Жомарт Игіман. Алысқа ұзап кетіпті албырт шағым
26.01.2021
1067
0

 Қар жауған күн

Тұмшалаған көк түтінге шамданып,

Дәрменсіз бұл қоғамға да таң қалып,

Арылтсам деп төңіректі кір-қоңнан,

Күн жауып тұр, толастамай қар мамық.

 

Естен кетпес дәл бүгінгі сейілім,

Аппақ дүние… Көбелек қар – серігім.

Қар жауып тұр, тазартқысы келеді,

Кейбіреудің  кірлеп кеткен пейілін.

 

Билеп берді ақ көбелек қалықтап,

Аппақ әлем, ару дүние, таныс бақ.

Санай алмай сансыз түйіршектерді,

Қарадым мен сұлулыққа анықтап.

 

Төпелейді кейде кейіп аспан көк,

Борандатып тау мен жақпар тасқа өрлеп.

Жақсылығын көре алмайтын өзгенің,

Қызғаншақтың көңіл көзін ашсам деп.

 

Сыңғырлатқан жиі кесе-шәйнегін,

Мына үйге сәуле төкпес ай керім.

Пәк сезім боп ішке енуге асығып,

Ақ қар ұрды терезенің әйнегін.

 

Жалқы күнгі жеңісіне малданып,

Қар сейілді сам жамырай, шам жанып.

Пенделікті жиып тастап жердегі,

Мен де ұштым түйіршікке айналып.

 

 Өмір өтіп барады…

Жастық – бақыт… осы ғой басты баға,

Сағынышым қайтеді, асқына ма?

Бекетінен жастықтың өтіп кеткем,

Жайлауынан көңілдің көшіп кеткен,

Сол бір көктем бізге енді таптыра ма?!

 

Жастық-жігер, қайратың жаныңдағы,

Таныта алмай жүресің барыңды әлі.

«Босқа өтті» деп уақытым қысылмастан,

Кезім аз ба түн қатып, түсім қашқан,

Ұмыт бүгін, сенсеңіз, соның бәрі.

 

Ашылмаған тылсымы сырлы аралдай,

Жас күнді аңсап көңілім мұңданардай.

Қимасынан айырылған жанға ұқсадым,

Алысқа ұзап кетіпті албырт шағым,

Жылы жаққа бет алған тырналардай.

 

Құс болсам ғой, адам боп жаралғанша,

Мен де ұшар ем, бөлмеме қамалғанша.

Көкейіме кептелген мұңды кешіп,

Жырақтаған жанымнан күнге ілесіп,

Өмір өтіп барады-ау, амал қанша!

 

Жанымның осы жарасы

Заманды көріп қағынған,

Қайысып кетті қабырғам,

Мұңымды кімге шағамын?..

Елдігім қайда кешегі,

Өрлігім қайда кешегі,

Дауасы бар ма жараның?!

 

Қараулыққа баратын,

Несібеңнен қағатын,

Ала қолдан жерінгем.

Кірлетсем деп арымды,

Күйелеген жанымды,

Жалақордан безінгем.

 

Қанағаттан мақұрым,

Ақша арбаған ақылын,

Сырт айналдым жебірден.

Қайырымсыз туысқа,

Құлқыны үшін құныққан,

Сараңдардан жеңілгем.

 

Шендіні көрсе – итиген,

Зор сөйлесе – іркілген,

Қор деп білдім Жантықты.

Тіліне бір тыйым жоқ,

Төңірекке сыйы жоқ,

Тыңдамадым тантықты.

 

Тоңдырды мұң-мұз жүректі,

Жасытты, жанды жүдетті,

Бұл ғана емес… санашы.

Ушығып, бөртіп, қан шығып,

Қабығы кеткен аршылып,

Жанымның осы жарасы…

 

Бес күн жалған

Жылдар жылға мінгесіп қыр асуда,

Мәңгілікке бұл уақыт ұласуда.

«Бес күн жалған» дегеннің мәнісіне,

Бойлай алмай келеміз, расында.

 

Жел болса егер, уақыт – өтіндеміз,

Жар болса егер, уақыт  – шетіндеміз.

Бірінші күн – өткен күн қайрылмайтын,

Салауат деп өткенге өкінбеңіз.

 

Күн төбеде тұрғанда тасып қаным,

Мақсатыма жеткенше асығамын.

Опындырған өткеннен сабақ алам,

Екінші күн –  бүгінім, осы шағым.

 

Өткен шақ пен осы шақ ұғысыңдар,

Жүрегімді шуақ боп жылытыңдар.

Үшінші күн – ұрпағым, келешегім,

Келешектен күтетін үмітім бар.

 

Фәниде бұл арнаңнан аспасаң да,

Ажал келмей қоймайды тоспасаң да.

Төртінші күн – маңдайға жазылған күн.

Кешікпейді жазмышың ешқашан да.

 

Фәни-бақи алмасып жүр егесте,

Мәңгі ғұмыр жоқтығы үнемі есте.

Сауап па, әлде күнә ма еншімізде,

Бесінші күн – қиямет күні емес пе?!

 

Шаң түсірмей баптаған гүлдеріме,

Үміт артып қараймын ілгеріге.

Уақытты пір тұтқан ата-бабам,

Өкініпті бос өткен күндеріне.

 

Бағаламай жас кезде уақытты онша,

Қонбай ұшқан басыма бақыт қанша?

Бізден де ертең өтеді бес күн жалған,

Байыз тапсам болмас па асыққанша?!

 

Мылтықсыз майдан

 «Көрінбей, құрбандығын  көріп тұрып,

Екпіндеп ішіме еніп, деміктіріп,

Дел-сал ғып, ен-жар қылып, әлсіретіп,

Бойдағы күш-қуатты кері ықтырып, –

 

Он күндей жүйкелетіп, төніп күдік,

Ешнәрсе қызықтырмай, еліктіріп,

Соқпа дерт бастан өтті», – дейді досым,

Тажалдың салдарынан өліп-тұрып.

 

Тәуба ғып тыныш өткен әр күніне,

Вирустың қаупіне ел сенді, міне.

Мүмкін бе дәрігердің тәнті болмау,

Мылтықсыз майдандағы ерлігіне.

 

Жақпады Тәңірге деп қай қылығым,

Қайыспай көтереді қайғыны кім?

«Бұл дерттің адамдарға жұққан сайын,

Екпіні бәсеңдейді», –  дейді ғылым.

 

Қорғамас тәж-тағың да алтын кесең,

Қорғамас мансабың да  даңқың, көкем.

Абзалы мына дертпен кезікпеген,

Жете алмай жұқпалы ауру қалсын десең.

 

Жігерлендіру

 Қырыс қабақ ала таңнан,

Телефонда маза жоқ.

Жұқпалы індет жара салған,

Азалы үй көп, қаза көп.

 

Тәңір көгім тұмшаланды,

Сумақай жел, сарнадың.

Аяр өлім, мұнша жанның,

Қидың қалай арманын?

 

Дерттен сақтан, ауырмағын,

Сүреңсіз күн өтер де…

Өзіңді-өзің, бауырларым,

Салма қауіп-қатерге.

 

Денсаулығың біле білсең, –

Аманаты Алланың.

Оқшау тірлік сүре білсең,

Парызға адал болғаның.

 

Бабам ішіп құса-мұңды,

Сынақ көрген мың түрлі.

Қорғау үрім-бұтағыңды,

Қорғағаның ұлтыңды.

 

Жүйкелеткен жамағатты,

Сын сәт ертең іркіліп,

Сырып тастап жаманатты,

Күндей күлсін тіршілік!

 

Бір жұтым ауа

 Жолыққан дерт пе дауасыз?..

Алып ұрды да төсекке.

Басылмай жөтел мазасыз,

Демігіп бітті қос өкпе.

 

Тірлікте көріп түрлі сын,

Биікке шығып үлгерген.

Бір жұтым ауа… бір жұтым,

Қымбат екен-ау… кім білген?!

 

Ада емес төзім, сенімнен,

Бойыңда қуат бар ма әлі?

Түңілмеп еді өмірден,

Жігері жанышталғаны.

 

Бітпеген іс көп артында,

Бойында қуат бар ма әлі?

Айтылмай қалды-ау алқымда,

Өзекті жарған арманы.

 

Шытынап тірлік шынысы,

Кеудеге мініп күлді сұм.

Үзілді әттең тынысы,

Бір жұтым ауа… бір жұтым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір