жұлып алады да, өздерін күресінге лақтырып тастайды. Таңертең үй иелері тұрса, есіктің алдында қан жоса болған тауықтары  шапқылап жүр дейді. Бұ қалай? Сөйтсе, тауықтар дайындап қойған шараптан ішіп мас боп қалған екен. Мынау сол маскүнем тауықтардың суреті! – дейді жымың-жымың етіп.

Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев әйелі Дәкенді көтермелеп әзілдейтін:

– Мен үйленгенде ЗАГС-тен шыға салып, келіншегіме жекіріп қатты айттым! – дейтін.

– Не дедің?

– Дәкен, – дедім нығарлап. – Біз енді былай өмір сүреміз. Крупный  вопростарды мен шешетін боламын. Ал мелкий вопростарды өзің шеше бересің!

– Сосын не болды? – дейміз бәріміз ентелеп.

– Не болсын, үйленгеніме қырық жыл болды, бір крупный вопрос кездеспей-ақ қойды-ау!..

Біздің Рахымбай досымыз «крупный вопростарды да, мелкий вопростарды да» өзі шеше беретін. Сол Африза екі бөлмелік «Қызыл штабта» дүниеге келген Азат, Зұлфия, Жасұландай ұл-қыздарын айналып-толғанып отырғанда Құдайберген бүйірден сұрақ қойды:

– Айналайын Африза, – деді алыстан орағытып. – Шыныңды айтшы, сен күйеуіңді жақсы көресің бе әлде балаларыңды жақсы көресің бе?

– Байымды да, балаларымды да жақсы көрем.

– Әсіресе?

– Балаларымды.

– Өтірік! – деді Құдайберген. – Анда-мұнда шаруамен барғанда балаңды көрші келіншекке тастап кетесің ғой, ә?

– Иә…

– Сенесің ғой?

– Сенем.

– Ал анда-мұнда кеткенде Рахымбайды көрші келіншекке бір рет тастадың ба? Тастаған жоқсың. Неге? Өйткені сен оны балаңнан артық жақсы көресің!..

Бәріміз ду күлдік. Ішек-сілеміз қатты. Шынында солай ғой.

Рахымбай марқұм елу бес жасында дүниеден озды. Тағдыр. Ұлы – ұяға, қызы – қияға, әрқайсысы өз алдына отау тігіп, керегесі кеңейді. Қазыбек, Шерхан, Шыңғыс секілді немерелері де жетіліп, елді жетектейтін жасқа жақындап келе жатыр. Алда-жалда әже болған Афризадан:

– Кімді жақсы көресің? Балаларыңды ма, немерелеріңді ме? – деп сұрасам,  қандай уәж қайтарар еді? «Немерелерімнің тілеуін тілеймін!» дейтін шығар, бәлкім. Неге? Өйткені жас құрақтай жайқалған немерелері күні ертең-ақ Афризаның алқым жүні ағарған балаларына қарап, бағатынына шүбә жоқ. Өмір солай, жалғасып жатқан дүние.

…Аман болсын, айналайындар!

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір