Ұлықбек Есдәулет. «Айнала бер, Жер-Ана, айналайын»
14.05.2021
2246
1

(Олжас туралы ойлар)

                               ***

Сары толқын  Сырдария керенау ғана ағады,

Ақ шаңқан шаһар Отырар, жұрт сені қайдан табады?

От болып жанған ер қала пергілеп жауды маңдайдан

Екі жүз тәулік бойына  созылған мұнда қан майдан.

Түбінде Шығыс жоқтайтын ертеңге жетпей  ерте өліп,

Лапылдап жатты кітаптар,

                               Лапылдап жатты өртеніп!  

Книги, книги горели, Тяжелые первые книги,

По которым потом  

                          затоскует спаленный Восток!

Бұл – осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын, яғни 1963 жылы жазылған өлең!

Біз сол кітаптарды әлі аңсап, сағынып, іздеп, таба алмай жүрміз!

 Мінеки, сонау цензура билеп тұрған дәуірде, басқа ақындар үкімет пен партияны жырлап жүрген кезде ойран болған алғашқы астанамыз Отырарды алғаш жоқтаған кім? Сол Отырардың кітапханасын алдымен іздеген кім? Ол – қазақтың сол  кездегі өрімдей жас ақыны Олжас Сүлейменов болатын!

Демек, біздің жоғалған мәдениетіміз бен өркениетімізді, тарихымыз бен рухымызды алғаш жоқтап, іздеген де, алғаш ізін тапқан да – Олжас Сүлейменов!

Бүгінгі Қазақстанның халық жазушысы, еліміздің Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Ғасыр адамы» атанған қаһарман-қайраткер, ұлы  ақын, ғұлама ғалым – Олжас Сүлейменов.

 

        ***

Ала-құла əлемді жағалаймын,

Үн-күйді де қажет деп санамаймын.

Сəті түссе түкке де қарамаймын,

Африка, Франция, Азияны аралаймын.

Қалтам тесік, тиын жоқ – міне, саған…

Тиын тапсам – құйғытып тұра шабам!

                                                             («Айналайын»)

Көшпенділер тақырыбын әдебиетімізде ең алғаш жарқырата жазып көтерген Олжас!

Біз оқып жүрген Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділері» одан көп кейін туды.

«Арғымақтар», «Ей, Дешті-Қыпшақ даласы», «Құман жыры»,  «Махамбетке», «Көшпенді» сияқты алмас семсердей жарқылдаған асау өлеңдері бүкіл әлемге қазақ халқының ұлттық болмысын танытты, ата-баба аруағын өрлетті.

Олжас – Қазтуған мен Махамбеттер сияқты ерлік пен өрлікті жырлаушы, Ар-Намыстың ақыны.

Олжас Сүлейменовтың «Адамға табын, Жер-Жаһан» поэмасы еңбектеген, езілген ұлтымыздың еңсесін көтерді.

«АЗ и Я», «Қыш кітабы» «Мың бір сөз» тәрізді күрделі  туындылары ұлтымыздың тарихы мен мәдениетінің  тамыры аса тереңде жатқанын дәлелдеді.

 

                 ***

Сүмбіле жұлдызы

Гүл жарып жарқырағанда

Үйір-үйір биенің саумалы сарқырағанда

Кең даламның көгінен

Қаздар ұшар тобымен;

Түн қойнында қаңқылдар,

Қайғы-мұңды саздарын,

Қайран менің байқұс аппақ қаздарым.

Мынау келген боқырау,

Өріс-тебін – тоқырау,

Аттан, қыпшақ!..

Арқырап!..

Өлсін менің өз қолымда жарқырап,

Сүмбіле жұлдызы.

Міне осындай  шығармаларымен Олжас ХХ ғасырдың екінші жартысында ұйықтап кеткен ой-санамыз бен ұлттық рухымызды оятты.

Ол – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтардан кейін отаршылдыққа қарсы күрестің туын ұстаған ақын.  Олжастың шығармалары Желтоқсанға да түрткі болды.

Демек Олжас Сүлейменов ұлы Шоқан, Абай, Мұхтар Әуезовтың жолын жалғаушы ізбасары, ол да дәл солар сияқты халқымыздың рухани көшбасшы-көсеміне айналды деп ауыз толтырып айта аламыз.

Олжас Сүлейменов әдебиетте, кинода, тіл білімі мен тарих ғылымында терең із қалдырды және әлі де жемісті жалғастыруда.

 

                                                                                ***

Мен қазір «Бейбарыс кім?» деп сұрай қалсам, бәріңіз де оның мамлюк екенін, қыпшақтан шыққан Мысыр сұлтаны екенін жақсы білесіздер. Мамлюктер қыпшақ тілінде сөйлеген. Ал осыдан қырық-елу жыл бұрын Бейбарыстың қазақ екенін ешкім де білмеген. Бізге тарихты қазып жүріп, Бейбарысты тауып берген бөтен біреу емес, өзіміздің Олжас Сүлейменов. Ол Бейбарыс туралы орыс жазушысы Морис Симашконың «Емшан»,  Юрий Плашевскийдің «Қыпшақ жолы» деген кітаптарын жазуына түрткі әрі мұрындық болған. «Бейбарыс» фильмі содан кейін түсірілген. Қазір роман, пьеса, либретто, ән, поэма, бәрі қаптап жазылып жатыр. Мына менің де «Бейбарыс сұлтан» операсының либреттосын жазғаным бпар. Мәдениет пен өнердің жанашыры Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрғанда Бейбарыстың 775 жылдығын Атырауда халықаралық деңгейде  өткізіп, бұрын Ленин тұрған ең биік тұғырға  сұлтанның ескерткішін тұрғызса, соның бәріне өз кезінде түрткі болған Олжас Сүлейменов екенін ұмытпауымыз керек.

Бейбарысты тірілтіп, Отанына, қазаққа қайтарған Олжас «АЗиЯ» кітабы арқылы түркология ғылымын жаңа арнаға салып,  дамытты. Белгілі саясаткер-журналист Сейдахмет Құттықадам «Казахстанская правда» газетінде былай деп жазды: «Көрнекті ақын Темірхан Медетбек 70 жылдардың ортасында Маңғыстауда жұмыс істеп жүргенде тілші ретінде сондағы түрмеге кіреді. Түрме ішінде кітапханада бір бұрышта үюлі жатқан Олжастың «АЗиЯ» кітабын көреді. 300-ден астам кітап. Кітапты жыртқанды-құртқанды, өртегенді көріп едік, кітапты түрмеге жапқанды бірінші рет көрдік» дейді. Мінеки, ақынның заманның дауылына, иіріме қарсы тұра білгеніне бұдан асқан қандай дәлел керек.

Сондай-ақ өз өлеңдері арқылы жыраулар мақамын әлемдік деңгейге шығарды. Жер жүзіне Махамбетті танытты. Вознесенскийге Махамбет туралы өлең жаздыртты. 1978 жылы Полтава қаласында Михайло Шевченко деген ақын-досым маған: «Шөмішбай ақынға сәлем айт. Мен одан «Қазақстанда қазақ тілінде жазатын Олжас сияқты басқа ұлы ақын бар ма?» деп сұрап едім, Шөмішбай:  «Менен басқа ешкім жоқ!» деп жауап берді. Сол рас па?» дегені есімде…

                                                                                                                              

                                                                                                                                           ***

  Шыңғыстауға жақын оның моласы…

Сарғалдақпен шегеленген төбесі.

Аш-жалаңаш, жүдеу жандар, өлесі,

Кермек әнді бір мырс ете сіміріп,

Бұл бейітте бас қосады неге осы?

 

Толқиды шөп, тербеліп,

Гүл сарғаяр, шерленіп,

У секілді, қарашы…

Шыңғыстауға жақын оның моласы.

Бұл – Ұлы Абай туралы өлең. Олжас оны 25 жасында жазған.

Ұлы Абай мен Шәкәрімге, ұлы Мұхтарға қасиеті қонған киелі топырақ тажалды полигонға айналып, 40-50 жыл бойы үздіксіз запыранын төгіп тұрды. Атом сынағы  еліміздің басына туған ғаламат нәубет, сұрапыл зұлмат болды.

Олжас мен жоғарыда мысал келтіріп кеткен «Айналайын» өлеңінде:

Айнала бер, Жер-Ана, айналайын,

Сен дегенде батамын ойға дəйім,

Сырқатыңның барлығын өзіме алып,

Сенімен мен де бірге айналайын! — деп жазған.

«Сырқатыңның барлығын өзіме алып!»… Бұрын-соңды кім бұлай айта алып еді?! Ақын өзінің сертінде тұрды. Алашының алдындағы азаматтық, перзенттік ұлы парызын орындады.

Жер жарасы, ел наласы әбден асқынған кезде 1988 жылы  Олжас Сүлейменнов бірінші болып бас көтеріп, тәуекелге бел буып, жүрек жұтқан батылдықпен геноцитке қарсы шықты. Халықаралық «Семей-Невада» қоғамдық қозғалысын құрды. Бұл шын мәніндегі халықтық майдан болды. Бұл қозғалысттың екпіні елімізде Дегелеңдегі аждаһадай атом полигонының жабылуына аса зор ықпал етті.

Осы қозғалыстың гимніне айналған «Заман-ай» әнінің шығу тарихы бар. Бірде, сонау  1989 жылы Украинадан Чернобльдіктердің гимнін естіп келіп: «Олжеке, біздің қозғалысқа да гимн керек», – дедім. «Инициатива наказуема. Это дело поручаю тебе», – деді Олжекең. Сөйтіп, біз әйгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов екеуміз «Заман-ай» әнін жаздық. Ол  халықаралық антиядролық қозғалыс гимніне айналды.  «Заман-ай» әні қазір Хиросимада үнемі орындалатынына куәмін. Даңқты қозғалыс жеңіске жетті, полигондардың жабылуына, тұтануға жақындаған дүниежүзілік ядролық соғыстың  жөргегінде тұншықтырылуына біздің Алаштың айтулы азаматы, қайтпас қайсар, кемеңгер ақыны Олжас Сүлейменов ерен еңбек сіңірді. Қазақстанның Еңбек Ері атағы оған текке берілген жоқ. Жапон императоры оған өз қолымен Токиода өз елінің ең жоғарғы орденімен марапаттап, Токиода ақынға табыс етті.

Әлем әдебиетінде қазақ атын ардақтап, асқақтатқан Олжас Сүлейменов қандай марапатқа да лайық ақын!

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.08.2021 | 18:55

Сол Бейбарсты фильмде қыпшақша (қазақша) білмейтін мәңгүрт қылып шығарған, соны неге айтпайсыз. Совет одағының жоқтаушысы болып, әлі күнге Одақтың ыдырағанына өкініп жүрген О.Сүлейменовты неге жазбайсыздар. Ақиқат қайда, қазақтар. Қашанғы өтірік мақтаймыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір