Біз ­– көшпенділер ұрпағымыз!
29.01.2021
4056
0

Сүйінші, ағайын! Қазақ елінің каскадерлері Әлемдік каскадерлер академиясының (АҚШ) «Taurus» сыйлығын ұтып алды. Бұл – дүниежүзі бойынша каскадерлер арасындағы ең беделді кәсіби сыйлық. Қазақстан ғана емес, күллі Орталық Азиядағы алғашқы жетістікпен Алаш жұртын құттықтай отырып, «Nomad Stunts» каскадерлар тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 – Жайдарбек мырза, айтулы жеңістеріңіз құтты, баянды болсын! Алдымен Әлемдік каскадерлар академиясының (АҚШ) «Taurus» сыйлығының мән-маңызына, тарихына қысқаша тоқталсаңыз…

– Көп рақмет! Бұл – әлемдегі ең жоғарғы сыйлықтың бірі. Жыл сайын әлемнің үздік каскадерларын, қоюшылар мен экшн-мамандарын марапаттайтын беделді сыйлық. Биыл «Taurus» сыйлығына «Капитан Марвел», «Джон Уик 3», «Форсаж: Хоббс и Шоу», «Терминатор: Темные судьбы» фильмдері үміткер болды. Біз «Томирис» фильмі бойынша «Шетел фильміндегі ең үздік трюктер» номинациясы үшін Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып осы жүлдені иелендік. 12 келілік «Taurus» сыйлығы АҚШ-тан таяуда ғана жетіп, ұжымымызбен қуанып жатырмыз. Бұл – әлемдегі каскадерлардың ең беделді кәсіби сыйлығы.

– «Taurus» сыйлығын бұған дейін Сильвестер Сталлоне, Арнольд Шварценеггер сияқты америкалық атақты актерлер алыпты. Ал біздің каскадерлар тобы бұл жүлдеге қалай қол жеткізді? Нендей талап қойылады? Еңбек қалай бағаланады?

– Біз бұған дейін де Голливудтың көптеген фильмдерінде өзімізді жан-жақты көрсетіп жүрміз. Мәселен, көрерменге жақсы таныс «Неудержимые-2» фильмінде басты рөлді сомдаған Сильвестр Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Брюс Уиллис, Джейсон Стэтхем сынды әйгілі актерлермен де әріптес болдық. Қазақ жігіттері бұл салада әлем киносын мойындатып қойды және сұранысқа ие алғашқы үштікте.

– Бұл сыйлық каскадерлар үшін «Оскар» сыйлығымен пара-пар дейді. Яғни, үлкен бір белесті бағындырдыңыздар. Ендігі мақсат қандай?

– Рас, әлемде ең үздік актерлерге Оскар сыйлығын берсе, бізге – каскадерларға «Taurus»-ті береді. Бұл, тағы да айтайын, каскадерлардың ең үздік сыйлығы. Мен осы жолы «Ең үздік каскадер» және «Ең үздік қоюшы» (постановка) атандым. Ендігі мақсат, қыздарға арналған каскадерлар тобын ашу. Сосын осыдан екі жыл бұрын жоспарлап едім, карантиннің кесірінен іске аспай тұр, атақты Жеки Чанмен бірге жұмыс істесем деймін. Екіжақты келісім бар, Құдай бұйырса, таяуда іске асады. Былтырғы пандемияның салдарынан біраз жоспар іске аспай қалды.

– Сыйлық төңірегінде біраз әңгіме айтылды. Енді «Nomad Stunts» каскадерлар тобына келсек. Қашан және қалай құрылды? Идея қайдан туды?

– «Nomad Stunts» деп 2000 жылы осы топты ашқанмын. Өзімді 1992 жылдан бастап қырғыз бауырлар шақырып жүрген. Ресейден де шақырулар келіп жататын. Рас, жақсы сұраныс болды. Содан екі мыңыншы жылы өзім ойлана келе, «неге өз тобымызды ашпасқа?» деп, цирктің жігіттерімен ақылдасып, осы топты аштым.

– Топта қазір қанша адам бар? Мамандар қалай таңдалады? Жас ерекшелігі маңызды ма?

– Біздің тобымызды халықаралық дәрежедегі топ деп айтуға болады. Құрамымызда 86 адам бар. Ішінде 12 қыз бар, ал ұлт жағына келсек, арамызда қырғыз, әзірбайжан, түрік, тіпті Австралия, Болгария, Украина ұлтының өкілдері де бар. Ең бастысы, біздің ұжым – ең тату ұжым.

– Каскадерлік жүрек жұтқан жандар ғана тәуекел ете алатын ең қауіпті мамандық қой. Түсірілім барысында түрлі жағдай болған шығар…

– Мен өзім о баста акрабатикадан бастағам. Қазір Алматыдағы циркте жұмыс істеймін. Бұл – расымен де, өте қауіпті, қиындық пен қызыққа толы жұмыс. Мәселен, өзім қолымды, аяғымды, қабырғамды, тіпті, белімді де сындырғам. Әсіресе атпен, түрлі көлікпен жұмыс істегенде мұндай жағдай, жарақаттар міндетті түрде болады. Каскадерлікті таңдаған кез келген жан мұндай жағдайға дайын болуы керек. Ең бастысы, осы салаға деген махаббат керек.

– Елімізде және шетелдерде каскадерлар еңбегі қалай бағаланады? Бір сұхбатыңызда бір апта үшін 800 АҚШ долларынан бастап төлейді деп едіңіз…

– Біздің жұмыс шетелде өте жақсы бағаланады, еңбегімізге жақсы төленеді,. Ал Қазақстанда қаражат ондай емес. Каскадерларға көп ақша бөлінбейді. Әсіресе қазір бізге шақырту өте көп, өйткені біз – кәсіпқоймыз. Атпен де, көлікпен де, басқа да кез келген трюкке дайынбыз.

– Қазақ каскадерлері дүние жүзі бойынша үздік үштікке кіреді екен. Бұл – өте үлкен жетістік, мақтаныш. Қазіргі сұраныс қалай? Қайда, кіммен жұмыс істеп жатырсыздар?

– Иә, рас, біз әлем бойынша алғашқы үштікке кіреміз. Тобымызда ең үздік жігіттер бар. Осы марапат арқылы біздің жиырма жылдан бергі еңбегіміз бағаланды деп ойлаймын. Қазір «Қасымхан» фильміне дайындық жүріп жатыр. «Боксер», «Қажымұқан» деген фильмдерді де аяқтадық. Енді шетелдегі үш фильмге дайындалып жатырмыз. Карантинге байланысты әзірге бәрі тоқтап тұр. Бұйырса, алдағы уақытта жұмысымыз басталады.

– Сіздердегі тағы бір ерекшелік – аттың құлағында ойнайсыздар. Жылқыны дегеніне көндіру, онымен жұмыс істеу, ары-бері алып жүру оңай емес. Осы жолдағы еңбекке бір көз жүгіртсек…

– Иә, біз үшін аттың жөні бөлек. Әлемді мойындатқан, дүниені дүбірлеткен көшпенділердің ұрпағымыз. Сондықтан бізге атқа міну, атпен өнер көрсету таңсық емес. Ал таңдау жағына келсек, аттарды іріктеу өте күрделі. Бірнеше жыл жұмыс істеу керек, үздіксіз дайындау керек. Өйткені, оларды жақсы құлата білудің өзі өнер. Олар жарақат алмауы, беті қайтып қалмауы қажет. Көңілдегідей шауып, ойымыздың іске асуына себепкер болуы тиіс. Олар тілі жоқ демесеңіз, ең сенімді, кәдімгі каскадерлер. Аттармен аптасына бес, алты күн тынбай жұмыс істейміз. Оған тек үлкен шыдам қажет. Енді Ресей, Грузия, Қытай сияқты жақын жерлерге өзіміз дайындаған аттарды апарып жүрміз. Бірақ, алыс шетелдер де жұмыс істегенде сол жаққа барып, сол жақтан ат таңдап алып, соларды дайындаймыз. Бұл енді қиын болса да, өзіміздің қолымыздан келетін дүние. Қазір біздің құрамда 30 ат бар. Әрқайсысы кез келген трюкке дайын.

– Енді өзіңізге келсек. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, каскадер, жоғарғы категориядағы трюктер қоюшы, Кинематографистер одағының мүшесі, Халықаралық трюк өнері фестивальдерінің көп дүркін жүлдегері екенсіз. Осыған өзге не қосасыз?

– Өзім Семей өңіріненмін. Ауылда туып-өскенмін. Әскерден кейін ағаларым шақырып, Мәскеуге кеттім. Сол жақта акробатика саласында шыңдалдым. Совет одағы тараған соң үш ағайынды елге келіп, сол жақтағы аттарымызды сатып алып, циркте жұмысымызды бастадық. Кейін каскедерліктен шақыру келіп, өзім қатты қызығып, осы жұмысты бастадым. Әйелім де – каскадер. «Томирис» фильміне түсті. Төрт балам бар. Үлкені де – каскадер.

– Сұхбатыңызға көп рақмет! Биіктерден көріне беріңіз!

 Сұхбаттасқан Қ.ӘБІЛҚАЙЫР

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір