СӘТБАЕВ ПЛАНЕТАСЫН ЗЕРТТЕГЕН ҚАЛАМГЕР
16.02.2021
3976
1

Жазушы, ғалым Медеу Сәрсекеев десе, көз алдыңызға бірден академик, қазақтың данасы Қаныш Сәтбаев елестейді. Жарты ғасырдан астам уақытын ғалымның ғұмырнамасын зерттеуге арнап, «Қаныш Сәтбаев» атты ауқымды еңбегін жариялады. Бұл кітап әлденеше рет қайта басылып, үздіксіз толықтырылып келеді. ЮНЕСКО-ның дерегіне жүгінсек, әлемнің 100-ден астам еліне «Қаныш Сәтбаев» кітабы таралған. Сәтбаев арқылы қазақты, Қазақстанды таныта білген қаламгердің жанкештілігіне сүйінбеу мүмкін емес. Біз бүгін Медеу Сәрсекеев әлеміне барлау жасаған мақалалардың бір шоғырын ықшамдап ұсынып отырмыз.

 Арап ЕСПЕНБЕТОВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Жоқты іздеген жолаушы

Әдебиетке әр қаламгер түрлі жолмен келіп жататыны шындық. Жазушы Медеу Сәрсекенің де әдебиетке келуі өзінше бір тарих.

Анығында ол әдебиетші болуға қамданбаған. Әдебиет әлеміне қалай келгені жайында «Құлыпталған ғұмырнама» естелік-эссесінде жазушы Қаныш Имантайұлына ұқсап, инженерлік мамандықты меңгеруге жастай құмартып, Қазақстандағы сол кездегі бірден-бір техникалық оқу орны – Қазақ Кен-Металлургия институтына түскенін айтады. Түсіп қана қоймай, инженер дипломын алып, арман еткен мамандығын жете меңгеру үшін өндірістің ірі саласында – Семей цемент зауытында аттай бес жыл бойы құрылыстың ділгір шикізатын күйдірумен шұғылданған.

Осы ретте оның әдебиет әлеміне бет бұруына өзіндік жол, өзіндік құбылысты көреміз. Тіпті кездейсоқ жағдайлардың әсер еткенін аңғарамыз. Өткен жылы жарық көрген сүбелі туындысы «Ебіней Бөкетов» атты ғұмырнама кітабында Медеу Сәрсеке инс­титутта өзіне дәріс оқыған келешек академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің тікелей әсерімен әдебиетпен ынтыға шұғылданып, қысқа әңгіме, очерктер жаза бастағанын, сөйтіп жүріп, төртінші курсқа жеткенде өзі оқитын оқу орнының мерзімді басылымы, көп таралымы апталық шағын газеттің бір бетін қазақша шығарғанын айтыпты. Ең ғажабы, әдеби өнерге бейімділігін білікті ұстазы дер кезінде байқап, шәкіртін шығармашылық жолға құлшындыра білген…

Сөйтіп, оның техника құбылыстарын өзек еткен тұңғыш әңгімелер жинағы «Ғажайып сәуле» деген атпен 1959 жылы жеке кітап болып жарық көреді. Сол жайт жас жігіттің әдебиетке бетбұрыс жасауына ықпал еткен. Инженер дипломына ие болған жас маман «Лениншіл жас» редакциясының шақыруымен жастар газетінде еңбек жолын бастайды. Қаламы жүйрік, сезімтал журналист ретінде танылады. Бір жылға толар-толмас мерзімде қатардағы әдеби қызметкерден жұмысшы-жастар бөлімінің меңгерушілігіне дейін өседі. Газетте қызмет істей жүріп Медеу Сәрсеке әсер алған оқиғаны қағазға түсіру машығынан қол үзбейді. Қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастика жанрының алғашқы қарлығаштары атанған – «Көрінбестің көлеңкесі», «От және атом», «Жетінші толқын» атты хикаяттарын ол Семей зауытында жұмыс істеген жылдарында жазған. Мерзімді баспасөз беттерінде өндіріс адамдары туралы очерктер жариялаудан да шет қалмаған. Сол жылдардың бір жемісі – «Жазушы» баспасынан шыққан очерктер жинағы – «Жетіжылдықтың жігіттері». Жас талантқа деген оқырман үміті, зиялы қауымның келешегінен жеміс күткені де өмірде болған жайт. Әйгілі ғалым Ақжан Машани, математика білгірі Төлеубай Аманов М.Сәрсекенің ғылыми-фантастикалық алғашқы хикаяттарына баспасөз бетінде жылы лебіз білдіруі – соның айғағы.

Академик Әлкей Марғұлан 1963 жылы инженер қаламгерді Алматыға шақырып, сұхбат үстінде ғылыми-фантастика тақырыбын тежей тұрып, біртуар ұлттық тұлға Қаныш Сәтбаев өмірін түбегейлі зерттеп, әдеби ғұмырнама жазуды ұсынуы – жас жазушының тырнақалды қадамын құптап, үміт артудың нышаны. «Социалистік Қазақстан» газетінің басшылығы өндіріс бөлімінде қызмет істеуге шақырғанда ол сол басылымның Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болуды қалайды. Содан былай Кенді Алтайдың кен-металлургия комбинаттарын ертелі-кеш аралап, Лениногор, Зырянов, Белогор сияқты үлкенді-кішілі кенттерінің өндірістері мен тыныс-тіршілігін зерттеуге кіріседі. Өскеменнің атақты қорғасын-мырыш комбинатының парткомы есебіне тіркеліп, өндірістің ішкі өміріне тікелей араласады.

1965 жылдың көктемінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, хас суреткер Ғабит Мүсірепов Өскеменге жеделхат жолдап, Медеу Сәрсекені Семейде қайтадан ашылған облысаралық әдеби бөлімшеге жетекшілік етуге шақырғанда, ол аға қаламгердің ұсынысын қуана қабылдап, эссе кітабында өзі мойындағандай, «Қаныш аға өмірін ұлықтауға бұл қызметтің пайдасы тиетінін түсініп, көкейде ұялаған сол тақырыппен айналысуды мақсат етіп, туған өлкеме қайта оралдым…» – дейді. Бұл қызметті ол артық-кемі жоқ аттай 33 жыл атқарып, 1997 жылы зейнетке шықты.

Қарымды қалам иесі Медеу Сапаұлы соңғы бес жылда «Сәтбаев» ғұмырнамасының жаңа деректермен толықтырылған нұсқасын орыс тілінде екі мәрте, қазақша да қайыра жариялады. Орыс тіліндегі естелік-эссе «Через тернии» атты кітабы 2002-2003 жылдары екі мәрте басылды. Өткен жылы жазушының «Ебіней Бөкетов» ғұмырнамасы Алматы мен Астананың екі баспасынан жарыққа жарыса шықты. Бұл деректер де жазушының қаламы мұқалмай, бәз-баяғыдай қарымды қалпында екендігін айғақтайды.

Медеу Сәрсекенің шығармашылық жолын дәйектеушілердің зерделеуіне қараған-да, елу жылдық үздіксіз еңбек нәтижесінде ол 33 кітап (бұлардың кейбірі екі-үш мәрте қайыра басылған) жариялапты. Олардың жалпы таралымы 1.141000 дана болып, солардың ішінде он туындысы 480500 дана болып орыс тілінде жарық көрген. Әрине, молырақ таралғандары – «Сәтбаев» ғұмырнамасы және «Жарылыс» (орысшасы екі мәрте жарияланған) пен «Көмбе» романдары. Бұлардың бәрі де Мәскеу баспаларында жарық көріп, кезінде одақтық баспасөз бетінде оңды баға алған. Соған қоса ол – сахнада қойылған, кейбірі 10-20 жыл бойы репертуардан түспеген драмалық, комедиялық туындылардың да авторы.

Медеу Сәрсеке – қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер. Әдебиетке өзіндік қырымен, дара соқпағымен келген жазушы әдебиет әлеміне бойлаған сайын жүз толғанып, мың ойланып, өз тақырыбын таңдап та, талғап та жүріп, қалам толғаған дарын иесі. Оның шығармалары негізінен тәуелсіз елдің тұғырлы тұлғаларын жеріне жеткізе әспеттеуге арналған. Оған қоса кең арналы әдебиетіміздегі жасампаз қиял, ғылыми-фантастиканы тыңнан батыл өріп, қазақша түлеткен жанрдың көшбастаушысы да. Бұл жайында БСЭ-нің 11-томындағы «Қазақ әдебиеті» атты мақалада: «М. Сәрсекеев – қазақ кеңес әдебиетінде фантастика жанрының бастау­шы пионері…» деген түйін соған дәлел.

Ендігі сөзді жазушының «Сәтбаев» атты ғұмырнамалық шығармасына бұрсақ дейміз. Қилы жанрлар табиғатына үңіліп, сөз кестелеудің азапты тұңғиығына бойлаған сайын қаламгер атаулы өзіне лайық тақырып іздеп, сара жолын белгілеуге ұмтылады. Медеу Сәрсекенің де сол бағытта іздене жүріп, қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасын әдеби өрнектеу­ге бет бұрғанын біз жоғарыда ішінара сөз еттік. Бұл тақырыптағы алғашқы шығармасы, «Жезқазған осылай туған», ол 1959 жылы жариялапты. Сәтбаев ғұмырнамасына кірісуі 1966 жыл екен. Содан бері 40 жылдай уақыт өтіпті. Қазақша, орысша және ағылшын тіліндегі кітаптарды жарыққа шығарған. Солардың жалпы көлемі де 200 баспа табаққа жуықтапты. 1980 жылы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен («ЖЗЛ») шыққан айтулы ғұмырнаманың 5 мың данасы халықаралық жәрмеңкеде сатылыпты. Қазақтың Қанышын әлемге танымал еткен інісінің шығармашылығы туралы Халық жазушысы Ә. Нұршайықовтың сөзіне жүгінсек: «Алыпты алып қана арқалай алады, Абайдай данышпанды Әуезов әлемге танытты. Сәтбаевтың ұлы тұлғасын М. Сәрсеке ұлықтады, ЮНЕСКО жариялаған дерекке қарағанда, оның «Сәтбаевы» әлемнің 112 еліне тарапты! Бұл іс Медеудің ерлігімен жүзеге асқан іс…»

Қарт қаламгердің ерлікке балап отырған себебін де тарқата кетейік: «Қаныш Сәтбаевтың» баспаханада терілген алғашқы нұсқасы 1975 жылы ешқандай себепсіз, түсініксіз тиымға ұшырап, 15 жыл бойы құлыптаулы жатты; Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген соң да қазақша ғұмырнаманың ана тіліндегі түпнұсқасына қойылған тосқа-уыл қақпа ашылмады; неге деп бажайлап қарасаңыз – Сәтбаевтай ұлының ұлағатты ғұмырына, айшықты ісіне қандай бөгесін, кедергі болуы мүмкін? Медеу Сәрсеке өзінің бертінде жариялаған «Қуғындалған Сәтбаев» немесе орыс тіліндегі «Через тернии» атты естелік кітаптарында таңғаларлық сол тиымның себебін ағынан жарыла отырып түсіндірген. Біз соның салдарын ғана айтамыз: адам бойындағы ем дарымайтын бейдауа дерттің сорақысы – күншілдік; достың жанайқайынан тегінде күншілдің күңкілі қауіпті, күншілдіктен іштарлық өсіп өнеді. Сәрсеке ғұмырнамасының терімде тоқталып, Қазақстанның саяси басшылығы жаңарған кезде ғана ұлт қолына зарықтырып жетуінің сыры да осында… Қаныштанушы Медеудің осы жолда басынан кешкен тауқыметке мойымай, ізденісін тоқтатпай, билеушілер үстемдігіне өз хәлінше қарсы тұрып, күресе жүріп, Сәтбаев тақырыбын 40-50 жыл арқалауын ерлік демеске шараң жоқ.

Сөйтіп Сәтбаев ғұмыры М. Сәрсекенің шығармашылық өмірбаянның алтын діңгегіне айналады. Жазушының техникалық білімі, өндіріс тынысымен жете таныстығы мен әдеби қарымының қабысуы, одан да гөрі көп жылдық сан салалы ізденіске жалықпай берілуі – көп жұрт кезінде күдіктене қараған келелі істің сәтті аяқталуына мұрындық болды. Қолдан жасалған тосқауылды талқандаған ғұмырнама романның екпіні төрткүл дүниеге тарады. Әу баста «Сәтбаев», одан соң «Қазақтың Қанышы», бертінде «Сәтбаев планетасы» және өзгертілген тағы бір нұсқасы «Қаныш елі» атанған, үш тілде (қазақша, орысша және ағылшын), жалпы жиыны 18 басылымнан тұратын ғұмырнама кітаптарының бәрінің де түп негізі бір – ұлы ғалымның өмір жолын ұлықтау. Қосымша айтар жайт: ғұмырнама роман түрінде сомдалған шығарма – бір ғана Қаныш Имантай-ұлының өмір жолы еместігі, жазушы шығармасының барлық нұсқасында қазақ топырағында туған индустрия ошақтары мен ғылым өрістеуінің нақты тарихы кең ауқымда суреттелуі; олай болса ғұмырнама ғұлама тұлғасын ұлт мәдениетінен айырмай, ұлт тарихының өсу, өркендеу, қалыптасу жолымен бірге қарастырған. Соған қоса жазушы, біздіңше, деректі прозаның қазақ әдебиетіндегі соны жолын ұсынады. Біздің айтып отырғанымыз – алуан деректерді, ғалым замандастарының естеліктерін қысқа да тұжырымды қалпында келтіріп, көпшілігін қайта тірілтіп, ғұмырнама желісіне кіріктіріп, оқиға оқырман сеніміне ие болады. Сонымен-ақ ғалым өмірінің түйткілді кезеңдерін, алуан оқиғаларды көркем шежіре түрінде қиыстырады. Тегінде, бұл – әлем әдебиетін-де, әсіресе француз жазушыларының баяғыда игерген мәнері. Мысалы, деректі жанрдың шебері Андре Моруаның ұлы адамдар өмірін әспеттеген барлық шығармалары осы үлгіде жазылған. Сайып келгенде, тақырыпты шеберлікпен меңгерудің белгісі.

