Әр жердің өзіне тән аңызы бар
05.04.2021
19708
0

Алматы музейлері – ұлттың мәдени игілігін сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мемлекеттік жүйесінің ажырамас бөлігі. Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерінің сапында құрамына 7 музей кіретін «Алматы қаласы музейлерінің бірлестігі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жұмыс істейді.

Кәсіпорын құрамындағы ірі музей — «Алматы музейі» (2002 жылы құрылған) – Алматының көне заманнан қазіргі заманға дейінгі тарихын паш етеді. Музейге көлемі 430 га «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі кіреді.

«Д.А.Қонаев музейі» (2002 жылы құрылған). Советтік дәуірдегі саяси көшбасшының мұрасын сақтайтын және Қонаев өмірімен «тұспа-тұс келетін» кезеңдегі қала мен елдің өмірі туралы баяндайтын мемориалдық музей-пәтерді (2012 ж.) қамтиды.

«Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі», совет заманында (1980 жылы құрылған) – халық музыкалық аспаптарының бірегей топтамасын сақтап, музыкалық мәдениетті насихаттайды, белгісіз, ұмытылған шығармаларды, музыкалық есімдерді іздеумен, ғылыми және мәдени қолданысқа енгізумен айналысады. 2012 жылы Мәдениет жылы аясында музейде ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізіліп, келушілердің көзайымына айналды.

«Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы» ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығын мерекелеу аясында ашылды. Орталық экспозициясында қазақ өнерінің көрнекті қайраткерлерінің бірегей мемориалдық құралдары қойылған.

«С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені». 1999 жылы С.Мұқанов (1978 жылы 21 қарашада ашылды) пен Ғ.Мүсірепов (1987 жылы мамырда ашылды) музейлерінің негізінде құрылды. Музей кешеніне ХХ ғасырдың көрнекті мәдениет қайраткерлерінің мемориалдық заттарын сақтауға, қазіргі заманғы әдебиетшілер мен зерттеушілерге жазушылардың ашық мұрағатына қол жеткізуді қамтамасыз етуге, ұлттық әдеби мұраны насихаттауға және дамытуға арналған екі танымал қазақ жазушысының мемориалдық пәтерлері кіреді.

«Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі» (2014 жылы құрылған) – белгілі қазақстандық композитордың мемориалдық пәтері, оның міндеттеріне композитордың мемориалдық мұрасын сақтау, зерделеу, насихаттау және қазіргі заманғы музыкалық мәдениетті дамыту кіреді.

«Райымбек батыр» мемориалдық кешенінің» басты мақсаты – отандық тарихты зерттеу, сақтау, Райымбек батырдың өмірі мен қызметін дәріптеу.

Музейлер тарихи және сәулеттік маңызы бар ғимараттарда, қала орталығында ыңғайлы жерлерде орналасқан.

Музейлер мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәдени мұраға еркін қол жеткізуін де қамтамасыз етеді. Ол үшін инфрақұрылымдық және бағдарламалық өзгерістер жүргізілді. Нашар көретіндерге арналған арнайы экскурсиялар әзірленді, мүгедектер қоғамдарымен, қоғамдық ұйымдармен, мүгедек балалардың ата-аналарымен байланыс орнатылды, ондай аудиториялар үшін көшпелі көрмелер өткізілді.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы музейлерінің дамуы жолындағы басты проблемаларының бірі — туристік тартымдылықты арттыру мәселесі.

Қала үлесіне жалпы республикалық туристер санының 18,4 пайыз (1-орын) және туризмде орындалған жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жартысынан астамы тиетініне қарамастан, мәдени туризм секторы кенжелеп қалған. Қазіргі таңда қаламызда іскерлік және кәсіби туризм басым. Сонымен қатар, туристік қызығушылықтың негізгі объектісі табиғи ландшафт болып табылады. Туристік секторда музей мәдениеті бағытын дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар. Сол мүмкіндіктердің бастысы — қала музейлерінің кеңістік-орта әлеуеті.

Қалалық музейлер қаланың тарихи бөлігінде, қала тұрғындары мен туристері көп жүретін Төлебаев көшесінің бойында, 28 панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан. Талдау нәтижелеріне қарасақ музейлік және әртістік акциялар өткізу және музейлерді мемориалдық пәтерлерден қалаға «шығару» үшін пайдалануға болатын бос (саябақтар, аллеялар және т.б.) музейден тыс кеңістіктер жеткілікті. Бірнеше музейдің орналасу жақындығы музейаралық маршруттар мен квесттер құруға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды әлеуетті ресурс – бұл жердің өзіне тән «аңызының» болуы және бай музей коллекциялары.

Мысалы, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені қазақ әдебиетіне маманданған зерттеушілер мен филологтарға арналған бағдарламаны дайындауға негіз болатын бай әдеби мұрағатқа ие.

Д.А.Қонаев музейінің басты ресурсы деп, керемет сақталған музей-пәтерден бөлек, халықтың саясаткерге деген ыстық ықыласын атауға болады.

Алматы қалалық музейлері – еліміздегі түпнұсқа заттардың тұтас коллекциялары бар музейлер қатарына енеді.

Біздің музейлер мәдени туризмнің маңызды доминанты.

Алматы қаласы мәдениет басқармасының және «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК басшылығының алға қойған басты міндеті — Алматы музейлерін Алматы қаласы мен Қазақстанның брендіне, «визиттік карточкасына» айналдыру.

Ол үшін мынадай шараларды жоспарлап отырмыз.

— қаланың, елдің және шетелдің туристік фирмалары үшін ақпараттық турлар өткізу (ішкі және сыртқы туризм), олармен тұрақты ынтымақтастық жасау және достық байланыстарды қолдау;

— қазақ халқының мәдениетін насихаттайтын ел азаматтары мен шетелдік қонақтардың қызығушылығын арттыруға ықпал ететін халықаралық фестивальдер (Музей FEST, қолөнершілер фестивалі, музыкалық фестивальдер, акциялар, көрмелер, концерттер және т.б.) ұйымдастыру;

— тұрақты негізде «Музей түні» жыл сайынғы акциясы сияқты әлемді қамтитын іс-шаралар өткізу;

— Алматы қаласы туризм басқармасы және «VISIT ALMATY» туристік ақпарат орталығымен бірлесіп музейлерді Алматы қаласы бойынша міндетті туристік маршруттар қатарына қосу;

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзілік туристік ұйым Бас Ассамблеясының 18 сессиясының ашылуында атап өткендей «бүгінде біздің еліміз туризмнің мәдени-танымдық, сауықтыру, экологиялық, экстремалды, спорттық және басқа да түрлерін дамытудың бірегей мүмкіндігіне ие, біз жыл сайын 4,5 миллионнан астам шетелдік азаматтарды қабылдаймыз, жылдан жылға олардың саны арта беретініне сенеміз».

Қазір қаланың мәдени туристік дамуы мен маркетингінің өзегі ретінде мәдени маршрут құру туралы мәселе өзекті болып тұр. Бұл бағытта Қазақстан туристік ассоциациясымен бірлескен бірнеше ауқымды шара жоспарланып отыр.

Алматы қаласын мәдени туризм орталығына айналдыру мақсатында қала шаруашылығының барлық салаларын келісілген түрде әрекет етуге шақырғымыз келеді. Мәселен, музейлер, өнер галереялары, көрме орталықтары, туроператорлар мен турагенттіктер, қонақ үй және курорттық кәсіпорындар, тамақтану мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл бәсекелестік платформасында емес, қайта серіктестік негізде болуы керек, бұл серіктестерге жекелей жағдайда игере алмайтын істерін бірлесе шешуге мүмкіндік береді.

Түйіндей келе, өз кезегімізде Алматыда мәдени туризмді дамыту мақсатында жан-жақты және толыққанды ынтымақтастыққа дайын екенімізді жеткізгім келеді. Біз Алматы музейлерін туристік бағыттарға тарту туралы сындарлы ұсыныстарды қолдаймыз және диалог үшін әрқашан ашықпыз.

         Алматы музейлерінің дамуы – Алматы мәдениетінің, ел руханиятының дамуының алғышарты және ажырамас бөлігі. Алматы музейлеріне келіңіздер, ағайын!

Қайрат Тарбаев

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК

 директорының даму жөніндегі орынбасары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір