Қасіреттің қара жаулығы
03.06.2022
358
0

…Қара түнектен суық сәуле сыздықтады. Аспаннан қобыз сарыны ақтарылды. Түнек түбінен сарынға ілесе жыр төгіле бастады – анау аспаннан ағытылған секілді, сонау түнектен тұншыға булығып, ақыры сызат сәулемен жарыққа ұмтылған сынды:
«Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр,
Күнде дабыр бұл тірлік
күнде дауыл.
Алаш жұрты
азаптың аралы ма –
Қарағанды лагері
Бұл не лагерь?..

Сарыарқаның қойнауы мәңгі жасыл,
деп ойлама ерке қыз,
қаңғыбас ұл!
Сен де міндің келместің кемесіне –
Қанды қасап жасаған, қанды ғасыр!

Ғалам да алаң өткенге
санам да алаң,
Көңіл айтсын адамзат
саған, далам!
Қарағанды лагері
қара түнек –
Қарағанның түбінде қараңдаған…»
Қаралы жылдар қасіретін арқалаған Қарағандыда, КарЛагта, қарағанның түбінде қараңдаған қара түнек қара өлең – қара орамал боп желбіреді. Түнек те серпілді, сарын да арынынан қайтты…
Биыл 31-мамыр – қаралы күнді Қарағанды халқы ерекше атап өтті. Қаладағы Әнет баба мешіті тұсына құрбандарға арналған ескерткіш қойылды, хатым Құран түсірілді. Жалғанның жартысынан туған топырағына аңсап келген шетелдік қазақтар Көкөзектегі қорымға барып, тағзым етісті. КарЛаг қасіретін ұғынып, тарихи маңызын таразылаған іс-шаралар бұл күні молынан ұйымдастырылды. Иә, өткенге бас имей ертеңге еңсе тіктеп қарай алмайтын елміз.
Азалы күнгі ізетті іс-шаралардың бірі ретінде Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» кітабының тұсаукесер салтанаты атқарылған болатын. КарЛаг қасіретін қаза жазған қаламгердің кітабы әлемнің он алты тіліне тәржімеленіп, жеке жинақ боп жарық көрген екен. Кітапты шығаруға белгілі алаштанушы, ҚарМУ ректоры Нұрлан Дулатбеков ынта танытып, танымал суретші, Семей ядролық полигонын жабуға бағытталған қозғалыс көсемдерінің бірі Кәріпбек Күйіков жинақтың безендірілуіне атсалысқан екен. КарЛагтың қасіретті өлеңі он алты тілде сөйледі десек те болады. Ал кітаптың тұсаукесер рәсіміне әлемнің оншақты елінің Қазақстандағы уәкілетті елшілері мен сенімді өкілдері қатысты. Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаусас бастаған, Испан королдігінің, Грузия, Украина, Словакия, Польша, т.б. бірнеше елдің елшілері ҚарМУ-дің студенттер сарайында өткен тұсаукесерден ерекше ләззат алып қайтты. Себебі, ҚарЛаг қасіретін жырлаған «Қара орамал» бұл тұсаукесерде әлемнің жеті тілінде оқылып, алыс-жақыннан келген барша қонаққа өз тілдерінде жеткен еді. Кітап авторы Ғалым Жайлыбай осынау жинақтың жарық көруіне мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, жырдан шашу шашты.
Түстен кейін қарағандылықтар осы поэманың сахналандырылған драмалық көрінісін тамашалады. КарЛаг қасіреті – қазақтың қабырғасына қан қатырған аса ауыр трагедия. Біз оны әлемнің барша халқына айғайлап тұрып айтуымыз керек. Ғалым ақынның «Қара орамалы» осынысымен құнды. Қазақтың жарасын жалап жазған қасқыр-тағдырын ғалам білуі керек…

Серік САҒЫНТАЙ,
Қарағанды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір