АТА-БАБА АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН АНСАМБЛЬ
16.06.2021
3147
0

Ұлттың ұлылығы оның тектік, тұтастық деңгейінен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәлім-тағылымға толы дәстүр-салт, әдет-ғұрпынан, өрісті өнері мен мәдениетінен көрінеді. Қазақ­тың осынау сан ғасырдан бермен келе жатқан ұлттық құндылықтарын қайта жаңғыртуға көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібеков­тың қосқан үлесі зор. Ол 1970-жылдары Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтың бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық музей­лер ашылды. Наурыз мейрамының, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Шәкәрім есімдерінің халқына қайта оралуына атсалысты. «Шертер», «Адырна», «Сазген», «Алтынай» және басқа фольклорлық ансамбльдер ұйымдастырып, ұлттық өнерде тың серпіліс туғызды. Биыл Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 90 жыл толады. Тұлға мерейтойына орай фольклорлық ансамбльдердің бүгінгі жай-күйі және көне музыкалық аспаптар жөнінде шәкірті, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері Бағдат Тілегеновпен сұхбаттасқан едік.

 Бағдат Беспайұлы, сіз Өзбекәлі Жәнібеков негізін қалаған фольклорлық ансамбльде алғаш құрылған кезден бері жұмыс істеп келесіз. Ансамбльге қалай келдіңіз және Өзбекәлі есімінің өнердегі аңызға айналуының себебі неде?

– Өзбекәлі Жәнібеков 1970-жылдары Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы болып тұрған кезінде Арқалық қаласында драма театр, «Шертер» атты алғашқы фольклорлық-этнографиялық ансамбль ашылды. Мен ол кезде Жезқазған мемлекеттік музыка училищесінде халық аспаптары бөлімінің қобыз класында 3-курста оқимын. Бір күні «Шертер» ансамблі Жезқазғанға гастрольге келді. Музыкалық училищеде негізінен классикалық аспаптар оқытылатын. Фольклорлық ансамбльдің концертінде ұлттық аспаптардың үні маған ғажап әсер етті. Сол әсермен 1981 жылы училищені бітіре салып Құрманғазы атындағы консерваторияға альт-қобыз мамандығына оқуға түстім. Қосымша Базархан Қосбасаровтан қылқобыз тартуды үйрендім. Оқи жүріп «Отырар сазы» оркестрінде Нұрғиса Тілендиевтің қол астында жұмыс істедім. Мен үшін бұл екінші универститет болды.

Мәдениет министрі болған тұста Өзбекәлі ағамыз филармония жұмысын тікелей өзі қадағалап, бағыт-бағдар беріп отыратын. Филармония құрамында өзі құрған «Адырна», «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері, «Алтынай» халықтық би ансамблі, «Арқас» атты заманауи эстрада тобы болды. «Сазгеннің» ең бірінші көркемдік жетекшісі Жарқын Шәкәрім еді. Талантты композитор, ән әрлеуші Мұрат Жұмашев, Мақсат Мұхитденов,  жеке әншілерден Мәдина Ералиева, Қайрат Байбосынов, Ақжол Мейірбеков, Нағима Есқалиева, Майра Ильясова, Мұратбек Жүнісбеков, Жанар Айжанова қызмет  істеді. Өзбекәлі Жәнібеков барлық ансамбльге бірдей көңіл бөлетін. Ол кісінің басты талабы – ұлттық үн, қазақы нақыш. Ө.Жәнібеков эстраданың репертуарын халықтық негізде құрғанда ғана өзгелерден ерекшеленіп, табысты бола алады деп есептеді. «Арқас» эстрадалық ансамбліне ұлттық сипат беру үшін қобыз бен домбыраны қосты, қазір эстрадада кең таралған осы үрдісті Өзбекәлі ағамыз бастап берген. Қазақтың көне аспаптарын жаңғыртқан Болат Сарыбаевпен бірге Өзағамыз музыкалық мұрамызды қайта қолданысқа енгізу үшін білек сыбана еңбек етті. Аспап жасайтын шеберлерге адырна, жетіген, шертер, сазсырнай, сыбызғы жасатты. Фольклорлық ансамбльдер үшін төменгі регистрді беретін бас домбыраны қосты.

Көненің көзі, бізге жеткен заттық мәдениеттің бір жәдігері – ұлттық киім. Өзбекәлі Жәнібековтың дәстүрлі қазақ киімінің табиғатын сақтауға ерекше мән бергені мәлім. «Артистердің костюмдерін тігетін ателье басшылары министрдің тапсырысына: «Осторожно, Жанибеков!» – деп жазып, ерекше қадағалауға алатын еді», – дейді шәкірттері. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзінің шынайы үлгісі осы болса керек. Қазіргі тігіншілер кезінде Жәнібеков қойған талап үдесінен шыға ма?

– Ол кісі артистерге сахналық костюм тіккізгенде киімнің матасына, ою-өрнегіне баса назар аударатын. Қазақы киімнің бәріне баттитып ою жапсыруды ата-баба мұрасына жасалған қиянат деп білді. Тапсырыс берушінің жас ерекшелігін, дене бітімін ескеруді талап етті. Қазақы киімнің сәнін, әсемдігін, қолайлылығын сақтауға мән берді. Ол кезде матаның түрі аздау, ұлттық киім тігу үшін барқыт, пүліш, шұға, жібек секілді қымбат әрі сапалы мата керек. «Адырна» мен «Сазген» артистерінің үстіндегі бүрмелі көйлек пен қамзол, шапан мен айыр қалпақ, қыздардың қасаба, сәукелесі, былғарыдан тігілген саптама етік Өзағамыздың тапсырысымен тігілді. Бояуы қанық, ою-өрнегі талғаммен таңдалған. Біз алғашында басы қайқы келетін саптама етікті оғаш көріп, күліп те жүрдік. Соны байқап қалған Өзбекәлі ағамыз: «Саптама етіктің басы қайқы болуы тегін емес, ол табиғатты қастерлеген ата-бабамыздың Жер-анаға құрметін білдіреді», – деп түсіндірген еді.

Қазіргі киімдерге келсек, өзіңіз білесіз, Қазақстанда мата өндірісі жоқ. Қытайдың, қырғыздың матасы арзан болғанымен сапасы сын көтермейді. Ал италиялық мата сапалы болғанмен қымбат. Бір шапанға 5 метр мата керек, оған тігінші жұмысының ақысын қосыңыз. Сондықтан жақсы киімнің қымбат болуы заңды. Қазір ұлттық киім тігуге маманданған жақсы тігіншілер бар. Мәселен, ежелгі сақ, ғұн дәуірінің костюмдерін тігіп жүрген модельер Мүслім Жұмағалиев және Ажар Нұрбаева сияқты мамандардың жұмысы көңілден шығады. «Сазген сазы» ансамблі мүшелері киіп жүрген костюмдерді осы кісілер тігеді. Алдын ала эскиз ұсынып, талаптарымызды айтамыз.

 – Фольклордың жандануы мен көне аспаптардың жаңғыруы, би өнерінің оралуы Ө.Жәнібеков есімімен тығыз байланысты. Енді ансамбльдерде қолданылған аспаптар мен репертуарлар жөнінде айтсаңыз.

– Жалпы Кеңес өкіметі тұсында музыкалық оқу орындарында, оркестрлерде қазақтың көне аспаптарына қатысты теріс көзқарас бар еді. Ашық тыйым салынбаса да, «ұлттық аспаптар қазіргі заманға сай емес, Еуропаның классикалық музыкасын ойнауға шамасы жетпейді» деген түсінік басым болды. Бірақ оған қарамастан, Болат Сарыбаев Қазақстанның түкпір-түкпірінен көне аспаптарды жинап, зерттеді. Болат ағамыздың құрқылтайдың ұясындай пәтері толған музыкалық аспап болатын. Мысалы, сазсырнай тікелей Б.Сарыбаевтың арқасында қайта жаңғырды. ХІІІ ғасырда жермен-жексен болған Отырармен бірге көз жазып қалған аспабымызбен ХХ ғасырдың 80-жылдары қайта қауыштық. Жеті ғасыр үнсіз жатқан сазсырнайдың екінші ғұмыры осылай басталды. Қазір сазсырнай барлық оркестрде бар. Сазсырнайдың екінші түрі – үскірік, ол сазсырнайдан бір октава жоғары. Екі октавамен талай дүниені ойнауға болады.

Дәстүрлі өнеріміздің құрамдас бір бөлігі – халық биі. Өзбекәлі Жәнібекұлы өзі құрған «Алтынай» халық биі ансамбліне А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін бітірген 20 шақты қыз-жігітті бірден қабылдап, ұлттық биді жаңғырту міндетін қойды. Бастапқыда еліміздегі мықты балетмейстер-хореограф Әли Исмаиловты жұмысқа алды. Сосын Мәскеуден Ольга Всеволодова-Голушкевич деген балетмейстерді шақыртты. Оған жағдай жасап, қасына аудармашы берді. Өзбекәлі ағамыздың білмейтін саласы жоқ еді. Алматының маңайындағы ауылдарды аралап, халық билерін жинады. «Киіз басу», «Алқақотан», «Келіншек» биін, қазір ел «Қаражорға» деп атап жүрген буын биін ансамбльге енгізді. Би болған соң әрине, музыка қойылуы керек. «Алтынайды» «Адырна» мен «Сазген» сүйемелдейтін. Әлі есімде, Ө.Жәнібеков «Алтын адам» биін қойғызғанда оған халық күйлерінен композиция жасалды. Оған «Көңілашар» «Сарыарқа», «Адай» сияқты рух-жігер беретін күйлер пайдаланылды. Фольклорлық ансамбльдердің репертуарына Алтай-Тарбағатай мектебінің күйлерін, Байжігіттің, Сүгірдің күйін енгізді.

– Сол кездегі «Сазгеннің» төлқұжаты, қазіргіше айтқанда бренді қандай күй еді?

– Алтай-Тарбағатай күй мектебінің көрнекті өкілі Байжігіттің «Көксерке» деген күйі ансамбльдің төлқұжаты болды. Бұл – теріс бұраудағы күй. «Көксерке» күйін орындағанда сахнаға алдымен сыбызғышы шығады, оған екі жақтан екі жетіген қосылады, одан сазсырнай мен домбырашылар шығып іліп әкетеді. Ансамбль мүшелері Ықылас атындағы музейде де жұмыс істеді, ол жерге келетін туристерге концерт қойғанда осы күйден бастайтынбыз.

Ансамбль «Сазген сазы» деп қалай және қашан аталды?

– 2001 жылы өкіметтің қаулысымен Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілді. Бүкіл басқармамен бірге Сүйінбай атындағы филармония да көшті. Бұл кезде «Сазген» қалыптасқан кәсіби ансамбль, танымал болып қалған. Алматыда телеарна түсірілімдері бізсіз өтпейтін. Облыс көшкенде ансамбльдің негізгі құрамы жылы орнын суытпай осында қалды. Сөйтіп біз «Сазген сазы» деген атаумен өнер көрсетуді жалғастырдық, өзімізді «Сазгеннің» мұрагері санаймыз. Нарық заманы, алғашқыда даярлық жасайтын орын, қаражат жағынан қиындықтар болды. Серіктестік құрып, өз күнімізді өзіміз көрдік. 2003 жылы Алматы қалалық әкімдігі бізді құзырына алды. Сөйтіп қалалық мәдениет басқармасы құрамында «Сазген сазы» фоольклорлық-этнографиялық ансамблін, эстрадалық-симфониялық оркестрді және «Самрук» заманауи балет тобын біріктірген «Алматы әуендері» атты мекеме құрылды. Штатымыз ұлғайып, 20 адамға жетті. Бұл – фольклорлық ансамбль үшін жеткілікті құрам. Қазір біз осы «Алматы әуендері» КМҚК мекемесіне қараймыз.

 – «Сазгеннің» төлқұжаты Байжігіттің «Көксеркесі» болса, бүгінгі «Сазген сазының» бренді не?

– Бүгінгі күні ансамбльдің төлқұжаты – «Аспаптар шеруі» атты халық күйлерінен құралған композиция. Оған бүкіл аспап қатысады. Алдымен нарқобыз бастайды. Нарқобыз қылқобыздан екі есе үлкен, кезінде абыздар, жыраулар пайдаланған, жыр-дастандарды сүйемелдеген. Регистрі қылқобыздан төменірек. Одан кейін біртіндеп адырна, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз, үскірік, шертер, домбыра шығады. Домбыраның екінші түрі – жоғары регистрді беретін шіңкілдек деген аспап бар. Оны тұмар домбыра, шығыс өңірде қалақ домбыра деп те атайды. Ұрмалы аспаптың 7-8 түрін пайдаланамыз. Дауылпаз, даңғыра, кепшік, асатаяқ, тұяқтас, шартылдақ, сырнайымыз бар. Ең соңында шарықтау шегі композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық отаны» деген симфониялық поэмасымен аяқталады.

Қазір жеке аспаптарға арналған жаңа шығармалар жазылу жағы қалай? Ұлттық үнді жарқыратып көрсететін шығармалар бар ма?

– Кейбір аспаптарға арналған шығармалар жетіспейді. Мысалы, сыбызғы, сазсырнай аспаптарына арналған жаңа шығармалар жоқтың қасы. Негізінде әр аспаптың мүмкіншілігі, диапазоны әртүрлі. Соған қарай репертуар таңдаймыз, әрбір күйді талдап, зерттейміз. Мысалы, сазсырнайға арнап (көлемі бір октава) халық әндерінен композиция әзірледік. Садық Кәрімбаевтың «Жетісу» атты әнін, халық әні «Алқоңырды», Ықыластың күйі «Кертолғауды» өңдеп енгіздік. Сыбызғыға арнап «Жорғатай», «Баянауыл» деген халық әндерінен композиция жаздық. Композитор Мейрамбек Жанболатовтың «Ән домбыра» деген шығармасы да сыбызғыға арнайы өңделді. Жоспарымызда мұндай дүниелер көп. Алдағы уақытта аспаптардың жеке концерттерін өткізу жоспарда бар.

Кәсіби музыканттардың талабына сай аспапқа қол жеткізу жағы қалай? Олар жасайтын аспаптардың сапасы көңілден шыға ма?

– Өте үлкен мәселені қозғап отырсыз. Бұл жөнінде шешімін таппай отырған проблемалар көп. Негізінде аспап жасау жұмысы орындаушымен тікелей байланыста жүруі тиіс. Музыканттың сұранысына сай жасамаса, аспап дұрыс болмайды. Кезінде консерваторияның, Құрманғазы атындағы оркестрдің, опера театрының өз шеберханасы болды, онда тәжірибелі шеберлер жұмыс істеді. Консерваторияда Мұса деген ақсақал, Нұрлан Әбдірахманов деген шебер көне аспаптарды жасайтын. «Мерей» жиһаз фабрикасында, Қарағандыдағы Осакаровка кентінде аспап жасайтын шеберхана болтын. Олар мемлекет тарапынан қаржыландырылды. 1990-жылдардағы өтпелі кезеңде шеберханалар жабылды. Бұл сала толығымен жекеменшікке айналды. Жалпы «мастеровой» деп аталатын нағыз шеберлер бұрыннан ілуде біреу болады. Шынын айтқанда, қазіргі аспаптардың сапасы, үнінің бояуы 30-40 жыл бұрынғы аспаптармен салыстырғанда жер мен көктей. Ансамбльге алатын аспаптың сапасы көбінесе көңілден шықпайды. Бұл тек домбыра емес, барлық аспапқа тән мәселе. Бастапқыда мұның себебін түсінбей жүрдік. Кейін зерттей келе бұл мәселенің мәнісі түсінікті болды.

Бұл кемшілік аспап жасайтын материалға байланысты ма?

– Ең алдымен материалға байланысты. Тарихтан белгілі, атақты скрипка жасаушы шеберлер Амати, Страдиварилердің өз технологиясы болған. Біздің Э.Романенко, Оразғазы Бейсембаевтар да солай. Бірақ олар өз құпиясын өзімен алып кетті, ешкіммен бөліспеді. Сонымен біздің аспаптардың сапасын зерттеймін деп өзбек, қырғыз, орыс әріптестерімізбен тілдестім. Ақыры Екатеринбург консерваториясынан орыстың халық аспаптарын жасайтын Соколов деген шеберді таптым. Жасы келген адам екен. Оған телефон арқылы жағдайды түсіндіріп, екі домбыраны Алматы-Свердлов пойызының жолсерігі арқылы беріп жібердім. Он күннен кейін қайта хабарластым. Ол бірден: «Мына аспапты жасаған шебердің қолын сындыру керек», – деді. «Неге?» «Біріншіден, материал дұрыс таңдалмаған. Технология сақталмаған. Лак нашар. Екіншіден, кәдімгі ағаш шерені қолданған. Ол мүлде жарамайды. «Сонда қандай ағашты қолдану керек?» – деген сұрағыма: «Шырша», – деп жауап берді. «Бұл ағаш бізде өседі» деймін. Ол күлді. «Қарағым, біздің Сібірде шыршаның мың түрі бар, бірақ оның бір де бірі музыкал ық аспап жасауға жарамайды», – деді. Мен аң-таңмын. Өзі қандай ағаш қолданатынын сұрасам, «Канада шыршасы» деді. Ағашты сонау мұхиттың ар жағынан алғызады екен. Қымбат, әрине. «Музыкалық аспап ешқашан арзан болмауға тиіс!» – деді. «Басқа шеберлерді білмеймін, мен осы ағашты қолданамын. Ағашты өз еркімен кемінде 10 жыл кептіремін», – дегенде барып біздің аспаптардың неге сапасыз екенін түсіндім. Жаңағы Соколов өзі кепкен шөркенің әрқайсысының резонаторын тексереді екен, жарамайтынын отқа жағады. Ал бет тақтай үшін 30 жыл сақталған ағашты ғана пайдаланады. Міне, нағыз шебер! Мұндай талғампаздықпен жасалған аспап әлбетте күмбірлеп тұрады. «Ал сенің домбыраңды шайырлы ағаштан жасаған. Ол дыбыс ұстамайды. Арзан желім, жиһаз лагы оңдырмаған. Музыкалық аспаптарға арналған лак бөлек болады», – деді орыс шебер. Ал бізде ше? Жаңа шабылған қарағаш, өрікті пешке салып кептіреді. Екі күннен соң шауып, домбыра жасай береді. Сөйтсек, зорлықпен кептірілген ағаш бүкіл қасиетінен айрылады екен. Дегенмен, біздің шеберлерді кінәлау қиын. Нарық заманы, әркім өз күнін өзі көруі керек. Мемлекеттен қолдау жоқ, сосын конвейер секілді топырлатып шығармағанда қайтеді? Соколов айтқан әдіспен жасалған домбыра кем дегенде 5 мың доллар тұрады. Ал бізге аспап сатып алу үшін бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Сондықтан мемлекет ұлттық аспап жасайтын шеберлерді қамқорлыққа алуға тиіс.

 – Қазіргі фольклорлық ансамбльдер заманға сай дамуы үшін не қажет?

– Ең алдымен мемлекет тарапынан қамқорлық қажет. Екіншіден, фольклорлық ансамбль ұжымы өзіне биік талап қоюға тиіс. Көркемдік жетекшілер, дирижерлар үнемі ізденісте болғаны жөн. Дайын партитурамен алысқа шаппайсың. Жалпы ансамбль дегеніміз – ұжымдық еңбек. Репертуардағы әрбір әуен – әрлеушінің, дирижердың, орындаушылардың күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Олар әрбір композицияны, күйді, әнді әр аспапқа лайықтап өңдейді. «Сазген сазы» ансамблінің репертуарын негізінен Ықылас Нұрғалиев, Марат Жалбыров, Яков Хан сынды тәжірибелі мамандар дайындайды. Репертуар дайын болған соң үлкен сахналарға шығу керек, СД-дискілер жазу, телетүсірілімдер, гастрольдік сапарлар, байқауларға қатысу – біз осының барлығын қамтуға тырысамыз.

Өнер мен мәдениеттің ордасы Алматыда орналасқан, 40 жылдық тарихы бар «Сазген сазы» ансамблі бүгінде қазақ өнерін еліміз бен шетелде биік деңгейде насихаттап жүрген кәсіби өнер ұжымы саналады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі фольклорлық ансамбльдер сіздерге қарап бой түзейді. Сондай-ақ жуырда «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ұлттық мәдениетіміздің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін тұңғыш «Наурыз-2021», ұлттық премиясымен марапатталды. Жалпы табысты ұжымға айналудың сыры неде?

– Музыка саласында табысты ұжым құру бірнеше факторға байланысты, олар: заман талабына сай менеджмент, кәсіби мамандар, репертуар, жақсы аранжировка, сапалы аспаптар, әдемі костюм, заманауи дыбыс құралдары, атақты әншілерді сүйемелдеу. «Сазген сазы» Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Майра Мұхамедқызы және басқа танымал әншілерді сүйемелдеді. Республикамыздың атынан шетел сахналарына жиі шығатынымыз ансамбльдің кәсіби деңгейінің арқасы екені даусыз. Жапония, Әзербайжан, Австрия, араб телеарналары арнайы келіп, «Сазген сазы» ансамблінің ән-күйлерінен түсірілім жасады.

Жалпы кез келген ұжым көшбасшыға сүйенеді. Басшылық өз жұмысын жақсы білсе, әр музыкантқа талап қоя алады. Мысалы, Ресейдегі В.Спиваков басқарған «Виртуозы Москвы» оркестрі, Валерий Гергиевтің тұсындағы «Мариинский театры» осы тұлғалардың еңбегімен даңққа бөленді. Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы», Шамғон Қажығалиев басқарған кездегі Құрманғазы оркестрі басшының қандай рөл атқаратынының дәлелі. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Айтқали Жайымов ағамыз да сондай көшбасшы тұлға.

Бүгінде қазақ халқында он мыңға жуық күй, 50 мыңға жуық ән, жүздеген жыр-дастандарымыз бен айтыс өнері, ондаған музыкалық аспап бар. Бұл біздің көнеден келе жатқан ұлттық құндылығымыз, баға жетпес байлығымыз. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қыз-жігіттері осы ата-баба аманатын арқалап, ұлттық музыканы дәріптеп жүр. Олардың қолындағы әрбір көне аспаптың киесі бар. Ансамбль мүшелері осы жауапты да үлкен міндетті терең түсінеді. Біз, қазіргі «Сазген сазы» ансамблінің дирижеры Ықылас Нұрғалиев, Марат Жалбыров – бәріміз Өзағамыздың шекпенінен шықтық. Айтқан сөздері жадымызда. Кітаптары үстеліміздің үстінде жатады. Біз Өзбекәлі ағамызды пір тұтамыз.

Әңгімелескен
Дина ИМАМБАЕВА 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір