ҚАЗІР ШЕКСПИРДІ ҚОЙЫП ТАҢҚАЛДЫРА АЛМАЙСЫҢ…
06.04.2021
1734
4

Бақыт НҰРПЕЙІС, өнертану докторы, театртанушы,

 Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚҰӨА-ның профессоры.

 Еліміздің театр өнері ұлттық сипаты мен эстетикасы басқа ұлттардан ерекшелгенімен, оның даму үрдістерін әлемдік өркениеттегі мәдени контекстерден бөлек қарастыруға келмейді.  

     Бүгінгі жаһандану дәуірінде ақпараттар алмасу, инновациялық технологиялардың дамуы, радио, телевидение, ғаламтор желісінің жетілуі сынды көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан жаңалықтар дүниежүзі халықтарының арасындағы саяси-әлеуметтік қарым-қатынасқа ғана емес, мәдени байланысқа да әсерін тигізіп отыр. Дәл қазіргі кезде әлемдік театр өнері  қарыштап дамып, соның ішінде Батыс Еуропа театры постмодернистік, постдрамалық деп белгіленген тенденциямен үздіксіз алға жылжып барады. Постдрамалық театрда драмалық мәтін бірінші кезекте тұрмайды. Мұнда әдеби ұстанымдар шетке ығыстырылып, режиссер тәуелсіз шешімдерге бара алады. Постдрамалық театрда перформанстан бастап, заманауи би мен тән театрының, музыкалық және пантомималық, қуыршақ және цирктік театрдың элементтері мен хэпенинг синтезі тиімді пайдаланылады. Cәт сайын жаңғырып отырған жаңа театрлық концепциялар мен режиссерлік шешімдер шығармашыл тұлғалар дүниетанымының сан қырлы, терең екендігін дәлелдеп келеді. Еуропа театрлары кинематография тәсілдері мен компьютерлік технология жетістіктерін спектакльде бейнелі құрал ретінде кеңінен қолдану барысында жаңа көзкөрімдік (визуалды) бейнелер жасауға мүмкіндіктері мол. Айталық, канадалық театр режиссері Робер Лепаж аса күрделі жарық техникасы  мен мультимедианы пайдалану арқылы ХХІ ғасыр театрының жаңа формасын жасап берді. Оның спектакльдерінде 40-тан астам жарық түстері қолданылып, кейіпкерлердің жан тебіреністерін көрсетуде бейнепроекция көмегін мықты құралына айналдырды. Дарынды суреткердің режиссурасымен жарық көрген «Айдаһарлар трилогиясы», «Айдың екінші беті», «Гамлет Коллаж», «Кориолан», «887» т.б. спектакльдері компьютерлік технологияны театрда тиімді пайдаланудың озық үлгісі болып табылады. Ал америкалық театр режиссері Роберт Уилсон, неміс Андреас Кригенбург,  щвейцарлық Даниэле Финци Паска, итальян Ромео Кастелуччи драмалық театр мен басқа өнер түрлерін: музыка, кинематография, пантомима, цирктік буффонадалар мен заманауи хореографияны тоғыстырып айрықша театр стилін жасады. Олардың спектакльдері пластикалық әдемілігімен және жарық партитурасымен ерекшеленеді. Бұлардан  басқа француз Филипп Жантидің қуыршақ театрындағы, неміс Франк Касторфтың мюзиклдегі, ағылшын Мэтью Борн мен француз Жозеф Наджтың хореографиядағы жетістіктері олардың көркемдік қиялдарының тереңдіктерімен қоса, жаңа технологияны театр әлеміне кіріктіре алуымен таңғажайып нәтижелерге жеткізді. Бұл суреткерлер өз қойылымдарында адам рухының кемелдігін жаңа шығармашылық тыныспен бедерледі.           

        Жасыратыны жоқ, әлемдік театр өнерінде болып жатқан тың жаңалықтарды үнемі бақылаудың өзі оңай емес. Олар тоқтаусыз, аса бір ғарыштық жылдамдықпен алға қарай зымырап  барады.

       Біздің Қазақстан театрлары да рухани құндылықтарды, қоғамның келбетін, адам өмірінің маңызын көрсетудегі ізденістерін жалғастырып келеді. Олар өз мүмкіндіктеріне қарай уақыт талабына лайық алға жылжуды көздеп отыр. Көптеген сахналық эксперименттер арқылы жаңа театр формаларын енгізуге деген талпыныстар көрермендердің назарын аудара бастады. Кейбір мемлекеттік театрлармен бірге көркемдік келбетіне заманауи форма мен жаңашылдық, экперименттік және лабораториялық ізденістер тән «Арт и Шок», «Жас сахна» т.б. театрлар әлемдік театр өнерінде болып жатқан жаңалықтарды жіті қадағалап, спектакльдерді заманауи әдістермен  қоюға бейімделе бастады.

        Қазіргі кезде қазақ театрында «визуалды театр», «жаңа драма», «перформанс-қойылымдар», «санудрама», «вербатим», «би театры», «суретші театры», «физикалық театр», «иммерсивтік театр», «инклюзивтік театр», т.б. формалар қылаң берді. Осы айтылған театрлық формалардың кейбіреуі қолданысқа ене бастаса,  енді біреулері спектакльдерде ішінара элемент ретінде байқалып жүр. Еуропада жүргізіліп жатқан әртүрлі режиссерлік эксперименттік және лабораториялық жұмыстарды көре отырып, батыл ізденістерге барған Д.Жұмабайдың «Үйлену»,  «Ромео мен Джульетта», «Ричард ІІІ», «Макбет», Е.Нұрсұлтанның «Лир патша», Б.Шамбетовтың «Шолпанның күнәсі», Ф.Молдағалидың «Қарагөз», «Құлагер», А.Салбанның «Медея», Д.Базарқұловтың «Мен», Г.Адайдың «Дауыс. Дау іс» («Үзілген бесік жыры»), «Ғажайып трагедиясы» т.б. спектакльдер көпшіліктің әрқилы пікірін тудырып келеді. Тіпті, қарапайым көрермендерді былай қойғанда, Д.Базарқұловтың «Мен», Г.Адайдың «Жұбан» спектакльдеріне Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының актерлері ашық қарсы шықты. Жоғарыда аталған қойылымдар негізінен реализмнен гөрі, театр өнеріндегі шарттылықтарға бағындырылып, ойнау үрдісінің физикалық, когнитивті әдістеріне сүйенді. Бұларды режиссерлік интерпретациясы айқын, ізденіс аясы кең қойылымдар қатарына жатқызамыз. Сонымен бірге заманауи театрлық  формалардың актерлік өнерге үлкен сынақ екені де осы спектакльдерден байқалды.  Яғни, актерлер бейне сомдауда кейіпкердің ішкі жан дүниесін көрсетумен бірге сахнада пластикалық тұрғыда әдемі қимылдау, билей білу мен ән салу қабілеті жетілген, каскадерлік қарымы бар, дене-бітімі тартымды болуы алдыңғы кезекке қойылды. Алдағы уақытта жаңа театрлық ағымдарға ілесу  үшін қазақ актерлеріне өзінің ойнау техникасын үздіксіз жетілдіру міндеті өткір қойылатыны сөзсіз. Облыс театрларындағы  кейбір актерлердің бүгінгі әлемдік театр өнеріндегі құбылыстардан хабарларының болмауы, режиссерлік ізденістерді түсіне алмаулары олардың өз қазанында «ескіше қайнап» жатқанына дәлел.           

       Егер театр өнерінің тарихын кезеңдік спектакльдер жасайтынын ескерсек, онда соңғы жылдары жарық көрген С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық сазды-драма театрының «Шолпанның күнәсі» (М.Жұмабаев) спектаклі аузымызға бірден ілінеді.  Бұл спектакльде заманауи театр тәсілдері ұлттық менталитетке байланысты қолданылып, форма мен мазмұн бірлігі тұтастыққа жетуімен ерекшеленді. Режиссер Б.Шамбетов сахна өнеріндегі ұлттық болмыс-бітімнің, философиялық дүниетанымның көрсеткіші ретінде бағаланатын әдет-ғұрыптарды, символдар мен метафораларды  қазіргі театрда пайдалану әдісін  көрсетіп берді. Ең бастысы, спектакль кейіпкерлерінің іс-әрекеттерінен, сөйлеген сөздерінен, ым-ишараларынан, пластикалық қозғалыстарынан  қазақ екені көрініп тұрды. Аталған спектакль ұлттық туындыларды сахнаға шығарудың озық үлгісі деп бағалауға лайық. Мұндай спектакльді кез-келген халықаралық театр фестиваліне қатыстыруға болады.

       Қазақ театры әлемдік деңгейге көтерілсін десек, ең алдымен өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды танытатын спектакльдер қою керектігін жиі айтып жүрміз. Себебі  ұлттық рухы  мықты, тамыры тереңге кеткен спектакль ғана өзге жұртты қызықтырары сөзсіз. Қазіргі кезде біздің театрымыздан оқ бойы алға озып кеткен әлемдік театр  майталмандарын Шекспирді  немесе Гаутманды қойып таңқалдыра алмаймыз. Бұл шетелдік классиканы шығармау керек деген сөз емес. Ол қашан да шеберлік шыңдаудың биік көрсеткіші болып қала береді. Ал біздің қандай ұлт екеніміз өзіміздің төл туындыларымызды сахналау арқылы ғана көрінері даусыз.  Қазақ әдебиетінің алтын қорындағы небір құнды шығармалар әлі күнге дейін сахна төрін көрмей жатыр. Солардың арасынан осыдан үш жыл бұрын  Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жастар театрының сахнасында қойылған С.Мұратбековтың  «Жусан иісі» (Ж.Жұманбай), өткен жылы ғана осы театрда премьерасы болған І.Жансүгіровтың «Құлагер» (реж. Ф.Молдағали) спектакльдері көрермендерді бірден баурап алды. Осындай өз бойына ерекше ұлттық, әлеуметтік және психологиялық белгілер жинақтаған дүниелерді шығаруға режиссерлер тарапынан белсенділік аз.  Қазақы жаны бар спектакльді қазақтан өзге ешкім қоя алмайды. Мұны ұлттық дүниетанымы бар, өзінің ана тілін, дінін, ділін жақсы білетін режиссер  ғана жүзеге асырады. Бізде шетелдің мықты спектакльдерін, режиссерлерін зерттеп, солармен сусындап, соларға ұқсас дүниелер қоюға талаптанып жүрген жас буын  режиссерлер санаулы болса да бар екенін айттық.  Олардың жаңашылдыққа деген ұмтылыстарын әруақытта құптаймыз. Бірақ, қазақ театры әлемдік деңгейге көтерілсін десек, ең алдымен өзіңнің рухани мұраңды зерттеп, өзіңнің ұлттық болмысыңды танытуың керек. Өйткені әлем әдебиеті мен  театры терең мұхиттай өзіне тартып әкетеді. Егер рухани алтын қазығың  мықты  болмаса, сол мұхиттың терең иіріміне түсіп кеткеніңді байқамай қаласың. Мұны айтып отырған себебіміз бүгінгі қазақ театрына ұлттық мінезді, ұлттық танымды, ұлттық салт-дәстүрді көрсетудің жаңа режиссерлік тілі жетіспейді.      

        Қазақ театрының шығармашылық өмірінде өшпес із қалдырып, неше буын актерлер шеберлігінің өсіп қалыптасуына ықпал еткен «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қаракөз», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б. классикалық пьесаларымызды сәтті шығара алмай жүргендер де бар. Өткен ХХ ғасыр сахнасында қойылған классикалық туындыларда драматург мәтініне қол тигізбей,  кейіпкерлер өмір сүрген тарихи ортаның көрінісі, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы көркем бейнеленді. Шығармадан тыс, пьесаның ерекшелігінен бөлек режиссерлік шешімдер болмайтын. Ал қазіргі кезде «классиканы жаңаша оқу» тенденциясын дұрыс ұқпағандар пьеса мәтінін қарабайыр тілге бұрып, диалогтарды қысқартып, жөн-жосықсыз қайшылаудан көп ұтыла бастады. Классикалық туындыларға бүгінгілік үн береміз дегенді желеу етіп, әр режиссер пьесаны өзінше «түзеп-күзеп» драматургтың стилін бұзғаннан кейін оның көркемдік құндылығынан ештеңе қалмайтыны түсінікті. Сонда, қазақ театры шаңырақ көтерген кезден бастап сан буын режиссерлеріміз бен актерлеріміз көздің қарашығындай сақтап келген ұлттық классикамыз форма іздеу жолында «құрбандыққа» шалынып кете бере ме? Қайта қазіргі технология жетістіктерін пайдалана отырып, жас ұрпаққа классикалық пьесалардың бай мазмұнын, ішкі сырын, сөз құдіретінің қасиетін, ұлттық мінез ерекшеліктерін қаймағын бұзбай көрсету режиссерлеріміздің басты міндетіне айналуы керек. Режиссер қойылымның көркемдік кілтін, пластикалық формасын, бейнелік шешімін табумен бірге актерлерді бүгінгі жаңа тәсілдермен ойнатуға да күшін салуы тиіс.

        Бүгінгі таңда Қазақстанда алпыстан астам театр өмір сүріп жатса,  соның елу алтысы мемлекеттік, оннан астамы жеке меншік театрлар екен. Олардың он бірі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, қалған театрлар жергілікті қала әкімшілігіне қарайды. Мемлекеттік театрлардың барлығы да – репертуарлық бағыттағы театрлар. Олай болса, кез-келген театрдың шығармашылық дамуы туралы мәселе қозғалған кезде ең бірінші, оның репертуары сараланады. Театр репертуарына ең алдымен ұжымның көркемдік жетекшісі мен көркемдік кеңесі жауап береді. Оның сапасы олардың шығармашылық көзқарасына, эстетикалық талғамына, білімі мен алдына қойған мақсатына, ой-тұжырымдарының тереңдігіне тікелей байланысты.

         Қазақ театры алғаш шаңырақ көтерген кезден бастап репертуар жасау мәселесін алдыңғы кезекке қойғаны жақсы мәлім. Сол уақыттан бергі  репертуардың жасалу жолына қарап негізінен төрт бағытты анықтауға болады. Біріншісі – ұлттық классикалық драматургия, екіншісі – тарихи тақырыптағы шығармалар, үшіншісі – аударма пьесалар (әлемдік классика және әлемдік заманауи шығармалар), төртіншісі – заманауи ұлттық туындылар. Егер соңғы екі жыл ішіндегі Қазақстандағы театрлардың репертуарына көз салсақ, әр театр әрқилы деңгейде репертуар жасағанын байқамыз. Халықаралық  театр сыншылары бірлестігі жасаған мониторинг бойынша бірінші орынға замандастар туралы пьесаларға орын берілгені анықталды. Қай театр болмасын бүгінгі тақырыпқа жазылған пьесаларды қойып, заманымыздың тынысын  сахнада көркем бейнелеуге ұмтылатыны сөзсіз. Театрлардың бұл саладағы талпыныстарын, игі ниеттерін әбден қолдауға болады.  

        Ал қазақ театрының шығармашылық өміріне өшпес із қалдырып, қаншама актерлердің сахналық өнер биігіне көтерілуіне тікелей ықпал еткен ұлттық классикамыздың театр сахналарынан аз көріне бастауы  ойға қалдырады. Мұның себебін іздестірген кезде, әсіресе кейбір облыстық театрларда өздерінің тұрақты режиссерлерінің жоқтығы  да кері әсерін тигізіп отырғаны байқалды. Еңлік, Кебек, Жібек, Төлеген, Қозы мен Баянды ойнайтын актерлердің болмауы да, классикалық шығармалардың репертуардан орын алмауына әкеп отыр.  Сол сияқты шетелдік классикалық пьесалардың сахнада қойылу жағдайы да мәз емес. Әсіресе, облыстық театр репертуарларынан Шиллердің, Мольердің, Брехттің, Бекеттің, Гальдони мен Гоццидің т.б. пьесаларын кездестіру қиын.   

        Музыкалық-драма театрларының репертуарлары да театрлардың атына сай емес. Бұл театрлардың шығармашылық құрамы таза драма ұжымдарынан бөлек болады. Ең  бастысы, мұндай театрларда өздерінің оркестрі, дирижері, бишілері және хорға қатысатын актерлері болуы міндет. Театр актерлерінің қай-қайсысы болмасын драма мен музыка аралас келетін спектакльде өнер көрсетуі керек. Қазіргі таңда Қазақстанда оннан астам музыкалық драма театрлары жұмыс істеп тұр. Солардың ішінде Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры, С.Мұқанов атындағы сазды драма театры және Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрларының репертуарында музыкалық спектакльдер бар. Ал кейбір қазақ музыкалық драма театрлары репертуарының басым бөлігі драмалық шығармаларға құрылып кеткен. Тіпті соңғы бес жылдың ішінде бірде-бір музыкалық спектакль шығармаған  театрлар да кездеседі. Мұның жәй-жапсарын тексеріп, театрлардың өз атына сәйкес жұмыс  жасауын талап ететін уақыт өтіп барады.

       Театрдың келбетін репертуар танытатын болса, актер келбетін роль танытпақ. Репертуар жұтаңдығынан бізде ұзақ уақыт сахна көрмейтін актерлер де кездеседі. Кейбір актерлер көпшілік сахнасына шыққаны болмаса, көзге түсетін бірде-бір бейне жасамай уақыттарын кетіріп жүр. Тіпті, үнемі бір роль ойнап жүрген актерлер де жоқ емес. Бұл актерлік шеберліктің тежелуіне, шығармашылық серпіннің әлсіреуіне әкеліп соқтырары сөзсіз.

         Сонымен, республикамыздағы театр репертуарларын саралаған кезде  театр саясатында бірізділіктің көрінбейтіндігі анық байқалды. Сахна өнерінің, актерлер мен режиссерлердің шығармашылық тұрғыдан кемелденуі әрқилы жанрдағы қойылымдармен тығыз байланысты екендігі әлімсақтан белгілі. Әсіресе, облыстық театрлардың репертуарынан тақырып тапшылығы анық көрінеді. Дәлірек айтқанда, қазіргі уақыттың өзекті мәселелерін: туған жер,  ана тілі, ұлттық патриотизм, жастар т.б. ұлттық мақсат пен ұлттық идеяға құрылған шығармалар саны тым аз. Соңғы жылдары Республикалық театр фестивальдері кезінде көрсетілген Алаш арыстары тақырыбындағы пьесалардың көркемдік деңгейлері де сын көтермейді. Бұрын драматургия саласында пьеса жазбаған авторлардың шығармаларын арнайы мамандардың талқысына салғаннан кейін барып, оның сахнада қойылу, қойылмауы шешілуі тиіс. Ал сахнаға жол тартатын әрбір пьеса көркем-идеялық мазмұнының тереңдігімен, бүгінгі театр әлеміне жаңалық болып енетін, шын мағынасындағы көркемдік ізденістерді танытатын шығарма болу керектігі баршаға аян. Драма талаптарына жауап бермейтін пьесалардың сахна төріне жол тартуын тоқтату қажеттігі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі жанынан «Театр өнері» бойынша құрылған көркемдік кеңес мәжілістерінде үнемі айтылып келеді. Бірақ осы уақытқа дейін ешбір нәтижеге қол жеткен емес. Әрбір театр өзінің репертуарын министрліктің келісімінсіз жасай береді.  Өйткені  облыстық, қалалық әкімдікке қарап жаутаңдаған театрлар олардың айтқанын тыңдауға мәжбүр. Сондықтан да жергілікті батырлар мен ақындар, би-шешендер туралы спектакльдердің саны орынсыз көбейіп бара жатыр.

       Театр өнері – үнемі жаңарып, түлеп отыруды талап ететін жанды ағза.  Ал бұл ағзаның негізгі қазығы актер мен режиссер, олардың өнері мен  таланты екендігі тағы да мәлім. Сондықтан кез-келген театрдың шығармашылық ұжымы талапты, білімді, талантты мамандармен үнемі толығып отыруы өте маңызды. Бірақ бұған ешкім көңіл аударып жатпағандықтан соңғы жылдары облыстық театрлардың актерлік құрамынан бірен-саран болмаса, жалындаған  жастарды кездестіру қиын.

      Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына еліміздегі үш бірдей жоғарғы өнер оқу орындарын Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, Астанадағы өнер университетін бергендегі басты мақсат мамандардың мәселесін түбегейлі шешу болатын. Өкінішке қарай, «баяғы жартас – бір жартас» қалпынан ештеңе өзгерген жоқ. Жыл сайын актерлік және режиссерлік мамандықтар бойынша  диплом алып бітіріп жатқан жастар  облыстық театрларға баруға құлықты емес. Кәсіби білімі бар актерлер мен режиссерлер кез-келген театрдың шығармашылық әлеуетін жоғарылататыны белгілі. Осы орайда, облыстағы театрлар аталмыш оқу орындарымен келісім-шарттарға отырып, қажетті мамандарды жұмысқа шақырып жатса, бүгінгі таңда қазақ өнері үшін өзекті болып отырған бірнеше мәселенің шешімі табылары анық. Бұл келісімшарттың мынандай тиімді жақтары бар: біріншіден, театрдың шығармашылық ұжымының құрамына кәсіби маман келіп қосылады, екіншіден,  жастарды жұмыспен қамтамасыз ету жолы шешіледі, үшіншіден,  жас актерлер мен режиссерлер өздерінің уақыттарын жоғалтпай үлкен сахнада шеберліктерін ұштай түсуіне мүмкіндіктер туатын еді.

        Дәл қазіргі кезде екі министрліктің ортасында том-том қағаз толтырудан көздерін аша алмай қалған жоғарыдағы өнер оқу орындары түлектерін келісімшартпен облыстық театрларға (кем дегенде, үш жылға) жіберу мәселесін қолға алмаса, бірер жылдан кейін облыстық театрлардың деңгейлері мүлде төмендеп кетері дәлелдеуді қажет етпейді. Сондықтан да бұл мәселеге оқу орындары ғана емес, министрліктен бастап, облыстың  мәдениет басқармалары да көңіл бөлулері  қажет.

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 09.04.2021 | 16:23

Тамаша мақала! 👍👍👍

Аноним 09.04.2021 | 17:03

👍

Аноним 09.04.2021 | 19:10

Мақалада көтерілген тақырып, бүгіндері кәсіби өнер мамандарын толғандырып жүрген өзекті мәселе! Жас режиссерлардың әртүрлі шешімдегі спектакльдер қойып, ізденіп жүргені құптарлық. Дейтұрғанда, ұлттық классикаларымызды «форманың» құрбандығына айналдырмауды ойланулары керек. Мәдениет министрлігі мен облыс басшылығы бірлесе отырып, жас мамандардың жағдайын жасап, театрдың болашағын ойлану негізгі борыштары екенін ұмытпағаны абзал! Көкірегі ояу азаматқа мақалада көтерілген жанайғайы жеткілікті! Әй, бірақ осыны оқитын басшы, не министрліктен адам табылар ма екен?!.

Аноним 09.04.2021 | 20:32

Жақсы жазылған екен. Қазақ театры ұлттық сипаты мен қазақы жүрек қағысын, арғы беттегі алашапқын даңғаза, форма қуушылық пен қанынан безгендікке айырбастамағаны жөн. Қазіргі жас режиссерлер, олардың ішінде дасамыс боп қалған шетелге барып, шала- шарпы көргендерін қазақ театрына тықпыштап, аңқау елге арамза молдалыққа, плагиатқа баратындары да бадырайып көрініп жүр… Ол әдісті кәдімгі өзгешелік, жетістік, жүйріктікке балап, ұялмай көкірек қағатындардың тасы өрге домалайтыны алаңдатады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір