Алыптардың кездесуі
01.03.2021
1034
0

Қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл жақ­сы көрген адамдарына, ауыл қарияларына, өзiмен үзеңгiлес 95 жастағы Алдаберген Ниязбеков, Мекебай Наурызбаев, Деменқұл Таң­сықов және Тойбай сынды қарияларға өлеңмен сәлем берiп, батасын алған. «Сарыүйсiн Қали Ордабай балуанның үйiне келгенде қазақ елiнiң атақты азаматы Балуан Шолақпен (Нұрмұхамбет) кездесiп, сәлем бердім.

Атағың асып тұрған Алатаудан,

Ассалаумағалейкум, Шолақ Балуан.

Жерiне Жетiсудың келгеннен соң,

Сыртыңнан сөз естiп ем алуан-алуан.

Сүйiнбай ағадан да естушi едiм,

Тұрағы тұрады деп Көкшетаудан.

Сарыүйсiн Ордабайдың Қалиына,

Келiп ем сәлем берiп, мен де ауылдан.

Сiздi мен бiр көруге құмар едiм,

Көкшетау, Бурабай мен Қызылжардан.

Ұлы аға, арманым жоқ, амал бар ма?!

Руым – Шапырашты, Екей елi,

Шақырамын Майтөбе, Құлансазға.

Күшiңiз заманында болған басым,

Көтерiпсiз елу бiр пұт гiрдiң тасын.

Бұдан соң көремiз бе, көрмеймiз бе,

Ауылдан дәм татып қайт, ықыласым, – дегенiмде Нұрекең: «Рақмет, қарағым, Жетiсуды сағынып, бiр көрiп қайтайын деп, асығыс келiп едiм алыстан, тағы талай бас қосармыз», – деп батасын бердi», – деп едi ақын естелігінде.

1943 жылы атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов Жәкеңнiң хатшысы, жазушы Әбдiқадыров Қалмақанның шақыруымен үйiне келедi. Қалмақан әскерге баратын болып, бата алу үшiн Жәкеңдi, Қажымұқанды, Әлiби Жангелдиндi және Амангелдi батырдың сарбазы, ақын Омар Шипиндi, Мұхтар Әуезовтi, Сәбит Мұқановты үйiне шақырыпты.

«Жәкеңмен бiрге, бiз – iнiсi Сатыш, кенже ұлы Тезекбай және мен бардық. Сол үйде Қалмақан келген меймандарды таныстырып, өзiнің Қарақыпшақ Қобыландының ұрпағы екенiн, жаңағы келгендер соның туысы екендiгiн айтты. Жәкең Қажымұқанға өлең арнады:

Қажеке, талай жердi араладың,

Жақсы менен жаманды сараладың.

Әлемнiң палуаны атақ берiп,

Күшiң мен еңбегiңдi бағалады.

Ел-жұртың аман жүр ме, шырағым-ау,

Қарақыпшақ Қобыландының балалары.

Естiп ем, Темiр деген тұрағың деп,

Қобыланды бабаңыз ұраның деп.

Аман бол, қазағымның мақтанышы,

Атыңды естiгенде қуанып ек.

Сонда отырғандардың барлығы Жәкеңе риза болып:

– «Мiне, нағыз ақын! Жетiсу ақындары­ның алтын дiңгегi – Сүйiнбайдың шәкiртi», – деп, Мұхтар аға Жәкеңнiң қолын алды.

Қажымұқан ата мойнынан құшақтап, Жәкеңнiң бетiнен сүйiп:

– «Рақмет, аға! Сiз де бiздiң мақтанышы­мызсыз!» – дедi.

1943 жылы Жәкеңнiң ауылына, жаз күндерiнiң бiрiнде Жәкеңе сәлем беру үшiн Кеңес одағының батыры Мәлiк Ғабдуллин, академик Сәбит Мұқанов, полковник Бауыржан Момышұлы және Алматы облыстық Соғыс комиссары мен Жамбыл ауданының Соғыс комиссары, подполковник Тiлек Мергенов келдi. Аудан, ауыл басшылары, колхоз басқармасы Тұрап Мыржиев ағамыз қонақты қабылдады. Жәкеңнiң балалары, iнiсi Сатыш, ұлдары Аққұлы, Тезекбай тай сойып, қымыз әкелiп, колхозшы қариялар мен қарт аналарды шақырды, подполковник Тiлек Мергенов қонақтармен таныстырды.

«Құрметтi азаматтар! Мәлiк Ғабдуллин – Кеңес одағының батыры және полковник Бауыржан Момышов, бұл да – батыр», – дегенде, Бауыржан: «Тоқтат сөзiңдi!» – дедi де, Тiлекке: «Сен немене, Момышов деп аузыңды қаптырып тұрсың, мен Момышұлымын. Қазақта «ов» деген сөз жоқ, айтсаң, дұрыс таныстыр, әйтпесе, отыр!» – дедi. Тiлек ұялып, кешiрiм сұрады. Сол отырыста Жәкең:

«Әй, Мәлiк пен Бауыржан батыр, соғыста менiң ұлым Алғадайды көрдiңдер ме?» – деп сұрады.

Олар: «Ой, ата! Соғыс көп жерде жүрiп жатыр, кездесе алғамыз жоқ, бiрақ балаңыздың атын естимiз, оның да батырлығы бар екенi белгiлi болды», – дедi.

– «Әй, балам, сен не батырлық көрсеттiң соғыста?» – дегенде, Мәлiк: «Мен майданда немiстермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немiстi атып өлтiрдiм. Бiразын қан төбелесте бауыздап салдым. Жаудың он шақты танкiсiн гранатпен қираттым!» – дедi. Сол кезде Мәлiк 28 жаста екен. Жәкең Бауыржан Момышұлына қарап: «Әй, батыр болса болар, қабағы қатулы, батыр тұлғалы, қалқан құлақ, мiнездi жiгiт екен. Батыр сұсты болу керек, бұл балам сұсты екен, ертеде талай өлең айтқанмын Көрұғлы батыр туралы:

Құлақтары қалқандай,

Мұрындары сығындаған талқандай,

Отырған жерi дәл Жаңиттың көрiндей,

Көрұғлы отыр көр iшiнде көрiнбей, – деген едiм», – дедi.

Одан кейін:

Батыр өзi шабытты болады,

Айлакер және қайратты болады.

Шошаңдап жүрмейтiн,

Мiнездi, салмақты болады, – дедi Жәкең Баукеңе.

Жәкең Мәлiк Ғабдуллин батырға арнаған өлеңiн сол күнi шығарған болатын.

 

***

Мәлiк Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлы демалыс алып, Жәкеңе сәлем беруге академик Сәбит Мұқановпен бiрге келдi. Жамбыл ауданының соғыс комиссары, подполковник Тiлек Мергенов бiрге келiп:

– Жәке, сiзге сәлем берiп, хәлiңiздi бiлу үшiн қан майданнан қос батыр балаңыз келiп отыр.

Бiреуi Кеңес Одағының батыры – Мәлiк Ғабдуллин, екiншiсi – жерлесiңiз, Жамбыл облысының Жуалы ауданынан, батыр Бауыржан Момышұлы, – дедi.

Сонда Жәкеңнiң айтқаны:

Түсiнгенге шағымым,

Кәрiлiк пе, кәрiп пе, –

Деп жүр едiм батырлар,

Сағынғанда кезiксе.

Таныстырды Сәбитiм,

Бауыржан мен Мәлiкке.

Жауды жеңiп қайтам, – деп,                       

 Отыр, мiне, сөз берiп.                    

Жеңiспенен оралғын,

Аман барып, тез келiп, – дедi.

 

***

1940 жылы тамыз айында кешке жақын Сәбит аға Жамбыл атаға сәлем беруге келдi. Екеуi қалжыңдаса берушi едi. Жәкең де Сәбиттiң үйiне жиi барып, қона жатып қайтатын, көп шежiре қозғайтын. Атамыз үлкен шежiрешi едi, Адам атадан берi қозғайтын. Кешеуiлдеп келген Сәбитке атамыз:

Аман ба,

Балуан Шолағым,

Ұқсайды соған қомағың.

Мезгiлсiздеу келiпсiң,

Бола қойғын қонағым.

Мәриям жоқ қасыңда

Ыңғайсыз-ау, со жағың.

Қызғанатын мен емес,

Осы ауылдың тамағын.

Мал союдан кеш қалдық

Қайнайтын ет, қазаным.

Жеңiл-желпi iшiп жат,

Балалардың тамағын.

О, да болса серкесi,

Осы қызық заманның.

Қой күйiске кiрдi ғой,

Түсiнерсiң қарағым –

деп, арқасынан қақты.

Балаларын шақырып, ас әзiрлетiп, риза еттi.

 

Әлімқұл Жамбылов,

Жамбылдың немересі, халық ақыны

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір