Бұл жолдау бұрынғыдан өзгеше
04.12.2015
1536
0

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Наз- 2014, 1 17.01.14арбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті Парламент депутаттары мен 
Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын жел­біретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті ны­­ғайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ға­сырлық  белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттілігіміздің тұғырын мызғы­мас­тай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күр­де­лі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура ке­­ле­ді.
Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыз­дар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қа­терлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһан­­дық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Ал­­пауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біз­дің басты экспорттық өнімдеріміздің  дүниежүзілік на­рықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, ел­ді­­гімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәт­­те бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аян­бай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бә­ріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, ең­бек етуге тиіспіз.
Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт тала­бына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның бе­­талысына қарай межелерімізді белгілеп, жос­пар­­ларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақ­сатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Ота­нымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету!  Әлем­дегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақ­­­сатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа сын-қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өр­біген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақ­стан хал­қына Жолдауымды жария етпекпін.
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті Парламент депутаттары, 
Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Бірнеше күннен кейін тарих ел Тәуе­л­сіз­дігінің 25 жылдығының есебін бас-тайды. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толық­қан­ды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көп­теген сынақтарға төтеп бердік, шынық­тық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты эко­номикалық даму қарқынына қол жет­кіздік. Біздің халқымыз бұған дейін еш­қашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік.
Қазір  әлем шапшаң қарқынмен өзгеру­де. Басқаша дәуір туып келеді. Біз­дің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құлдырау туын­датқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық  дағ­дарыс­тардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһандық  дағдарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды.
І. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері
Бүгінде бізге де әлем дамуының бүкіл сын-қатерлерін көре білудің маңызы зор.
Біріншіден, қазіргі жаһандық  дағ­дарыс жаппай қамту сипатына ие. Іс жү­зінде барлық әлемдік рыноктар – қаржы, кө­мірсутегі, металдар, азық-түлік және бас­қа да рыноктар тұрақсыз. Біздің экс­порт­тық өнімдерімізге сұраныстың тө­­­мен­­­деуінің негізгі себебі де осында.
Екіншіден, әлемнің барлық экономикаларында да экономикалық өсімнің баяулауы байқалуда. Бүгінде жаһандық ІЖӨ өсімінің үнемі төмендеуі жөніндегі болжамдар ешкімді де таңқалдырмайды. 2011 жылдың күзінен бастап Халықаралық валюта қоры оларды 5-тен 3 пайызға дейін төмендете отырып, болжамдық көрсет­кіш­терді 6 рет қайта қарады. Және, шамасы, бұл да шек емес сияқты.
Үшіншіден, бүгінде мұнайдан түсетін супертабыстар жоқ.
Төртіншіден, жаһандық экономика саяси факторлардың қысымын сезінуде. Әлем тұрақсыз бола түсті. Жетекші державалар бір-біріне қарсы санкциялар енгізді. Олардың арасындағы сенім күрт төмендеп кетті. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік және Орталық Африка өңірін­де­гі тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткізуде. Бүгінде ха­лы­қ­аралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр. Бұл тәуелсіз мемлекет­тердің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуы жо­лымен мемлекеттіліктің күйреуінің нәтижесі.
Әлемнің дамуы күштердің әлемдік және өңірлік орталықтарының арасын-дағы қатаң бәсекелестік аясында жүретін болады. Жаңа жаһандық өмір шын­ды­ғы­ның сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қи­мыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек.
ІІ. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері
Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қа­на емес, сонымен бірге жаңа мүм­кін­дік­тер. Әлемдік  ауқымдағы көптеген ком­паниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақс­тан­ның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжыл­дықта – Тәуелсіз­дік­тің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнай­сыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихия­ларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіз­дігімізді жа­рияла­ған өткен ғасырдың 90-шы жыл­да­ры­ның бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқ­тап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік. Біздің еліміз өзгерістердің алғашқы нәтижелерін енді ғана сезіне бастаған сәтте 1997-1998 жылдардағы Оң­түс­тік-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысы келіп жетті.
Сол уақыттары қабылданған страте­гия­лық шешімдер мен іс-қимылдар маңыз­­ды оң сипатты мәнге ие болды. Ол кең ауқымды жекешелендіру мен біздің эко­номикамызға көптеген трансұлттық компаниялардың келуі. Сол кезеңде біз жаңа елордамыз – Астананың құрылысын қолға алдық, Каспий құбырлы өткізгіш консорциумы жұмыс істей бастады, «Қа­зақ­­стан-2030» Стратегиясы бастау алды. 2007-2009 жылдардағы дүниежүзілік қар­жы дағдарысы туындаған кезде Ұлттық қор құру туралы шешімнің маңыздылығы мейлінше айқын бола түсті. 20 миллиард доллардай – Қазақстан ІЖӨ-сінің 14 пайызы – жұмыспен қамтуды қолдауға, жолдарды жөндеуге және салуға, қалалар мен ауылдарды көріктендіруге бөлінді. Банк секторы, шаруа қожалықтары, ша­ғын және орта бизнес көмекке қол жеткіз­ді. Арам ниетті құрылыс салушы­лар­ға алданған мыңдаған үлестік құ­ры­лыс­қа қатысушылар мемлекеттің ізгілікті ерік-жігерінің арқасында жаңа тұрғын үйлер алып шықты.
Біз дағдарысқа қарсы екі жоспарды әзірлеп, дәйектілікпен жүзеге асырдық. Бұл біздің экономикалық қиындықтарды еңсерудегі зор да табысты тәжірибеміз. Қазіргі жаһандық дағдарыс біздің басы-мызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарысқа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр.
Біріншіден, біз қазірдің өзінде индус­трия­лық-инновациялық  дамудың екінші бесжылдығын бастадық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз.
Екіншіден, біз «Нұрлы Жол» Мемле­кеттік инфрақұрылымдық  даму бағдарла-масын қабылдадық. Дағдарысқа қарсы шаралардың маңызды аспектісі ұлттық валютамыз теңгенің еркін бағамға кө-ш­уіне байланысты болды.
Үшіншіден, біз 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Парламент Ұлт жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде. Олар 80-нен астам заң. Олар біз жоспарлағандай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастайды. Шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, мемлекеттік басқару, білім беру мен ден­саулық сақтау жетілдірілуде. Осы шара­лар­дың бәрі де мемлекетке, қоғамға, біз­д­ің экономикамызға қосымша төзім­ді­лік береді.
Төртіншіден, біз қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақ­тадық.
Бесіншіден, менің тапсырмам бойынша, бұған дейін мен айтқандай, мұнай бағасы барреліне 30-ға дейін және 20 дол­лар­ға дейін төмендеген жағдайларға ой­лас­тырылған іс-қимылдар нұсқасы әзір­ленді.
Алтыншыдан, Қазақстанда инно­ва­ция­лық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда. Көптеген өңдеуші салалар өсім көрсетіп отыр. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. 800-ден астам индуст­рия­­­лық жобалар жүзеге асырылды. Биыл­­­ғы жылы металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек өндіру 4 пайызға өсті. Дүние­жүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр.
Жетіншіден, қазақстандықтардың экономикалық  мінез-құлықтары өзгеруде. Еңбек өнімділігінің 60 пайыздан астамға артқаны байқалып отыр.
* * *
Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуел­сіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұр­мы­сының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақс­тан­дықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жуықтады.
Мемлекет қандай жағдайда да әлеу­мет­тік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келеді. Тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді өркендетуге қол жеткіздік. Жаңа жылдан бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халық­тың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады.
Құрметті қазақстандықтар!
Осыдан екі жыл бұрын мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жарияладым. Осы уақыттың өзінде-ақ біз оны жүзеге асыруда, тіпті, жаһандық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, орасан зор нәти­желерге қол жеткіздік.
Біріншіден, Давос экономикалық форумының  Жаһандық бәсекеге қабілет­тілік индексі көрсеткіші бойынша Қа­зақс­тан әлемде 42-ші орынға ие болды.
Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан 41-ші позицияны иеленді.
Үшіншіден, бүгін, 30 қарашада Қазақс­тан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрдегі толыққанды мүшесі болды. Ол туралы ДСҰ-ның Бас кеңесінің отырысында ресми түрде хабарланатын болады. Бұл оқиға тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Ол біздің еліміздің толыққанды сауда-экономикалық әріптес ретінде мойын­далуын айғақтайды. Қазақстанның ДСҰ-ға өтуі біздің экспорттаушыларымыз үшін де, экономикамыздың шешуші секторларына келетін шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.
ІІІ. Біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз
Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақс­­тан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бас­тап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу бола­шақ­қа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар.
Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес.
Біріншісі – өсім. Әңгіме ең алдымен, экономикалық өсім туралы болып отыр. Ағымдағы міндеттерге қатысты алғанда бізге Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет. Біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз.
Екінші – реформалар. Олар экономи­ка­ның, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылы­ғын қамтамасыз етеді. Қазір біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырып жа­тыр­мыз. Олар өз ауқымы жағынан біз 90-шы жылдары жүргізген реформалар ауқымына сәйкес. Бізге мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржы және фискалдық секторларды неғұрлым те­реңі­рек реформалау мейлінше қажет.
Үшінші – даму. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоға­ры әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қо­ғам­дық және жеке институттарды кең ау­қымды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізудеміз.
IV. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты
Таяу уақыттарда бізге келесі бес бағыт бойынша дағдарысқа қарсы және құры­лым­дық кешенді жаңаруларды жүзеге асыру қажет.
БІРІНШІ. Қаржы секторын тұрақтан­дыру
Біздің маңызды міндетіміз – қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру.
Біріншіден, қаржы секторының теңге­нің еркін бағамы жағдайында тиімді жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету. Мұндағы қа­ғи­датты сәт сол, Ұлттық валютаның баға­мына Ұлттық қор қаржылары есебінен шексіз қолдау көрсету тәжірибесіне қайта оралу болмайды. Ұлттық банк банк секторының барлық субъектілеріне жұ­мыс істемейтін несиелер бойынша стресс-тестілеу жүргізуі қажет. Оның нәтижелері бойынша оларды мойындау және есептен шығару жөнінде шаралар қабылдау керек. Капиталдандыру проблемаларын шеше алмаған банктер қаржы жүйесінен «кетуі» тиіс. Қазақстандық банктер барлық халы­қ­а­ралық стандарттарға, соның ішінде, Базель комитеті мен Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкес келуі қажет. «Долларсыздандыру» құрал­дарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызы зор.
Екіншіден, инфляциялық таргеттеу шеңберінде Ұлттық банк орта мерзімді болашақта инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендетуі керек. Ол үшін пайыздық мөлшерлемелерді икемді өзгерту тетігі толыққанды пайдаланылуы тиіс.
Үшіншіден, Ұлттық банктегі ин­с­ти­тут­­тық кемшіліктерді жою қажет. Біртұтас Зейнетақы қорын, Проблемалы несиелер қорын және басқа да қаржы институттарын оның бақылауынан шығару керек.
Төртіншіден, 2016 жылы зейнетақы активтері жеке қазақстандық немесе ше­тел­дік компаниялардың басқаруына бе­рі­луі тиіс. Зейнетақы жиналымдарының табыстылығын арттыру мақсатында зей­не­тақы қаржыларын инвестициялауға көзқарастарды қайта қараған жөн. Зей­не­т­ақы қорына көзқарас пен басқару да Ұлттық қорға көзқарас пен басқару сияқты болуы керек.
Ұлттық банк қоғам мен қаржы мекеме­ле­ріне өз қызметінің мәселелері бойынша үнемі тиянақты ақпарат беріп тұруы тиіс. Қаржы секторына қатысушылардың бәрі­мен қалыпты жұмыс бабындағы үнқатысу­ды жолға қоюдың маңызы зор. Осы атал­ған барлық кезек күттірмес шараларды қа­былдағаннан кейін ғана экономиканы ынталандыруға, соның  ішінде моне­тар­лық тәсілдермен ынталандыруға кірісуге болады. Мен жаңа басшылықтың Ұлттық банкті сауатты басқаратынына сенемін. Біздің бәріміздің де ұлттық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет. Теңге салымдары – бүгінде азаматтардың жиналымдарын сақтаудың ең үздік құралы.
ЕКІНШІ. Бюджет саясатын оңтай­ла­н­дыру
«Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағ­да­йын­­да біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі.
Бүгінде біз бюджетке салықтық түсім­дердің 20 пайызға дерлік төмендегенін ай­тып отырмыз. Қосылған құн салығын төлеу көлемі төрттен бірге, ал табысқа корпоративтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар болғаны бизнеске қо­сым­ша қысымды білдіретін болады. Бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көрегендік емес. Біз алдағы жыл­дар­дың қандай боларын білмейміз. Сон­дық­тан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шы­­­­­ғын­дарға пайдалану тоқтатылуы тиіс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек. Үкіметке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмір шындығы жағдайында қа­­лыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұ­жырымдамасын әзірлеуді тапсырамын.
Бізге мемлекеттік кірістер мен шы­ғыс­тардың бүкіл жүйесін қайта қарау қажет. Ең алдымен, бюджеттің кіріс базасын ұлғайту керек. 2017 жылы қазіргі ҚҚС-тің орнына сатудан түсетін салықты енгізу қажет. Барлық  тиімсіз салықтық жеңіл­дік­терді жойған жөн. Салықтық режім­дерді оңтайландыру қажет – тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіп­кер­лер үшін патент және шағын және ­орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады.
Салық саласының мөлдірлігін арттыру Үкіметтің басты міндеті болуы тиіс. Тек осылай еткенде ғана экономиканың әрбір субъектісі салықтарды толық көлемде төлеуге мүдделі болмақ.
Үкімет салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз етуі керек. Бүгінде мүлікті жария ету мерзімдері 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қабыл­данды. Құпиялылық пен сот қудалауынан қорғауға кепілдік беріледі. Үкіметке жария ету жағдайларына тағы бір рет талдау жасауды және қажет болған жағдайда, оған қатысушыларға кепілдікті күшейтуді тапсырамын. Мен мүлікті жария етуге қатысу жөнінде әлі де ойланып жүрген­дер­дің барлығын осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырамын.
2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төркіні мен салық салынуын анықтау үшін, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының көмегімен, есепшоттар мен активтерді анықтау бойынша шаралар қабылданатын болады.
Енді бюджет шығындарын оңтайлан­дыру жөніндегі шаралар туралы. Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырамын. Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңызды. Тиімсіз шығындар немесе жеке сектор есебінен жабылуы мүмкін шығындар бюджеттен шығарылуы тиіс. Өңірлік  және ин­дус­трия­­лық даму бағдарламаларының шығын­да­рын қайта қарау қажет.
Мемлекеттік шығындар мен субсиди­я­лар жүйесін де қайта қараған жөн. Бү­­гінде бүтіндей бір салалар мемлекет есе­­бінен өмір сүруде. Сонымен бірге, мә­се­лен, «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көр­се­тілетін мемлекеттік қолдау құрал­да­ры бүкіл ауылшаруашылық тауар өн­діру­шілердің тең жартысы үшін қолже­тім­ді емес. Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін белсендірек қолдану қажет. Эко­но­миканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техни­ка­лық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор. Бюджет шығындарын оңтайлан­дыру­дан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық  үшін нақты нәтижелер әке­летін жобаларға бағыттау қажет.
ҮШІНШІ. Жекешелендіру және эко­номикалық бәсекелестікті ынталандыру
Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз. Бүгінде өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр?
Ең алдымен, үлкен мемлекеттік сектор – 7 мыңнан астам кәсіпорындар. «Сам­ұрық-Қазына» және «ҚазАгро» хол­дингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылы­ғының орасан зор активтеріне тиімді ба­қылау  жасай  алмайды.  «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады. «Қаз­Агро» және «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз дел­далдарға айналды. Осылардың бәрі да­лиған штаттармен және орасан бю­д­жеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады.
Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңыз­ды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ере­желерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет. Үкіметке мемле­кет­тік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, Жекешелендірудің жаңа бағдар­ламасын жасауды тапсырамын. Олардың ішінде, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгроға» кіретіндері де бар. Жекешелендіруден кейін осы үш басқару­шы холдингтің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құрылымдалатын болуы тиіс.
Жекешелендіру әділетті нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек. Мұнда акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетіктерге айналуы тиіс. Оған қазақстандық және шетелдік инвес­торларды барынша мол қатыстыру үшін жағдай жасау керек. Үкіметке барлық акционерлердің мүлкінен айырыл­ған­дар­дың активтерін сатып алуға деген басым құқықтарын алып тастауды тапсырамын.
Әрі қарай, Үкімет еркін және саламатты бәсеке үшін жағдайлар жасауы тиіс.
Біріншіден, Үкіметке антимонополия­лық қызметті күшейту бойынша нақты ұсыныстар жасауды тапсырамын. Бізге антимонополиялық ведомство туралы   мәртебесі мен жұмыс тәртібі нақты регламенттелген жеке заң керек.
Екіншіден, бағаны жасанды реттеу түрінде нарықтық ынталандыруларға қа­тыс­ты бұрмалауларды жою қажет. Үкі­метке экономиканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрі қарай көшуді жалғастыруды тапсырамын.
Үшіншіден, бәсекелестік саласындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдеріс­терімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарық­тық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе қай­тадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар мем­лекеттен түрлі түрдегі субсидиялар мен жеңілдіктер алу үшін кезекке тұрады. Бірде-бір дамыған елде компаниялардың банкроттығы саланың ыдырауына немесе жұмысшыларын босата отырып, кәсіп­орын­ның тоқтауына алып келмейді. Тиім­сіз менеджерлердің орнына өзімен бірге инвестициялар әкелетін жаңа меншік иелері келеді. Біз бәсекеге қа­бі­лет­сіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке  жеке және  заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті ресімдерін жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңілдетілген болуы тиіс.
Кәсіпкерлер, іскер азаматтар!
Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді да­мытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдас­тырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйым­да төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды.
* * *
Мен кәсіпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстандықтарға, барлық бизнесмендер мен іскер адамдарға сөз арнағым келеді. Мемлекет жекешелендіру мен экономикалық ырықтандыру бойынша біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барып отыр. Еліміз қазірдің өзінде көпшіліктеріңізге ақша табуға және іскерлік журналдардың бі­рін­ші беттерінен көрінуге мүмкіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды заң­дас­тыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсенді қатысуға шақырамын. Осылайша сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетін боласыздар.
ТӨРТІНШІ. Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері
Таяудағы онжылдықта Қазақстанның алдында тұрған міндеттер:
– экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету;
– өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыстырғанда кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу;
– экономикаға жыл сайынғы инвести­циялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу;
— 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орын­дарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру.
Экономикалық өсімнің мұндай қар­қы­ны тек экспорттық табыстар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалып­тас­ты­ру есебінен ғана қамтамасыз етіле ала­ды.
Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана жаһандық  дағдарыс салдарына тиім­ді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвестициялық саясат керек.
Біріншіден, трансұлттық корпорация­лар­ға екпін түсіре отырып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвес­тициялар» тарту үшін оңтайлы орта қа­лыптастыруымыз керек. Осы жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қаржыландыру, приват-банкинг және қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңірдегі көшбасшы-елге айналуы тиіс. Бізде озық техникалық кадрлар, әлемдік деңгейдегі инфрақұ­ры­лым­дар болуы тиіс, қоғамдық тәртіп пен адамдардың жеке қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек.
Инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған реформаларды әрі қарай жалғастыру ЭЫДҰ және басқа да халы­қа­ра­лық қаржы институттарымен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Үкіметке үш ай мерзім ішін­де инвестициялық ахуалды жақсарту­дың егжей-тегжейлі жоспарын жасап ұсыну­ды тапсырамын. Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвестиция­лық ахуалды жақсартуға бағдарланған Үкімет кеңесін құруды тапсырамын. Өңір­лер­де жергілікті маңыздағы жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек.
Екіншіден, экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңыз­ды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сондықтан 6 макроөңірлер – Оңтүстік, Солтүстік, Орталық – Шығыс, Батыс, Алматы және Астана үшін жеке бағдарла­ма­лар жасау қажет. Ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвести­ция­лық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс. Еңбек ресурстарының жұмыл-ғыш­тығын жоғарылату бойынша, бірінші кезекте, еңбек күші артық өңірлердің ең­бек күші жетіспейтін өңірлерге миграцияларды ынталандыруға бағытталған шараларды алдын ала қарастыру қажет.
Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарла­масы шеңберінде құрылатын біртұтас көлі­ктік, логистикалық  және коммуника­ция­лық архитектура аясында бірігулері тиіс. Қазіргі кезде «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс» шешуші бағыттары бойынша 11 жоба жүзеге асырылуда. «Боржақты – Ерсай», «Алматы – Шу» теміржол желілері мен Құрық портындағы паромдық өткел құ-ры­лыстары жүргізілуде. Бұл жобалар қа­зір­дің өзінде 72 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкіметке аталған бағдарла­ма­ларды жүзеге асыру ісін белсенді ете түсуді тапсырамын.
Сонымен қатар, экономикалық конъюнктураны есепке ала отырып, қаржылан­дыру көздерін әртараптандыру қажет. Менің ҚХР-ға сапарым барысында ЭксимБанкпен  2,6 миллиард доллар сома­сын­да займ тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазір мемлекеттік бюджет есе­бі­нен көптеген жолдар салынып жатыр. Бірақ бұл жобаларға шетелдік және жер­гілік­ті инвесторларды да тарту керек. Жа­қын болашақта «Нұрлы Жол» бағдар­ла­масы жобаларына жеке капиталды тарта отырып, қаржыландыру моделіне келтіру керек.
Үшіншіден, қазір әлемдік  және өңір­лік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендірек игерген жөн. Біз жақын жат­қан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар – Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды. Еу­ра­зиялық экономикалық одаққа шешуші өңірлік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мә­се­лелерді біздің әріптестерімізбен бірлесіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс. СІМ-ге осы міндеттерді орындау үш­ін Қазақстанның шетелдердегі мекемеле­рінің барлық ресурстарын іске қосу қа­жет.
Төртіншіден, бізге техникалық кадр­лар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыт­тарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталы­ғын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады.
Бесіншіден, Қазақстан экономикасы­ның инновациялық әлеуетін арттырған жөн. Болашақтың экономикасын құру үшін негіз қалау маңызды. Смарт-техно­ло­гиялар, жасанды интеллект, кибер­физи­калық жүйелер интеграциялары, бо­ла­шақтың энергетикасы, жобалау және инжиниринг салаларында біліктілікті дамыту қажет. Мұны тек тиімді ғылыми-инновациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға  болады. Назарбаев  Университет­тің «Астана бизнес кампусы» хайтек-паркінің базасы мен Алматыдағы «Алатау» техно­паркінде қалыптастырылатын қуатты зерттеу университеттері мен инно­вация­лық кластерлері оның негізіне айналады. Астанада ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрме­сін өткізу бізге «жасыл технологияларға» негіз­делген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға жақсы мүмкіндік береді.
БЕСІНШІ. Жаңа әлеуметтік саясат
Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамас­тан, біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеу­меттік саланың мемлекеттік шығын­да­ры нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемле­кеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам азамат алады.
Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеу­меттік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаң­тарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызмет­кер­лердікі – 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкер­лерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңта­рынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейне­та­қыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жы­лы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызмет­ші­лердің еңбекақысы 30 пайызға арт­ты­рылатын болады. Бұл мақсаттарға қар­жыны біз бюджеттік шығындарды оң­тай­лан­дырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеу­меттік міндеттемелерімізді орындаймыз!
Мен барлық әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге сөзімді арнамақпын. Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақс­тан­дыққа қосымша салмақ. Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақс­тан­дықтарға қатысты әлеуметтік әділет-сіз­дікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл – солардың ақшасы!
Бүгінде тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнық-ты, тиімді экономиканың нақты негізі болу­ға қабілетті. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарлама­ларды қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғай­ты­ла­тын болуы тиіс. Бұл жергілікті инф­рақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есе­бінен еңбек рыногының тұрақтылығын қам­тамасыз ететін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйымдасты­рылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде.
Бүгін мен жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қоямын. Мемлекеттің әлеу­меттік саладағы ролі әлсіз қорғалған азамат­тарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өздері­нің еңбектерімен табулары тиіс. Азамат­тарымыздың жекелеген топтары­ның ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құ­ры­лымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет. Үкіметке үш ай ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қа­тысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді тапсырамын. Әлеуметтік саясаттағы мемле­кет­тің басымдығы адам капиталын да­мы­туға кең ауқымды инвестициялар бол­уы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағ­дарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарла­масы басталатынын жариялаймын. Үкі­метке  оны жасауға кірісуді тапсырамын.
Қазақстанның жас азаматтары!
Білімді, еңбекқор, бастамашыл, бел­сен­ді болуға қазірден бастап дағды­ла­ныңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар.   Шеберліктің шыңына жете білсеңдер  мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.  Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда.
* * *
Мен жастарымызды жұмысшы маман­дығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін кию­ден бастадым, домна пеші от-жалыны­ның жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжіри­бе­лерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да міндетті түрде кәделеріңе жарайды.
Тұтастай алғанда, Жолдауда ілгеріле­тіп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және әдеттегісінше, сенімді қаржыландырумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бө­лі­ніп үлгерілген болатын. «Нұрлы Жол» бағ­дарламалары жобаларына – 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қазақстанға халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан бөлінді. Қытай Халық Республикасынан 2,7 миллиард доллар көлемінде несие берді. Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге  тартылмақ. Осы қаржыларды тиімді пайдалану – Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі.
Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызметімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық. Олар бізді қолдап келеді. Сіздер менің сапарларым мен әлем­нің жетекші елдерінің көшбас­шыларымен келіссөздерімнің куәгерлері болдыңыздар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл – 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге сапарларым да, экономи-калық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, табысты болды. Жасалған келі­сім­шарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды. Елімізге Ресей Президентінің сапары біздің дәстүрлі ізгі көршілестік қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы мен беріктігін және эко­но­ми­калық интеграцияның дамып келе жат­қанын көрсетті. Жапония премьер-министрінің сапары инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың көк­жиегін кеңейтетін болады. Бізге тұң­ғыш рет «Тойота» концерні келіп, Қазақс­танда автомобильдер шығарады.
Басты нәтижелердің бірі – бізге халық­аралық қаржы институттарының жоғары сенімі болып табылады. Осындай күрделі кезеңде біздің реформаларымызды қолдай отырып, олар 9 миллиард доллар көле­міндегі қаржы ресурстарына қол жеткі­зуімізге жол ашты. Біз Еуропалық Одақпен тереңдетілген әріптестік пен ынтымақ­тастық туралы келісімге қол қойдық. Біз әлемдік қоғамдастықпен ядросыз әлем үшін, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте біргеміз. Біз кез келген жанжал­дардың бейбіт жолмен шешілгенін қалай­мыз және осы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.
Дүниежүзінде біз бастаған реформалар туралы, Жүз қадам туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достарымыздың көңілін қалдырмауға тиіспіз. Бұл реформалар, мен аталған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты міндеттерді орындау оңай болмайды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, оларға балама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейіндеп қаламыз. Бірақ біз, әдеттегідей, белгілегендеріміздің бәрін жасаймыз.
Құрметті отандастар!
Жаңа 2016 жылдан Ұлт жоспары шең­берінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды. Бүгін мен экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шаралар туралы хабарладым. Барлығымыздың мойнымызда еліміздің болашағы үшін орасан зор жауапкершілік жатыр. Алдымызда қиын жұмыстар күтіп тұр. Қазақстан хал­қына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін. Жолдау бар­лық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсін­діру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын.
Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақс­та­нымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!
 Қымбатты қазақстандықтар!
Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы же-ң­у­ге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідір­мей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.
Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәу­ел­сіздіктің туын желбіретіп, тұғырын ны­ғайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тіле­гіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!
Мен халқыма сенемін. Көк байрағы­мыз­дағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін!  Барды бағалап, жоқты жасай білген жасам­паз жұртымыздың көк байрағы әр­дайым биікте желбіресін!
Алға, Қазақстан!

Үн қату 

Жаңа серпілістерге жетелейді
Президент өз Жолдауында «Мәңгілік Ел» болуға бізде бәрі бар», – деді. Біз де Жол­дау жайлы ой-пікірімізді осы тұстан бастағымыз келеді. Қазір бүкіл әлемді эко­номикалық дағдарыс қыспаққа алып отыр. Дағдарыс кезінде еліміз қайрандап қалмас үшін Елбасы стратегиялық аса маңызды жобаларды ел назарына ұсын­ды. 2016 жылға арналған Жолдау жобаларын жүзеге асыру үшін 7,5 трл. теңге қарас­тырылған. Ел қамын жеген Едіге­дей – ұлы реформатор Елбасымыз қиын­шылық пен қауіп-қатерлердің алдын алып, экономикалық потенциалымызды дер кезінде әрі тиімді пайдалануға күш салып, үкіметке үлкен жауапты тап­сырмалар берді.
Елбасы өз Жолдауында халықтың көңіл-күйін, тұрмыс-тіршілігін, елдің жағдайын бірінші  кезекке қойып отыр. Әлеуметтік төлемдер мен айлық жала­қы­лардың мөлшері айтарлықтай өсетін болды. Мемлекет  тарапынан көрсетілетін қамқорлық еселене түспекші.
Жолдау осылайша ел рухын бір кө­те­ріп тастады. Жолдаудың құндылығы сол – әрқайсымызды толғандырып жүр­ген мәселелердің шешімін табуға жол ашады.
Мен өзім кәсіпкер болған соң Елба­сы­ның кәсіпкерлерге қаратып айт­қан сөздерін ризашылықпен қабыл­да­дым. Шағын және орта бизнестің қанат жайып, өркендеуіне Елбасының еңбегі ерек­ше. Президенттің көрегендігі мен қам­қор­лығы болмағанда ШОБ мұнша­лықты шарықтап дамымас еді. Президент кә­сіп­керлерге үлкен сенім білдіріп отыр. «Біз сіздерге барлық жағдай жасап бер­дік, аяққа нық тұрдыңыздар. Тапқан та­­быс­­тарыңызды ел игілігіне жұм­саңыз­дар», – деді. Барлық  кәсіпкер  әріптес­терімді Елбасы сенімін ақтауға шақыра­мын. «Бай болсаң еліңе пайдаң тисін» деген осындайда айтылса керек.
2017 жылдан бастап жастарға тегін кә­сіп­тік білім берілетін болады. Әп, бә­рекелді! ЖОО, колледждерге оқуға түсе алмаған жастар енді бір кәсіпті игеріп шығады. Электрик, бетоншы, слесарь, трак­торшы, фрезировшик, аспаз, токарь, т.б. ауадай қажет мамандар көбейеді. Олар түрлі салада қызмет етіп, ел экономикасын көтеруге атсалысады. Елбасы өз Жолдауында елді саналы еңбекке шақырады. «Еңбек ет те, міндет ет» де­ме­­кші, жұмысқа қабілетті барша жұртты, әсі­ресе, жастарды еңбекқор, бастамашыл, жаңалыққа жаны құмар болуға үндеу тастады.
Қазақстан Республикасының Прези­ден­­ті Н.Ә.Назарбаевтың кемел Көш­бас­шы­лығымен қазақстандық қоғам сара жолмен жүріп келеді. Шатқаяқ­та­ға­ны­мыз жоқ, нұрлы жолда келеміз. Елбасы­ның биылғы Жолдауы – санамызға сіл­кініс туғызып, алдағы табыстарға тал­­пын­дырып, келешекке деген сенімді ны­­ғайтып, жаңа серпілістерге же­те­лей­ді.
Бауыржан Оңғарбаев,
 кәсіпкер,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің
иегері, «Алпамыс батыр»
қоғамдық қорының президенті.

Жаһандық  дағдарыс жағдайында…
Жолдау барысында «Санаулы күн­дерден кейін біз азаттық туын жел­бірет­кен Тәуел­сіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына  аяқ басамыз. Бұл – Тә­уел­­сіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қоры­тын­ды­лай­тын мерейлі  сәт. Тәуел­сіз­­дікті баянды ету – оған қол жеткізуден де қиын екенін біз о­сы жылдар ішінде көріп-білдік. Мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай нығайту үшін бізге әлі талай күрделі, өткелі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Ең жақсы жос­пар – заман талабына бейімделген жос­пар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді  белгілеп, жоспарларымыз­ды нақтылап отыруымыз қажет. Біздің мақ­са­тымыз – елі  бақытты, жері гүл­ден­ген, қасиетті Отанымыз – Қазақстанды Мәңгілік Ел ету», – деді Елбасы.
Президенттің Қазақстан халқына Жол­дауын Қазақстанның тұрақты бола­шаққа деген сенімін нығайтты.
Елбасы: «Үкімет біз үшін не істейді, партия не істейді деп ойлағанша, біз еліміз, жеріміз үшін не істей алатынымыз туралы ойлануымыз тиіс. Еңбек етіп, алдымызға жоғары мақсаттар қо­йып, алға ұмтылумыз керек, содан кейін ғана біз көп оң нәти­желерге қол жет­кізе аламыз. Қазір бюджет қаражатын оңтай­ландыру халықтың игілігі  үшін ең алдымен  елеулі нәтижелерге әкелетін жоба­ларға бағытталатын болады».
Қазақстанның Тұңғыш Президенті халықаралық қоғамдастықтың мойындауымен посткеңестік кеңістіктегі, сонымен қатар, халықаралық аренада ин­тег­рациялық үдерістердің Көшбас­шы­сы ретінде танылды. Әрине, қазіргі Қазақс­тан­ның әлемнің қарқынды дамып келе жатқан елдерінің қатарына енуі, Тұңғыш Президентіміздің атқарған үлкен ролі.
Қазақстанда 2017 жылдан бастап тегін  кәсіби-техникалық білім енгізіле­тін болады. Сонымен қатар, Мемлекет жас қазақстандықтарға негізгі маман­дық­тар беруге міндеттеледі. Сөз арасында жұ­мыс­­шы мамандығын игеру мәселе­ле­ріне қатысты баяндай келе, Елбасы жастар үшін жасқанбаудың маңызды екенін ескертті. Президенттің айтуынша, «Жұ­мыс­шы мамандықтарын игеру керек. Мектеп бітірген соң біреулері кол­леджге, университетке түседі, біреулері армия қатарына аттанады. Дегенмен, олардың отыз пайызы қалады. Олар мамандық алулары керек. Үкіметке бағдарламаны (жобаны) іске асыруды міндеттеймін», –  деді.
Жолдау барысында Елбасымыз «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Бүгінгі ахуал – жетіс­тік­те­рі­мізді сынға салып, елдігімізді шыңдай тү­сетін кез. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер тө­гуіміз қажет. Сәт сайын құбылған аласа­пыран заманға сай амал табуымыз керектігін»  айтып өтті.
Елбасының бұл  Жолдауы бағыты­мыз­­ды  айқындап, бағдарымызды нақты­лай­ды. Қазір білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға дағдылану заманы. Жастар жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл қадам жасау керек. Білім шыңына жете білген маманның болашағы жақсы. Қа­зір техникалық мамандықтардың, ғы­лым мен инновацияның күні туған заман. Білім алып, алған біліммен шек­тел­мей еңбек еткен, талмай ғылым із­деген, жалықпай техника меңгерген адам еңбек нарығындағы бәсекеге қабі­летті. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Елбасының жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен ат­қарып жатқан қыруар істері бәрі жас­тар үшін, болашақ үшін жасалуда. Ел беделін көтеретін 2017 жылы өтетін әлем­дік ауқымдағы ірі оқиға Бүкіләлем­дік мамандандырылған «Expo-2017» көр­месі – соның бір жарқын дәлелі. Бұл Қазақстан әлеуетінің зор, беделінің  биік екенін көрсетеді. Бүгінгі күні әлемдік дағдарыс жағдайында ел Президенті қазақстандықтардың тұрмыс-жағдайы­ның оңды болуына бар күш-жігерін жұмсауда. Бұл бағытта Елбасы жаңа экономикалық саясатты айқындайтын «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды. Осы құнды құжаттар бізге ғаламдық сынақты лайықты еңсеріп, ел экономикасының тұрақтылығын сақтап қалуға, ел болашағы жас мамандар мен ғалымдардың біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жылдан жылға ерекше саясатымен еліміздің жағдайын жаңарту мен көр­кейту бағытында еңбек етіп жүрген Елба­сымыз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Римма Жанбаева,
ҚазҰТЗУ-дың
Ақпараттық-аналитикалық
орталықтың бас маманы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір