Елдос ТОҚТАРБАЙ: ҚАЗАҚТЫ ЛЕНИН ДЕ, СТАЛИН ДЕ АЯҒАН ЖОҚ
31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақ халқын сарсаңға салып, талай тағдырды тәлкекке ұшыратқан зұлматты жылдардың зобалаңы ел жадынан өшпек емес. Өшпейді де. Өйткені қазақ халқын жер бетінен жойып жіберуге ұмтылған қара ниетті күштердің қылмысын әлемге әшкерелеп, Ұлы далаға қасірет әкелген жылдарды танып, білуге талап қылып жүрген жас тарихшылардың, ғалымдардың қатары артып келеді. Соның бірі – Елдос Тоқтарбай. Алаш арыстарының тарихын зерттеп, олардың еңбектерін жинақтап жүрген алаштанушы, жас жазушымен әңгімелесудің сәті түсті.
Қазақ даласын эксперимент алаңына айналдырды
– Елдос, Алаш арыстарын қуғын-сүргінге ұшырату нәубеті алғаш қай кезеңнен басталған? Оның алғашқы белгілері қалай біліне бастады?
– Осы күні ескі дәуірді көрген жұрт аузының суы құрып, аңыз қылып мақтайтын Совет үкіметі қазақ баласына да, қазақ даласына да ешқандай жақсылық әкелмеген. Ащы да болса шындық – осы. 1920 жылдың 5 наурызында «Алаш» территориялық-автономиялық ұлттық республикасы заң жүзінде өмір сүруін тоқтатып, Совет өкіметінің құрамына өтті. Алаш республикасы – қазақтың Қазақ хандығынан кейін, бостандық пен азаттықты ұзақ күттіріп, зарықтыра жеткен, осы ұшы-қиыры жоқ ұлы далада құрылған жаңа да заманауи мемлекет еді.
1917 жылдың 12 желтоқсанынан 1920 жылдың 5 наурызына дейінгі аралықта небәрі екі жарым жыл өмір сүрген Алаш мемлекеті, Алаш Орда ұлт кеңесі қазіргі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің саяси платформасы болған, мемлекет пен саяси билік ұғымының негізін қалаған-ды. Біздің болашақтағы жаңа тарихымызда 1920 жылғы 5 наурыз – Тәуелсіздігімізден айырылған күн ретінде жазылып, жастардың санасына осылай орнығады деп сенемін.
1917, 1921, 1927, 1928, 1929, 1930-1933, 1935, 1937, 1938-1940, 1949, 1951-1955 осы жылдар аралығында советтік билік қазақ даласында сан түрлі адам айтса нанғысыз әрекеттер жасады. Бұл сөзсіз бір ұлтқа жасалған қиянат, геноцид деп батыл айтып, саяси бағасын беруіміз керек.
Биыл, 1921 жылы Ырғыз, Торғай, Наурызым, Қорғалжын, Сарыарқа, Баянауыл, Қарқаралы даласында болған ашаршылыққа тұп-тура – 100 жыл. Осындай қиын шақта Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Ғазымбек Бірімжан бастаған Алаш серкелері аштықтан тарылып, жұттың тырнағына іліккен қарашаға асар жиып, Семей, Жетісу, Түркістан өлкесінен мал айдап, үлкен көмек көрсеткен-ді.
Туған еліне жаны ашитын арыстар Орталық билікті сынап, дәлелді-дәйекті мақалалар жазып, қолдан жасалған қасірет туралы ойларын тікесінен айтты. Бірақ та Кремльдегі қанқұмарларға қазақтың қырылып, үй-күйсіз қалғаны керек-ті.
Совет өкіметіне Алаш арыстары қазақ халқының тағдырын аманаттап берген еді, алайда адамгершіліктен ада бұл билік аманатқа қиянат жасап, ұлысты қойша қырып жіберді. Атылып, көмілмей қалған қазақтың саны қанша екенін нақты айту мүмкін де емес…
– Бұл кері саясаттың тырнағы неліктен қазақ халқына қатты батты деп ойлайсыз?
– Орта Азиядағы түркі тектес халықтардың арасынан ерте «оянып», заманының ауанын аңғарып, өзгеріске ұмтылып, елін азаттыққа жетелеп, бақытты бостандықтың жолын нұсқаған, анығында, қазақ арасынан шыққан оқығандар болатын. Бұл – ұлтымызды мақтайын деген пафос емес, бұрмалауға, жасыруға келмейтін тарихи шындық. Қазақтың қарадомалақтары тек қазақ халқының болашағы үшін емес, бүтін Түркістан, ұлы түркі идеясы үшін күресіп, кескекті де қайшылықты күндерде қар жастанып, мұз төсенді емес пе!
Алаштың алдыңғы толқын ізашар буыны – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдарын, Мұхамеджан Тынышбайұлы сынды ағаларды саясаттан ысырған, ал Алаш идеясымен қанаттанып өскен, мемлекетшіл көсемдердің тәлімін алған, қызыл билік орнаған жылдары жауапты қызмет атқарған Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды жастардың өзін қырып тастамады ма. Алаштың үмітін артқан тегеурінді буыны осы – ұлтшылдықтың ерен үлгісін көрсеткен Смағұлдар болатын. Тек оқыған, алдыңғы қатарлы, аса мәдениетті топты атып қана қоймады, олардың бала-шағасын үркітіп, түрмеге тоғытты. Жарларын ГУЛАГ жүйесіне қарасты лагерьге қамап, АЛЖИР, КарЛАГ қасіретін тарттырды. Олар зынданнан аман шықса да психологиялық ауруға ұшырап, өмірден өксіп кетпеді ме! Ал ұрпақтарын тұздай тоздырып, жақсының асыл тұқымын қалдырмаған қызыл террорлардың әуелдегі мақсаты сол – қазақ ұлтын жер бетінен жойып, құрту еді. Бұл – ұзақ жылдарға бағытталған жоспарлы стратегиялық зымиян саясат еді. Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған қасиетті Шыңғыстау атырабы, Абыралы, Қайнар даласында атом бомбасының жарылуы да текке болмағанын ұмытпағанымыз абзал. Бір сөзбен айтқанда, Ленин де, Сталин де, онан кейінгі жылдары СССР билігін қолына алған большевиктердің қай-қайсысы да біздің елге жақсылық жасамаған. Олардың бәрі қазақ даласын эксперимент алаңына айналдырып, халықты әбден сынаққа алғаны жасырын емес.
– Ақтар, қызылдар, буржуазияшылдар… Бір сұхбатыңызда сол тұста жұртшылықтың қай бағыттыкі дұрыс екенін бағамдай алмай, тіпті шатасып қалғанын айтқан екенсіз. Бүгінгі қарапайым халыққа түсінікті болатындай осы топтардың ара жігін ажыратып берсеңіз.
– Большевиктер 1917 жылғы ақпаннан бастап Ресей патшалығының ордасын опырып, үш жүз жылдан астам тақта отырған Романовтар әулетін тайлы-тұяғына дейін қалдырмай тегіс өлтірді. Шындығында, дәл осы кезең нағыз алмағайып аласапыран уақыт болатын. Ханталапайға түсіп, көкпарға тартылған тағы да қазақтың қарашасы еді. Тыныш жатқан ауылдың үстінен ит шулатып, мылтық атып, берекесін қашырып, біресе ағы келіп, туын қадап кетсе, енді бірде қызылы келіп, қан түстес туын көтеріп кететін… Ағы да, қызылы да қазақтың қанын төгіп, ойына келгендерін істеді. Осы кезең бір көркем шығармаға сұранып-ақ тұрған тақырып.
Архив – үлкен тарих қоймасы
– Қанша жылдан бері архивпен жұмыс істеп келесіз. Жалпы, архивтегі барлық дерек, дәйектерге ақиқат тұрғысынан қарауға бола ма?
– Биыл, құпия қойманың есігін ашқаныма 12 жыл болады екен. Аллаға шүкір, осы бір мүшел аралығында Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан сықылды алыс-жақын бірқатар мемлекеттің архив, кітапханаларының қорымен әлденеше рет жұмыс істеп, «архив құрты» болып шықтық. Жеке ғылыми қоржынымыз толып, ізденісіміз көкжиегімізді кеңейтті. Алаштың Бақтыкерей Құлманұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Сейдәзім Қадырбай, Мұстақым Малдыбайұлы, Маман-Тұрысбек әулеті, Біләл Малдыбайұлы, Ілияс Жансүгірұлы сынды біртуар арыстарының өмір жолын зерттей жүріп, ашаршылық пен репрессия мәселесіне қатысты дерек, мәлімет тауып, олардың тергеу барысындағы сауалнамаларын, жазған өтініштерін, бәрін оқып, талай жылап, жүрек ауыртқан сәттеріміз де бар. Менің жеке архивімдегі шет елдерден көшірмесін алған құжаттарымның көбі ғылыми айналымға түспеген. Әр құжатты жеке-жеке «сөйлету» үшін әрі уақыт, әрі байыпты ізденіс қажет. Әр құжат бір дәуірдің жүгін көтеріп тұр. Әр құжатта жеке басқа табынған қанқұйлы кезеңнің қасіреті, көз жасы, қасық қаны бар. Болашақта құжаттар мен материалдар жинағын шығаруды жоспарлап отырмын. Сол кітапқа осы айтқан деректер қамтылып, оларға ғылыми түсініктеме мен сипаттамалық шолу жазылатын болады.
Архив – адамзат өмірінің жылнамасы қамтылған үлкен тарих қоймасы. Алтын толы жаһұт ордасы. Сондықтан да архивтен табылған әр құжаттағы дерек пен дәйекке байыппен, салқынқандылықпен қарап, ой қорытқан дұрыс. Өткен ХХ ғасырдың 20-40 жылдары – қарама-қайшылығы мол, күрмеуі қиын кезең. Алаш ісі бойынша сотталған я тергелген әр қазақтың өмір тарихына, берген түсінігіне бейжай қарауға болмайды. Өйткені оның мазмұнында шылғи өтірік те, зорлықпен тағылған айып та, қасақана сын да бар…
– Демек архив құжаттарында мәжбүрліктен, қажеттіліктен жазылып кетуі мүмкін материалдар бар ғой?
– Әлбетте, архив құжаттарымен мұқият жұмыс істеу керек дегенім сол. Әсіресе, 1928 жылдан кейінгі тергеу құжаттарында көзқарас қайшылығы молынан кездеседі. Бір қайраткердің өз ісіне қатысты берген түсініктемесі әр жылы әрқилы айтылып, хаттамаға басқаша түскен… Уақыт, саяси қысым хронологиясы тұрғысынан байыптап қарап, алғашқысы мен соңғысын салыстырар болсақ, арасы жер мен көктей екенін айқын аңғаруға болады. Сосын сол тұлға туралы я замандасының, я ағайынының пікірімен, арызымен таныссаңыз, советтік тергеу ісінің қитұрқы тірліктерін байқайсыз. Түрмедегі арыстар амалсыздан немесе мәжбүрліктен теріс жазылған хаттамаға, түсініктемеге қол қойып, жазықсыз жабылған күйені мойындағаны да бар.
25 мыңға жуық зиялы қауым өкілдері жазықсыз атылып кетті
– Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әлі де ашылмай жатқан деректер бар ма?
– ХХ ғасырда сталиндік репрессия кесірінен қазақ даласынан 25 мыңға жуық зиялы қауым өкілдері жазықсыздан жазықсыз атылып кетті. Бұдан өзге 103 мыңнан астам адам қамалып, айдауға түсті. Сібірге жер аударылып, небір азапты басынан өткерді. Алайда біз қазіргі таңда Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған санаулы ғана қайраткерлерді білеміз. Бірақ қазақ даласынан репрессияға ұшыраған 25 мың адамның барлығы да жәй адам емес еді. Алды тоғыз тілді меңгерген үлкен оқымысты болса, ізін басқандары ең кемінде ауыл мектебінің директоры болатын. Қысқасы, барлығының да көзі ашық, көкірегі ояу еді. Қайтсем қазақты алға оздырамын, мігірсіз тоқтап қалған рухани көшін қалайда жоғары шығарамын деген пікірден басқа ойға малданбаған, дүние-мүлік жимаған, билік қуып, мансап жолында арын сатпаған шынайы мемлекетшіл арыстар еді. Өкініштісі сол – біз азаттық үшін атылған 25 мыңнан астам қайраткердің еңбегі түгілі атын да білмейміз. Міне, қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әлі де айтылмай, ашылмай келе жатқан жәйт өте көп. ГПУ үштігінің шешімімен атылған қазақтардың әрқайсысын таныту – зерттеушілік парыз, насихаттау – азаматтық борыш. Жаза білетін адамда шаһид кеткен адамның һақысын барын ұмытпағанымыз жөн.
Мәселен, советтік коллективизация саясатына қарсы жер-жерде үш жүзден астам көтеріліс өтті. Шаруа көтерілісі! Ал осы көтеріліске қатысқан, ұйымдасқандар әлі күнге дейін «бандит», «глава шайки» т.с.с. атанып, «Халық жауы» таңбасынан айырылмады. Осы көтеріліс мәселесі әлі де жабық тақырып. Бұрынғы НКВД (Қазіргі ҰҚК) архивінің есігі ғалымдарға жабық. Көтерілістердің саяси мәселесі мен қоғамдық рөліне баға берілмеді, ғылыми тұрғыда жан-жақты ашылып жазылмады. Бұл да – ғалым-зерттеушілердің аяқ-қолын жіпсіз матап тұрған фактор. Асылында, қайраткерлердің аты мен затын, еңбегі мен ерлігін насихаттасақ, бүгінгі жас ұрпақтың бойына жігер беріп, кеудесіндегі намыс отын жандырар едік.
Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әлі де ашылмай келе жатқан дүниелердің қатарында, біз қазіргі таңда есімін жақсы білетін тұлғалардың кейбір шығармаларының табылмай жүргені де бар. Сондықтан Алаш кезеңі толық зерттелмеген…
«Qyr balasy» Алаш арыстарының еңбектерін түгендеп жатыр
– Біраз уақыттан бері «Qyr balasy» қорын басқарып, «Алаш кітапханасы» сериясымен Алаш қайраткерлерінің мәлім де беймәлім болып келген өмір-деректерін, еңбектерін кітап етіп шығарып, қалың оқырманға ұсынып келесіздер. Бұл жұмыстар қалай басталды?
– 2018 жылдың күзінде тәуекел деп, қоғамдық қор құрып, Әлихан Бөкейхан әкемнің бүркеншік есімін таңдап, бүгінгі жастардың басын бір арнаға тоғыстырайын деп іске кіріскен едім. Екі-үш жылдың ішінде қорымыздың аты шығып, өзіндік бренді қалыптасып келеді. Бастапқыда екі-ақ жігіт бастап едік, міне, қазір қор жанынан арнайы ашылған Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтында 58 жас зерттеуші жұмыс істеп, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ғылыми проблемаларды індете зерттеп, түрлі бағытта ізденіп жатыр.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары репрессияға ұшырап кеткеннен кейін олар туралы айтылмады, жазылмады. Тіпті кейбір арыстарымыздың еңбегі түгілі есімдерін де ұмыттық. Міне, осы жәйт біздің көптен бері көкейімізде жүретін. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында осындай іске құлшына кірісіп кеттік. Мақсатымыз есімі аталмай, еңбегі насихатталмай жатқан Алаш қайраткерлерін насихаттау, ұлықтау болатын. «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша үш айдың ішінде 8 кітап жарыққа шықты. Ақпан айында Қостанай облысы Мәдениет басқармасының қолдауымен Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжанның тұңғыш рет шығармалар жинағы жарық көрді. Артынша Алаш қайраткерлері Біләл Сүлейұлының «Үміт», Біләл Малдыбайұлының «Кенесары заманынан», Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали», Абдолла Байтасұлының «Көркем әдебиет туралы» деген кітаптары «Qyr balasy» баспасынан басылып шықты. Бұл тұлғалардың да шығармалар жинағы тұңғыш рет жарыққа шығып, ғылыми айналымға енді. Бұдан өзге «Qyr balasy» қоғамдық қорының жетекші ғылыми қызметкері Заңғар Кәрімханның «Толағай», «Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер» деген кітабы мен кіші ғылыми қызметкері Ерден Нұрахметтің «Алаш арысы – Біләл Малдыбайұлы» атты зерттеу еңбегін шығардық. Айтқандай, Бейбіт Қойшыбаев, Тұрсын Жұртбай сынды ұстаздарымыздың да кітаптарын шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Қандай да бір қаржылық қолдау бар ма?
– Біз – тәуелсіз қоғамдық ұйымбыз. Министрліктен не ғылыми грант я болмаса тендер алып көрмедік. Кешегі Алаш ұранды заманда оқыған арыстарға дәулетінен зекет беріп, ұлтына байлығымен қызмет еткен бай-бағлан азаматтар болған. Олар – Алаш кезеңінің атымтай жомарттары. Олар – халқына әлеуметтік қорған болған ақсүйектер еді. Біз сол Алаш идеясын жан-жақты насихаттай жүріп, күні-түні айбоз ерлердің ғибратты да өнегелі ғұмырын үлгі етіп, бүгінгінің қалтасы қалың, жүрегі қазақ деп соғатын жомарттарын таптық. Біздің әр кітабымыз бүгінгінің Хасеннің Ақайы, Оразайдың Ахметі, Маманның Есенқұлы, Үкібайдың Қаражаны, Әділдің Икесі болған меценаттардың қаржылық демеушілік қолдауымен шығып, оқырман қолына жетті. Алаш аяулыларының тілімен айтқанда, дәулетті жандардың кәсібіне Алла берекесін беріп, ұлт жұмысына оларды молынан тартсын деп тілеймін.
– Алдағы уақытта тағы да көптеген кітаптар жарық көретін сияқты ғой.
– Иә, жыл басында қор басшылары Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Алмас Сырғабай төртеуіміз ақылдасып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық торқалы тойының құрметіне деп 30 кітап шығаруды қолға алдық. Осы маусым айында қор Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының жас ғалымдары Нәзір Төреқұлұлы мен Мағжан Жұмабайдың әлі күнге дейін белгісіз болып келген мұраларын оқырман қауымға ұсынатын болады. Сонымен қатар Мұстақым Малдыбайұлы, Отыншы Әлжанұлы, Берікбол Малдыбайұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Байбатыр Ержанұлы, Ережеп Итбайұлы, Жұмахан Күдерұлы, Молдағали Бектұрлыұлы, Мейірман Ермектасұлы сынды қаламгерлердің кітаптарын шығарамыз. Бұл тұлғалардың да кітаптары әлі күнге дейін жарыққа шықпағанын ескерткіміз келеді. Кітаптарды жарыққа шығаруға қордың әлеуеті де, жас ғалымдардың күш-қайраты да жетеді. Біздің қордың басты мақсаты да осы болатын. Әлі күнге дейін белгісіз болып келген арыстардың есімі мен еңбегін насихаттау, халқымен қайта қауыштыру. Құдай амандығын берсе, Қазақстанның болашағы үшін атылып кеткен 25 мың қайраткердің еңбегін шығарып, «Алаш кітапханасы» сериясын жалпыұлттық кітапханаға айналдырғымыз келеді. Бұл мұратты мақсатқа жету үшін Күлтегін бабамыз секілді «күндіз күлмей, түнде кірпік ілмей» жан-терімізді сығып жазуымыз керек.
«Qyr balasy» қоғамдық қоры бұдан өзге Алаш қайраткерлері туралы видео-лекциялар мен семинарлар да ұйымдастырады. Әр өңірдегі телеарналармен де келіссөздер жүргізіп, Алаш арыстары туралы деректі фильмдер түсіріп келеді. 2020 жылы Kokshe TV арнасымен бірігіп Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлына арналған деректі фильм түсірілген болатын. Бұл деректі фильмдер мен видео-лекцияларымызды қордың ютубтағы парақшасынан көре аласыздар.
8 сыныпта оқып жүргенде өлкетануға қызықтым
– Жас болсаңыз да бұған дейін жеке өзіңіз тоғыз кітап жазып үлгерген екенсіз. Мұндай еңбекқорлығыңыз Алаш қайраткерлерінің ұстанымымен ұштасып жатқандай. Алаш мұрасын зерттеуге деген қызығушылығыңыз қалай, қай кезден басталды?
– Бала кезімнен Алаш тұлғаларын өнеге тұтып, ғибрат қыламын. Өткен замандағы тұлғалардың өмір жолы туралы оқып, ізденген сайын жаңа бір қызық дерек табасың. Оқып алып, таңданасың. «Не деген рухы мықты, иманы күшті жан еді!» деп қайран қаласың. Шығармашылыққа қатысты ой қозғалған соң, Алаш тұлғаларының жұмбағы мол ғұмырына қатысты қызық та ғибратты фрагменттерден мысал келтірейін.
Маңдайына тиген советтік тағдырдың дойылы да оны жасытпаған, рухын мұқалтпаған. Парасатты жан: «Біреу: жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман, – дейді, біреу: маңайымдағы елім жаман – дейді. Бұлардың бәрі де – бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады», – деген. Рас сөз. Өз басынан өткерген анық жағдай. Патшалық биліктің де, советтік кезеңнің де түрмесін көрген, айдалған, қияндағы суық ібір-сібірдің де ауасын жұтып, топырағын басқан.
«Оян, қазақ!» деген бірауыз сөзімен-ақ тек қазақты ғана емес, бүтін түрік халықтарын рухтандырған Міржақып Дулатұлы да абақтыға қамалды. Сосновецтегі еңбекпен қатаң жазалау лагерінде отырғанда камерадағы түбі бір туысқан ұлыс тумаларынан сұрай отырып, төрт дәптерден тұратын «Қазақша-орысша сөздік» жазған. Міне, түрмеде отырған қайсар жанның ерлікке пара-пар ісі.
Міржақыпты алдыңғы толқын ағалар «Жақаң» деп айрықша лепеспен құрмет тұтқан. Сол Жақаң Соловки лагерінде жүргенде бухгалтерлік курсқа жазылып, есепші мамандығын игереді. Сол мамандықпен бір-екі жыл қызмет етіп, тұрмысы жақсарады. Ақтеңіз ортасындағы Соловки аралының ауасы дымқыл тартып, тұман басып тұрады екен. Күн көзі де көрінбейтін жер екен. Сол тағаны зәй тартып тұратын жерде Жақаңның денсаулығы нашарлап, демікпе дертіне ұшырайды. Лагер жанындағы ауруханада емделіп жатқанда Медвежья Гораға ауыстырылады. Осы жердегі лазеретте шаруашылық жұмыс істей жүріп, лекпом (лекарский помощник-фельдшер) оқуын оқығаны бар. Осы мамандықты игерген соң, түрмедегі бауырларын емдеп, оларға медициналық көмек көрсеткен. Айдауда жүріп те оқып, диплом алып шығуға болатынын көрсететін оқиға.
Міржақыпқа қатысты тағы бір дәйекті дерек – карцерге (жалғыз кісілік бөлме) қамалуы. Жалғыз адамға арналған шағын бөлмеге адамның рухын сындыру үшін және психологиялық жүйке күйзелісіне ұшырату үшін қамайды. Бұл – 24/7 режиміне жападан-жалғыз қамалған адамды азаптаудың ең сорақы түрі. Ал Жақаң болса мұның амалын тауыпты. Қатып қалған нан қиқымдарын жиып, шахмат ойнап, өзін-өзі дамытыпты. Қызы Гүлнар анамыздың жазғанына сүйенсек, карцерде отырып Алла Тағалаға ғана сеніп, Құран сүрелерін оқып, құлшылық еткен екен. Адам жалғыз қалғанда оны шайтан айналдырып, мазасын алады. Жақаңды ібілістің ілмегіне дұғасы іліндірмеген десек еш қателеспейміз.
Қазақтың тағы бір оқымыстысы, ағартушы, педагог Біләл Сүлейұлы Халыққа білім беру министрлігінде орынбасар, Ақтөбе және Алматы облысы білім басқармасының басшысы болған, Семей педагогикалық институтының алғашқы ректоры қызметін атқарып жүріп, нақақ жаламен қуғындалып, түрмеге түскенде де уақытын босқа өткізіп, төрт қабырғаға қарап, бекер жатпапты. 1932 жылғы 2 сәуірде әйелі Фатима Ғабитова жазған кезекті бір хатында: «… Абақтыдағы өмірім жаман емес. Қазір менің мәселем қаралып жатыр. Тергеуден босадым. Енді абақты басшыларының балаларына, жұмысшыларға сабақ беріп, ағартушылықпен айналысып жүрмін. Айына шамамен 40-50 рубль табыс табамын. Жақында ағылшын тілін оқып бастадым», – деп жазғаны бар. Пәлі, міне, болашақтан күдерін үзбеген, өз-өзіне сенімді жанның батылдығы. Тас қапаста жатса да дүниетанымын кеңейтуге күш салып, жаңа бір тілді үйреніп, өзін-өзі жетілдіріп жатыр. Біләл – негізінде полиглот, бірнеше тілді жетік меңгерген, еркін оқыған. Қазақ тілінен бөлек орыс, неміс, татар, түрік тілін жақсы біліп, сол тілдерде емін-еркін жаза білген.
Алаш қозғалысы, намысты ұраны, қол бастап алға шыққан ерулі күресі, қарулы күш топ жарған атойлы дүбірі туалы, менің сонау мектеп оқушысы кезімнен қызыққан, қызықпақ түгілі өмірлік стихияма негіз болған ақсақалдардың аңызға бергісіз әңгімелері әлі есімде, санамда осы сәтте де жаңғырып тұр… Расымен, маған «Жетісудағы «Мамания» мектебі», «Алаш қайраткерлері» деген сөз бала жасымнан таныс, санама әбден сіңген ұғым болатын. Олай дейтінім – біз екі жасымыздан бері нағашы жұртымыздың құтты шаңырағында өскенбіз. Нағашы жұрт – Жетісудың Қапал-Ақсу атырабы.
Кешқұрым ауылдың қариялары жиналып, әңгіменің көркін қыздыратын. Тағылымды есті сөздер мен небір ұлағатты тарих айтылатын. Соның бірсыпырасын естідік, көңіл зердесіне тоқыдық. Үлкен әкем, ауқатты әулеттің баласы ретінде «Кулак тұқымы» атанып, советтік биліктің қысым-зорлығын көріп, Шығыс Түркістанға өтіп, зұлым Сталин өлген соң, атақонысына келіп, отауын көтерген Тоқтарбайдың өмір жолы да біздің жүрекке түскен тағдыр жарасы…
2000-жылдардың басында Арасан ауылындағы бұрынғы шипажай кешені қалпына келтіріліп, есігін айқара ашты. Қалқабайұлы Медетбектің немересі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Жекен Қалиұлы мен баласы Еркіннің тікелей ұйымдастыруымен «Қапал-Арасан» санаторийінің жұмысы қайтадан жанданып, іске қосылған-ды. Осы қуанышқа орай, Арасанға Маман-Тұрысбек әулетінің тұқымдары тегіс жиналды.
Қапал мен Арасанды жалғап жатқан тас жолдың бойындағы Түкінің кезеңі жеріндегі Тәнеке батырдың кесенесі қалпына келтіріліп, күрделі реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Үлкен белгітас қойылып, ресми ашылуы өтті. Мазар басында құран оқылып, діни жоралғылар жасалды. Осының бәрі анық есімде, әлі күнге дейін көз алдымда.
Маман абыздың кіндігінен өнген ұрпақтарының бірқатарын көрдім, қоян-қолтық араластым. Әсіресе, Жекен Қалиұлы ақсақалмен өте жақсы қарым-қатынаста болып едік. Екеуіміз нағашы-жиен боп, сан мәрте әңгіме-дүкен құрып, ел мен жер туралы келелі сөз қозғайтынбыз. Бүкіл әлемді тарының қауызына сыйдырғандай үйіне қамаған аты өшкір індет COVID-19 пандемиясының кесірінен тоқсандағы Жекен абызымның уақыт мезгілі соғып, қапияда айырылдым да қалдым…
Әр жылдары Алаш арыстарының ұрпақтарымен кездесіп, дерек алып, құжат жинап едім. 8 сынып оқушысы кезімде, алғаш рет өлке тарихын зерттеу қамымен Қапал-Арасан аймағындағы жер-су жайын, өткенін білетін қазына қарттармен жолығып, дерек жинауды бастаппын. Содан бері қаншама арыстың ұрпағын, туысын көріп, әңгімесін естідім. Сол кездесу өткен үйдің есігінен шыққанда жанарлары жасқа толған, көздеріне өкінішті өмір хаты жазылған талай жазмыш иелерін көріп едім… Ардақты жандардың архив құжаттары мен отбасылық альбомынан суырып берген фотоларын алған сәтім, соңғы сөзі… Қарап отырсам, соның барлығы аманат, үміт екен.
Осы айтқандарымның бәрі қағазға түсіп, әрқайсысы жеке кітапқа айналып, солай жазылды. Қалам ұстаған жазушының жазудан, зерттеуден басқа мәселесі болмауы керек. Сондықтан да қоғамдық сананы қалыптастыру үшін, Тәуелсіз елімнің рухани сұранысын өтеу үшін шынайы тарихты жазуды өзімнің перзенттік ісім деп білемін.
– Елдос, бірер күн бұрын Қазақстан Жазушылар одағына мүше ретінде қабылдандыңыз. Құтты болсын! Жеке шығармашылығыңыздан қандай жаңалықтар күтеміз?
– Рақмет! Мамандығымыз – әдебиетші болған соң әрі ғылым саласында қызмет етіп жүрген соң, көбінесе ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрмін. Арасында балалар мен жасөспірімдерге арнап әңгіме, ертегі жазып та жүрмін. Шығармашылық жолым балаларға арнап әңгіме жазудан басталғандықтан, жазушылық қалам ісім жаныма өте жақын. Жақын күндері «Тау құсы» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған әңгіме, хикаяттарым жас достарымның қолына жетеді. Сосын, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен балалар әдебиеті жылы аясында «Құлыншақ» деген тек жетісулық балалар жазушылары екі томдық антологиясын құрастырдық. 1 маусым күні таныстырылымы өтеді. Бұл – бір облыс жазушыларының шығармалары негізінде даярланған еліміз бойынша алғашқы әдеби жоба. Кез келген қалам ұстаған қаламгер секілді келер күннен күтер үмітім зор.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІРЛЕР1