Білім мен тәрбие
Білім мен ғылым – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айрықша көңіл бөлетін маңызды сала. Қазақстанның алға қойып отырған мақсаты – әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына кіру болса, бұл меже білімді ұрпақсыз іске аспайды. Сондықтан да болар, барлық дерлік Жолдауларында Елбасы білім саласын жақсарту мәселесін міндетті түрде қозғап отырады. Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асыру жөнiндегi «100 нақты қадамның» 10 бағыты – бiлiм саласына арналған. Ал Президенттің «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман», «заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді», – деп білім мен ғылымның маңыздылығына қатысты айтқан сөздері жастар үшін үлгі-өнегеге айналғаны ақиқат.
Оңтүстік Қазақстан – дарынды да қабілетті жастармен ерекшеленетін өңір. Демографиялық тұрғыдан да облыстың алар орны ерекше. Бүгінгі таңда Оңтүстікте 1022 білім ошағы жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, биыл 602 мыңнан астам бала мектепке барған. Олардың 70 448-і бірінші сынып оқушылары.
Облыс басшылығы орта білім жүйесін дамытуға ерекше назар аударып отыр. Жылдан жылға білім беру саласын қаржыландыру көлемі өсуде. Айталық, 2010 жылы облыстың білім беру саласын қаржыландыру көлемі 98 миллиард теңге, былтыр 119 миллиард теңгені құраса, биылғы көрсеткіш 184,9 миллиард теңгеге жеткен. 2015 жылы облыста 22 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың жетеуі Шымкент қаласында болса, Сарыағаш ауданында – 6, Бәйдібек, Ордабасы, Созақ, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласында да екі мектептен ашылды. Сондай-ақ, биыл 100 білім нысаны күрделі жөндеуден, 697 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді. Осындай ауқымды істердің арқасында облыстағы үш және төрт ауысымда оқытатын мектептердiң мәселесі де ойдағыдай шешiлдi.
Бастысы – мектептердің материалдық жағдайын жақсарту білім сапасының да артуына тікелей септігін тигізуде. Олай дейтініміз, биыл облыста 18 112 оқушы ҰБТ тапсырып, олардың орташа көрсеткіші 78,8 баллды құраса, «Алтын белгі» иегерлерінің саны – 608-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 172-ге артты. Яғни еліміздегі «Алтын белгінің» әрбір үшінші иесі – Оңтүстіктің түлегі деген сөз. Жалпы, соңғы төрт жылдың қорытындысы бойынша облыстың орта балы 11,8 балға жоғарылап, «Алтын белгі» саны 370-ке артты. Тағы бір дерек: Республикада анықталған ҰБТ нәтижесі бойынша ең үздік 100 мектептің қатарында облысымыздың 25 мектебі енген. Яғни қай жағынан алғанда да өрлеу, ілгерілеушілік бар.
Білім сапасы жайлы әңгіме қозғалғанда қазіргі таңда көпшіліктің назары бірден Назарбаев Зияткерлік мектептеріне ауады. Себебі, халықаралық талаптарға толық жауап беретін бұл мектептер ХХІ ғасырдағы орта білімнің нағыз үлгісі десек, қателеспеспіз. Мұнда іріктелген үздік оқушыларды үздік оқу бағдарламасымен тәрбиелеу қолға алынған. Зияткерлік мектептерді ашудағы негізгі мақсаттың бірі – орта білім саласында жаңа стандарт орнатып, ол тәжірибені өзге де мектептерге тарату. «Назарбаев зияткерлiк мектептерiнiң» жетістіктерін, балаларды оқыту тәсілдерін жалпы бiлiм беретiн өзге білім ұяларында қолдану үшiн тiрек мектептерi мен үш жыл қатарынан деңгейлiк оқулардан өткен 8450 педагог жұмыс iстеуде.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ашылуы – мемлекет басшысының білім саласына айрықша көңіл бөлетінінің тағы бір дәлелі екені даусыз. Өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласы туралы айта келе Елбасы былай деді: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет». Осыдан шығатын қорытынды – Назарбаев Зияткерлік мектептері қазақстандық білім көшін бастап келе жатқан, білім берудің айқын үлгісі болып табылады.
Жаңа дәуір мектебінің үлгісіне айналған зияткерлік мектептерге артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Білім берудегі үздік қазақстандық дәстүрлер мен халықаралық тәжірибені үйлестіретін мектепте жаратылыстану-математика бағытында білім берудің инновациялық, көптілділік жүйесінің моделін әзірлеу мен енгізу арқылы отандық білім саласының әлеуетін арттыруға ықпал ету көзделген. Бүгінгі таңда елімізде 20 зияткерлік мектеп жұмыс істеп жатса, соның ішіндегі екеуі Шымкент қаласында орналасқан. Осының өзі Шымқаланың зор әлеуетке ие екендігін айғақтайды.
Биылғы білім күнінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болып, ұстаздар қауымы және оқушылармен кездесті. Мектептің 7-сыныбына биыл 120 оқушы қабылданған екен. Білім ордасының оқу базасымен танысқан өңір басшысы әсіресе, оқушылардың ғылыми ізденістеріне ерекше көңіл бөлді. Мамандығы бойынша инженер Бейбіт Бәкірұлы оқушылармен пікір алмасып, тіпті жобаларда қолданылған формулаларға дейін қызығушылық танытты. Әлбетте, бұл жайт оқушыларды да, ұстаздар қауымын да әрі таңқалдырып, әрі сүйсіндірді. Өңір басшысының жас өрендердің ғылыми ізденістеріне айрықша көңіл бөлгені оқушыларды қанаттандыра түсетіні сөзсіз.
Сапалы білім беруді, оқушылардың еркін ойлауы мен дербес әрекет етуіне жағдай жасауды, сондай-ақ, оқу үдерісіне инновациялық жаңалықтар енгізуді өз миссиясы ретінде қарайтын Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебі соңғы жылдары үлкен белестерді бағындырып келеді. Жалпы, бұл білім ордасы республикалық зияткерлік мектептер жүйесінде үздік бестікке кіреді. Көрсеткіштері де соған сай. 2014-15 оқу жылы еліміздегі Зияткерлік мектептерді 1699 оқушы аяқтады. Олардың ішіндегі 1495 түлегі немесе 88 пайызы Қазақстанның жоғарғы оқу орындарына қабылданды. Ал Шымкенттегі химия-биология бағытындағы мектептің көрсеткіші одан да жоғары: биылғы 127 түлектің 126-сы ҰБТ-да жоғары балл жинап, мемлекеттік грант иегері атанды. Айта кетерлігі, оның ішіндегі 40-ы Назарбаев университетінде білім алуда. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Назарбаев университетіне түскен түлектер саны бойынша 8-орыннан 3-орынға көтерілді. Бұл жетістікте Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің елеулі үлесі бар деуге болады.
Мектептің басты мақсаттарының бірі – сапалы білім берумен қатар, оқушылардың бойында тұлғалық қабілеттерді де қалыптастыру. Мекеме директоры үлкен жетістікке жеткен тұлғалармен кездесу оқушылар үшін орасан зор мотивациялық мәні бар шара деп біледі. Соның ішінде, бітіруші сынып оқушы- ларын асқақ армандарға үндеп, олардың әрбірімен жеке сұхбат өткізу арқылы болашақ түлектерді жетістікке жетелеу жолындағы ынтасын арттырып отыруды өзінің басты міндеттерінің бірі санайды. Сондықтан ғылым саласында, спорт пен өнерде айтулы табыстарға жеткен танымал азаматтармен кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл өскелең ұрпақтың алдына биік мақсаттар қойып, жаңа жетістіктерге ұмтылуға ынталандыра түсетіні анық.
Соңғы айда ғана өткен кездесулерге тоқталып өтсек, мектепке Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров пен Серік Сәпиев, талай байрақты бәсекелерде қазақтың көк туын желбіретіп жүрген боксшы Біржан Жақыповтың келгенін айтсақ та жеткілікті. Мектеп оқушылары атақты спортшыларды үлкен ықыласпен қарсы алып, кездесулер барысында спорттағы жетістіктердің құпиясына деген ерекше қызығушылықтарын байқата білді.
Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі де зор жетістіктерімен мақтана алады. Дарынды оқушылардың бойындағы қабілеттерді жан-жақты дамытуға айрықша көңіл бөлінетін бұл мектептің оқушылары әсіресе өнерге жақын. Оның бір дәлелі – жуырда республикалық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінде І орын еншілеуі. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлттық тарихымызды ұлықтайық» атты республикалық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесіне отандық өнімдерді дайындайтын 30-дан аса өндіріс орындары және білім мекемелерінің ұлттық нақыштағы қолөнер мен баспа еңбектері қойылды. Байқауда Назарбаев зияткерлік мектебінің бір топ оқушыларымен қатар, Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстары-ның он саусағынан өнер тамған шеберлері бақ сынасты. Зияткерлік мектептің намысын қорғаған балалар жұрттың назарына «Қышпен жұмыс», «Роботты техника», «Өнер тамған он саусақ», «Жас кілемші», «Жас қолөнершілер», «Сабанмен жұмыс», «Алтын оймақ», «Көркем сурет» сынды үйірмелерде жасаған бұйымдарын ұсынды. Жас шеберлердің туындылары келушілерді таңқалдырып, іс-шараның қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленді.
Оңтүстіктің оқушылары дәстүрлі түрде көптеген республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып келеді. Солардың тек негізгілерін атап өтейік. Оңтүстіктің оқушылары жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада 2015 жылы екі бағыт бойынша бірдей жүлделі ІІІ-орындарды, «Үздік олимпиадалық мектеп – 2015», «Үздік олимпиадалық команда – 2015» және «Ең үздік олимпиадалық команда – 2015» атақтарын және Шардара дарын мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрғали Асылхан физикадан «Ең үздік ауыл оқушысы – 2015» номинациясы, оны дайындаған мұғалім Тахымбеков Сатыбалды «Ең үздік ауыл мұғалімі – 2015» және «Олимпиада шыңына жетелеуші – 2015» номинацияларын иеленді.
Қазақстандық «Бастау» математикалық турнирінде қазақ тобы І-орынды, орыс тобы ІІІ орынды, «Жарқын болашақ» VІІ республикалық «КАТЕV» қазақ тілі олимпиадасында І-орынды, 2 жылда бір рет өтетін мектеп және колледж оқушылар арасындағы республикалық жазғы Спартакиадасында І-орынды, 1-7 сыныптар арасында өткізілген «Зерде» 10-шы Республикалық конкурсында І-орынды, Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша VІІ Президенттік олимпиадада 2 оқушы ІІ-орынды, 15 мемлекеттен 480 оқушы қатысқан 11-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 2 оқушы 3-орынды иеленді. Міне, жас болса да, осындай биіктерді бағындырып жүрген жеткіншектер – Оңтүстіктің мақтанышы, болашақта еліміздің дамуына сүбелі үлес қосатын өрендер.
Осы айтулы жетістіктер Оңтүстіктегі білім стандарты жыл санап өсіп келе жатқанын, мектептер білім берудің жаңа деңгейіне шыға бастағанының айғағы. Әйтсе де, білім сапасын арттыру бағытында әлі талай шаруалар күтіп тұр. Өңiр басшысы, әсіресе, жастарды бәсекеге қабiлеттi етiп тәрбиелеу, мектептердiң рейтингiсiн белгiлеу, бiлiм саласындағы сыбайластықты жою мәселелерiне ерекше назар аударып отыр. Жаһандану дәуірінде ұлттық тәрбиеге тереңiрек көңiл бөлiнгенi жөн. Әлемдiк биiкке көтерiлудiң тағы бiр жолы – ағылшын тiлiн меңгеру. Осы орайда мұғалiмдердiң бiлiм сапасын арттыру да уақыт талабы.
Ғалымжан Қамытбекұлы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.