Әсілі, кітап тағдыры да адамдар ғұмырындай сипатқа ие. Өзіндік тарихы, тағдыр-талайы болады. Кей кітаптар бір оқығаннан кейін іле-шала ұмыт болады, өмірде бір мәрте кездесіп, қайыра ұшыраспаған бейтаныс іспетті. Осы жөнмен топшылағанда Сәрсекенің «Сәтбаевының» ғұмыры ұзаққа кетеріне біз ерекше сенімдіміз.

М.Сәрсеке қаламынан өрілген ғұмыр­нама да «Сәтбаев» планетасы сияқты әлем көкжиегінде самғай бермек!..

Ақжан МАШАНОВ, Қазақ КСР ҒА-ның мүше корреспонденті

МЕДЕУДІҢ БОЛАШАҒЫНАН ЗОР ҮМІТ КҮТЕМІН

Бұл еңбек ғылымның кейінгі табыстарына сүйенген техникалық аспаптар мен жабдықтар жайында қызықты әңгімелер түрінде жазылған ғажайып оқиғалар.

Ғылым мен техниканың тамаша табыстары, оның болашағы туралы көркем түрде жастарға арналған кітаптар көп емес, әсіресе, олар қазақша тіпті аз. Сондықтан жазылып отырған тақырыптың күнделік өмірге қажеттігі түсінікті.

Ғылыми жағынан қарағанда мұнда құбылыстардың көпшілігі әртүрлі жарық, қуат сәулелерінің әрекетіне негізделеді. Сондықтан да автор оқиғаның түп иесін «Сәулебек» деп алған. Кәзіргі ғылым дүниесінде сәуленің қасиеті деген сөз барлық ғылыми-табиғи істердің арқауы десек, ол асырып айтқандық емес. Сол себептен де мұндағы сәуленің (Сәулебектің) ғажайып өнері болып отырған жайттер немесе болашақта болуға лайықты істер. Мұнда ғылыми негізге үйлеспейтін немесе қайшы келерліктей ешнәрсе жоқ. Сонымен қатар мұнда таңғажайып оқиғалар айтылады. Оның «ғажайып» болып отырған себебі олар кәзір жасалып қолға тимеген нәрселер, бірақ, болуы мүмкін жағдаяттар. Міне, еңбектің құнды жағы осында. Ол жаңа ғылымның тамаша негіздерін түсіндірумен қатар жастардың қиялын тербеп, ойын сергітеді. Жастардың ең керекті рухани азығы сол болады.

Ғылым мен техниканың тамаша болашақтары тек қана құрғақ тілмен тіркеу ретінде айтылса, ол оқушыны, әсіресе, жастарды өзіне тарта алмайтын «жансыз» кітап болады. Медеу олай емес, еңбегіне белгілі бір желі құрып, тартымды оқиғалы етуге тырысқан. Бұл жағы үлкен жетістік деп білу керек. Мұнда әрине, біз кітаптың көркем әдебиеттік көрікті мәні зор дейміз. Бұл сияқты еңбектің құндылығы алдымен білім беру жағында. Көркемдік әдіс тек сол білдірудің құралы ретіндегі нәрсе, білімді «жандандыру» шарасы.

Медеу Сәрсекеев сияқты жастарымыздың өскеніне шын жүректен қуанып, оның тырнақалды еңбектерін зор қошаметпен қарсы алуымыз керек. Бұл еңбекті жеке кітапша етіп, суреттер келтіріп, жақсылап безендіріп басып шығару керек. Жастарымыз қызығып оқитын болады, мұндай еңбекке олар бүгінде сусап отыр.

10 сентябрь 1958 жыл,

Алматы

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның Халық жазушысы                  

 ШЫҢҒА ШЫҚҚАН ШЫНАР

Менің қолымда жақында ғана шыққан жаңа кітап. Мұқаба сыртындағы шыңға шыққан жалғыз шынар бірден көз тартады. Жоғарыда көк аспан мөлдірейді, төменде көкорай шалғын құлпырады. Шынардың ұшар басына «ҚАНЫШ ЕЛІ» деген екі сөз жазылған. Қаныш елі! Шыңға шыққан шынар Қаныш бейнесі болар. Ағаштың ар жағынан көрінген қатпар-қатпар қойтасты тау Баянауыл…

Рас, солай екен. Академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына шығарылған арнаулы басылым. Мұқаба сыртындағы жазуларды оқып болғаннан кейін кітап бетін алақаныңмен ықыластана бір сипадым.

Бұл кітапта Баянауыл шежіресі арқылы бүкіл қазақ халқының өмірінде болған ұлы оқиғалар, солардың басынан кешкен сан алуан қайғылы кезеңдері рет-ретімен шертіледі. Сондықтан да бұл кітап – қазақ халқы туралы әрі тарих, әрі аңыз, әрі шындық, әрі шежіре; шебер ұста соққан алмас, алтын, күмістің қоспасындай дүние!

Осы кітаптағы он тарау түгелдей тартымды. Тарихи дерек, ұлттық өнегелі мағлұматтар беру жағынан бірінен бірі өтеді. Сөйтсе де 8-тарау­дың жалғыз өзі бүкіл бір романның ауыр жүгін арқалап тұрғаны анық. Мұны Екібастұз туралы да деректі роман деуге болады. Өйткені, Екібастұз туралы, оның қала боп қалыптасып, қойнауындағы миллиард пұт көмірді халық игілігіне айналдырудағы Қаныш Сәтбаевтың қайрат, жігер, қажыры туралы туынды.

 

Зейнолла СЕРІКҚАЛИЕВ, әдебиет зерттеушісі

«ЖАРЫЛЫС» ДРАМАСЫ ХАҚЫНДА ҮЗІК ОЙ

 Бұл өзі – кейбір семьялар өмірінде кездесуі әбден мүмкін, дәл осындай болмағанымен қайсыбіреулер осыған ұқсас талай жайттарды бастан кешіріп жататын, адамдар қатынасының пендешілікке ұрынған бір драмасын арқау етіп және соның логикалық шешімін келісті жеткізген сәтті қолжазбалардың бірі. Сырттай шолғаныңда кәдімгі кісі күлерлік оқиға. Бірақ қулық пен есеп жүрген жерде күлдіргі жайт дегеннің өзі барлық кезде бірдей емен-жарқын әзілмен аяқтала бермейтіні бар. Адамдар тағдыры тәлкекке түсіп, сырт көзге ғана сайқымазаққа айналып, ал шын мәнінде қиюы келіспейтін көп нәрсені орын-орнына келтіретін, орынсыз шолжаңдыққа берілген әлде біреулердің сорына шығып, әлдебіреулердің өңі түгілі түсіне кірмейтін бармақтай бағын баянды ететін тосын бір хикаялар да болады.

Қос бөлімді шағын қолжазба өмірлік спектакльді бір өзі ойнап береді. Облыстық қалалардың бірінде тұратын ерлі-зайыпты екеу – момын доцент (Құлбек) пен оның еркетотай әйелі (Қарлығаш). Өз дегенімен жүріп, ойына не келсе соны істеп дағдыланған безбүйрек келіншек әлдекімдермен жең ұшынан жалғасады да, әсем астанаға қоныс аударудың құпия жоспарын жүзеге асыру үшін небір жымысқы айлашарғыларды ойластырады… Бірақ түбі шикі есептің ақыры өзін тақыр жерге қалай отырғызып кеткенін күндердің күнінде бір-ақ біледі. Өзіне-өзі жеңіл жүрісі, шолақ ақылымен қандай үкім кескенін өмір оған оп-оңай дәлелдейді. Өмірде осындай да жағдаяттар болады. Қолжазба осы «ажырасу» мен «үйлену» операцияларының әрқилы қалтарыстарын нанымды жеткізеді. Қарлығаштың туысы болып есептелетін шахматшы Саяқ бұйығы, бүгежек тіршіліктен басы айналған Құлбек пен бетінен оты шыққан Сапурамен қарым-қатынастарын драматург әбден дұрыс бағдарлаған.

Біз екінші бөлімде ғана Қарлығаштың ашкөздік психологиясының сырына қанамыз. Ол тәп-тәуір үйін Сапураға алдын-ала астыртын сатып, Құлбекті де теспедей сорған обырлық пейілімен ашылады. Финалда – астаналық сапарынан үміт еткен бар есебі күйреп, күйеуінен де біржола айырылып (Құлбек пен Сапура бір-бірімен ұғысқан да, шын мәнінде үйленіп алған), ақыры өз бармағын өзі тістеп, опық жеп тұрып: «Уа, тұрыстарын қарашы! Қара тасқа айналып неге ғана қатып қалмайсыңдар!» – деп ерекше кіжінген, өмірден лайықты жазасын тартқан Қарлығашты көреміз.

Бұл шығарманың моральдық сабағы қандай екенін қазбалау­дың қажеті шамалы. Ол өзінен-өзі түсінікті. Медеу Сәрсекеев драма жанрында ысылған профессионалдық қалам қуатын еркін танытып отыр…

 

АЛАШТЫҢ БАҚЫТЫНА ТУҒАН АҒАМ…

( жазушы Медеу Сәрсекеге)

Кім болар өз ағасын танымаған,

Мен бүгін Ертісімдей ағын алам.

Сүйенген еңбегі мен ақылына,

Бұл ағам – Абайша айтсақ, толық адам.

 

Толық адам дегенім – кемел адам,

Білімі дүниені кең ораған.

«Айшықты мезетімен» көзге түсіп,

Жинаған асыл сөзді Медеу ағам.

 

Абайды, Әуезовті жастап көрген,

О бастан ақ желкенін асқақ керген.

«Жетінші толқынымен» бір кездері

Қазақ фантастикасын бастап берген.

 

Дәл сіздей қыруар мұра қалдырар кім?

Туады еңбекқордың алдынан күн.

Қаныштың әлеміне бастады оны

Бір сөзі «Қарғаш!» – деген Марғұланның.

 

Келесің жүзіп алға бақ – қайықта,

Мақтасақ осындайда мақтайық та.

Қазақта жазушы жоқ өзіңіздей,

Арнаған бар ғұмырын Сәтбаевқа.

 

Деректі прозаға алып келген,

Аймаңдай асылдарды халық көрген.

Тұлғасын Бекмаханов, Бөкетовтің

Тарихқа жаздың алтын әріптермен.

 

Күн өтті аласапыран, елең-алаң,

Дәлелді деректерге сенеді адам.

Біртуар Алыптарды ақтап алған,

Өзіңіз де Алыпсыз Медеу ағам.

 

«Жұртым!» – деп қалам ұстап көз ілесің,

«Ұлтым!» – деп, болашақты сезінесің.

Арғында Қаракесек, Тарақтының,

Ұрпаққа жазып бердің шежіресін.

 

Жазғаның әділеттің салды отына,

Драматургтік жалғанды мәңгі атыңа.

Актер мен режиссердің тілін тауып,

Қоясың пьесаңды Алматыда.

 

Ақынға ұят болар жырламаған,

Алаштың қаласында тұрған адам,

Абыралы өңірінің ақсақалы,

Алаштың бақытына туған ағам.

 

Мен едім Арқада өскен бала қайың,

Жүректен Әміредей ән атайын.

Жанақ, Қасым, Төлеужан, Кашаф болып,

Кеудемнен өлең сөзді боратайын.

 

Сарыарқада Сапекеңдей саят құрып,

Аузыма дүйім жұртты қаратайын,

Толғанып толғау жаздым бүгін ғана

Толғанда сексен беске ағатайым.

 

Жаз бен қыс, көктем менен күзде келіп,

Ақыл мен кеңесіңді бізге беріп.

Шаттанып отырыңыз ортамызда,

Асықпай тоқсан менен жүзге келіп.

                                                                Бауыржан Жақып

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 28.01.2024 | 18:27

Тарихи тұлғаларҚ Сәтбаев, Ә Мағұлан туралы зерттеген ғалым, журналистермен кездесу ұйымдастырсақ деп едік. Мектеп оқушыларымен. Кімдерді атап өтесіздер. Алматы облысы, Қарасай ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір