Алма Түсіпбекова. Дір етті кеуде тұсым…
09.03.2021
1153
1

…Жаныма медеу бірақ
Сыртыңнан көріп қалдым,
Дір етті кеуде тұсым.
Жолымда жолыққан мұң-
Жанымды сен де түсін.

 

Жанарың, өзім ғашық,
Бұрынғы қалпында әлі.
…Қалайша төзім қашып,
Сол сезім салқындады?..

Отына өртенгенмін,
Маздаған махаббаттың.
Іздеме.
Ерте өлгенмін,
Серті боп шапағаттың.

Тұнжырлау бақты кезіп,
Келемін баяу басып.
Қолымда-ақ білезік,
Сендік сый-аяулы, асық.

Сыртыңнан көріп қалдым,
Дір етті кеуде тұсым.
Жолымда жолыққан мұң –
Жанымды сен де түсін.

Тәкаппар, биік еді,
Музадай мендік арман.
…Кер-тірлік күйігі еді –
Ғұмырым енді қалған.

Жүрекке демеу – жырақ,
Тиеген нала кенін.
…Жаныма медеу бірақ,
Өмірде бар екенің…

 

Табар ма мені жыр-құмай?

Жүк артып алып атанға,

Жапанға кетсем…

Жапанға.

Құм кешіп жүрсем сосын бір,

(Дайынмын іштей сапарға).

 

Жабырқау жанға ексе гүл,

Сырымен жанға сепсе нұр.

Тарамыс қолын ұсынып,

Сырласым болса – сексеуіл.

 

Білдіріп маған аяныш,

Жаныма болса таяныш.

Тікен де болсаң сипар ем,

Құмдағы өскен баялыш.

 

Құмдағы ғажап тыныштық,

Шуақ боп жанға тым ыстық.

Бойымды жазып жатайын,

Жіберген қала құныс қып.

 

Көшеді құмдар, көшеді,

Өткені сонда өшеді.

… Өкпек боп соққан өткені,

Маңдайым соры – бес елі…

 

Бір жүріп келем, бір құлай,

Табар ма мені жыр-құмай?

… Құмменен бірге мұңым да,

Көшіп бір кетсе…

Шіркін-ай!..

 

ӘППАҚ ҚАР ЖАУЫП ТҰР 

 Айнала ақ мамық, 

Жаным тұр ақ түске шаттанып. 

Мендегі қайғы-мұң – бәрі де, 

Кеткендей келмеске аттанып. 

 

Әппақ қар жауып тұр. 

Бақты да қар басып мәуелі,

(Көңілде сол бір шақ әуені).

Қалықтап құлаған ақ ұлпа,

Секілді аспанның сәлемі.

 

Әппақ қар жауып тұр.

Керемет, ақ көрпе жапқаның,

Бір жұмбақ өзіңнен тапқаным:

Жібімей өтетін тасжүрек

Жандардан артықсың, ақ қарым!..

 

Әппақ қар жауып тұр. 

Жанымды шуағы шарпыған,

Жырақтан естілді шалқып ән.

… Анамның пейілі секілді,

Ақ ұлпа, аспаннан қалқыған.  

 

Әппақ қар жауып тұр.

Сезімнің нөсерін селдеткен,

Айналдым, керемет келбеттен!

Сәбидің көңілі секілді,

Ақ мамық, таза едің сен неткен?!

 

Әппақ қар жауып тұр.

(Тылсымның тілегін созбашы,

Аспанның дерегін қозғашы).

Жылылық көргенде еріген,

Көктегі арманның көз жасы…

 

Әппақ қар жауып тұр.

Ғашық-ау, ол сірә, жерге тым,

Келісті қылам деп келбетін.

Қараны қабылдап өзіне,

Ақ түспен көмеді жер бетін.

 

Әппақ қар жауып тұр.

Жанымның сүрткен соң айнасын,

Ғашық боп қалғам-ау, айға шын.

… Оралхан қаламын тербеген,

Қар қызы, сырласым, қайдасың?!

 

Әппақ қар жауып тұр…

 

Мендегі сағыныш ерітер…

Өзіңді көрдім де, 

мәңгіге ұнатқам. 

Мына ақ таң

үмітті үкілеп,

Қорықпай сынақтан.

Мендегі төзім де таусылды,

Сендегі жауапсыз сұрақтан. 

 

Түсінсең,

Осы еді болмысым,

Сен ғана – мендегі зор мүсін.

(Өзіңе көңілім толды шын).

Жанымды жауратып, қарыған,

Сен осы  –  тоңбысың?..

 

Мінезден, білемін, тағдырдан наз ұқтық,

(Қоймаған Тәңірім жолымды жазық қып).

Мен жүрмін ертеңгі елесті азық қып.

Біздерді бөлетін шекара  –

Сендегі асқақтық,

Мендегі нәзіктік…

 

Жабығып,

Жалғыздық тұмарын тағынып.

Арманым!

Өзіңді кеттім-ау сағынып.

Біздерді қосатын бір белгі  –

Мендегі кешірім,

Сендегі ақ үміт…

 

Сейіліп өкініш өкпегі,

Келеді көңілдің көктемі.

(Өзіңдей ғажап жан жоқ, тегі…)

Мендегі сағыныш ерітер,

Сендегі көк сүңгі  –  өкпені…

 

Өмір де қатал-ақ,

(Біздерді бақытсыз атамақ).

Шөлдедім сезімге, қаталап.

Білерім  – қосады біздерді,

Мендегі, сендегі махаббат!..

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.03.2021 | 11:42

Алма рахмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір