Қара нардың қайғысы
20.11.2015
2141
0
992105_1695672840_34zaman4Күннің қызылы семіп барады, жел күшейе түскен. Ескі ауланың сықырлауық есігі ашылып-жабылып безек қағады. Қалтарыстағы түйе қорасының төбесі ортасына түскен, алау-далау, шұрық тесік, мың торғай қамаса, бір торғай тұрғысыз күйде. Бұрын онда шудалары желкілдеген түйелер сап түзеп тұрушы еді. Қазір қора маңы құлазып, бүтіндей өзгеріпті. Бір көзін ақ шел қаптаған қара нардан басқа қыбыр ететін тіршілік жоқ. О да адасып, адасып кіріптарлықпен келген. Қара нар ескі қораның маңына амалсыз дамылдады. Иісі сіңген өңірді әрқилы азапты оймен есіне алды.

Ол кезде бағымы мен бабына түйешісі де немқұрайды қараушы еді. Енді одан өткен қандай обырға тап болды… Най­қа­лып, маң-маң басып жүргенде нақақ құ­ри­мыз, деп ойламапты-ау. Тірлігінің ақы­ры жететінін сезді деймісің. Кеше ғана ал­дындағы жантақты күртілдетіп күйсеп ра­хаттанып тұрғанда біреудің жеке есегі ма­зақтап: «Тірлікке төзер халың бітіпті, ме­нің өмірім тамаша. Ей, түйе сорлы бойы­ңа сенемін деп жыл басы болудан құр қалып едің, бақытың жаралғаннан ақа­ры жанбай қойды ма? Барлық тір­ліктен баз кешіп, тұқымыңа күл шықты бә­лем, – деп бақырған үніне шыдамады. Осал жерін оспақтаған есектің үні қара нар­дың көңілін оқыстан олқы түсіріп, мү­жіп, тірлігінен күдер үздіріп әбден жерітіп жіберді.
Беті ауған жаққа қашып бара жатып: «Есек құрлы қадіріміз, құнымыз болма­ға­ны ма? Дамыл көрмей боздап жүретін нар­лар қайда? Қалың түйенің бәрі қайда кет­ті? Түйеші үйінің көлбей ұшатын түтіні де көрінбейді. Түкке арзымас болдық па шы­нымен. Тағдырдың қандай ауырт­па­лығына да төзуші едік қой. Ақыры жарық дүниені көпсінді ме?
Дағдарып тұрып әр нәрсені көкседі:
– Боталарымыз мәз-мейрам боп, тай­­лақтарым тайраңдап би билеп, ін­ген­де­ріміз ән салатындай еді. Соның қы­зы­ғынан ба, өлімді ескермеуші едім», – деп қа­ра нардың қабырғасы қайысты. Расында қара нардың өмірі де аңызға бергісіз. Ол оқиға былай болған-ды. Түйе табыны Ақ­мола өңірінде еркін жайылып жүргенде әлгі қара нар бір шетінде қаннен-қаперсіз шө­гіп жатады. Бұта-бұтаны тасалап келген көкжал атылып келіп өркешіне қарс азу­ды басып кеп жібереді. Үріккен нар атып тұрып, ауылға тырақтайлата жө­не­ле­ді. Қасқыр қашайын десе, өркештен жа­ғы ашылмай қарысып қалады. Содан қа­ра нар көкжал бөріні арқасында са­лақтатып ауылға алып келеді. Түйеші нар­ды тоқтатып, қасқырды соғып алады. Со­дан қасқыр соққан қара нар атанады. Ол кезде, өткен ғасырда бір облыстың өзін­де бес, алты мың түйе болушы еді. Қа­зір түйе түгілі, қой, ірі қара, жылқы тұ­қымы азайып тынды.
– Ойсыл қара неғып құрып кеткен, –   деп басшыға айтсаң болды мысқыл күл­кімен: «Рынок, капитализм түйені қай­теді? Басқа түліктің қолда аз-кем қал­ға­нына шүкіршілік. Өзі өспейтін жануар, қой мен шошқа сияқты бес-алты ай сайын егізден, сегізден төл өргізіп жатса, на­рыққа тиімді көріп бағар еді. Ал інген­дер бір ботаны ыңырана жүріп бір жылда бір көтереді. Обалы өзіне. Егізден туатын қойдың өсімі тоқтады. Олардың саны 1979 жылы 2 миллион 690 мың болса, ол көр­сеткіш қазір түсімізге де кірмес. Бас­шылықтың қалай ойлайтыны қара нарға жұмбақ. Ойсыл қара тұқымы құрып бара жатқасын: «Бізді табиғат қорғаудың Қы­зыл кітабына енгізіңдер ең болмаса?» – деп тіл бітіп айта қалса, қара нар түгілі бас­қаның өтінішіне құлақ асу қиын-ды. Тор­ғайдың «Шилі» совхозында екі жүзге дейін түйе өсіріліп, түйешілер Мейрам Ка­малов, Смағұл Адырбаев әр түйеден он ки­лограмға дейін жүн өндіріп, әр түйеден күніне сегіз литрге дейін шұбат дайындап, өнімді Мәскеуге дейін жөнелтіп отырған. Жү­нінен космонавтарға костюм тігілген. Ол – ол-ау, осы ауылдың бір түйесі фа­шис­тер­мен қиян-кескі соғыста Берлинге дейін қару-жарақ тасып аман барып, жеңіс тойланғаннан соң Берлиннің хайуанаттар бағында маң-маң басып неміс­тер­дің көзін қызықтырып жүргенін де көргенбіз. Ал радиация өткізбейтін түйе жүні әлемдік рынокта алтынмен пара-пар екенін біз неге білмейміз. Қара нарға тіл бітсе: «Пенде нені ұмытпай жатыр», – деп күйзелер ме еді. Республикамызда «Қы­зыл өзен» түйе зауыты болды. Ондағылар түйе өспейді де, өшпейді де, өзі кінәлі жыл­қыдай спортпен де шаруасы жоқ дегенде аузың қышып: «Е, онда қойға жүк артып,шошқаға жер жырттыру үшін өбек­теп өсіріп отырсыздар ма»,–дегеніңді кім тү­сініпті.
Сонымен мәңгіп кеткен қара нар көзі жа­саурап аянышты боздады. «Нар өле­рінде боздап өледі» деуші еді… Әлі тайса да теріскен, дүзген,төтелбек шөбі қалың өскен жоталарға қарайды, жалғыз өзінің ізін де құм жасыра бастапты. Қағынан же­ріген құлан қаңғырып өлер, деген бар еді. Бірақ түйе тұқымы қай өңірден де же­ріген жоқ еді. Момындығын қабыл көр­м­еді ме, қысы-жазы өрісте жайылып, өз бетімен шығынсыз өсетіні жақпады ма, қайтсе де ойсыл қара тұқымына рынок дауылы оңай соққан жоқ. Кең да­ла­ның өгей жануарына айналып бара жат­са да «Қызыл кітапқа» қолы жетпес-ау…
Қара нардың дәл қазір де еш нәрсеге көңілі шаппайды. Төңіректе жел ызың­дай­ды, алыста қойлы ауылдың азан-қа­зан шуылы да естіле бермейді. Ың-шыңсыз өңірде кенет бір-екі рет мылтық атылды. Қарғыс атқан біреу киікті атып жүр. Машина моторының дүрілі естіледі, жыл­қының үйірін жоқтап кісінегені жаңғырығады. Шамасы, адасқан тай сияқты. Түнгі ауылдың жұпыны тіршілігі бі­лінеді. Бірақ қара нарға дәл қазір со­ның ешбірінен демеу жоқ тәрізді. Есекке мазақ болған соң, тіршілікке лайық­сыздай сезініп, шөгіп жатып мойнын қара жерге төседі. Бүйтіп зәбірленгенше өлуі керек еді. Екі-үш күннен бері төңі­ректеп жүрген аш қасқыр да жақын жо­лауға бата алмайды. Киік атқан зәлімнің бұған деген оғы да қымбат па? Әне, қасқыр. «Же, қасқыр, тездетіп же?», – деп әбден тарыққан нар қасқырлар тобырына тізерлей жылжыды. «Менен ешкім зиян тартқан жоқ еді, сонда да көресіні көрдім»,– деп боздағандай. Малшылардың ескі жұртына, қасқыр да торымай жүрген мал су ішетін тесік астауға зар-мұңын ша­ға ма? Әне, құйынмен безілдеп сая тап­пай құлдилап бара жатқан қаңбақ. Қа­ра нар соңғы рет қаңбаққа қарады да, боз­дап өлімге ден қойды-ау деймін…
Табыл ҚҰЛИЯС.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір