Мен оқыған бір кітап…
06.03.2021
5302
0

Осындай атаумен Махамбет университетінің магистрант жастарының қатысуымен әдеби кеш өтіп, жас оқырман көзімен әдеби көркем туындылар талданды. Қазақ әдебиеттануының жаңа бағыттары, әдебиеттанудың өзекті проблемалары аясында ой-пікірлер ортаға салынды.

2021 жыл – еліміз үшін мерейлі жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осыған орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – отыз кітап» атауымен  танымал қазақстандық авторлардың  поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма  саласындағы 30 үздік шығарма жалпыхалықтық оқуға іріктелді. Аталған акцияның мақсаты қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап,  халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдеби мұраны зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, сонымен қатар жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу болса, осы мақсат үдесінен шығуға бүгінгі жас оқырман, жас ғалымдар қандай үлес қосуда деген орынды сұрақ туады.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Ғылыми кітапхананың бірлесуімен «Бір ел – бір кітап» акциясының «Проза» жанры бойынша таңдалған кітаптарды талдауға арналған «Мен оқыған бір кітап…» тақырыбында әдеби кеш өтті. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын магистрант жастар проза жанры бойынша таңдалған кітаптардағы туындыларға әдеби талдау жасап, өз пікірлерін ортаға салды.

1 курс магистранты Харисова Жарқынай Тобық Жармағамбетовтың «Отамалы» кітабы бойынша талдау жасады.

– «Отамалы» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағына «Қарала сиыр», «Отамалы», «Қызыл ай», «Майлы аяқ», «Уақыт», «Жан» атты әңгімелері мен «Қара жаңбыр» атты көлемді повесі енген. Кітапқа енген шығармаларда түгелдей өзі өмір сүріп жатқан заманның ақиқат шындығы, таптық басынушылықтың, қанаушылықтың, зұлмат соғыстың зардаптарын еш бүкпесіз баяндаған.  Бұл кітаптағы әңгімелер мен повесть формалық жағынан да, мазмұндық жағынан да реалистік бағытта жазылған. Қай шығарманың болмасын өзегі культтық құндылықтардан, діни құндылықтардан алыстамаған. Қарапайым ауыл тұрмысы, қарапайым ауыл тұрғындары баяндалғандықтан да бұл кітап өз оқырманын сендіреді. Кейіпкерлер эгоцентризмін еңсерген, бауырмал, өжет жандар. Заттарға символикалық мән беріп поэтикаландыруы арқылы автор көпсөзділіктен арылған. Бір «шелектің гуілдеген даусының» өзі сан сұраққа жауап бола алады.  «Сәнқойлық оған тән емес  еді» деп замандастары айтқандай, түсінікті сюжеттерімен,  диалог арқылы берілген характерлер шарпысуымен бұл  кітап оқырманын оп-оңай автор суреттеген заманға алып кетеді. Тобық Жармағамбетовтың «Отамалы» кітабын оқыған кезде бабаларымыздың қиыншылыққа толы ғұмырын көз алдымнан өткізіп, осы күніміздің қадіріне жетіп, азаттығымыздың баға жетпес байлық екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдым.

Қайырғалиева Әйгерім: – Мен Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Періштелердің өлімі» роман-хикаяттар жинағын оқып, өзіндік ой түйдім. Автор осыған дейін де ауыл өмірі тақырыбын шығармаларына арқау етсе, бұл жолы жаңа заман адамдарының өміріне қалам тербеуді жөн көрген. Қазіргі жаңа заман адамдарының жантүршігерлік ауыр күйін де, талпынысын да, құлшынысын да осы кітаптардағы шығармаларға сыйғыза білген.  «Жыланның уы» хикаятындағы жансыздандырылған, қоршаған ортаға реакциясы жоқ үрейлендіретін кейіпкер айналасындағы оқиғалар, «Сәмбіталдың мұңы» хикаятындағы Алдияр ақсақалдың ары мен ұятының жиені Жеткергеннің аяқ асты етілуі арқылы қазіргі болып жатқан жағдайлар суреттелген. Автор әртүрлі проблемаларды бай көркем тілімен жеткізген. Бұл шығармалар жинағына «Тоты құс», «Маскүнемнің малқорасы», «Өлген жездесімен әзілдескен шал» сынды үлкенді-кішілі әңгімелері енген. Бұл кітап актуалды тақырыптарымен оқырман көңілінен орын алып үлгерді дер едім.

Жаледден Мәдина: – Мен бүгінгі қазақ әдебиетінің маңдайалды жазушысы, көптеген повестер мен әңгімелердің, романдардың авторы Тұрысбек Сәукетайұлының «Желқайық» романын таңдадым.

Бұл роман – бестселлер. Бұны жазушы Дәурен Қуат та қостайды: «Желқайық» романы – қазақ прозасының кең тынысын кезекті рет әйгілеген кесек дүние. Қысқа қайырып айтқанда, оқырман ұзақ күткен көркем туынды. Роман бестселлер», — деп баға береді. Шынымен, бұл шедевр – қоғамның қоясын қопарып, жалғанды алдарына жайып қойып, төңіректің әңгімесін ашық айтатын шығарма. Жазушының романның құрылымына, жасаған шеберлігіне тәнті боласың. Себебі, романның құрылымының ерекшелігі сол: шығарманы қай жерінен бастап оқысаң да, шытырман оқиғаның ортасына түсіп, тақырыпты түсініп, қорытындысын өзің сараптай аласың.  Роман Бахтияр мен Зухра атты екі кейіпкердің бастан кешкен оқиғалар желісіне құрылған. Сымбатына қызығып талай қыздар көз салған Бахтиярдың бай қызы Эльвирадан айырылысып,  жетім Зухраға қосылуына не себеп?  Тек махаббат па,  әлде айналаның әсері болды ма?  Бахтиярдың ғылымдағы жолының даңғыл болмауына, тағы да қоғам кінәлі сияқты. Профессор       М. Ахметовтың кісі қолынан жансақтау бөліміне түсуіне, профессордың ұлының туған анасын өлтіруіне не себеп? Адам бүлінді ме,  қоғам жаман ба,  заман өзгерді ме? Роман осы сан-сауалдың жауабын іздейді. Кінәліні іздестіреді. Бірақ, әркімнің айтар өз шындығы, өз айқайы бар. Тыңдап көріңіз.  Романның кейіпкерлерінің әрбірінің өзіндік орны бар. Әр кейіпкер – бір қаһарман. Айтар ойы бар, көркем бейнесі бар. Оқи отырып тәлім аласың, ойға қаласың. Қарапайым да шынайы іс-қылықтардың қысылып-қымтырылмай ашық айтылуы, айқын көрсетілуі романды нақты әрі қызықты етіп ерекшелеп тұр.

Қобыландиева Ақмаржан: – Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романында  Семей полигонының зардабын тартқан қара байыр халықпен,  баласынан айырылған ананың зары мен оларға қарсы шыққан ананың рухы бейнеленген.  Романның құрылысы мен жазылу ерекшелігіне қарай   «деректі роман» деп баға берген.

Жазушы Аяулымның өмірін, басынан кешірген қиындықтары мен бақытты сәттерін осы бір роман аясында суреттеп қана қоймай, Семей ядролық полигоны мен Жапониядағы Хиросима – Нагасаки жарылыстарынан жәбір көріп, өз бастарынан кешкен оқиғаларымен бөліскен белгілі тұлғалар туралы тың деректерді де келтіре кеткен.

Басты кейіпкер Аяулым үшін бірде қуанып, бірде мұңайып отырасың. Табиғи әрі шынайы оқиғалар негізінде  жазылған реалистік шығармалардың бірі. Кейіпкердің ғана емес, қазақ халқының қасіретін сезім арқылы тамаша жеткізе білген.

«Әйел қырық шырақты» демекші, Аяулым жиырма жасында күйеуге шығып, өз ұясынан кеткен сәттен бастап,  басынан небір қиындықтарды өткізеді. Бауыр еті баласынан, жолдасынан айырылып қиын сәттерді басынан өткізсе де, бар жұбанышы Әмірінен қалған тұяғы Сұнқар үшін өмір сүреді. Бұл қиындықтарға мойынсынбай, бар ауыртпалықты жеңіп шығады. Соңында ең алғашқы махаббаты Мэлспен табысып, егіз ұл сүйіп, әйел бақытын, ана бақытын сезініп, бақытты ғұмыр кешеді.

Қайыржанова Айым: – Қазіргі қазақ әдебиетіне жаңа леп, өзіндік философия әкелген жазушылардың бірі – Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» кітабына енген шығармаларын оқыдым. Бұл кітапқа енген шығармалар сюжеті жағынан да, тақырыбы жағынан да әртүрлі. Кітапқа енген әңгімелерде мінез-құлықтары ешкімге ұқсамайтын, қоғам қалыбына келмейтін кейіпкерлер кездеседі. Мысал ретінде «Кірекей-Күнікейдегі» аю-әйел, «Қабіршідегі» қабірші, «Он сомдағы» жылқышыны айтуға  болады. Тағы бір айта кетерлігі – мистикалық, мифологиялық сарынды өз туындыларына арқау еткен жазушы өзіндік тұжырымдарын қосып, оны жаңаша бағытта жеткізуге тырысады. Дәрен Қуаттың «Бөрісоқпақ» кітабына енген барлық дерлік шығармаларының сюжеті қызық. Ол оқырманға бәрін түгел баяндап бермейді. Кейбір шығармаларының шешімін оқырман еншісіне қалдырады.

Қуандықов Ербол:  Менің тандауым Юрий Серебрянскийдің «Дәмді де пайдалы Қазақстандық әдебиет жайлы» атты кітабына түсті. Себебі, шыны керек, сырт көзбен, басқа да ұлт өкілдері қазақ әдебиетін қандай бейнеде көріп тұр? Оларға біздің әдебиетіміз жат көріне ме, әлде жоқ па? Міне, осындай сұрақтар сол кітапты алғаш көргенде пайда болады. Бірақ та, Юрий Серебрянский, әдебиеттің қазіргі кездегі келбетін өзінің тәжірибесі арқылы сомдаған. Жаңа заманда қазақ әдебиетінің алатын орнын, оның проблемаларын, әлеуметте айтуға болмайтын тақырыптарда сұхбат алған адамдардың тағдырлары арқылы оқырманға айтып береді.

Әдеби кештің арнайы қонағы боп қатысқан жас қаламгер, драматург  Әлішер Рахат та алдыңғы буын аға қаламгерлердің шығармалары бойынша өз пікірін ортаға салды.

– Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелер өліміндегі» Шертайдың «ағалап» тұрған, аңқылдақ мінезі есімнен кетпейді. Оның өлер алдындағы шыңғырған құлын дауысы… Шертайдың образы ағасы Байшұбармен салыстырмалы түрде дамып отырады, мысалы: кез-келген нәрсеге екеуінің екі түрлі қарауы. Байшұбар Лизамен көңілдес болып, көңілді жүрсе, Шертай жеңгесін уайымдап, ағасына өкпелейді. Өз кезегінде, оқырман Шертайдың пәк көңіліне риза болады да, оның қазасы ауыр тиеді.

Ал Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» кітабындағы «Күнікей – Кірекей» әңгімесіндегі уақыт пен кеңістікті автор шебер береді. Ерте, ерте ертеде… Аюдың аңшыдан кек алу мотиві де, бірнеше уақыттан соң әйелдің аюдың тілін ұғуы да сенімді. Алайда «Бөрісоқпақ» әңгімесіндегі қасқыр мен ата-бабаларды байланыстыруы нандырмайды. Ұжымдастыру заманындағы тайғақ кешкен қазақты жақсы суреттейді, әйтсе де, көсем қасқыр жайлы бөлімдері, әрі оны арғы қазақпен ұйқастыруы автордың тырысуынан шыққандай әсер қалдырады, — деген шығарма туралы өзіндік пікірін білдірді.

 Кеш соңында магистрант жастар Ғылыми кітапхананың үйымдастырған «Отыз жылдыққа – 30 кітап» көрмесін тамашалады.

Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаевтың «адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген әдемі сөзімен әдеби кеш нүктесі қойылды. Ал біз оқырман жас көп болсын, оқитын кітабы бір емес, мың болсын дейміз.  

 

Рита Сұлтанғалиева,

ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір