Мемлекетіміздің бірінші байлығын ұмытпайық
19.03.2021
501
0

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Мыса ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға балалар әдебиеті және балаларға арналған түрлі ақпараттық тауарлар мәселесі жөнінде депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалға Мақпал Мыса, Дархан Мыңбай және Жұлдыз Сүлейменова қол қойған.
Президент Қасым Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды, балалар – мемлекетіміздің болашағы», – деп баса айтқан еді. Жасөспірімдердің дүниетанымын қалыптастыратын негізгі механизм – баспасөз бен кітап. Осыған орай, бүгінде бізді алаңдатқан жай бар. ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 7 қарашадағы Қаулысына сәйкес, барлық мемлекеттік баспа-басылымдарын «Қазақ газеттері» бірыңғай брендімен біріктіру жоспарлануда. Оның ішінде, әрине, «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары, «Дружные ребята», «Ұлан» газеттері бар. Біріктіру жұмыстары ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады екен.
Біз жалпы басылымдардың біріктірілуін түсіністікпен қабылдаймыз. Алайда Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері ретінде олардың ішіне балалар басылымдарын қосуға түбегейлі қарсымыз. Бүгінде «Ұлан» газеті аптасына бір рет 5 000,  «Ақжелкен» журналы айына бір рет 3 000, «Балдырған» журналы айына бір рет 7 000, «Дружные ребята» газеті аптасына бір рет 3 000 данамен шығады. Төрт басылымға кететін жылдық шығын мөлшері 134 миллион теңгені құрайды екен. Жастайынан сауат ашып, мемлекеттік тілді оқытып үйрететін тәрбие құралы – балалар басылымдарына бұл көп қаражат емес деп ойлаймыз.
Елімізде 7 100 мектепте 3 миллионнан астам оқушы білім алуда. Әзірге жалғыз Balapan телеарнасының қызметін ескерсек, мемлекеттік тілде балаларымыз бен оқушыларымыздың тәрбие құралына мұндай біріктіру қаншалықты қисынды? Осы мәселе мұғалімдер мен ата-аналар қауымымен талқыланды ма екен?
Жаңа әліпбиге көшу жағдайында мұның маңызы алдағы уақытта арта түспек. Оның үстіне, мемлекеттік мінбелерде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту туралы мәселені іске асыратын уақыт жетті. Тілді дамытудың бір жолы – жас ұрпаққа ана тілін сіңіру болса, сол ана тіліндегі ғасырға жуық уақытта қалыптасып, даму кезеңін өткерген басылымдардың таралымын арттыру, ауылдағы жасөспірімдер қатарынан оқырмандар санын сақтау деп білеміз.
Ұрпақ тәрбиесі, таным-түсінігі, болмыс-бітімі – мемлекетіміздің бірінші байлығы. Балалардың болашаққа деген сенімі, нық қадамы ұлттық құндылықтарымызды ана тілінде әдебиетке баулудан басталады. Сондықтан, балалар баспасөзін басқа бұқаралық ақпарат құралдарымен біріктірудің уақыты келген жоқ деп санаймыз.

Құрметті Ералы Лұқпанұлы, Аида Ғалымқызы!
Біріншіден, балалар басылымдарын бірыңғай брендпен біріктіруді тоқтатуларыңызды сұраймыз.
Екіншіден, балалар баспасөзін, балаларға арналған телерадио арналарын дамытуға, жаңғыртуға қосымша жаңа мүмкіндіктер қарастыру қажет.
Үшіншіден, еліміздегі барлық оқу орындары, мектепалды мекемелер, мектептер, жекеменшік оқыту орталықтары мен кітапханаларында балалар басылымдарының балаларға міндетті түрде қолжетімді болуын қамтамасыз етілуін қадағалауды сұраймыз!
Сондай-ақ, кез келген баланың қалауы бойынша жазылуына жағдай жасауды қажет деп білеміз!

 

Аида БАЛАЕВА, ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрі:

Бірнеше басылымды біріктіру – ол газет-журналды жабу деген сөз емес.

Біріншіден, ешқандай басылым жұмысын тоқтатпайды.

Екіншіден, олардың медиа кеңістікте қалыптасқан брендтік атаулары өзгермейді.

Үшіншіден, басылымдарды мемлекеттік ақпарат тапсырысы аясында қаржылық қолдау тоқтамайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір